Accessibility links

Ресей түрмесі. Навальныйдың өлімінен соң өзге саяси тұтқындарды не күтіп тұр?


Жемқорлықпен күрескен ресейлік саясаткер Алексей Навальный түрме терезесінен қарап тұр. Мәскеу, 2011 жылғы желтоқсан.
Жемқорлықпен күрескен ресейлік саясаткер Алексей Навальный түрме терезесінен қарап тұр. Мәскеу, 2011 жылғы желтоқсан.

Саяси көзқарасы мен діни ұстанымдары үшін қамауда отырған ресейліктер саны күн санап артып келеді. Әсіресе, Ресей Украинаға басып кіргелі саяси тұтқындар көбейген. Белсенділер билік саяси тұтқындарды денсаулығынан айыру үшін оларды оқшаулап, медициналық көмек көрсетпей, қатыгездік танытады дейді.

16 ақпанда Арктикадағы түрме басшылығы Ресей оппозициясының лидеріне айналған Алексей Навальныйдың аяқ астынан қайтыс болғанын хабарлады. Болжалды себеп – кенет өлім синдромы. Ертеңіне мемлекеттік RT арнасы аталмаған ақпарат көзіне сілтеп, 47 жастағы Навальный тромбоздан дүние салды деді.

Құқық қорғаушы, федералды жазаны орындау қызметінің бұрынғы сарапшысы Анна Каретникова "Ресей түрмесіндегі медициналық қызметкерлер үшін тромбоз – кез келген жағдайда қолданылатын әмбебап диагноз" дейді.

Навальный ұзақ жыл түрмеде отырып, көз жұмды. Ол 300 күнін бір адамдық камерада өткізді. Саясаткерге медициналық көмек көрсетілмеді, түрме қызметкерлері оны жиі оятып, дұрыс ұйықтауға мүмкіндік бермейтін. Ресейлік соттар Навальный түрмеде отырып жазған 40-тан астам шағымның бірін де қанағаттандырмай, кері қайтарған. Оппозиционер онда түрмедегі жағдайдың ауырлығына, өзіне көрсетілген қысым мен азапқа шағынады.

Саяси көзқарасы мен діни ұстанымдары үшін түрмеде отырған ресейліктер саны артып келеді. Белсенділер билік оларды азаптап, қысым көрсетіп жатыр дейді.

– Тәртіптік жаза тәжірибесі әртүрлі. Ақпарат құралдары Виктор Филинковтың ісін жіті назарда ұстап отыруының арқасында билік жұмыс кезінде күлімсірегені үшін де жазалай алатынын білдік, – дейді "Азаптауға қарсы командалар" құқық қорғау тобының басшысы Сергей Бабинец.

Навальный жатқан түрме камерасының макеті. Париждегі Лувр музейінің жанына қойылған инсталляция.
Навальный жатқан түрме камерасының макеті. Париждегі Лувр музейінің жанына қойылған инсталляция.

Бабинецтің сөзінше, диссидент тұтқындарға күш көрсетілетіні жайлы ақпарат көп. Ал оларды денсаулығынан айыру үшін әртүрлі дисциплинарлы ережелерді қолдану тәжірибесі одан да жиі кездеседі.

– Жай ғана заңға сүйеніп-ақ, тұтқынға күн көрсетпеуге болатын болса, оларды ұрып-соғып не қылады? – дейді ол.

КАРЦЕР

Сәуірде "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен 25 жылға сотталған оппозициялық саясаткер Владимир Кара-Мурза Омбы түрмесінде жалғыз адамдық камерада отыр. Бұл туралы 22 ақпанда "Настоящее Время" басылымына тұтқынның әйелі Евгения Кара-Мурза хабарлаған.

Қаңтарда Кара-Мурзаны түрме тәртібін бұзды деп тауып, кемі 4 айға жалғыз адамдық камераға жапқан.

– Үнсіз қалуға көнбеген басқа саяси тұтқындардың да жайы осы. Қазір Владимир өзін екі рет өлтірмек болған адамдардың қолында. Оның өміріне алаңдаймын, – деді Евгения Кара-Мурза.

Кара-Мурзаның өміріне екі рет қастандық жасалған. Саясаткер өзін улау оқиғасының артында Ресей үкіметі тұр деп күдіктенеді.

Каретникованың айтуынша, диссиденттерді адам төзгісіз жағдайдағы жалғыз адамдық изоляторға қамайды.

– Үнемі карцерде отыру ешкімге пайда әкелмейді. Ондағы жағдайы ауыр. Іші тастай суық. Мұндай камераларда карцерге арналған киім кию береді. Ал күртешені жаттығу кезінде ғана киюге болады. Физикалық белсенділікке мүмкіндік жоқ. Сырттан азық-түлік сияқты сәлемдеме алғызбайды, – дейді құқық қорғаушы.

2023 жылы желтоқсанда Telegram-да жарияланған ақпаратқа сәйкес, түрмеде отырған белгілі ресейлік диссиденттердің бірі, Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты деген айыппен 8,5 жылға сотталған оппозициялық саясаткер Илья Яшин ереже бұзған тұтқындарға арналған изоляторды сипаттайды.

"3x4 метрлік камерада өзіңді тас қапқа салып, қатырып тастағандай сезінесің. Таңғы 5-тен кешкі 9-ға дейін төсекті қабырғаға жинап қояды. Еденге жатуға болмайды. Камераның іші суық, жылы жемпір не күртеше бермейді. Камераның ішінен кәріз жүйесінің иісі шығып тұрады. Унитаздың артындағы тесіктен көлемі мысықпен шамалас атжалмандар кіреді. Тұтқындарға күніне жарты сағат кітап оқуға немесе жазуға рұқсат береді. Уақыт аяқталған соң, кітап, қағаз, қаламды жинап алады. Серуендейтін жер камерадан да тар – 2,5x3 метр ғана. Серуенге таңғы 6-7 аралығында ғана шығарады. Карцерде бір нәрсе ғана жақсы: карцерге жауып тастауы мүмкін деп уайымдамайсың. Тәртіп бұзғандарға арналған изолятор – заңдастырылған азаптау түрі. Карцердің мәні – тұтқындарды дегеніңе көнгенше, қорлап, азаптау. Осы себептен де саяси тұтқындардың бәрін карцерге жабады" деп жазады Яшин.

Бұрынғы Мәскеу облысының депутаты, әскерилер туралы жалған мәлімдеме жасағаны үшін 7 жылға сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан Алексей Гориновқа 2016 жылы туберкулез диагнозы қойылған. Осыдан кейін саясаткердің өкпесінің жартысын кесіп алып тастаған. Соған қарамастан, 62 жастағы тұтқынды бірнеше рет тәртіп бұзғандарға арналған изоляторға жапқан. Горинов карцерді "көр сияқты суық әрі сыз жер" деп сипаттайды.

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТПЕУ

Тұтқындарды азаптаудың тағы бір әдісі – оларға медициналық көмек көрсетпеу.

2023 жылы қарашада әскерилер туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған суретші Александра Скочиленкоға тергеу изоляторында отырған 20 айда бірде-бір рет медициналық көмек көрсетілмеген. Тұтқында туғанынан жүрек жетіспеушілігі мен басқа да созылмалы аурулары бар. Ресей президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі консультативті кеңес мүшесі Ева Меркачева Скочиленконың медициналық қорытындысы тұтқынның өміріне қауіп төндіреді деп есептейді. Ол сотта қамауда аштан өле жаздағанын, сот отырысына барып-келіп жүргенде тамақ ішетін уақыт өтіп кететінін айтып шағынған.

Игорь Барышников
Игорь Барышников

Калининград облысының 64 жастағы тұрғыны, қатерлі ісікпен ауыратын Игорь Барышников те әскерилер туралы жалған ақпарат тарату бабымен 7,5 жылға түрмеге жабылған. Ол денсаулығы нашарлауына байланысты өзін мерзімінен бұрын босатуды сұраған. Бірақ сот тұтқынның өтінішін қанағаттандырмады. Барышников сырқаты салдарынан отырып немесе жата алмайды. Түрмеде цистостомикалық катетердің тазалығын сақтау мүмкін емес. Бұл науқасқа инфекция жұқтыруы мүмкін.

– Оны қалдырып кеткенде, көзімізге жас келді. Клиентімізге "баяу әрі азапты өлім" деген үкім кесілді, – деген 2023 жылы желтоқсанда Азаттыққа сұхбат берген адвокаттардың бірі. Олар Барышниковке қосымша ота жасату керек дейді.

Ресейде тыйым салынған "Мемориал" құқық қорғау тобының дерегінше, қазір елде 255 саяси тұтқын мен діни көзқарасы үшін ұсталған 424 азамат түрмеде отыр.

– Саяси тұтқындар тізімі толық емес. Іс материалдарын жинауға көп уақыт кетеді. Тергеу мен сот құпия болса, тіпті қиын, – делінген ұйым сайтында.

Белсенді Каретникова диссиденттер тағдырына халықаралық қауымдастық, қуғындағы оппозиция мен Ресейдегі азаматтық қоғамның қалған бөлігі назар аударып отыр дейді.

– Ресей билігі федералды жазаны орындау қызметін пайдаланып, тұтқындарға күш қолдану арқылы жауап беріп жатыр. Олар саяси тұтқындарды жазалап, жаңа қылмыстық істер аша бастады, – дейді ол.

Яшин Навальный қазасы туралы естігеннен кейінгі алғашқы жазбасында ішін бос қараңғылық жайлап алғанын айтады.

– Әрине, өзіме қатер төніп тұрғанын түсінемін. Түрмедемін, өмірім Путиннің қолында. Өміріме қауіп төніп тұр. Бірақ өз жолымнан таймаймын, – деп жазды Яшин 20 ақпанда.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG