Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін азаматтардың пікір айту еркіндігін шектемеуге және комиктерді қудалауды доғаруға үндеді.
Қазақстанда кейінгі айларда комиктердің жауапқа тартылуы жиілеген. 26 шілдеде Астана соты 31 жастағы стендап-комик Александр Меркульді "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 күнге қамаған.
"Бұл Қазақстан билігінің пікір еркіндігін қаншалықты қатаң шектеп жатқандығына тағы бір мысал" деп жазды халықаралық құқық қорғау ұйымы 8 тамыз күнгі мәлімдемесінде.
Ұйымның жазуынша, сот кінәлі деп таныған Александр Меркуль өзінің қалжыңдарында әлеуметтік мәселерді қозғайды.
"Мысалы, маусымдағы концертінде ол билік жиі айтатын "Жаңа Қазақстанды" меңзеп "Қазақстан жаңа болғанмен кедейлік ескі" деп қалжыңдаған. Нақты жағдайда бұл тек күлкі ғана туғызбай, билікті комикті "бейпіл сөзі үшін" жауапқа тартуға итермелеген сияқты" деп жазды ұйым хабарламада.
HRW 2023 жылы Қазақстан әкімшілік кодексіне енгізілген өзгертулер қоғамдық орында бейпіл сөз қолданғандарға жазаны күшейткенін еске салады.
Ұйым Александр Меркульдің мамыр айында берген сұхбатында "комик [немесе кез келген адамның] айтқан сөзі үшін түрмеге жабылуы жақсы нәрсе емес" дегенін келтіреді. Осы сұхбатта ол Ресейдің билікті сынаған комиктерді жазалау әдісіне пікір білдіріп, қалжың жазған кезде Қазақстан билігін сынауды көздемейтінін айтқан. Ол "әлеуметтік және саяси маңызды мәселелер" жақсы комиктер арқылы шешілуі мүмкін деген.
Александр Меркуль – кейінгі айларда әкімшілік жазаға тартылып отырған алғашқы комик емес. Мамырдың аяғында Алматы соты стэндапер Нұрасхан Басқожаевты әзіліне бейпіл сөз араластырғаны үшін 15 күнге қамаған. Нұрасхан Басқожаев Қазақстандағы жемқорлықты қалжыңға қосып, кемінде 120 мың адамды көшіруге мәжбүрлеген Қазақстанның батысындағы тасқындар туралы айтқан. Комиктің әріптестері "оны саясат пен жемқорлықты жиі әжуалағанына бола жазалады" деп санайды.
Комиктерді жазалау – Қазақстанда сөз еркіндігін тұншықтыру "науқанының" бір бөлігі тәрізді деп жазды ұйым. HRW 2 тамызда Қазақстан соты журналист Думан Мұхаммедкәрімді жеті жыл түрмеге кескенін еске салады. Журналистке "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айып тағылған, жақтастары істің саясиланғанын айтады. Журналист билікті жиі сынаған.
"Қазақстан халқы сыни пікірлері мен комментарийлерін қорықпай, сатира арқылы да жеткізе алуы керек. Пікір еркіндігі абсолют емес, бірақ адам құқығына қатысты халықаралық заңнама үкіметтің реттеу шараларының шекарасын айқын белгілеген. Қазақстан сол шекарадан тыс жерде әрекет етіп жатыр және Қазақстанның оны [пікір еркіндігін] құрметтейтін мезгіл жетті" деп түйіндейді ұйым.
ПІКІРЛЕР