Accessibility links

Jusan Bank-ке иелік етуші шетелдік компаниялар Қазақстан үкіметін сотқа берді


Иллюстрация.
Иллюстрация.

Қазақстандағы ірі банктердің бестігіне кіретін Jusan Bank-тің ірі акционері Қазақстан үкіметін "компанияның активтерін тартып алу үшін заңсыз әдістер – тәркілеу мен қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптады.

Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities АҚ-ға иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметінің үстінен шағым түсірді. Бұл туралы баспасөз хабарламаларын тарататын АҚШ-тағы PRNewswire агенттігі хабарлады.

PRNewswire жариялаған Jysan Holding компаниясының мәлімдемесіне қарағанда, компания шағымында Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптайды.

Сонымен қатар шағымда "Қазақстан үкіметі қорқытып-үркіту, қолдан жасалған сот процестері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен Jusan тобы иелік ететін Jusan Bank заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы Jysan Holding және New Generation Foundation қоры мен Jusan тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды" делінеді.

Шағымда аты аталатын Невадада орналасқан New Generation Foundation қоры – Jysan Holding компаниясының жалғыз меншік иесі. Jysan Holding баспасөз хабарламасында бұл қор елдегі Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін құрылған деп көрсетілген.

Jysan Holding өкілі баспасөз хабарламасында Jusan тобының қаржысы бұғатталса, елде "Батысқа бағыталған білім беру ұйымдары қаржы қолдауынан айырылады" деген.

Қазақстан үкіметі әзірше Jusan тобының шағымы жайлы түсініктеме бермеді. Азаттық Jusan Technologies пен Jysan Holding компанияларының шағымы туралы сұрақтарды Қазақстанның бас прокуратурасы мен әділет министрлігіне жолдады. Алайда жаңалық шыққанға дейін жауап келмеді.

16 ақпан күні бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша, Алматыдағы Бостандық ауданы соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.

Прокуратура Jusan Bank-тің шетелдегі акциясын кімнен қайтармақ?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Бас прокуратураның хабарлауынша, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған.

"Бұл әрекеттер қоғамдық мүддеге, оның ішінде "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" ондаған мың студенті мен оқушысының мүддесіне қауіп төндірді. Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі" делінген бас прокуратураның мәлімдемесінде.

Сонымен қатар бас прокуратура 3 ақпанда "Назарбаев қоры" Jusan тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кету фактісі бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрап, бас прокуратураға арыз түсіргенін мәлімдеді.

Биыл қаңтарда "Назарбаев қорының" басшысы Аслан Сәрінжіпов қордың Jusan Bank-тегі активтерін әлдекімдер заңсыз бақылауына алғанын айтқан. "Бізді заңсыз жұмыстан шығарып жіберді, ал Jusan Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан гөрі өздеріне қауіпсіз елге қоныс аударуды ұйғарған адамдардың бақылауына көшті" деді Сәрінжіпов. Бірақ ол "Қаңтар оқиғасынан" кейін Қазақстаннан кетті деп, кімді тұспалдағаны белгісіз.

"Назарбаев қоры" "активтерді қайтару үшін" АҚШ сотына жүгінгені де хабарланды.

2 ақпанда Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Jusan "Назарбаев қорының" бақылауында екенін айтты.

Былтыр Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Vlast.kz және Kloop.kg басылымымен бірлесіп жасаған зерттеуінде Назарбаев қайырымдылық қорлары арқылы үлкен пайдаға кенеліп отыр деген тұжырым жасады. Онда Jusan Technologies-ке кіретін активтердің жалпы құны 7,8 млрд доллар делінген.

Алматы қаласының прокуроры Қазақстанда Назарбаев пен оның туыстарына ерекше иммунитет берген және бірінші президент қоры мен Назарбаев құрылтайшысы болған басқа да ұйымдардың мүлкін қол сұғудан қорғаған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заң жойылған тұста шағым түсіріп отыр.

Прокуратура шағымында аталатын Pioneer Capital Invest ЖШС құрылтайшыларының бірі – "Назарбаев қоры" жекеменшік қоры. Pioneer Capital Invest ЖШС Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies компаниясы құрылғалы бері оның акционерлерінің бірі болған. Бірақ компанияның биыл қаңтар айындағы құжатына қарағанда, Pioneer Capital Invest енді Jusan Technologies компаниясы акционерлері қатарында жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG