Accessibility links

Қазақстандағы ондаған белгісіз саяси тұтқындар. Олар кімдер?


Аманжол Мәмбетов (суретте баласымен). Ар-ождан тұтқыны деп танылған, «Таза дін» қауымдастығының мүшесі. 2002 жылдан бері түрмеде отыр. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тумасы.
Аманжол Мәмбетов (суретте баласымен). Ар-ождан тұтқыны деп танылған, «Таза дін» қауымдастығының мүшесі. 2002 жылдан бері түрмеде отыр. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тумасы.

Олардың саны жүздеген адамға дейін жетеді. Олар үшін билік Гуантанамо тәріздес лагер жасамақ болды. Одан ештеңе шықпады. Бұл жайында Қазақстан мен Ресейдің құқыққорғаушылары және Чехиядағы қазақ босқыны куәлік береді.

ОЛАРДЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ БАП БОЙЫНША АЙЫПТАУДА

Мәскеудегі «Мемориал» құқыққорғау қоғамының Орталықазиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында түрмеде қолдан жасалған айыппен отырған кейбір діни қауымдастық өкілдері әлі де бар деп айтты.

Ол Ақтаудағы діни қауымдастық жетекшісі Әділжан Мұздыбаевтың атын атады. Мәскеулік құқыққорғау қоғамы оны саяси тұтқын деп есептейді. Виталий Пономарев Қазақстанда ешкім білмейтін тағы да бірнеше саяси тұтқындар бар дейді.

Чехиядағы қазақ босқындарының бірі Қайрат Досметов осы «бірнешеудің» аты-жөндерін нақты атап, құқыққорғаушы Виталий Пономаревтің сөзін толықтырды. Және олардың барлығы Батыс Қазақстаннан.

Атап айтқанда олар: Аманжол Мәмбетов, 1975 жылы туған, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тумасы; Жанболат Қызанбаев, 1973
Жанболат Қызанбаев. Ар-ождан тұтқыны деп танылған, «Таза дін» қауымдастығының мүшесі. 2008 жылдан бері түрмеде отыр.
жылы туған, Атыраудың тумасы; Темірбек Көптілеуов, 1977 жылы туған, тұтқындалғанға дейін Маңғыстау облысында тұрды; Әділжан Мұздыбаев, 1974 жылы туған, Жаңаөзен қаласының тумасы.

«Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау қорының президенті Розлана Таукина Қазақстандағы саяси тұтқындардың бұған қарағанда анағұрлым көбірек екендігіне сенімді. «Діни сенімі үшін сотталғандардың саны жүз қаралы болып қалады», - деген болжам айтты ол.

Розлана Таукинаның түсіндіруінше, әдетте Қазақстанда саяси тұтқындар дінге қатысы жоқ түрліше қылмыстық баптармен сотталады.

«Бірақ, оларды қудалау мақсаттарын білгендіктен, бізде саяси тұтқындар бар деп толық сеніммен айта аламыз. Олардың ішінде Ғалымжан Жақиянов та, Мұхтар Әблязов та, Әкежан Қажыгелдин де, Әлібек Жұмабаев та бар. Сонымен бірге, Астанада журналист Тоқберген Әбиев ойдан құрастырылған әлдебір қылмыстық бап бойынша сотталды. Бірақ, бұл да оның кәсіби қызметімен байланысты.

Біздегі «таза» ождан тұтқыны Рамазан Есіркепов. Өйткені, оны қоғамдық маңызы бар ақпаратты жариялағаны үшін 5 жылға соттайын деп жатыр. Ол Тараз қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғандығы туралы жазған», - деді Розлана Таукина.

НИНЕЛЬ ФОКИНА 700 САЯСИ ТҰТҚЫН ТУРАЛЫ АЙТАДЫ

Қазақстан-Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина бұған қарағанда нақтырақ цифрларды айтты. Ол елдегі діни себепке байланысты қудалау жағдайларын қадағалап отырады. Нинель Фокинаның айтуынша, Қылмыстық Кодексте дінге байланысты әлдебір әрекетті қылмыс деп бағалайтын бар болғаны екі-ақ бап бар екен.

«Бұлар – 164-бап «рулық, тайпалық, нәсілдік және ұлттық-діни алауыздық тудыру» және 337-бап «Тыйым салынған діни ұйымдарға қатысу».

Сондықтан, мемлекет ресми түрде ешкімді діни сенімі үшін түрмеге отырғызбаған болып шығады. Ал, нақты түрде адамдарды түрмеге отырғызатын 164-бап бойынша ресми статистика жоқ. Ол жабық тақырып. Тек соңғы үш жылда баспасөзде жарияланған ақпараттар бойынша жанама зерттеулер арқылы осыған қатысты 700-ге жуық адамды санап шықтық», - деді Нинель Фокина.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда биліктің тактикасы өзгерген. Ислам ұйымдары мен қауымдастықтарының мүшелеріне ендігі жерде лаңкестік актілерді даярлағаны үшін айып тағылады.

Әділжан Мұздыбаев, Жаңаөзен қаласының тумасы. Ар-ождан тұтқыны деп танылған, «Таза дін» қауымдастығының мүшесі. 2005 жылдан бері түрмеде отыр.
«Мұндай үш процесс (өткен жылдың басында бітті) Шымкентте, Степногорскіде және Қарағандыда бірден 54 адамға қатысты болды. Діни ұйымдарға қатысты барлық процестер сияқты, қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізеді. Бітті. Прокуратура емес. Бұлардың ішіндегі екі процесс жабық түрде өтті.

Бұл іс ұлттық қауіпсіздікке байланысты деп ҰҚК айтса болды, тергеу де, сот процесі де жабық болады. Күдіктінің туған-туыстарына, қорғаушылар мен қоғамдастыққа жол жабылады.

Тергеу қандай тәсілдермен жүріп жатыр, сот қалай өтуде, олар елдің заңдарына, халықаралық стандарттарға сай келе ме, жалпы ол жақта не болып жатыр? Осының барлығын қоғамның көрмеуі үшін жоғарыдағылардың барлығы ең жайлы мүмкіндіктер жасауда.

Осы 54 адамның барлығын шамамен бір схема бойынша, лаңкестік актілерді даярлағаны үшін айыптады. Атап айтқанда, ҰҚК ғимаратын жармақ болғаны үшін, тағы сол сияқты. Процесс жабық болғандықтан, айыптаудың қаншалықты негізделгенін бақылау мүмкін болмайды.

Бұрын бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге соттаса, ендігі жерде соттау мерзімі 5 жылдан жоғары, 19 жарым жылға дейін созылды. Және алғашқы жылдары ерекше режимдегі жабық түрмеде ұсталатын болады. Яғни, хат жазу, әлденені беру, кездесу құқы жоқ, т.с.с.», - дейді Нинель Фокина.

Оның айтқанын «Мемориал» құқыққорғау қоғамының Орталықазиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев та қайталайды. Оның айтуынша, көп жағдайда қылмыстық істер анық қолдан ұйымдастырылған. Көбінесе әлгі адамдарға әлдебір жалпылама қылмыстық іс бойынша айып тағылады.

«КЕЛЕСІ ЖОЛЫ БІЗ ЗАТТАЙ АЙҒАҒЫМЫЗДЫ ЖОҒАЛТПАЙМЫЗ»

Мәскеулік құқыққорғаушы Виталий Пономаревтің айтуынша, Қазақстанда, әсіресе Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе сияқты батыс облыстарында түрлі айғақтарды, ең бастысы есірткіні тастап жіберу әдісі кеңінен таралған. Әсіресе, дәстүрлі емес діни қауымдастықтар деп аталатындарға байланысты бұны көп қолданады.

Оның сөзіне дәлел ретінде, Батыс Қазақстанда салафит немесе «таза дін» өкілдерінің төртеуінің үшеуі сотталған Қылмыстық Кодекстің бабын айтуға болады.

Аманжол Мәмбетов, Әділжан Мұздыбаев және Жанболат Қызанбаевтар «Есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе сақтау, даярлау, қайта өңдеу, беріп жіберу немесе сату» деген стандартты айыптау бойынша сотталған.

Виталий Пономаревтің айтқанындай, тек Темірбек Көптілеуов қана 2007 жылы қолдан ұйымдастырылған «жалпы қылмыстық іс» бойынша, жол полициясы қызметкеріне пара бергені үшін 1 жыл 6 айға сотталған. Ол мерзімін биылғы жылдың мамыр айында өтеп қойды. Алайда, әлі күнге дейін бостандыққа шыққан жоқ. Бұл түсініксіз жайтқа кейінірек қайтып ораламыз.

Солай бола тұра, есірткі саудасы үшін сотталғандардың саны дәстүрлі емес «таза дін» діни қауымдастығының тағы екі адамына көбеюі мүмкін еді. Осындай бір күлкілі жағдай туралы Қайрат Досметов айтып берді.

Оның айтуынша, «Таза дін» қауымдастығының тағы бір өкіліне есірткі тастап, тұтқындап, учаскеге алып келген. Алайда, тәртіп сақшылары екі куәгердің көзінше оның қылмысына қатысты «басты айғақты» алмақшы болғанда, олардың... жоғалып қалғаны белгілі болды.

Полиция қызметкерлері оны қызметтік кабинетке қамап қойып, өздері «заттай айғақты» іздеуге кеткен. Күдікті олардың сөздерінен «заттай айғақты» есірткіні өздері тастаған жерден іздегендерін байқады.

Қапы қалған полицейлер қайтып келген соң оны босатуға мәжбүр болған. Бірақ, оған саусақтарын безеп: «Сен әлі қуанба, келесі жолы біз «заттай айғағымызды» жоғалтпаймыз, барлығы «жақсы» болады. Әзірге бақытың бар екен»,- деп қорқытуды да ұмытпаған.

Бұдан соң Ақтауда өзіне тыныш өмір жоқтығын түсінген «Таза дін» өкілі табанын жалтыратқан.

СЕНІМІНЕН БАС ТАРТПАҒАНДАРДЫҢ ҚАМАУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛАДЫ

Виталий Пономаревтің, Розлана Таукинаның және Қайрат Досметовтардың айтуынша, Қазақстанда тағы бір қауіпті әдет пайда болған. Абақтыға түскен ислам ағымдарының өкілдерінің мерзімдерін түрлі сылтаумен ұзарта береді. Яғни, Өзбекстанда қолданылатын әдісті пайдаланады.

Және бұны өздерінің діни нанымдарынан бас тартпайтындарға қатысты істейді. Бұған Әділжан Мұздыбаевтың, Темірбек Көптілеуовтың және әлдебір Ходжаев дегеннің тағдырлары куә.

Мұздыбаев алғашында, 2005 жылдың 7 маусымында 5 жылға кесілген болатын. Ал колонияда болған кезінде, 2006 жылдың 17 қазанында қосымша 3,5 жылға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге сотталды.
Темірбек Көптілеуов (суретте ұлымен). Тұтқындалғанға дейін Маңғыстау облысында тұрған. Ар-ождан тұтқыны деп танылған, «Таза дін» қауымдастығының мүшесі. 2007 жылдан бері түрмеде отыр.


Темірбек Көптілеуов 2007 жылы қолдан ұйымдастырылған іс бойынша 1,5 жылға сотталған. Жаза мерзімін Петропавл колониясында өтеді. 2009 жылдың мамыр айында босатылуы керек еді. Алайда, оған қатысты жаза мерзімін тағы бір жылға созды.

Екі жағдайда да жаза мерзімін ұзарту үшін стандартты «Қылмыстық-атқару мекемесі басшылығының заңды талаптарына қасақана бойұсынбау» деген айып тағылды.

Ходжаевтың тағдыры жайында Азаттық радиосына Розлана Таукина айтып берді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) Гуантанамо тәріздес түрмені жасау туралы «бастамасы» әлгі тұтқынның колониядан Розлана Таукинаға телефонмен хабарлауы арқылы қоғамдастыққа белгілі болған.

Ходжаевтың хабарлауынша, ол бір кездері 8 жылға сотталған. Қазіргі уақытта мерзімінің жартысын өтеген. Заң бойынша мерзімнен бұрын шартты түрде босатылуға құқы бар. Алайда, ол әзірге бостандыққа шыққан жоқ.

Түрме басшылығы оның мерзімін ұзарту үшін қатаң шараларды қолдануда. Өзгесі болмаған жағдайда түрме бастықтарының қолында «заңды талаптарға қасақана бойұсынбау» деген стандартты айыптау дайын тұр.

ГУАНТАНАМО ЖЕТІҚАРАДА ПАЙДА БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ

Азаттық радиосына берген сұхбатында Қайрат Досметов осы діни қауымдастықтың Ақтау қаласындағы басшысы Әділжан Мұздыбаевтың түрмедегі сергелдеңі туралы айтып берді:

«Мұздыбаевты әлдебір арнайы лагерге жіберді. Сол жерде ол бірден шу шығарды. Пономаревке, Жовтиске, Фокинаға телефон шалды. Сөйтіп, ондағылар тынышталып қалғандай болды. Содан соң оны бірден Алматыға ауыстырып жіберді.

Қазақ босқындары Прагадағы наразылық пикетіне: «Саяси тұтқындар: Мәмбетов Аманжолға, Мұздыбаев Әділжанға, Қызанбаев Жанболатқа, Дәулетов Құлмұратқа бостандық берілсін» деген жазу ұстап шықты. Ақпан, 2009 жыл.
Мұздыбаевтың айтуынша, ол жерде тұтқындар үшін Гуантанамо тәрізді арнайы лагерь даярлаған. Және де тек діни себептермен сотталған тұтқындар үшін ғана. Ал, құқыққорғаушылар шу шығарғанда, Виталий Пономаревтің айтуынша, олар бұл жай ғана эксперимент болатын деп жауап берген көрінеді.

Бұл эксперименттік лагерь Қостанай облысындағы Жетіқара деген жерде орналасқан. Әділжанның айтуынша, бұл сондайлық алыс, қиырдағы жер болғандығы соншалық, тіпті GSM (Қазақстандағы ұялы байланыс операторы - Азаттық радиосы) сигналдары да жетпейді. Бір кездері осы лагерьге түрлі діни көзқарасы үшін сотталғандардың барлығын жинаған екен».

Қазіргі уақытта Әділжан Мұздыбаев Алматыдағы қатаң режимді колонияда жазасын өтеп жатыр.

Нинель Фокина Қайрат Досметовтың ақпаратын растады. Нинель Фокинаның айтуынша, бұл - Әділет министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) бастамасы болған.

«ҚАЖК дінге, оның ішінде исламға қатысы бар сотталғандардың барлығын заңнаманы бұза отырып қатаң режимдегі бір колонияға жинаған. Бұл процесс жарты жылға жалғасты.

Содан соң Бас прокуратураның наразылық білдіруімен ҚАЖК-нің бұл шешімі өзгертілді, сөйтіп барлық тұтқындарды өзге колонияларға жіберді. Бас прокуратураға тұтқындардың өздері шағымданған еді. Өйткені, олардың барлығы сот шешімімен жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуге кесілген болатын. Ал, оларға сот шешімінен тыс жазаларын қатайтып жіберді. Бұл заңды белден басудың нағыз көрінісі», - деп мәлімдеді Нинель Фокина.

Тағы екі маңызды мәселе жайында. Бұндай санаттағы тұтқындардың құқыққорғау ұйымдарына, баспасөзге және прокуратураға қайрылуы бұрын болмаған оқиға деп атап өтті Нинель Фокина.

Екінші мәселе. Қайрат Досметов пен Розлана Таукина айтқандай, Гуантанамоның қазақы нұсқасын жасамақ болғаны үшін ешкім, ҚАЖК басшылығы да, Әділет министрлігінен де ешкім жазаланған жоқ.

«Барлықтары аман-есен күй кешуде. Бір ғана өзгешелік, сол кезде Әділет министрі болған Зағипа Бәлиева енді мәжілістің депутаты», - дейді Қазақстан-Хельсинки комитетінің төрайымы.

НАМАЗ КЕЗІНДЕ ҰРЫП-СОҒУ


Нинель Фокина Куба аралында, АҚШ-тың әскери базасының аумағында орналасқан нағыз Гуантанамо лагерінде де, Қостанай облысының қиыр даласында пайда болуы мүмкін болған оның қазақы нұсқасында да болған емес. Бірақ, Фокина «ол жердегі жағдай адам төзгісіз» деп ерекше атап өтті.

Осы жерде «ҚАЖК-ге діни себептермен сотталған тұтқындар үшін арнайы лагерьді құрудың қандай қажеті болды?» деген заңды сұрақ туары сөзсіз.

Чехиядағы қазақ босқындарының наразылық шеруі. Прага, 7 ақпан, 2009 жыл.
Бұл сұраққа Виталий Пономаревтің де, Нинель Фокинаның да, Розлана Таукинаның да және босқын Қайрат Досметовтың да қайтарған жауаптары шамамен бірдей болды.

Олардың ортақ пікірі бойынша, діни себептерге байланысты сотталған тұтқындардың барлығына қатысты ерекше қатаң шаралар, оның ішінде... азаптаулар да қолданылады. Атап айтқанда, оларға намаз оқуға рұқсат бермейді. Немесе намаз уақытында намаз оқып тұрғандардың бөлмесіне колония қызметкерлері баса-көктеп кіріп, тізерлеп намаз оқып отырған тұтқындарды ұрып-соғып, тепкілейді.

Сонымен бірге, бұл кезде оларды балағаттап, адамдық және діни намыстарына тиеді; Құранмен міндеттелген өзге де діни шараларын атқаруға рұқсат бермейді дейді құқыққорғаушылар.

Бұдан бөлек, бұл санаттағы тұтқындардың доңыз етін жемейтінін біле тұра, олардың түскі, кешкі астарына міндетті түрде шошқа етін қосып пісіреді. Яғни, діни себептермен сотталған тұтқындарға қарсы әртүрлі қатыгездік тәсілдер қолданылады. Мысалы, оларды бір кісілік камера – карцерге жиі қамайды.

Аталған барлық шаралардың басты мақсаты – оларды өздерінің діни нанымдарынан бас тартқызу. Олай болмаған жағдайда, тұтқындар жаза мерзімін өтеп қойса да оларды бостандыққа шығармайды. Түрлі желеумен олардың темір тордың арғы жағында ұстап, жаза мерзімдерін ұзарта береді.
XS
SM
MD
LG