Accessibility links

Тоқаев Шольцпен кездесу кезінде: әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық


Германия канцлері Олаф Шольц (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Германия канцлері Олаф Шольц (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы келіссөз кезінде Германия канцлері Олаф Шольцтың елге алғашқы сапарын "тарихи сапар" деп атады.

"Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және тауар айналымының көлемін ұлғайтуға тың серпін береміз деп сенемін. Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл – өте маңызды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпқырлы ықпалдастығымызға баса мән береміз. Өзара байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз" деді Тоқаев.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу кезінде Тоқаев Шольцтың өтініші бойынша Украинадағы жағдайды реттеу мәселесіне де тоқталған.

"Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді" деді Тоқаев.

Бірнеше күн бұрын Ресей басшысы Владимир Путин Ресейдегі нысандарға соққы жасауға рұқсат беру НАТО мен Еуропа елдерінің соғысқа қатысып жатқандығын білдіреді деп мәлімдеген еді.

Неміс канцлерімен кездесу кезінде Тоқаев тараптар "өкінішке қарай, Стамбул келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар" деді.

"Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық" деп атап өтті Тоқаев.

Олаф Шольфтың ұшағы Өзбекстаннан Астанаға дүйсенбі күні жетті. Астана әуежайынан оны Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қарсы алды. Бұл неміс канцлерінің 2010 жылдан бергі алғашқы сапары. 14 жыл бұрын Астанаға Германия канцлері Ангела Меркель келген.

Шольцтың Астанаға ресми сапары 16-17 қыркүйекте жалғасады. Сапар аясында жоғары деңгейдегі "5 + 1" форматы бойынша саммит өтпек. "Германия – Орталық Азия" алғашқы саммиті былтыр қыркүйекте Берлинде өткен.

"Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестік мәселелерін талқылау жоспарланып отыр" деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

Қазақстан үкіметінің жазуынша, Германия – Қазақстанның маңызды сауда және инвестициялық серіктесі. Биыл 7 айда өзара сауда көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, $2,3 млрд-ты құраған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Германиядан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 64%-ға ұлғайып, $770 млн-ға жеткен. Қаражаттың негізгі бөлігі басымдық беріліп отырған экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Германия капиталы қатысқан 750-ден астам кәсіпорын бар.

Қазақстан Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына мұнайды ресейлік "Достық" мұнай құбыры арқылы транзитпен жеткізеді. Соғыс басталғаннан кейін ЕО ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерінің импортын азайтты. Қазақстан жағының хабарлауынша, биыл Германияға Қазақстаннан 1,2 млн тонна мұнай жеткізу жоспарланған.

Олаф Шольцтың Орталық Азияға сапары барысында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Германия канцлерін аймақтағы адам құқығы мәселесіне назар аударуға шақырған.

XS
SM
MD
LG