Accessibility links

"Болашақта не болатынын ешкім білмейді". Қарабақта туып-өскен әзербайжандар мен армяндардың туған жерге сағынышы


Таулы Қарабақтан кеткен босқындар отбасы Армения шекарасында тұр, 26 қыркүйекте, 2023 жыл.
Таулы Қарабақтан кеткен босқындар отбасы Армения шекарасында тұр, 26 қыркүйекте, 2023 жыл.

Татевик Хачатрян бір жыл бұрын кір жуып, кіндік кескен жерінен кетуге мәжбүр болса, Васила Мамедова 30 жылда алғаш рет өшкен үміті қайта жанғандай болған.

2023 жылы 19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтару үшін әскери операция бастады. Бұл аумақ 1990-жылдары армян күштерінің қолына өткен еді. Былтыр 24 сағат ішінде Қарабақтағы де-факто армян билігі жеңілісін мойындап, ізінше өңірде тұратын этникалық армяндар үйлерін тастап, Арменияға қарай ағылды. Олардың арасында күйеуі және ұлымен Арменияға көшкен журналист Хачатрян да бар.

Совет Одағы тарағалы Таулы Қарабақтан белгілі бір этникалық топ өкілдері екінші рет жосыла көшіп отыр. 1990-жылдары Әзербайжан мен Армения арасында болған бірінші соғыста армян күштері жеңіске жетіп, әзербайжан халқы туған жерінен босып кетті. Баспанасыз қалғандардың бірі – Қожалы ауылында тұратын шаруа Мамедова мен оның отбасы еді. Қожалы – бірінші соғыс кезінде қан көп төгілген елдімекен.

Васила Мамедова
Васила Мамедова

Былтырдан бері Әзербайжан Армениядан қайтарып алған территориясына әзербайжандарды көшіріп, өңірді қалпына келтіруге тырысып жатыр. 1990-жылдардан бері соғыстан қашқан халыққа арналған Бакуден 30 шақырым жердегі Пиршаги ауылында тұрып келген Мамедова үкімет ұйымдастырған сапар аясында Қожалыға барған.

– Қожалы қаңырап қалды, онда өлтірілген адамдардың елесі жүр, түрткен жеріңнен адам сүйегі шығады деп ойлаушы едім. Бірақ бұл сапардан мүлде басқа, жақсы әсер алып қайттым. Кейінгі жылы көп жаңа ғимарат салыныпты. Бәрі өзгерген, – дейді Мамедова. Ол келер жылы Қожалыға оралғысы келеді.

Таулы Қарабақтан қашқан армяндар да жаңа өмір бастап жатыр. Хачатрян мен отбасындағы алты адам Ереванның іргесіндегі шалғай ауданда тұрады. Тұрып жатқан пәтерлері Совет Одағынан бері жөндеу көрмеген. Соның өзі арзан тұрмайды. Хачатрян Армения үкіметі Таулы Қарабақ оқиғасын ұмыттырып жібергісі келеді деп санайды.

– Осынша қайғылы оқиғадан кейін Арменияда қаралы күн де жарияланбады. Арцахқа қатысты (Армения Қарабақты осылай атайды) не еске алу күні, не мереке жоқ. Билік Арцах Республикасы парағын біржола жабуға талпынып жатқан сияқты, — дейді журналист.

ҚАРАБАҚТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

Таулы Қарабақ автономды облысы Әзербайжан СССР құрамында болған. Өңір халқының 75 пайызы этникалық армяндар еді. Совет Одағы тарағаннан кейін Таулы Қарабақ үшін соғыс басталды. Армяндар қолдаған сепаратистер өңір билігін өз қолына алды. Олар Әзербайжанға тиесілі 7 көршілес ауданды да басып алды. Онда тек әзербайжандар тұратын. 600 000 мыңнан астам адам бас сауғалап, қашып кетті.

Таулы Қарабақ соғысы кезінде әзербайжан ауылын тастап кетіп бара жатқан босқындар.
Таулы Қарабақ соғысы кезінде әзербайжан ауылын тастап кетіп бара жатқан босқындар.

Кикілжіңді дипломатиялық жолмен шешуге талпыныстан ештеңе шықпады. Қос тарап 2020 жылы тағы соғысып, алты аптадан соң Ресейдің арағайын болуымен оқ ату тоқтады. Армения Таулы Қарабақтың бір бөлігі мен көрші аудандарынан айырылып қалды. Тараптар кикілжіңді біржола шешу туралы келіссөз бастады. Бірақ 2023 жылы Әзербайжан шыдамсыздық танытып, Таулы Қарабаққа басып кірді. Қарабақ билігі бірден беріліп, 100 мың армян аумақты тастап қашты.

Әзербайжан 2020 жылы Қарабаққа іргелес 7 ауданды қалпына келтіре бастаған. Бірақ бұл жұмыстарды 1990-жылдары өңірдегі қалалар мен ауылдар толықтай қирағаны, аймақтың көп бөлігіне мина қойылғаны қиындатып отыр. 2023 жылы Таулы Қарабақтың Әзербайжанға өткен бөлігінде адамдар тұратын, сондықтан инфрақұрылым сол күйі қалды. Бір жыл ішінде бәрі реттелді.

Жұмысшылар бұрынғы Арцах мемлекеттік университеті ғимаратындағы жазуларды өзгертіп, жаңа Қарабақ университетін ашуға дайындады (Совет Одағы кезінде мұнда Степанакерт мемлекеттік педагогикалық институты болатын). Әзербайжан сепаратист билік салған парламент ғимараты мен ардагерлер залын сүріп тастады.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Наурыз мерекесі қарсаңында Қарабаққа барып, қос ғимараттың сүрілгенін қуана хабарлады. "Мұнда сепаратистер ізі қалған жоқ. Наурыз оты бәрін тазартады", — деді ол.

Бұдан басқа да ғимараттар құпия сүрілген. "Caucasus Heritage Watch" ұйымының жер серігінен түсірген суреттеріне қарағанда, 19 ғасырда Суса қаласында (Шуши деген атпен белгілі) салынған армян шіркеуі қираған. Аталған ұйым өңірдегі мәдени мұраның жайын бақылаумен айналысады. Армян мұрасының басқа нысандары да күл-талқан болған. Олардың кейбірі Әзербайжанның жол салу жоспарына кедергі келтірді.

Татевик Хачатрян
Татевик Хачатрян

Жедел құрылысқа қарамастан, Қарабаққа халықты көшіру баяу жүрді. Әзербайжанның шілденің соңында жариялаған ресми деректеріне қарағанда, өңірдің 8000 бұрынғы тұрғыны 2020 жылдан бастап қайтарылған территорияларға оралған. Бұл аудандардың бәрі Таулы Қарабақтан тыс орналасқан. Тағы 3000 адам аймақтағы бас қала Ханкендіге жұмыс үшін көшіп барған. Армяндар бұл қаланы Степанакерт деп атайды. Жаңа тұрғындардың көбі күзгі семестрде 1100 студент қабылдайтын Ханкенді университетінде жұмыс істейді.

Әзербайжан 2023 жылы қайтарып алған, әзербайжандар көшіп барып, тіршілігін бастап үлгерген аудандардың бірі – Мамедованың туған ауылы Қожалы. Маусымдағы дерек бойынша, ауылға 50 отбасы қоныс аударған. Шенеуніктер жыл соңына дейін ауылдағы отбасылар санын 228-ге жеткіземіз деп уәде берді.

Аймақты қалпына келтіру жұмыстары кезінде жемқорлық, қаржыны тиімсіз жұмсау және тұрғындардың қалауын ескермеу сияқты сын айтылды. Әлиев мамырда Қожалы ауылына барып, жаңа көпқабатты тұрғын үйді ашқан. Бірақ Мамедова ауылдағы бұрынғы өміріне оралғысы келеді.

Армяндар кеткен аумақта әзербайжан жағы салған елді мекендегі субұрқақ. 19 шілде 2022 жыл.
Армяндар кеткен аумақта әзербайжан жағы салған елді мекендегі субұрқақ. 19 шілде 2022 жыл.

Мамедованың ұлы 2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан әскері ауылды қайтарып алғаннан кейін Қожалыға барып, үйлерінің іргетасы сақталып көрген. Бірақ бірнеше айдан кейін оралғанда, үйдің орнында жаңа құрылыс жүріп жатқан. Бұрынғы ауладан бақшадағы бірнеше орман жаңғағы ағашы ғана қалған.

– Бұған ренжіп, үкіметтен бұрынғы ауламызды қайтаруды сұрадым. Бірақ олар "Қаланы үкімет жоспарына сай қалпына келтіріп жатырмыз, сіздерге ауылдың кез келген жерінен дәл осындай басқа учаске береміз" деді.

– Билік салып жатқан ауыл әдемі. Бірақ олар тұрғындарға тіпті тауық ұстауға да рұқсат бермейді, — дейді ол. – Біз Мәскеуде тұрмадық, Қожалыда, ауылда тұрдық.

Мамедова Пиршагидегі ауласын көрсетті.

Пиршагидегі үйінің ауласында тауықтарға жем беріп жатқан Васила Мамедова.
Пиршагидегі үйінің ауласында тауықтарға жем беріп жатқан Васила Мамедова.

"Қанша тауығым барын қараңыз. Жұмыртқа сатып алмаймын. Тауық сойып, балаларға тамақ істеп беремін. Қожалыда да солай тұрғымыз келеді, бірақ ондай жағдай жоқ" деді ол.

БОСҚЫНДАР ӨМІРІ

Былтыр Әзербайжанның Таулы Қарабаққа шабуылынан кейін 100 мыңнан астам армян Арменияға қашқан. Армения халқының 4 пайызын босқындар құрады. Олар туыстарын паналап, пәтер жалдап немесе үкімет берген мемлекеттік үйлерде тұрып, жаңа қоғамға тез сіңісіп кетті.

Таулы Қарабақтан келген армян босқындарының бизнесі.
Таулы Қарабақтан келген армян босқындарының бизнесі.

Бірақ бір жыл өтсе де енді қалай өмір сүрерін білмей жүрген адам көп. Үкімет келер жылдан бастап босқындарға баспана жалдауға берілетін субсидия көлемі қысқаратынын мәлімдеген. Мемлекет оларға үй сатып алуға көмектесу үшін бір реттік төлем беретін бағдарлама бастады. Бірақ құқық қорғаушылар бұл бастаманы сынға алды.

Хачатрян Таулы Қарабақ мәселесі жайлы видеоподкаст жүргізеді. Мәселен, оның отбасы бағдарламаның 2027 жылы басталатын үшінші кезеңіне дейін баспана сатып алуға көмек ала алмайды.

"Адамдардың [үкіметке] сенімі қалмады. Олар жағдайға көндігіп кеткен сияқты. Азаматтарға басқа елге көшуге тура келеді. Өйткені Армениямен салыстырғанда, Ресейдегі Тихорецк сияқты жерлерде тұрған әлдеқайда арзан" дейді ол.

Қарабақ босқындары әлеуметтік дискриминацияға жиі ұшырайды. Көбі оларды онсыз да ресурсы аз елге масыл деп ойлайды.

– Арцахтан келген адамдарға қатысты айқын дискриминация бар. Бұған "Арцахтың адамдарына көмектесіп жатырмыз" деген ақпарат құралдары, мемлекеттік пропаганда әсер етеді. Бірақ шын мәнінде олар бізге ештеңе беріп жатқан жоқ, — дейді Хачатрян.

Қарабақтан келген 10 000 босқын Армениядан кетіп қалған. Көбі Ресейге қоныс аударған. Хачатрян жағдайы жетсе, Арменияда қалғысы келеді.

– Туған жеріміз ғой, бөтен елде жүргенше, өз тілің мен мәдениетіңе ештеңе жетпейді, – дейді ол.

Таулы Қарабақтан келген вагонда тұрып жатқан әзербайжандық босқын отбасы. Баку, 19 тамыз 2016 жыл.
Таулы Қарабақтан келген вагонда тұрып жатқан әзербайжандық босқын отбасы. Баку, 19 тамыз 2016 жыл.

Босқындар мен басқа армяндар үкіметтің Қарабақ армяндарының өз үйіне оралу құқығын қорғауға құлықсыз екеніне ашынып отыр.

АҚШ, Еуропа мен Ресей шенеуніктері Қарабақ мәселесін шешу туралы мәлімдемелерінде армян халқының өңірге оралу құқығы жайлы айтқан. Бірақ Армения үкіметі бұған күш салып жатқан жоқ. Билік мұны оппозициялық идея деп қабылдайды.

– Таулы Қарабақ тұрғындарын өңірге оралуға үгіттеп жатқандардың бәрі – Арменияда шиеленіс туғызғысы келетін авантюристер... Олар Арменияның мойнына жаңа саяси құрық салғысы келеді, — деді “Азаматтық келісім” билеуші партиясының депутаты Артур Ованнисян.

Армения үкіметінің Қарабақ армяндарының туған жеріне оралу құқығын қорғаудан бас тартуы Әзербайжанды Қарабаққа өз азаматтарын жедел көшіруге ынталандырды.

– Бұрын армяндар тұрған Ханкенді сияқты аудандар жаппай әзербайжандарға беріліп жатыр, – дейді Қарабақтағы бұрынғы үкіметтің адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Гегам Степанян.

– Олар бұл тақырыпты біржола жауып тастады. Олай жасамаса, қазір [азербайжандар] Степанакертке жедел қарқынмен көшіп, армяндардан қалған үйлерді иемденіп алмас еді, – деді ол жергілікті Armenia Today жаңалықтар сайтына берген сұхбатында.

БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ

Армения үкіметі Қарабақ тақырыбын жабуға тырысқанымен, босқындар арасында бұл мәселе әлі де өзекті. Әзербайжан Қарабақты басып алғаннан кейін босқындар "Арменияда өмір сүру жеңілдемесе, Қарабаққа оралуға тырысып көреміз" деп ойлады. Олар Әзербайжан үкіметіне бағынуға тура келсе де, туған жерлерінде тұрғысы келді. Бірақ қазір бұл әңгіме басылған.

– Қазір Арцахта тұрғым келеді дейтін бір де бір армянды білмеймін, – дейді Хачатрян.

Ұзақмерзімді перспективада Хачатрян мен өзге де армяндар өңірдің саяси әрі әскери тағдыры өзгеруі мүмкін деп үміттенеді.

– Болашақта не күтіп тұрғанын, қандай геосаяси өзгерістер болатынын ешкім білмейді. Бәлкім, қазір мүмкін емес болып көрінген дүние ертең мүмкін болар. Арцах бір күні қайтадан армяндардың қолына өтер. Бұл менің арманым, баламды да осы арманмен өсіремін, — деді ол.

Әзербайжан мұндай реваншистік көңіл-күйді басып, армяндардың Қарабақтан үмітін біржола үзгісі келеді. Баку Арменияны Конституциясын өзгертуге мәжбүрлеп жатыр. Ата Заңда әлі де Армения мен Қарабақты біріктіруге үндейтін жолдар бар.

2023 жылы қыркүйекке дейін Әлиев Қарабақтағы бейбіт армяндар өз үйлерінде қалуы керек дегенімен, қазір ара-тұра сепаратистік үкіметті айтқаны болмаса, армян халқын мүлде аузына алмайды.

Мамедова бірінші соғысқа дейін армяндар мен әзербайжандар дос болғанын еске алады. "Бірақ қазір емес", — дейді ол. Мамедованың күйеуі 1992 жылы бірінші соғыс кезінде өлтірілген.

– Төрт балам жетім, өзім үйсіз-күйсіз жесір қалдым, – дейді ол. – Олармен қалай дос боламын? Уақыт өте шешілер. Білмеймін. Бірақ жүрегімдегі жара жазылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG