Accessibility links

Шавкат Мирзияевтің Қазақстанға сапары алдында президент оның қызымен кездесті


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қызы әрі көмекшісі Саида Мирзияева мен Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қызы әрі көмекшісі Саида Мирзияева мен Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанға сапарлап келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қызы әрі көмекшісі Саида Мирзияева 5 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға байланысты өзекті мәселелерді талқылады.

Ақорда кездесуде "ақпараттық-идеологиялық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша мән берілді" деді.

Мирзияева Instagram-дағы парақшасында кездесуде "Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ашық, сенімді және достық диалогтың бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгені айтылды" деп жазған.

Саида Мирзияева Астанада өткен "Заковат" зияткерлік ойынына қатысқан. Онда Өзбекстан мен Қазақстан құрамалары жарысқан.

Мирзияева мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен де кездескен. Қарин "Қазақстан мен Өзбекстанда жүзеге асып отырған жүйелі өзгерістер туралы пікір алмастық" деді.

Бұған дейін Ақорда 7-8 тамыз күндері Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп хабарлаған.

Саида Мирзияева – Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы. 2023 жылы тамызда әкесі Саиданы өзіне көмекші етіп тағайындаған. 39 жастағы Саиданың күйеуі Ойбек Тұрсынов – Өзбекстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі.

Орталық Азия елдерінде президенттер балаларын маңызды қызметке тағайындап, маңына тарту үйреншікті жағдайға айналған. Олардың балалары жиі қызмет ауыстырып, көбінде қызметте жоғарылайды.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған тұста оның үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрайымы (биліктегі президенттен кейінгі екінші адам) болды. Түркіменстан президенті болған Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов президенттікке келген. Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үлкен ұлы Рустам Эмомалиды парламенттің жоғары палатасының төрағасы етіп тағайындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG