Accessibility links

Әшімбаев: Астана Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктіні Киевке бермейді


Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу. Украина бас прокуратурасы жариялаған фото.
Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу. Украина бас прокуратурасы жариялаған фото.

Қазақстан Киевте оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті адамды Украинаға бермейді. 27 маусымда парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Украина қылмысқа күдікті ретінде Қазақстанның екі азаматына іздеу жариялаған. Қазақстан билігі бір күдікті – Алтай Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Ал "оқ атқан" Мейрам Қаратаевтың қайда екені белгісіз.

"Еліміздің заңына сәйкес, республика азаматтардың құқықтарына басымдық береді. Мұндай жағдайларда еліміз заңға сәйкес, Қазақстан азаматтарын бермейді. Бұл осы жағдайға ғана қатысты емес, жалпы алғанда сондай: Қазақстан өз азаматтарын басқа мемлекеттерге бермейді", – деді Мәулен Әшімбаев бейсенбі күні cенатта журналистерге.

Әшімбаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша Қазақстан мен Украинаның құқық қорғау органдары өзара белсенді әрекет етіп, істі тергейді деп есептейді.

Бұған дейін Айдос Садықовтың әйелі, Қазақстан іздеу жариялаған оппозициялық журналист Наталья Садықова Киевте жасалған қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деп есептейтінін айтқан. Сенат төрағасы "мұндай мәлімдеменің бәрі шындыққа жанаспайды, бұл арандату және өсек-аян" деді.

Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Айдос Садықовқа жасалған қастандық бойынша тиісті шара қабылдауды тапсырғанын еске салды.

"Еліміздің Бас прокуратурасы тергеуге қосылды, олар Украинадағы әріптестерімен байланыста отыр, біздің тараптан қажет барлық жәрдем көрсетіліп жатыр. Бұл жағдайда Қазақстан журналисті өлтіруге мүдделі деген қандай да бір мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді және олар Қазақстанды қандай да бір геосаяси ойындарға тартуға жасалған тікелей арандату", – деді Әшімбаев.

25 маусымда Украина бас прокуроры кеңсесі күдіктілерді сұрау бойынша Қазақстанның құзырлы органдарына жолдауға тиісті құжаттар дайындап жатқанын хабарлаған. Бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасы Жақанбаевтың ұсталғанын хабарлаған. Екінші күдікті Мейрам Қаратаев туралы әзірге ақпарат жоқ.

Украина прокуратурасының мәліметі бойынша, қастандыққа күдікті Қазақстан азаматтары қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. Киев оларға халықаралық іздеу жариялаған.

YouТube-тегі "Бәсе" арнасы авторларының бірі Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында көлікте отырған кезінде атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды, қазір ол Киевте ауруханада жатыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана бұл оқиғаны тергеу кезінде Киевпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген.

Украинада Садықовты өлтірмек болған күдікті екі қазақ кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:38 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG