Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 30 қазанда парламент үйінде БАҚ өкілдері сұрағына берген жауабында Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша арнайы үкімет комиссиясы құрылады деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, комиссия конкурсқа қатысатын компаниялармен ашық диалог жүргізуді бастамақ.
Сәтқалиев алдын ала консультациялар басталып кетті, Қазақстан өкілдері Қытай мен Оңтүстік Кореяға сапармен барып, кездесулер өтті деп хабарлады. Айтуынша, Қазақстан елде АЭС салуға ынта білдіргендерден не күтетінін алдын ала айтып отыр. Министр олар электр энергиясы мен құрылыс бағасы, құрылыс мерзімі, қауіпсіздік мәселелері, әлеуметтік пакет, қаржыландыру, отын өндірісін оқшаулауға байланысты мәселелер деді. Министрдің сөзін мемлекет қаржыландыратын "ҚазАқпарат" агенттігі жариялады.
Сәтқалиевтің айтуынша, комиссия диалог аясында үкімет басшылығына өз ұсыныстарын дайындайтын болады, кейін ол президент жанындағы энергетика кеңесінде қаралмақ.
Қазақстанда 6 қазанда атом электр станциясын салу мәселесін айқындайтын референдумға дауыс беруге барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "АЭС құрылысын халық қолдаса, оны қай ел салады?" деген журналист сұрағына "менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет" деп жауап берген.
Бұған дейін үкімет станция құрылысына Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компанияларының өтініші қаралады деп хабарлаған.
8 қазанда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстанда АЭС салу жөніндегі консорциумға қатысатын елдер 2025 жылы белгілі болады, оған ең көп дегенде бес ел кіреді деген болжам айтты.
Қазақстанда 6 қазанда АЭС салу бойынша референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының қорытындысына сәйкес, халықтың 71,12 пайызы (5 561 937 адам) АЭС құрылысын қолдаған, 2 045 271 адам қарсы болған.
АЭС салуды жақтайтындар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупі барын айтты. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деген уәж келтірді.
ПІКІРЛЕР