Accessibility links

HRW ұйымы Германия канцлерін Орталық Азиямен саммитте адам құқығына басымдық беруге шақырды


Германия канцлері Олаф Шольц.
Германия канцлері Олаф Шольц.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Германия канцлері Олаф Шольцты алдағы аптаның басында өтетін Германия – Орталық Азия саммитінде адам құқығы мәселесіне басымдық беруге шақырды.

Олаф Шольц Өзбекстанға 15 қыркүйекте барады, ал 16-17 қыркүйек күндері Қазақстанға келеді. Шольц пен аймақтағы бес елдің басшылары алдағы аптаның басында Астанада өтетін Орталық Азия – Германия саммитіне қатысады.

"Олаф Шольц аймақ елдерінің бес басшысымен саммит өткізу үшін Орталық Азияға сапарлап келетін алғашқы канцлер ретінде тарихқа кіреді. Саммит экономика, энергетика мен аймақпен қарым-қатынасты дамыту мәселелерін көтереді. <...> Орталық Азияның авторитар басшылары заң үстемдігі мен адам құқығын сақтауы қажет дегенге басымдық берсе, Берлиннің осы аймақтағы мақсатына жету ықтималдығы жоғары" дейді Human Rights Watch 12 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде.

Мәскеу 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірген соң, Ресейдің энергетика ресурстарына тәуелді болған Германия энергия мен қазба байлығының жаңа көздерін іздеп, Орталық Азиямен қарым-қатынасты дамытуға көбірек мән бере бастады. Былтыр қыркүйекте Берлинде алғаш рет Германия – Орталық Азия басшыларының саммиті өтті.

HRW бұл жолғы саммиттің сенімділігі мен тиімділігін арттыру үшін "Шольц Орталық Азиядағы адам құқықтарын жақсартуға назар аударуы керек" дейді.

"Бұл проблемалар шешілмесе, алты елдің басшысы былтыр қыркүйекте басымдық берген көптеген тақырып бойынша ілгерілеу болмайды. Адам құқығының халықаралық стандарттары мен заң үстемдігін сақтамай, Германиядан көбірек инвестиция тарту, Орталық Азиядағы тұрақты даму мен адамдар арасындағы байланысты жолға қою мүмкін емес. Германия үкіметі аймақта адам құқықтары мәселесі айтарлықтай жақсармай, Орталық Азиямен тығыз қарым-қатынас орнату мүмкін деген сыңай таныта алмайды" дейді ұйым өз мәлімдемесінде.

Халықаралық ұйымдар есебінде Орталық Азия елдерін адам құқығын бұзатыны үшін жиі сынайды. HRW бейбіт жиналыстар өткізу құқығы мен пікір білдіру еркіндігін жиі шектеу, белсенділерді түрмеге қамау, түрмедегі азаптаулар, азаматтық қоғамды қудалау, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық, қатыгездік танытып қызметін асыра пайдаланатын күштік құрылым өкілдерінің жазаланбауы мен әділетті және еркін сайлаудың өтпеуін аймақтағы елеулі құқық бұзушылықтар қатарына жатқызады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG