16 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы "гуманитарлық байланыстарды" талқылады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Тоқаев Зеленскиймен сөйлескенде Ресей мен Украина арасындағы соғысты "БҰҰ жарғысымен және дипломатиялық жолмен шешуге қатысты Қазақстанның ұстанымын" қайталаған. Ақорда телефонмен сөйлесу украиналық тараптың бастамасы екенін хабарлады.
Украина президентінің кеңсесі бұл әңгіме туралы әзірше ешқандай хабарлама таратпады.
Бұл – Зеленский мен Тоқаевтың соғыс басталғалы үшінші рет телефон арқылы сөйлесуі. Үшеуінде де телефонмен сөйлесу Зеленскийдің бастамасымен болғаны хабарланған.
Осыған дейінгі байланыс кезінде Тоқаев соғысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырған еді.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптамады да, қолдамады да. Бірақ билік Ресейдің басқыншылығын айыптайтын бейбіт митингіге бір рет рұқсат берді. Бұған қоса, Қазақстан азаматтары Украинаға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберді. Ал Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтты.
Былтыр қарашада Зеленский Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескен кезде "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік аймақтарын мойындамағаны үшін оған алғыс айтқан.
ПІКІРЛЕР