Accessibility links

Тест тапсыр я депортация. Латвия латыш тілін білмейтін ресейліктерге ескерту жібере бастады


Ұзақ жылға созылған қысымға қарамастан Латвия үкіметі елде тұрақты тұратын ресейліктер латыш тілін үйренбесе, елден кетуі керек деген шешім қабылдады. Біраз орыс депортацияланды, жүздеген ресейлік Латвиядан кетті. Енді мыңға жуық орыстілді азамат, көбі – қарт кісілер, қайтерін білмей отыр.

Латвияда уақытша я тұрғылықты тұратын, бірақ латыш тілі бойынша міндетті емтиханды тапсырмаған Ресей азаматтарына "30 күн ішінде елден кету керек, әйтпесе, күштеп депортацияланасыз" деген ескерту хат келе бастаған.

Бұл хатты Латвияның көші-қон қызметі жіберген. Хат алғандардың көбі — Совет Одағының бұрынғы азаматтары (негізінен 60 жастан асқан адамдар). Олар Латвияға совет дәуірінде келіп, Латвия тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Ресей азаматтығын алған. Бірақ Латвияда тұрақты тұру құжатымен қалып қойған.

Олардың көбі латыш тілінде сөйлемейді, жергілікті мәдениетке қызықпайды, ресейлік ақпарат құралдарын қарайды, кейбірі Ресейді қолдайды. Латвия азаматтарына екінші азаматтық ретінде Ресей төлқұжатын алуға болмайды.

"Курсқа бармадым, өйткені оған төлейтін ақшам жоқ. Үш ай сайын 340 еуро зейнетақы аламын. Ригадан тіл оқу үшін 70 еуро төлеуіңіз керек деген қағаз келді" — дейді тілдік емтихан өтетін орталық жанында тұрған әйелдердің бірі "Настоящее время" телеарнасына.

Емтиханнан құлаған шығармын. Бірнеше сұраққа ғана жауап бердім, Латыш тілінде сөйлейтін ортам жоқ.

"Емтиханнан құлаған шығармын. Бірнеше сұраққа ғана жауап бердім, Латыш тілінде сөйлейтін ортам жоқ" дейді тілдік емтихан өтетін орталық жанында тұрған егде ер адамның бірі.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Латвия парламенті көші-қон заңына өзгеріс енгізген. Енді Латвияда тұрақты тұратындар рұқсатының мерзімін ұзарту үшін Ресей азаматтары латыш тілін білетінін дәлелдеу үшін емтихан тапсыруы керек. Бірақ Латвияда тұратын орыстардың көбі бұл емтиханнан өте алмаған. Кей азаматтар қарттарға шет тілін үйрену қиын деп шағынды. Кейбірі латыш тілін мүлде үйренгісі келмейді.

Түрлі деректер бойынша, мыңнан астам ресейлік емтиханнан құлап қалған. Латвия заңына сәйкес, емтиханды тапсыра алмаған азаматтардың Латвияда тұруға рұқсат беретін құжаты жарамсыз болып қалады. Осыдан кейін елде қалу заңсыз болады. Кейінгі бір жылда азаматтық және көші-қон істері бойынша басқарма 63 азаматқа Латвиядан кету туралы ескерту жіберген. Тоғыз адам күштеп депортациялаған. Емтиханнан сүрінген 632 адам ерікті түрде елден кетіп, Ресейге оралған.

Ал мыңға жуық азамат не істерін білмей отыр. Олар бұрын-соңды латыш тілінен емтихан тапсырып көрмеген, Латвиядағы тұрақты тұру рұқсатының уақытын ұзартуға да құжат тапсырмаған. Азаматтық және көші-қон істері бойынша басқарма олардан заң талаптарын неге бұзғанын түсіндіруді сұрап отыр.

"Адамдар әртүрлі себеп айтады. Мысалы, "көші-қон қызметінен хат алмадық" дейді. Әрине, қолымызда ескерту хат келгенін растайтын құжаттар бар. "Конституциялық сот оң шешім шығарады, жаңа ереженің сіздерге еш әсері болмайды деген саясаткерлер сөзіне сеніп қалдық" дейді. Көбі бұл заңның өзіне кесірі тимейді дегенге соңына дейін сенген, сондықтан ақталып әлек болып жатыр" дейді азаматтық және көші-қон істері бойынша басқарманың баспасөз хатшысы Мадара Пуке.

Латвия астанасы Ригадағы Ресей елшілігінің маңы. 24 қаңтар 2023 жыл.
Латвия астанасы Ригадағы Ресей елшілігінің маңы. 24 қаңтар 2023 жыл.

2024 жылғы ресми деректерге сәйкес, Латвия азаматтарының 63 пайызы – этникалық латыштар, 23 пайызы – орыстар, 3 пайызы – украиндар, 3 пайызы – беларусьтар, 2 пайызы – поляктар. 2022 жылғы статистика халықтың 62 пайызы үйде латыш тілінде, 35 пайызы орысша сөйлейтінін көрсеткен.

Мәскеудің Украинаға басып кіруі жайлы талқы туа қалса көзқарас азаматтардың ұлтына байланысты әртүрлі болады. Латвияда кейінгі үш жылда жүргізілген бірнеше сауалнама қорытындысына сай, латыш тілінде сөйлейтін халықтың 80 пайызы соғысқа Ресейді кінәлаған. Орыстілділер арасында бұл көрсеткіш 32-38 пайызды құрайды.

Кремль көрші елдерде орыстілді халық қысым көріп жатыр деп жиі мәлімдеме жасағанымен, Латвиядағы орыстардың көбі Кремль агрессиясынан аулақ болғысы келеді.

Латвиядағы орыстілді халықтың мүддесін қорғайтын "Келісім" партиясы бір кездері Мәскеудегі "Единая Россия" партиясымен байланысы бар, Кремльді жақтайтын ұйым еді. Бірақ партия Ресейдің Украинаға басып кіруін сынады. Партияның парламенттегі өкілі Борис Цилевичс "[Заманауи Ресей] нацистік Германияға ұқсайды. Жағдайды тұрақтандырудың бір-ақ жолы бар: ол үшін Ресей әскери жеңілуі керек" деді.

Азаматтық және көші-қон істері бойынша басқарма дерегінше, жаңа заңға іліккен ресейліктердің 85 пайызы қажет құжаттарды рәсімдеп, емтихан тапсырып, латыш тілі курсына жазылып, уақытша мекенжай анықтамасын (емтихан тапсырғанша жарамды) алған.

Ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары мен пропаганда емтихан тапсыра алмағандардың депортациялануын орыстілді халықты кемсіту деп түсіндіріп жатыр. Бір жылдан бері ресейлік ақпарат құралдары "Латвия орыстілді зейнеткерлерді күштеп депортациялап жатыр" деген жаңалық таратып келеді.

Латвия үкіметі елде орыстілді азаматтарға қатысты дискриминация жоғын атап өтті. Латвия тұрғылықты тұрғысы келетін кез келген шетел азаматына осындай талап қояды. Емтиханнан құлаған басқа ел азаматтары да депортацияланған.

"Латвияда жыл сайын көші-қон жайлы көп бұйрық шығады. Жалпы процедура бар. Бұл жерде ерекше жағдай болады деп күтудің қажеті жоқ. Азаматтардың бір бөлігі азаматтық және көші-қон істері бойынша басқармаға хабарласпай, елден кетіп қалған. Бірақ Ресей пропагандасы Латвия жаңалықтарын үнемі өзіне ұнайтын мазмұнда береді" дейді Латвияның премьер-министрі Эвика Силиня.

Көші-қон заңнамасындағы өзгерістер 25 000 адамның өміріне әсер еткен. Ел ішіндегі қоғамдық пікірталас нәтижесінде 2023 жылы қыркүйекте Латвия парламенті заңға толықтыру енгізді: тілге қатысты талап қалды, бірақ азаматтарға тіл үйреніп, емтихан тапсыруға көбірек уақыт берілді. Бұл 2003 жылдың мамырынан кейін азаматтық алған, емтихан тапсырып, құлап қалған немесе маңызды себептермен емтиханға келе алмаған адамдар қатысты болады.

"Көші-қон заңнамасына толықтыру енгізу керек. Заңға 65 жасқа дейін деген түзету қажет. Көбі – денсаулығы, ақыл-ой қабілеті нашарлаған қарттар. Мемлекет болып, бұл адамдарға қандай шара қолданатынымызды білмейміз. Қазір мүлде емтиханға жазылмаған 10 000 адам бар. Көбі емтиханды қайта тапсыруы керек. Тұрақты тұру құжатының мерзімі бітіп қалса, оларды ешкім депортацияламайды. Елден сонша адамды шығарып жібере алмаймыз" деген еді латвиялық журналист Инга Спринге 2023 жылы қыркүйекте.

Елде тұратын ресейліктердің латыш қоғамына қауіп төндірмейтініне көз жеткізгісі келеді.

Бір топ азамат тілдік емтиханға қарсы Латвияның Конституциялық сотына ұжымдық арыз берген. Сот Ресей азаматтарына қойылған тілді меңгеру талабы заңды деген қаулы шығарды.

"Азаматтық — салмақты ұғым. Ол адамның таңдауын, қай елге адал екенін, қай мемлекетті қолдайтынын көрсетеді. Бұл жағдай Латвияның бұрынғы азаматтары мен басқа ел азаматтығын алған кісілерге қатысты. Олар Ресейге адал боламыз деп шешті. Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқан, Латвияға қырын қарап отырған қазіргі геосаяси жағдайда мемлекет осындай талап енгізу арқылы елде тұратын Ресей азаматтары латыш қоғамына қауіп төндірмейтініне көз жеткізгісі келеді" деді Конституциялық сот басшысы Алдис Лавиньс.

Ресей өңірлеріндегі жергілікті билік Латвиядан депортацияланған орыстілді азаматтарды құшақ жая қарсы алатынын айтты. Псков облысының губернаторы Михаил Ведерников "облыс депортацияланған адамдарға қолдан келген көмегін аямайды, уақытша орналастыруға кететін шығындарды есептеп қойдық" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG