Accessibility links

Тіл, тарих, салт-дәстүр. Қазақстанда ұйғыр мәдениетін жаңғыртуды көздейтін Instagram желісіндегі жоба


Digital Yurt жобасы Алматыда ұйымдастырған мәдени іс-шараларға қатысушылар.
Digital Yurt жобасы Алматыда ұйымдастырған мәдени іс-шараларға қатысушылар.

Саид Максимов Instagram желісінде Қазақстандағы ұйғырлар қауымының басын қосу мақсатымен Digital Yurt ("Цифрлы киіз үй") жобасын бастаған. Жоба аз ғана уақыт ішінде көптің қолдауына ие болғанына өзі де таңғалғанын айтады.

Саид Максимов Орталық Азиядағы ұйғыр мәдениеті мен дәстүрін сақтауды мақсат тұтқан жобаны іске асыру үшін АҚШ-тың Кремний алқабындағы стартап идеясын қолданған.

Бұрын қоғаммен байланыс және маркетинг саласында істеген 36 жастағы кәсіпкер 2022 жылдың аяғында Digital Yurt жобасының негізін қалады. Ол осы арқылы ұйғыр тілі мен ұлттық салт-дәстүрді сақтаудың жаңа жолын тауып, әлі күнге қуғын-сүргінге ұшырап келе жатқан ұлт өкілдерінің басын біріктіретін қауымдастық құруды көздеген.

Максимов ойын жүзеге асыруды кез келген миллениал сияқты Instagram парақша ашудан бастаған.

– Қарапайым дүниеден бастадым, – деді ол 30-31 мамырда Прагада өткен Unlock 2024 конференциясында. – Ең үлкен мақсатты аудиториямыз – жастар, ал олармен тіл табысудың тиімді жолы – әлеуметтік желілер. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде біздің қауымдастықтың басындағы жағдай сияқты шынайы мәселелер көтерілмейді, ойын-сауық контент көп.

Саид Максимов бұл мәселенің де шешімін тапқан тәрізді.

Желідегі қысқа, Instagram алгоритмдеріне сай жасалған, динамикалық роликтер түсіруден басталған жоба жүздеген адамнан тұратын шынайы қауымдастыққа айналған. Қазір Digital Yurt жобасында 50 адам тұрақты жұмыс істейді.

Жоба басталғалы бірнеше оффлайн шара өтіп, ұйымдастырушылар Қазақстандағы ұйғыр кәсіпорындарын қаржыландыратын инкубаторға ақша жинап, Алматыдан ұйғыр тіліндегі Монтессори балабақшасын ашқан.

Бұл – ескі дәстүрді модернизациялап, жаңа өмірге бейімдеуге бағытталған үлкен стратегияның бір бөлігі ғана.

– Жастар тарихын білгісі келеді. Бірақ оларға үлкен кісілер баратын жерлер мен дәстүрлі шаралар қызық емес. Цифрлық технологияларды қолдануымыздың себебі – осы. Бір жағынан қобалжыдық, екінші жағынан қиын болды. Өйткені біздің қауымдастықтың қандай мәселелері барын білмейтінмін, – дейді ол.

"ҚУҒЫН-СҮРГІНДІ ЕЛЕМЕЙ ОТЫРА АЛМАЙМЫЗ"

Ұйғырлардың басындағы осындай көп мәселенің бірі Қазақстанның шығыс шекарасының арғы бетіндегі Қытайда болып жатыр.

Шыңжаң өңірінде 12 миллион ұйғыр тұрады. 2017 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин елдегі діндердің бәрі қытай дініне қарай бейімделуі керек деген жарлық шығарғаннан кейін аз ұлттарға қарсы қуғын-сүргін басталды. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл шараны ұйғыр мәдениетіне қарсы науқан деп бағалады.

Аталған қуғын-сүргінге Шыңжаңдағы басқа да ұлт өкілдері, әсіресе, мұсылман халықтары ілікті. 1 миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа ұлт өкілдері лагерьлер мен түрмелерге жабылған. Қытай Шыңжаңда ислам дінін ұстануға тыйым салып, дін қайраткерлерін қудалап, мешіттер мен зираттарды қиратты деп айыпталды.

Digital Yurt жобасының негізін қалаған Саид Максимов Прага қаласында өткен Unlock конференциясы кезінде Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Чехия, 2024 жылдың мамыр айы.
Digital Yurt жобасының негізін қалаған Саид Максимов Прага қаласында өткен Unlock конференциясы кезінде Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Чехия, 2024 жылдың мамыр айы.

2022 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы "Қытай ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман халықтарына адам құқықтарын өрескел бұзатын саясат жүргізді" деп мәлімдеді. Мұндай шаралар қатарында мәжбүрлеп еңбекке жегу, жаппай лагерьге жабу, туу көрсеткішін күштеп тоқтату сияқты адамзатқа қарсы қылмысқа жататын іс-әрекеттер бар.

– Тарихымыз бен қазір болып жатқан оқиғаларды ескерсек, кей ұйғырлар әлі де үндемеген жөн, көзге түсу қауіпті дейді. Өзіме осылай айтқандар да болды. Бірақ Қытайда қуғын-сүргін болып жатқаны рас. Оны елеусіз қалдыра алмаймыз, – дейді Максимов.

Ұйғырлар Шығыс Түркістан деп аталатын Шыңжаң өңірі мен Орталық Азияда көп шоғырланған. Бір Қазақстанның өзінде 200 мыңнан астам ұйғыр тұрады. Пекиннің қуғын-сүргінінен қашқан ұйғырлар Түркия, Еуропа мен Солтүстік Америкаға жеткен.

Қытай өз репрессиясын 2000-жылдары болған терактілерге жауап деп түсіндіреді. Пекин аз халықтарды жаппай лагерьге жабу арқылы терроризм мен исламды желеу еткен экстремизмнің алдын алғысы келеді. Құқық қорғаушылар Қытай ұйғырларға қарсы қуғын-сүргінді ақтап алу үшін экстремизм қаупін асыра көрсетіп отыр дейді.

ЖАҢА ҰРПАҚ ҚАМЫ ҮШІН

Ұлты ұйғыр Саид Алматыда туып-өскен. Ол кейінгі жылдары Қытаймен байланысы күшейген Қазақстанда да ұйғырларға қарсы осындай көзқарас бар деп есептейді.

– Көп мақсатымыздың бірі – ағарту жұмыстарын жүргізу. Жұрт Қытайдың сөзіне сеніп, бізді "террорист" деп ойлағанын қаламаймыз. Бұл – ақылға сыймайтын дүние. Ұйғыр халқының басындағы жағдай Пекиннің саясатына қарсы бас көтергендердің неге ұшырайтынын Қытай коммунистік партиясы ұйғыр халқының мысалында көрсетті, – дейді ол.

Максимовтың айтуынша, Digital Yurt жобасының саяси мақсаты жоқ. Бірақ ол Қытайдағы ұйғырлардың жағдайын көре тұра жобаға саясатты араластырмау қиын екенін жасырмайды.

– Жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Олардың техникалық білімі, іскерлік дағдылары мен тіл меңгеру деңгейі жоғары болғанын қалаймыз. Кей адамдарға осының өзі ұйғырларға қатысты жоба болғаны үшін ғана саясат болып көрінуі мүмкін, – дейді ол.

Digital Yurt жобасы күннен-күнге кеңейіп жатыр. Максимов Қазақстандағы ұйғырлардың басын біріктіріп, әлемнің әр бөлігіндегі диаспора өкілдерімен араласудың жаңа әдістерін тапқысы келеді.

Ортақ тарих – жетістік. Тарихтың қалтарыста қалған парақтарының өзі – ұлт болмысының бір бөлігі. Саид ұйғыр мәдениетін көпшілік танитын дүниеге айналдырғысы келеді. Мәселен, ұйғыр азаматы дәстүрлі киімді қазіргі заманғы көше стилімен байланыстыратын бренд ашуды ойластырып жүр.

Максимовтың басты мақсаты – ұйғыр халқының тілі мен дәстүрін сақтап, жастардың күнделікті өмірде және әлеуметтік желіде өз тілінде сөйлеуіне жағдай жасау.

– Тіліміз бен дәстүрімізді білетін аға буын өкілдерінің әлі де көзі тірі. Бірақ олар арамызда мәңгілік жүрмейді. Ұлттық болмысымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан мәдениетімізді сақтап қалуымыз керек, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG