Accessibility links

Сириядағы қырғыздар: Әйелдер ұлдарын түрмеге алып кетпес үшін оларды хиджабпен жасырады


Сириядағы жасөспірімдерге арналған түрмедегі қырғыз балалары.
Сириядағы жасөспірімдерге арналған түрмедегі қырғыз балалары.

Кезінде «Ислам мемлекеті» террористік тобына қосылу үшін Сирияға кеткен жүздеген қырғыз әйел мен олардың балалары босқындар лагерінде елге оралу мүмкіндігін зарыға күтіп жүр. Әйелдер «күрд әскері балаларымызды жасөспірімдер түрмесіне әкетіп жатыр» дейді. Кей аналар ұлдарын түрмеден аман алып қалу үшін оларды хиджабпен жасыруға мәжбүр болған.

Адина былтыр күзде Сириядағы босқындар лагерінен Қырғызстанға оралған. Бішкек арнайы ұшақпен «Ислам мемлекеті» террористік тобына қосылған ондаған әйел мен баланы елге жеткізді.

Адина туған жеріне оралғанына бақытты екенін, бірақ төрт баласының үлкені – 20 жастағы Нұрмұхамед Сирияда қалғанын ойласа, жүрегі қан жылайтынын айтады.

Жеке бас қауіпсіздігі үшін толық аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Адина ұлынан соңғы рет 2022 жылы Сирия түрмесінен хат алған. Оны үш жыл бұрын күрд әскері 15 жаста болған кезде ұстап әкеткен.

Сирияның солтүстігінде орналасқан, күрд жасақтарының қолындағы Әл-Хол және Әл-Рож лагерьлерінде тұрып жатқан қырғыз әйелдерінің сөзінше, күрд жауынгерлері шатырларды аралап, ер балаларды жасөспірімдер түрмесіне алып кетеді.

— Неге әкетіп жатқандарын білмеймін. Күндіз-түні келіп, ер балаларды ұстап әкетеді. Әйелдер балаларын түрмеден алып қалу үшін ұлдарына хиджаб, көйлек кигізеді. Ұлы бар аналар арнайы сөмке дайындап қояды. Ұсталу қаупі төнсе, балалары осы сөмкені алып, қашып кетеді, — дейді Адина.

Қырғызстанның Ош қаласында тұрған ата-анасы бес баласымен Сириядағы Ракка қаласына көшкенде, Нұрмұхамед 13 жаста еді. Ракка — өзін халифат деп жариялаған “Ислам мемлекеті” террористік ұйымының "астанасы" болған.

Оның күйеуі мен бес баланың кенжесі 2019 жылы наурызда “Ислам мемлекеті” тобы орналасқан соңғы орыннан қуылғанда әуе шабуылынан қаза тапқан.

— 14 наурызда күйеуім өлген күні Нұрмұхамед тамақ іздеп кетті. Содан кері оралған жоқ. Үш баламмен окопта тығылып жаттым. Сол жерден күрд жасақтары ұстап, Әл-Холға алып келді, — дейді Адина.

Ол кейін ұлы Нұрмұхамедті күрд жасақтары ұстап, түрмеге жапқанын естіген. Бірақ ұлының қайда екенін білмейді. Адинаның қолында ұлының жалғыз суреті мен Нұрмұхамедтің темір тордың ар жағында отырған видеосы ғана бар.

Нұрмұхамедті күрд жасақтары жасөспірімдер түрмесіне қамаған. 2019 жылғы видеодан скриншот.
Нұрмұхамедті күрд жасақтары жасөспірімдер түрмесіне қамаған. 2019 жылғы видеодан скриншот.

— 2019 жылы күзде Әл-Холдағы әйелдер түрмеден түсірілген видеолардан күйеулері мен балаларын іздеді. Сондай видеолардың бірінен ұлымды көріп, скриншот жасап алдым. Оған дейін бес ай бойы ұлымның өлі-тірісін білмедім, — дейді Адина.

Адина «Нұрмұхамед әлі тірі ме, тірі болса қай түрмеде отыр?» деген сұрақтың жауабын әлі білмейді. Туыстарымен бірге ұлын тауып беруді сұрап, Қырғызстан билігіне бірнеше рет өтініш айтқан.

—“Қырғызстан билігі ұлыңызды ешқандай түрмеден таба алмадық» деді, — дейді ол.

МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Сирияда қалған тағы бір жасөспірімдердің бірі — Айтбек есімді қырғыз бала. Оны 2019 жылы 10 жасында ұстап, Әл-Холдан жасөспірімдер түрмесіне әкеткен. Қауіпсіздік мақсатында Айтбектің шын есімін көрсеткен жоқпыз.

— Айтбектің анасы мен төрт бауыры 2023 жылы Қырғызстанға оралды. Анасы биліктен ұлын елге қайтаруды сұраған. Ұлын қатты күтті, бірақ сол күйі баласымен қайта қауыша алмай көз жұмды, — дейді Сирия мен Ирактағы балаларын елге қайтаруды сұрап жүрген ата-аналар тобының басшысы Хамида Якубова.

Айбектің қайда жүргені белгісіз. Якубова Айтбек пен тағы бірнеше баланың түрменің терезесінен сыртқа қарап тұрған видеосын тапқан.

Сириядағы жасөспірімдерге арналған түрмеден қарап тұрған Айтбек.
Сириядағы жасөспірімдерге арналған түрмеден қарап тұрған Айтбек.

Әл-Рож лагеріндегі тағы бір қырғыз әйел екі ұлын түрмеден қорғау үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Отбасы Қырғызстанға әкететін келесі репатрияциялық рейсті күтіп отыр.

Аты-жөнін айтпауды сұраған әйел үлкен ұлы 20-да, одан кенжесі 7 жаста екенін айтты.

— Күрд жасақтары 18-ге толмаған балаларды жасөспірімдер түрмесіне жібереді, кәмелетке толған соң, ересектерге арналған түрмеге ауыстырады деп естідік. Жауынгерлер жасөспірім балаларды әйелдермен жыныстық қатынасқа түспес үшін бөлек алып кетеді деп ойлаймыз. Әйелдер ұлдарына хиджаб, көйлек кигізіп қояды. Бірақ күрд жасақтары жүрісіне қарап-ақ ұл мен қызды оңай ажыратады, — дейді ол.

Азаттықпен сөйлескен әйел балаларын шатырдан шығармай отырғанын айтты.

— Мұндағы балалардың сауаты төмен. Үлкен ұлым әлі кішкентай бала сияқты. Бұл балалар ешқашан қалыпты өмір сүрмеді. Бар көргені – Сириядағы лагерь ғана. Балаларымды алып, Қырғызстанға оралғым келеді.

Қырғызстан билігінің дерегінше, 850 азамат «Ислам мемлекеті» ұйымына қосылу үшін Сирияға кеткен. Ондаған кісі соғыста қаза тапқан.

2021 жылы Қырғызстан үкіметі Сириядағы әйелдер мен балаларды елге қайтарып, қоғамға бейімдеу үшін «Мейірім» деген операция бастады. Биыл 432 қырғыз, оның ішінде 303 бала Қырғызстанға оралған.

— Олар біздің азаматтарымыз. Оларды елге қайтару мемлекеттің жауапкершілігі, — деді Қырғызстандағы қауіпсіздік кеңесінің басшысы Марат Иманқұлов.

XS
SM
MD
LG