Accessibility links

"Назарбаевтың отбасы мен билік арасындағы ымыра" және "бірлікке ұмтыла бастаған" Орталық Азия


Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және экс-президенттің немере інісі Самат Әбіш (ортада). Коллаж.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және экс-президенттің немере інісі Самат Әбіш (ортада). Коллаж.

Батыс басылымдары бұл аптада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің неліктен «жұмсақ жазамен құтылып кеткенін» талдады. Сонымен қатар Мәскеудің Украинадағы соғысынан кейін «Орталық Азия бірлікке ұмтылып, өзіне сенімді бола түскенін» жазды. Одан бөлек Астана Германияға көбірек мұнай экспорттауға мүдделі болғанымен, оған Ресей кедергі келтіретініне тоқталды.

САМАТ ӘБІШТІҢ ШАРТТЫ ЖАЗАСЫ ЖӘНЕ "ЕСКІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЫҚПАЛЫ"

Eurasianet басылымы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасы кезінде «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» 8 жыл шартты жазаға ғана кесілгені қоғамда наразылық тудырғанын жазды.

Сот жабық өткендіктен, онда не айтылғаны, тіпті Самат Әбіштің нақты нендей әрекет үшін айыпталғаны белгісіз. Екі ай бұрын бас прокуратура Әбштің үстінен «Қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша тергеуді аяқтағанын, іс сотта қаралып жатқанын мәлімдеді. Істе мемлекеттік құпия бар болғандықтан, сот жабық өтті.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменов тергеу жайлы ашық мәліметтің болмауы алыпқашпа әңгімені үдетті дейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі шенеуніктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалының күшеюіне наразы бола бастады, Әбіш солардың қатарында болды деген әңгіме көп тарады.

Назарбаев 2019 жылы өз еркімен биліктен кеткенде Тоқаевты мұрагер ретінде таңдады.

«Бұдан кейін оның өзі және отбасы саяси және бизнес саласындағы ықпалын сақтап қалса да, кейбір сарапшылар Тоқаев күшейе бастады деп есептейді».

Мұның арты 2022 жылдың басындағы Қанды Қаңтар оқиғасына ұласты. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ отыны бағасының қымбаттауына қарсы басталған бейбіт наразылық елдің басқа өңірлеріне таралып, кей жерлерде жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Кемінде 238 адам қаза болды.

Кейін бейбіт наразылықты мүдделі күштер тұрақсыздық тудыру үшін пайдаланды деген консенсус пайда болды. Билік кінәлілерді іздеуге кірісті. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталып, 2023 жылдың сәуірінде сот оны «мемлекетке опасыздық жасады», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыппен 18 жыл түрме жазасына кесті. Ал Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Өсіпов мемлекетке опасыздық жасау және қызмет бабын асыра пайалану тәрізді түрлі айып бойынша кінәлі деп танылып, сәйкесінше 16, 15 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда Самат Әбішке тек былтыр қыркүйекте ғана айып тағылды. Оған дейін Қаңтар оқиғасы бойынша істе айыпталушылардың бірі, ҰҚК-нің бесінші департаментінің экс-басшысы Руслан Ысқақов өзіне бұйрықты Самат Әбіш бергенін айтқан.

Сот сотталушының жас балаларының болуын және айыпты мойындап, өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Алайда Әбіштің нақты қандай айыпты мойындап өкінгені белгісіз.

Үкім туралы ақпаратты журналистер депутат Ермұрат Бапиден естіп білді. Бапи бұл үкім «ескі Қазақстанның ықпалын көрсетеді» деген.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев өзінің Telegram-арнасында Әбіштің жеңіл жазаға кесілуін қазіргі билік пен Назарбаевтың отбасы арасындағы ымыраның нәтижесі деп бағалады. Оның ойынша, шартты жазаның өтеуі ретінде Назарбаевтың отбасы елдің саяси сахнасына өміріне уәде етіп, мемлекетке активтерді берген болуы мүмкін. Сондай-ақ Әбіш билікке туыстары жайлы компроматты берген болуы мүмкін.

СОҒЫС НӘТИЖЕСІНДЕ "АЙМАҚТЫҢ ӨЗІНЕ СЕНІМІ АРТЫП, БІРЛІККЕ ҰМТЫЛА БАСТАДЫ"

«Америка дауысы» сайты екі жылдан астам уақытқа созылған соғыс Орталық Азияға қалай әсер еткенін талдады.

Мақала авторы Навбахор Имамованың жазуынша, Ресей Украинаға басып кіргенде Орталық Азия елдері Путин реваншизмінің кезекті нысанасына айналамыз деп қауіптенген. Алайда Ресей екі жыл бойы соғыста үлкен шығынға ұшырады, сарапшылар мен Вашингтондағы саясаткерлер Орталық Азия өзіне сенімді және табанды бола түсті, аймақ бірлікке ұмтылып, Ресей, Қытай және АҚШ-пен келіссөзде ықпалдырақ бола бастады деп есептейді.

Кейбір сарапшылар аймақ әлі де Кремль амбициясының құрбанына айналуы мүмкін дейді. Сондықтан Батыс бұл мәселені бағамдап, аймақта белсенділігін күшейтуі керек. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азиядағы бес ел Ресей мен Украинаның соғысы нәтижесінде барынша тәуелсіз, ұжымдасқан аймаққа айнала алады.

Вашингтондағы Орталық Азия және Кавказ институтының төрағасы Фредерик Стардың пайымдауынша, Путиннің Украинаға басып кіруі ең алдымен Ресей мен оның әскерінің әлсіздігін ашып берді. Енді Орталық Азия елдері Ресейге «шығыста, батыста, солтүстік пен оңтүстіке достары бар екенін» көрсетуі керек.

АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институты Еуразия орталығының аға директоры Джон Хербст аймақ тұрғындары Батыспен тығыз қарым-қатынасқа мүдделі деп есептейді.

«[Аймақтың] Қытай және Ресеймен көрші екенін ескерсек, Батыс Орталық Азияда анағұрлым белсенді болуы керек. Ресей реваншизмі Орталық Азияны да қамтиды», деді ол

Автор сарапшылардың «Ресейден аймаққа төнетін қауіп азайып жатыр» деген пікірін келтіреді.

«Бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы достарымнан “Ресей − Орталық Азияның қауіпсіздік кепілгері” деген тұжырым жайлы қазақ халқының пікірі қандай деп сұрадым. Олар “біз еш уақытта Ресейді қауіпсіздік кепілгері көрмедік, Ресейді үнемі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер деп қарастырдық” деді», дейді АҚШ-тың Түркіменстандағы бұрынғы елшісі Аллан Мастард.

Мастард Каспий теңізі арқылы өтетін «Орта дәліз» кеңейсе, Ресейдің ықпалы азайып, аймақ жақында анағұрлым батыл бола түседі деп болжайды.

Ал Jamestown қорының сарапшысы Маргарита Асенова Ресейдің Украинадағы соғысы Орталық Азиядағы бастапқы интеграцияны жеделдетіп, Батыстың аймақтағы белсенділігіне көбірек жол ашты деп есептейді.

АСТАНА ГЕРМАНИЯҒА МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРУҒА МҮДДЕЛІ, БІРАҚ "РЕСЕЙ ОҒАН КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ"

Астана Германияға мұнай экспортын арттыруға мүдделі, алайда Ресей бұған кедергі келтіреді, деп жазады журналист және зерттеуші Нұрбек Бекмурзаев АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында.

5 наурыз күні энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазақ мұнайының Германияға экспорт көлемін биыл 2 миллион тоннаға жеткізу қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл бастапқы жоспармен салыстырғанда 800 мың тоннаға көп. Сәтқалиевтің айтуынша, мұнай экспортының көлемін арттыруды неміс компаниялары сұраған.

Алайда мақала авторы Сәтқалиевтің мәлімдемесі іс жүзіндегі ахуалмен қабыспайды дейді. 6 ақпан күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Германияның Rosneft Deutschland компаниясы 2023 жылғы экспорт жөніндегі келісімді алты айға ұзартып, ай сайын небәрі 100 мың тонна экспортталады деп уағдаласты. Бұл Сәтқалиевтің жоспары қаншалықты өміршең деген сұрақ тудырды. Оның үстіне қазақ мұнайының Германияға экспорты Ресей аумағы арқылы өтеді. Астана мен Берлиннің энергетика саласындағы серіктестігі Кремль өз инфрақұрылымы арқылы қазақ мұнайын Германияға жеткізуге қаншалықты құлықты дегенге байланысты.

Батыстың Ресейге қарсы санкциялары Берлинді Ресей мұнайына балама іздеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, Германия 2022 жылдың аяғында Қазақстанға қайырылды. 2023 жылы Германия, Қазақстан мен Ресей 2023 жылы 1,2 миллион тонна қазақ мұнайын Германиядағы PCK Raffinerie мұнай өңдеу зауытына тасымалдау туралы келісімге келді. Қазақстан ол үшін Ресейдің «Транснефть» компаниясы басқаратын «Достық» құбырын пайдаланады.

Ресейлік "Достық" құбыры арқылы мұнай алатын Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.
Ресейлік "Достық" құбыры арқылы мұнай алатын Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.

Астана 2023 жылы Германияға тек қысқа мерзімді келісімшарт негізінде мұнай экспорттаған. Бұл келісім әрбір алты ай сайын ұзартылып отырды. «Екі тарап ұзақмерзімді немесе ірі келісімшарт жасаса алмайды, себебі Кремль кез келген уақытта «Достық» құбыры арқылы қазақ мұнайының экспортын тоқтатуы мүмкін».

Әңгіме «Роснефть» компаниясының Германиядағы активтері төңірегіндегі дау жөнінде болып тұр. 2022 жылдың қыркүйегінде Германия үкіметі «Роснефтьтің» сол елдегі еншілес ұйымдары − Rosneft Deutschland және RN Refining and Marketing-ті Федералды желілер агенттігіне алты айға сенімді басқаруға берген. Сенімді басқару бірнеше рет ұзартылды. Нәтижеде агенттік үш мұнай өңдеу зауыты − PCK, MiRO мен Bayernoil бақылауға алды. «Роснефть» Германия үкіметін активтерді заңсыз тартып алды деп айыптап, сотқа берді. Алайда Лейпцигтегі әкімшілік сот шағымды кері қайтарған.

Соңғы мәлімет бойынша, «Роснефть» Германиядағы активтерін сату жайлы келісімге келді. Активтер 1 қыркүйекке қарай сатылуы керек. Процесті Германия үкіметі бақылайды. «Роснефть» өз активтерін өзімен байланысты не өзіне бағынышты тұлғаларға сауға тырысса, үкімет бұл келісімді болдырмай тастауға құқылы.

Германия «Роснефть» активтерін мемлекет меншігіне алса немесе сатуға кедергі келтірсе, Ресей «Достық» құбыры арқылы қазақ мұнайының Германияға экспортын тоқтатуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG