"БІРІГЕЙІК, АҒАЙЫН"
29 жастағы Фархатты Қаңтар оқиғасы кезінде жүрегінен атып өлтірді. Оқты кім атқаны анықталмады. Марқұмның қазасына байланысты ешкім жауапқа тартылмады. Оның қазасы бойынша қозғалған іс бірер айдан соң "күдікті табылмады" деп тоқтатылған.
Бірақ прокуратура марқұмның өзіне үш баппен айып тақты. Биыл 4 шілдеде Қызылордадағы ауданаралық қылмыстық сот Фархатты үш баппен кінәлі деп тапты. Сот үкімін естіген үй іші эмоциясын жасыра алмады.
– Осындай сатқын сот жүйесі! Тыңдамаңдар! Әділдік жоқ Қазақстанда! Ей, Тоқаев, тыңда. Шамалы есіңді жина! – деп ашуланды марқұмның ағасы.
– Сендер өлтірдіңдер оны! – деп айқайлады Фархаттың шешесі.
Омаровқа тағылған айыптың бірі – полиция қызметкерінің өміріне қол сұғу. Қызылорда соты марқұмды Қаңтар оқиғасы кезінде "полиция қызметкеріне оқ атты" деп тапқан.
Фархат Қызылордадағы базардың бірінде киім-кешек сатқан. Қаладағы тұрмысы нашар отбасыларға көмектесіп, жергілікті белсендінің біріне айналған.
Қызылорда халқы былтыр 4 қаңтарда газдың қымбаттауына қарсы толқыған Жаңаөзендегі жұртты қолдап шығып, алаңға екі мыңға жуық адам жиналған. Көптің арасында Фархат та болды. Қолына дыбыс ұлғайтқыш алып, сөз сөйледі.
– Бәріміз бірге болсақ, биліктегілер де алдымызға келеді. Бірігейік, ағайын, – дейді Фархат сол күні түсірілген видеода.
Ертеңіне, 5 қаңтарда, Фархат алаңға қайта барған. Қызылорданың орталығында бұл кезде дүрбелең болып жатқан еді. Омаров осы – 5 қаңтар күні оққа ұшты. Жүрегі мен аяғына үш оқ тиген. Марқұмның артында әйелі мен бір баласы қалды.
МАРҚҰМҒА ТАҒЫЛҒАН ҮШ АЙЫП
Прокурорлар Фархатты "Новый базар" деп аталатын қылмыстық топтың мүшесі деп сипаттайды. Іс деректерінде бұл топтың басшысы – Ғабит Піржанов есімді адам деп көрсетілген. Ол биыл шілдеде 16 жылға сотталды. Сот кезінде Піржанов марқұм Омаровты танымайтынын айтқан.
Сот үкімінде 2022 жылғы қаңтарда наразы жұрттың тарамауына осы қылмыстық топ мүдделі болған деп айтылған. Тергеушілердің жазуынша, олар, жиналған халықтың алдына шығып: "[Билік] халықты алдап, отыз жыл бойы ешқандай мәселені шешпеді! Елдегі қымбатшылықты тоқтатуға үкімет дәрменсіз. Билік кетсін. Кезектен тыс президент және парламент сайлауы өтсін. <...> Әкімдікті күшпен басып алайық, қолға түскен тас-темірмен қаруланайық, полицияны тыңдамаңдар" деген.
Дүрбелең 5 қаңтар күні 12:00-де басталады. Тергеушілердің жазуынша, жиналғандар орталық көшені жауып, тас-темір лақтырып, алдыңғы шептегі полиция мен әскери адамдарға күш қолданған.
12:45-те облыстық полиция департаментінің басшысы оларды "ырықтандыру мақсатында" арнайы бұйрық берген. 470 қызметкер шабуылды тойтару үшін жас ағызатын арнайы құрал қолданған. Тергеу дерегінше, осы атыс-шабыста 15 полиция қызметкері жеңіл жарақат алып, тоғыз автокөлік зақымданған.
Жиналған екі мың адамның қаншасы қаза тауып, неше адам жараланғаны іс құжаттарында жазылмаған.
Тергеу деректерінде Фархаттың наразыларға қашан қосылғаны анық айтылмайды. Іс материалдарында көрсетілген уақытта қарама-қайшылық бар. Мысалы, бір тұсында "Омаров 14:20 шамасында қолына тас алып, Қызылорда облысының әкімдігіне беттеген адамдарға қосылып, ғимаратқа шабуыл жасап, басып кірген" деп айтылған. Ал басқа бір тұсында Фархаттың наразылық жайлы 15:00 шамасында білгені көрсетілген.
Прокурорлардың Омаровқа қатысты осы және осыдан кейінгі деректерін айғақтайтын видео жоқ. Бәрі куәгерлер сөзі бойынша жазылған.
Іс материалдарында облыс әкімдігін басып алған соң наразылар екіге бөлініп, Фархат Омаров бастаған топ жергілікті жол полициясының ғимаратына кеткені жазылған. Тергеушілердің сөзінше, шабуылдан соң Фархат Омаров пен Ғабит Піржанов келіссөз мақсатында полицейлерге "Старшийды [үлкенді] шақырыңдар" деп талап қояды. Жол полициясының өкілдері олардың әрекеті қылмыс екенін айтып, ғимарат маңынан кетуді талап етеді.
Олар полицейлерге "Формаларыңды шешіңдер! Беріліңдер! Жаңаөзендегі жағдайды қайталамаңдар!" деп айқайлайды. Полиция жиналғандарға дыбысы зор граната лақтырады. Тергеушілердің дерегінше, осы кезде Піржанов Омаров пен басқа адамдарға "атыңдар" деп бұйрық береді. Прокурорлар Фархаттың оғы жол полиция басқармасының командирі Жандос Естаевқа тиген деп жазған.
– Олар 272, 380, 269-баптар бойынша айып тағып отыр. Яғни "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" деді. "Мемлекеттік нысанды басып алу" деді. Сосын "мемлекеттік қызметкерге шабуыл жасады" дейді. 272-бапты қойып отырған себебі Фархат сол жерде тұрып: "Бейбіт халықты атпаңдар! Жаңаөзендегі оқиға қайталанбасын!" деген. Ол полиция ғимаратына кірмеген, ауласына кірмеген. Сыртындағы тротуарда, көшеде тұрған. Бірақ сол үшін 269-бапты қолданып отыр. 380-баппен "мемлекеттік қызметкерді атты" деп отыр ғой. Бірақ ол кезде Фархаттың қолында қару болмаған. Оған дәлел жоқ. Үш бапқа қарсы дәлел келтерсек те, сот әділ болмады, – дейді Мақсат.
ЖАРАЛАНҒАН ПОЛИЦЕЙ МЕН КУӘГЕР ӘРІПТЕСТЕРІ
Іс бойынша куәгер деп танылған алты адам – жергілікті құқық қорғау органының қызметкерлері. Тергеушілер Фархатқа осы куәгерлердің сөзіне сүйеніп айыптар таққан.
Бірінші куәгер – Б.Ибраев. Ол – Қызылорда облыстық полиция департаментіне қарайтын жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, қалған алты адам – Ә.Байменов, Е.Әбдікәрім, А.Ертай, Қ.Қуаныш, Г.Анафин – бәрі патрульдік полиция қызметкерлері.
Іс материалдарын оқып отырып, олардың сөзін бір-бірінен айыру қиын. Фархат Омаровтың ағасы Мақсат сот кезінде "орган қызметкерлерінің жауаптары үтір-нүктесіне дейін бірдей" деп, оны дәлелдеме қатарынан алып тастауды сұраған. Бірақ судья Ізтілеуова "куәгерлердің жауабы заңға сай алынған, жауаптардың үтір-нүктесіне дейін бірдей болуы дәлелдеме қатарынан алып тастауға негіз болмайды" деп жауап берген.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің бәрі командир Жандос Естаевқа оқ атқан ФархатОмаров екенін "анық көрдік" дейді. Бірақ оған видеоайғақ жоқ.
– Омаров Фархатқа қатысты нақты түрі көрініп тұрған видео бар ма? Оқ бар ма? Қару бар ма? "Естаевқа атылған оқ бронежилет аймағына тиген" деп отыр. Бірақ олар өзін-өзі атып алған соң бронежилетті жасырып тастаған. Сол бронежилет бар ма? Оның бәрі істе тіркелмеген. Ең болмаса Фархаттың жүгіріп жүргені көрінетін бір видео бар ма? Атып жатқаны көрінетін видео бар ма? – деп сұрады Мақсат сот отырысының бірінде.
– Дәл ондай видео жоқ, – деп жауап берді прокурор Әлімбаев.
"ІНІМ ОЛ КЕЗДЕ ЕНДІГІ МЕРТ БОЛҒАН"
Жараланған полицейдің өзі – Жандос Естаев сот кезінде марқұм Фархатты тікелей айыптамаған. Ол өзіне кім оқ атқанын да көрмеген.
– Нақты білмеймін кім атқанын. Мен олардың қолын да, түрін де көрмедім. Қараңғы болды. Жарықтың бәрі өшкен. Сұлбалары ғана көрініп тұрды, – деді Естаев сот кезінде.
Полицейдің сөзінше, оқ оған кешкі жеті шамасында тиген.
– Фархаттың бұл кезде оқ атуы мүмкін емес. Інім бұл кезде ендігі мерт болған, – дейді Мақсат.
Мақсат Омаров мұның дәлелі ретінде облыстық аурухананың бақылау камерасына жазылған видеоны ұсынады.
Онда әлі қараңғы түспеген уақытта, камерадағы уақыт бойынша, 16:20-да қара түсті көлік жаралы азаматты ауруханаға әкелгені көрінеді. Дәрігерлер ес-түссіз жатқан адамды сүйретпелі зембілге етпетінен жатқызып, асыға әкетіп барады.
Мақсат "хал үстінде жатқан жаралы адам – інім Фархат" дейді. Бірер сағаттан соң ол ауруханада жан тапсырған.
Мақсат Омаровқа Қызылорда облыстық медицина орталығынан бұл видеоны алу оңай соқпаған.
– Прокурор маған "Біз бәрін тексердік. Фархаттың [ауруханаға] келіп түскен видеосы жоқ" деді. Прокурорлар мен тергеушілер облыстық ауруханаға Фархатты кіргізіп жатқан сәт түсірілген видеоны таба алмаған себебі олар аурухана видеоларын "ГАИ" қызметкерлерінің айтуымен алты жарымнан бастап қана көрген болуы мүмкін, – дейді Мақсат. – Ал біз видеоны түскі сағат бірден бастап көрдік. "Аққа құдай жақ" дегендей. Ақиқат барда қанша жерден адамдардың аузын жапқаныңмен, жала жапқан адамның түбінда масқарасы шығары айдан анық.
Мақсаттың бұл видеоны тапқандағы қуанышы көпке созылмады. Тергеушілер оны айғақ ретінде іске қоспаған. Сот аурухананың бақылау камерасына жазылған бұл видео бойынша мекеменің бас дәрігеріне сұрау салған. Облыстық аурухана басшылығы "16:30 шамасында жеткізілген науқастың Омаров екеніне дәлеліміз жоқ" деп жауап берген. Судья осыған сілтеп, видеоны іске қосудан бас тартқан.
– Олар Фархаттың жазықсыз екенін біліп, марқұмның туған-туыстары кім атты, не үшін атты деп сұрайтынын біліп, бұл балаға жала жауып отыр, – дейді Мақсат. – Мына айыптар "туыстары атқан адамды іздегенше, баласын ақтап алу үшін жүгірсін" деген оймен тағылған.
СОТТА СӨЙЛЕМЕГЕН КУӘГЕР
Прокурорлар істі тергеу кезінде 5 қаңтар күні алаңда Фархат Омаровтың жанында болған Талғат Мешітәлі есімді азаматтың телефонын тыңдаған. Талғат – марқұм Фархат Омаровтың досы.
Айыптаушылардың жазуынша, Мешітәлі әлдебір адаммен әңгімелесіп отырып, Фархаттың алаңда Естаевқа оқ атқанын айтқан.
Ағасы Мақсат Омаров тергеу кезінде осы деректі естіп, Мешітәлінің өзімен кездескен. Екеуара кездесуде, Мақсат Омаровтың сөзінше, Мешітәлі тергеуде қысым көргенін айтқан. Мақсатқа қолхат та жазып берген. Бұл қолхаттың суреті Азаттықта бар.
Қолхатта Мешітәлі "5 қаңтар күні полиция ғимаратының алдында Фархат Омаровтың ешқандай қару ұстамағанын, ешкімге қарсы оқ атпағанына куәлік беремін. Әділдік жеңсе деймін" деп жазған. Бірақ өзі сотқа келуге келіспеген.
– Сот басталғанда Мешітәлі Талғатқа: "Кел сотқа, куәлік бер, бауырыңды, досыңды ақтап ал" дедім. Ол маған: "Мен барып куәлік берсем, "мемлекеттік көліктерді ұрладың" деп өзімді қамап тастаймыз" деп қорқытты" деді. Куәлік бермеу үшін солай қорқытқан екен, – дейді Мақсат.
Мақсат Омаров сот кезінде тергеушілердің Мешітәлі бойынша деректеріне күмән келтіріп, оны сот отырысына шақыруды бірнеше рет талап еткен. Бірақ өтініштері орындалған жоқ.
Азаттық тілшісі Талғат Мешітәлінің өзіне хабарласып, қолхат жайлы, сол күнгі оқиға жайлы сөйлесті. Мешітәлі Фархаттың оқ атпағаны, қолында қару болмағаны жайлы қағазды өзі жазып бергенін растады.
Мешітәлі Азаттыққа "Тергеушілер қолданған әңгімеде мен "Фархат ГАИ қызметкерін атты" деген жоқпын. "Фархат атты деген" алып-қашпа әңгіме бар. Бірақ мен оны төрт пен бестің арасында ауруханаға апарып тастағанымды айтқанмын" деді. Мешітәлі "Сізге тергеу кезінде қысым болды?" деген сұраққа "Иә, өзіңді соттап жібереміз деп қоқан-лоқы жасады" деп жауап берді.
Азаттық комментарий алу үшін прокурор Абай Әлімбаевқа хабарласты. Әлімбаев журналист қоңырау соғып тұрғанын естігенде телефонды қоя салды. Кейін қоңырауға жауап бермей қойды.
Мақсат Омаров марқұм інісі Фархатты "полицейге оқ атты" деген айыптан ақтап алғысы келеді. Ол қалалық сот үкіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Облыстық сот істі тамыздың аяғында қарай бастайды.
Қызылордада Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 26 адам қаза тапты. Оның біреуі – әскери қызметкер. Сарбаздың қазасы бойынша Қызылорда тұрғыны Қазыбек Құдайбергенов 17 жылға сотталды.
Дүрбелеңде оққа ұшқан қалған 25 адам – қарапайым азамат. Олардың қазасына байланысты ешкім жазаланбады.
ПІКІРЛЕР