Accessibility links

Мәскеу БРИКС-тен бас тартқан Астананы жазалауға көшті ме?Аймақта ықпалы артқан Түркі мемлекеттерінің ұйымы


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин Қазандағы БРИКС саммитінде қол алысып тұр. 24 қазан 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин Қазандағы БРИКС саммитінде қол алысып тұр. 24 қазан 2024 жыл.

Мәскеу Қазақстаннан келетін кей көкөніс пен дәнді дақылдардың импортына тыйым салды, бұл БРИКС-ке кіруден бас тартқан Астананы жазалау құралы ма? Сирек жер металдарына бай Орталық Азия ірі ойыншылардың бәсеке алаңына айнала ма? Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта ықпалын қалай күшейтті? Батыс басылымдары бұл аптада негізінен осы тақырыптарға тоқталды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БРИКС-ке КІРМЕУ ШЕШІМІН МӘСКЕУ ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ?

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Астананың БРИКС-ке кірмейтіні жайлы мәлімдемесін Ресей сатқындық деп бағалауы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздейді.

Өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли БРИКС саммитіне бірнеше күн қалғанда Астана таяу арада бұл ұйымға кіруге өтініш бермейтінін мәлімдеді. Уәли Тоқаев БҰҰ-ны халықаралық проблемаларды шешуге тиіс негізгі институт деп санайтынын баса көрсетті.

Мақала авторы Петр Баунов Астананың БРИКС-ке кірмеу туралы шешімі Ресей президенті Владимир Путиннің бұл блокты Батыс ықпалына қарсы тұратын күш ретінде көрсететін әрекетіне жасалған соққы дейді.

Бастапқыда Ресейдің Астана ұстанымына қатысты позициясы сылбыр болып көрінді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстанды «дос және стратегиялық серіктес» деп атап, Мәскеу Тоқаевты Қазанда өтетін саммитте күтетінін айтты.

Алайда осы аптада Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Аргументы и факты» басылымына берген сұхбатында «Қазақстанның БРИКС жайлы ұстанымын нақтылау керек» деп мәлімдеді.

БРИКС және Қазақстан – AzatNEWS | 24.10.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:44 0:00

Лавров Қазақстан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі елдерінің ұйымы тәрізді бірлестіктерге мүше, бұл елге БҰҰ тәрізді ғаламдық платформалардың жұмысына қатысуға кедергі келтірмейтінін айтты.

«Меніңше, түптің түбінде оңтүстік көршілер, ҰҚШҰ мен Еуразия экономика одағы бойынша серіктестер БРИКС-пен жақындасудың пайдасын өздері көреді. Оған кіру шарт емес, бірақ белгілі бір жобаны іске асыру үшін серіктестік орнатуға бәріміз мүдделіміз», деді Лавров.

Бауновтың жазуынша, Лавров Уәлидің Қазақстан халықаралық платформа ретінде БҰҰ-ға басымдық береді деген сөзіне осылайша жауап бергендей. Автор Лавровтың сөздері Кремль БРИКС жайлы Астананың ұстанымына көңілі толмайтынын көрсетеді дейді.

Кей сарапшылар Ресейдің фитосанитар және ветеринарлық қадағалау қызметі – «Россельхознадзордың» Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерінің импортына тыйым салуын осы себеппен байланыстырды. Жақында «Россельхознадзор» фитосанитарлық талаптарды бұзды деп Қазақстаннан қызанақ, бидай, бұрыш, қауын, жасымық пен зығыр дәндерін кіргізуге тыйым салды.

«Бұл қарымта жауап болатын болса, оның БРИКС саммитінің қарсаңында және Уәли мәлімдемесінен кейін жасалғаны бұл Мәскеу Қазақстанға стратегиялық серіктесі Ресейге экономикалық жағынан қатты тәуелді екенін еске салып тұр деген ойға жетелейді», дейді Баунов.

Соғыс басталғалы Ресеймен қарым-қатынаста сақ қимылдап жатқан Қазақстан Мәскеумен достық қарым-қатынас ұстанып әрі Батыстың санкцияларын сақтап, баланс сақтауға тырысып жатыр.

Лоң Айленд университетінің профессоры Майкл Росси жақында Geopolitical Monitor басылымына жазған мақаласында «Қазақстанның БРИКС-ке кірмеу туралы шешімін Қытай және Ресеймен қарым-қатынастан бас тарту деп қарастырмау керек» деп жазды.

«Қазақстан БРИКС бойынша прагматикалық шешім қабылдады. Елдің Қытай және Ресеймен сауда-экономикалық қарым-қатынасы тығыз болса да, БРИКС-ке қосылу оның бейтарап мемлекет ретіндегі позициясына нұқсан келтіруі мүмкін», дейді Росси.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ СИРЕК ЖЕР МЕТАЛЫ ҮШІН ТАЛАС АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?

Әлемде сирек жер металдары мен сирек элементтерге сұраныс өсіп жатыр, мұндай жағдайда осы ресурсқа бай Орталық Азия елдері дәстүрлі тасымалдаушыларға балама бола алады, деп жазады Вашингтондағы Jamestown қорының зерттеушісі Сергей Суханкин Австралиядағы Lowy институтының сайтында.

Сирек жер металдары жасыл энергия мен технологиялар өндірісінде қолданылады, ал оған сұраныс күшті. Халықаралық энергетика агенттігі 2040 жылға қарай сирек жер металдарына сұраныс төрт есе артады деп болжайды.

Ресей мен Қытай сирек жер металдары мен сирек элементтердің экспортына шектеу қойды. Ал Сахараның оңтүстігінде жатқан Африка елдеріндегі ахуал тұрақсыз болғандықтан, олардың экспорт потенциалы төмен. Сондықтан Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан балама тасымалдаушылар бола алады. Бұл ретте аймақтағы маңызды қазба байлығына АҚШ пен Еуроодақ қатты қызығушылық танытып отыр. Орталық Азия елдері сирек жер металдарын игеріп, оны жаңа табыс көзіне айналдырғысы келеді.

Дегенмен Орталық Азия басшылары шетел капиталы мен технологияның көмегінсіз бұл ресурсты өндіру мүмкін емес екеніне көз жеткізді. Оны тасымалдау жолдары туралы пікір әрқилы болғанымен, бірлескен іс-қимылдың арқасында сирек жер металдарын өндіріп, ғаламдық тасымал тізбегіне қосыла алатынын түсінеді.

Суханкиннің ойынша, ірі ойыншылар Орталық Азияны өзінің ықпал аймағы деп қабылдайды. Орталық Азияның Ресей және Қытаймен тарихи, мәдени, географиялық және экономикалық қарым-қатынасы жолға қойылған.

Сирек жер металдары мен сирек элементтер қорына бай, оның өндірісі жөнінен көшбасшы Қытай оны өндіретін технологиялардың экспортына шектеу қойды. Микрочип пен жасыл энергия өндірісіне байланысты Пекиннің маңызды қазба байлығына сұранысы өсіп жатыр. Сондықтан ол маңызды минералдарды Орталық Азиядан тасымалдауға мүдделі.

Аймақта ықпалын сақтап қалғысы келетін Ресей негізінен уранға көңіл бөледі. Қазақстан уран өндірісі бойынша жетекші елдердің бірі, бірақ оны тасымалдау мен қайта өңдеуге келгенде Мәскеуге тәуелді.

Суханкин Ресей мен Қытайға тәуелділік Орталық Азияға Еуропа мен АҚШ-қа маңызды минералдарды тасымалдауға кедергі келтіруі мүмкін дейді. «Орталық Азияның авторитар басқару әдісіне сүйенетінін ескерсек, Батыс елдері де қымбат геосаяси жобаларды мойнына алмас бұрын жақсылап ойланады». Автор Батыс үшін сирек жер металдарын Канада, Австралия мен Аргентинадан тасымалдау қисынды деп есептейді.

"ІРІ ДЕРЖАВАЛАРДЫҢ БӘСЕКЕСІ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫН ЫҚПАЛДЫ ОДАҚҚА АЙНАЛДЫРДЫ"

АҚШ үстемдігі әлсіреп, Вашингтон бастаған еуроатлантикалық альянс пен Қытай-Ресей қанаты арасындағы бәсеке Еуразиядағы геосаяси динамиканы өзгертті, аймақтағы ойыншылар геостратегия ұстанымын қайта қарастыра бастады. АҚШ-тағы Diplomat басылымы түркі елдерін біріктіретін Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта ықпалды бірлестікке айналғанын жазды. Үлкен державалар бәсекеге түсіп жатқан уақытта бұл ұйым стратегиялық автономияға ұмтылып жатыр.

2009 жылы Түркі кеңесі болып құрылған үкіметаралық ұйым экономикалық, мәдени серіктестікті жолға қойып, тіл мен тарихи байланысты күшейту мақсатын көздеді. Кейін ұйым әскери және саяси серіктестікті қамтып, түркі мемлекеттерінің стратегиялық амбициясы барын көрсетті. 2021 жылы бірлестіктің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымына өзгерді.

Мақала авторы Чикаго университеті саясаттану факультетінің түлегі Йылмаз Акар ірі державалар арасында бәсеке күшейіп, әлем тәртібі өзгеріп жатқан уақытта, түркі мемлекеттері стратегиялық автономия моделіне өтіп жатқанын келтіреді. Олар Қытай-Ресей қанаты мен АҚШ бастаған еуроатлантикалық альянс арасында баланс ұстанып жатыр. Бұл баланс Түркі мемлекеттерінің ұйымы қандай да бір державаға тәуелді болмай, өз ықпалын күшейтуге ұмтылысын көрсетеді.

Автордың жазуынша, түркі мемлекеттері дипломатиялық, мәдени және экономикалық мәселеде Ресей ықпалынан алшақтап жатыр. Қырғызстан сияқты елдер үшін Ресей қауіпсіздік саласындағы маңызды әріптес болып қалып отыр, дегенмен Түркия аймаққа балама ұсынды.

Ірі державалар арасындағы талас, Ресейге қарсы санкциялар мен Украинадағы соғыс Түркі мемлекеттері ұйымының автономиясын бекітіп, аймақтағы серіктестікті күшейтуге жол ашты. Дегенмен Ресейдің постсоветтік кеңістіктегі түркі мемлекеттеріне ықпалы әлі де күшті, ал Түркі мемлекеттері ұйымының динамикасы геосаяси ахуалмен және Украинадағы соғыспен байланысты. Ресей күшейсе, бұл Түркі мемлекеттері ұйымының ықпалына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондай-ақ Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық мүддесі аймақтағы саяси ахуалды онан бетер күрделендіре түседі. Бұған төтеп беру үшін Түркі мемлекеттерінің ұйымы стратегиялық автономиясын сақтап, саяси, экономикалық және әскери ынтымақтастықты нығайтуға назар аударуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG