"Қазақстанда адам құқығы барған сайын нашарлап бара жатыр". Варшавада адамзат өлшемі бойынша өткен конференцияда Ар.Рух.Хақ қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина осылай деп мәлімдеді. Конференцияның түрлі секцияларында сөз сөйлеген құқық қорғаушы елде саяси қудалау күшейгенін, қудалаудың салдарынан елден кеткен белсенді Айдос Садықов Киевте қастандықтан қаза болғанын айтып, ЕҚЫҰ-дан Қазақстан билігін осы қылмысы үшін жауап беруге шақыруды сұрады.
"Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қарамастан құқық қорғаушылар, белсенділер мен журналистерге заңды әрі маңызды қызметтерін атқаруға кедергі келтіруін жалғастырып жатыр" деп бастады өз сөзін Ар.Рух.Хақ қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина ЕҚЫҰ жиынында.
Оның пікірінше, Қазақстан билігі елде "мемлекеттің мүддесін қорғау немесе терроризммен күрес" деген желеумен елдегі "өзгеше ойлайтындарды" қудалап отыр.
"Қазақстанда қазір 23 саяси тұтқын бар. Бұрын белсенділерді қуғындағы Мұхтар Әблязовты жақтады деп айыптаған. Қазір билік жаңа нәрсе ойлап тапты – ешкім көрмеген "құпия" куәгерлердің айтқаны негізінде есірткі сақтады деп айыптау. Бұған дейін белсенді Асанәлі Сүйеубаев есірткі үшін 10 жылға сотталды, Айдар Сыздықов 5 жыл түрмеге кесілді. Бұрын [белсенді] Мәлік Ахметқалиев сотталған. Ойдан құрастырылған айыптаулар бойынша журналист Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Махамбет Әбжан, интернетте жазба жариялағаны үшін Данат Намазбаев түрмеде отыр. Қазақстанда ондаған анонимді телеграм-арна бар, олар күн сайын шенеуніктер, кәсіпкерлер, саясаткерлер туралы тиісті ақпараттарды беріп отыр, ал жауапқа таңдап тартады" деді құқық қорғаушы.
Құқық қорғаушы өз сөзінде Киевте қастандықпен өлтірілген Айдос Садықовтың қазасын тергеуге Қазақстан билігі мүдделі болмай отырғанын да жеткізді.
"[Белсендінің қазасынан бері] үш ай өтті, алайда Ақорда ЕҚЫҰ-ның өзге елінің аумағында қастандық жасалғаны туралы бар ақпаратты біле тұра үнсіз. Қоғамға, марқұмның жесірі Наталья Садықоваға, Украинаға аталған істің тергеуі туралы ешқандай ақпарат берілмей отыр. Қазір Украинада Наталья үш баласымен бірге қауіп төніп тұр. Біз Айдос Садықовты өлтіруге кім тапсырыс бергенін білгіміз келеді. Қазақстан неге өзге елде саяси оппоненттерін өлтіруге рұқсат береді? ЕҚЫҰ-дан Қазақстан билігін осы қылмысы үшін жауап беруге шақыруды сұраймыз" деді құқық қорғаушы.
Аталған конференцияда "Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының" жетекшісі Сүлеймен Үсен Қазақстан билігін қорғай сөйледі. Ол "Қазақстан демократиялық реформаларды сәтті жүргізіп жатқанын" атап өтіп, "президенттің бір рет жеті жылға сайланатынын" мысалға келтірді.
"Яғни, Қазақстан "косметикалық емес", суперпрезиденттік өкілетті жою бойынша нағыз қадамдар жасады" деді ол конференцияның демократиялық институттарға арналған бөлігінде.
2 қазанда Киевте қастандықпен өлтірілген Айдос Садықовтың қазасы туралы айтқан Сүлеймен Үсен бұл іс Қазақстандағы "журналистердің қауіпсіздігінің көрінісі" бола алмайтынын жеткізді. Ол Садықовтың қазасына Қазақстан билігінің қатысы жоқ деді.
"Украина бұл іс бойынша Қазақстан азаматын тапсыруды сұрады, бұған Қазақстан (11-бап) және Украинаның (25-бап) Конституциясында қатаң тыйым салынған. Бұл – әлемдік тәжірибе, мемлекеттер өз азаматын бермейді. Егер олар қылмыс жасады деп күдікке ілінсе, онда басқа ел бізге құжаттар көрсетуі керек, біздің органдар тергеу жүргізеді. Қазақстан Бас прокуратурасы Украинадағы әріптестерінен құқықтық көмек сұрап, әріптестік ұсынды. Алайда ол жақтан жауап болған жоқ" деді Үсен Сүлеймен.
Ол өз сөзінде Қазақстан заң үстемдігі бойынша әлемде 142 елдің арасында 65-орында тұрғанын да айта кетті.
ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюросы жыл сайын өткізетін Адамзат өлшемі бойынша конференцияға 60-қа жуық мемлекеттен мемлекеттік ведомство өкілдері, халықаралық сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар, белсенділер қатысып, адам құқығы мәселесін талқылайды. 11 қазанға дейін болатын конференцияда демократия, адам құқығы мен негізгі бостандықтар мәселесі ортаға салынбақ.
Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды.
ПІКІРЛЕР