Accessibility links

Садықовтың өліміне күдіктілер Кишиневте болған — "Молдова: Актуально"


Киевте оппозиция белсендісі Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктілер – Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы жариялаған фото.
Киевте оппозиция белсендісі Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктілер – Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы жариялаған фото.

Қазақстандық оппозиция белсендісі, "Бәсе" YouTube-арнасының негізін қалаушы журналист Айдос Садықовқа Киевте қастандық жасады деген күдіктілер 18 маусымда "Паланка" кеден бекетінен Молдоваға кірген. Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев 19 маусым сағат 01.20-да Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып кеткен. Бұл туралы шекара қызметіндегі дереккөздеріне сүйенген "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы хабарлады.

Дереккөздердің мәліметінше, күдіктілердің бірі Қаратаев Молдоваға бұған дейін бірінші рет 2024 жылы 19 мамырда "Леушен" кеден бекеті арқылы кірген. Ол елден шыққанда Кишинев халықаралық әуежайынан Франкфуртқа (Германия) ұшып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы бейнебақылау камерасы түсірген күдіктілердің суретін және төлқұжатын жариялады.

Қазақстан билігі күдіктілердің бірі Жақанбаев 21 маусымда ішкі істер органдарына өз еркімен берілді деп хабарлаған. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз. Бас прокуратура оны іздеп жатқанын айтқан.

Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында көлікте отырған кезінде атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалған. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде қайтыс болды.

Украина прокурорының кеңсесі бұған дейін күдіктілер Киевке 2 маусымда Польша-Украина шекарасынан өтіп келіп, қылмыстан соң Молдова шекарасын кесіп, елден кетіп қалды деп хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG