ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ
Өзбекстандағы өнерсүйер қауымға San Jay деген лақап атымен танымал Санжар Жавбердиев қазанның 8-і күні YouTube арнасына видео жариялап, сақалына бола құқығы шектелгені туралы мәлімдеді деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы).
"Өнер көрсетуге рұқсат беретін арнаулы куәлігім болғанына қарамастан, мені телеарналардан көрсетпейді. [Билік өкілдері] мұның себебін сақалыммен байланыстырады" дейді әнші.
San Jay туған жері Өзбекстанға үш жыл бұрын Ресейден "өзбек поп музыкасын дамыту" мақсатымен оралғанын айтады. Әнші 2016 жылы Өзбекстанда билікке келген Шавкат Мирзияевтың шетелде жүрген өзбектерді туған жерге шақырғанын, Ислам Каримовтың көп жылға созылған қатаң басқаруынан кейін Өзбекстан сыртқы әлемге ашықтық таныта бастағанын да айтты.
Конституциялық құқығым бұзылып отыр. Өйткені Конституцияда өзбек азаматына сақал қоюға болмайды деп жазылмаған.
Бірақ San Jay қазір Өзбекстанда негізінен тек жеке кештерде ғана ән салып жүргенін, өйткені билік өкілдері оған сақалына бола мемлекеттік және қоғамдық шараларда өнер көрсетуіне тыйым салғанын жеткізді. 41 жастағы әнші Ресейден елге оралғаннан бері концерт бермегенін айтып, президент Мирзияевтан алғашқы концертін өткізуге ресми рұқсат алуға көмек сұрады.
"Бір ай бұрын қалалық ішкі істер бөлімінен алған қағаздарды қосқанда концерт өткізуге рұқсат алу үшін қажетті барлық құжатты өткіздім. Арнаулы төлем де жасадым. Бірақ рұқсат берген жоқ" деді ол.
Әнші "Өзбекконцерт" мемлекеттік мекемесінен лицензия алғанына жыл өтсе де әлі күнге телеарнаға шыға алмай жүргеніне шағынады.
"Сақалымды алға тартады. Бұл жерде конституциялық құқығым бұзылып отыр. Өйткені Конституцияда өзбек азаматына сақал қоюға болмайды деп жазылмаған" дейді San Jay.
"САҚАЛЫМДЫ АЛМАЙМЫН"
Әдетте күнделікті киім немесе кең қалпақ пен костюм киіп жүретін Санжар Жавбердиевтің бойынан сақалынан басқа діни белгіге жоруға болатын ештеңе байқалмайды. Әншінің репертуарында ислам туралы ән жоқ.
"Сақал қою халық арасында насихат жүргізгім келетінін немесе саясатқа ұмтылып жүргенімді білдірмейді" дейді ол.
Әнші Өзбекстан заңдары сақал қоюға тыйым салмайтынын айтып, сақалын алмайтынын мәлімдеді.
"Кейбіреуге сақалым ұнамаса, кешірім сұраймын. Бірақ сақалымды алмаймын" дейді San Jay.
Оның Өзбекстан президентіне үндеуі елде сақал мен хиджабқа қарсы басталған науқанмен тұспа тұс келді.
Озодлик радиосы Санжар Жавбердиевтің мәлімдемесіне байланысты мемлекеттік телеарна мен "Өзбекконцерт" мекемесі басшылығынан комментарий алуға тырысты, бірақ аталған мекемелер жауап бермеді. Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі де әншінің өтінішіне байланысты комментарий берген жоқ.
Өзбекстанда әнші, сазгерлердің ән жазу, тарату, концерттер мен қоғамдық шараларға қатысып, телеарна мен радиоға шығуы үшін арнаулы рұқсат қағазы болуы шарт. Олар мұндай куәлікке екі мың доллардан көп ақша төлеуі және жыл сайын ұзартып отыруы керек.
Бұған дейінгі жылдары Өзбекстан билігі ашық киінген немесе мақта науқанына қатысудан бас тартқан кей әншілердің куәліктерін қайтарып алған болатын.
ПІКІРЛЕР