Accessibility links

Трамп Мәскеуге зымыранмен сес көрсетті


АҚШ қарулы күштерінің "Дональд Кук" эсминеці. Ларнака порты, Кипр, 9 сәуір 2018 жыл
АҚШ қарулы күштерінің "Дональд Кук" эсминеці. Ларнака порты, Кипр, 9 сәуір 2018 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді Сирияның Дума қаласындағы ықтимал химиялық шабуылға жауап ретінде Пентагон тарапынан жасалуы мүмкін зымыран соққысына дайын болуға шақырып, сес танытты.

"Ресей Сирияға атылған кез-келген зымыранды атып түсіруге уәде етті. Сақтан, Ресей, өйткені мықты, жаңа және "ақылды" [зымырандар] ұшып келеді. Өз халқын газбен қырып жатқан әрі содан ләззат алатын хайуанмен әріптес болу жарамайды" деп жазды Трамп.

АҚШ президентінің сәуірдің 11-і күні әлеуметтік желіде Мәскеудің атына сес танытып жариялаған бұл твиті Сирияға байланысты Ресей мен Батыс арасын шиеленістіретін қадам болды.

Осыған байланысты Сирияның үкімет әскері Хмеймимдегі Ресей әскери базасына көшірілді. Сонымен қатар, Башар Асад әскерінің бас штабы да эвакуацияланды.

Сәрсенбі күні Мәскеуде шетел елшілерінен сенім грамотасын қабылдау рәсімінде сөйлеген сөзінде Ресей президенті Владимир Путин әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығып бара жатқанын және ол алаңдаушылық туғызбай қоймайтынын айтты.

"Дегенмен, бәрібір түбінде парасаттылық үстемдік құрады, халықаралық қатынастар конструктивті арнасына түседі және әлемдік жүйе бұрынғыдан да тұрақты әрі болжауға болатындай қалыпқа келеді деп үміттенеміз", - деген Путин.


Бұған дейінгі соңғы оқиғалар хронологиясы былай түзілген еді:

  • Алдыңғы жексенбіге қараған түні Дамаскінің жанында орналасқан Дума қаласында хлор толтырылған химиялық бомбаны жару салдарынан ондаған адам мерт болды. Дені – балалар.
  • Сирия оппозициясы мен Батыс елдері химиялық шабуылға Башар Асад әскерін айыптайды. Трамп Асадты "хайуанға" теңеп, шабуылға оны қолдайтын Ресей мен Иран жауапты деп мәлімдеді.
  • Асад пен Ресей айыптауды терістеп, химиялық шабуыл болғанын мүлде жоққа шығарады.
  • Дүйсенбіде БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Никки Хейли "Ресей режимінің" қолы "сириялық балалар қанына былғанды" деп мәлімдеді.
  • Сейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Сирияға қатысты қарардың Ресей мен АҚШ ұсынған екі жобасы да қабылданбады. Ресейді кеңес мүшелерінің көбі қолдамады, ал америкалық жобаға Ресей вето қойды.

АҚШ Жерорта теңізінің шығысына, Сирия жағалауына қарай әскери-теңіз күштерінің "Гарри С.Трумэн" ұшақ тасығышы бастаған кемелер тобын, бірнеше крейсері мен өзге де соғыс кемелерін аттандырды. Топта АҚШ әскери-теңіз күштерінің 6500 әскери қызметшісі бар. "Томагавк" қанатты зымырандарымен қаруланған "Дональд Кук" эскадралық мина тасығыш кемесі қазірдің өзінде Жерорта теңізінде тұр.

АҚШ әскери басшылығы кемелерін апаруды жоспарға сәйкес деп мәлімдегенімен, қажеттілік туса Сирияның әскери нысандарына соққы беруге дәл осы кемелер қатысатынына ешкім шүбә келтірмейді. Ал Жерторта теңізінің шығысында кемелері тұрған Ресей зымыран атудан жаттығу өткізіп жатқаны хабарлады.

Асад әскерінің әуе шабуылына қарсы кешендері (Ресейде жасалған) АҚШ-тың зымыран шабуылына төтеп бере ала ма? Бұл мәселе бір жыл бұрын – 2017 жылғы сәуірдің 7-і күні АҚШ-тың соғыс кемелері Идлиб провинциясында жасалған әрі ондаған бейбіт тұрғын мерт болған химиялық шабуылға қарымта ретінде Асад әскерінің Шайраттағы әуе базасын 59 "Томагавк" қанатты зымыранымен атқылаған кезде талқыланған болатын.

Сирия қарулы күштерінде ресейлік С-300 және С-400 зенит-зымыран кешендері бар. Ол кезде АҚШ әуе соққысы туралы ресейлік әскерилерге шабуылдан шамамен бір сағат бұрын ескерткен еді. "Томагавк" зымырандарын не себепті атып түсірмеген?" деген сұраққа ол кезде мынадай болжамдар айтылған:

  • Ресей АҚШ-пен ашық әскери қақтығысқа барғысы келмеді.
  • Әуе қорғанысы кешендері әуе базасынан тым алыста орналасқандықтан, оны қорғай алмады.
  • Бұл кешендер "Томагавк" зымырандарына қарсы бұрын ешқашан қолданылып көрмеген, сондықтан ресейлік әскерилер тәуекелге барудан тартынды.
  • С-400 кешендері 100 метр биікте ұшып келе жатқан қанатты зымырандарды емес, көбінесе одан биікте ұшатын нысаналарды атып түсіруге бейімделген.
  • Атылған зымыран тым көп болды, сондықтан Сирияда тұрған кешендер олардың бәрін бәрібір атып түсіре алмас еді.

АҚШ-тың Шайратқа шабуылынан кейін ресейлік әскерилер Сирияның әуе шабуылына қарсы қорғанысын күшейтуге ниетті екенін мәлімдеген.

Бірер күн бұрын РИА Новости агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап "кейінгі жылдары Сирияға 40 шақты "Панцир-С1" зенитті зымыран-зеңбірек кешені жеткізілді" деп хабарлаған. Бұл жүйе қанатты зымырандардан ұтымды қорғай алады деп саналады.

Трамптың сәрсенбідегі "Сақтан, Ресей!" деген твиті Сирияға әуеден соққы беруге АҚШ-тың шындап бекініп отырғанын көрсеткендей болды.

Ресей қолдау танытып отырған Сирия президенті Башар Асадты Трамп бұған дейін де "хайуан" деп атаған. Вашингтон мен одақтастары Шығыс Ғутадағы химиялық шабуылды ұйымдастыруға дәл соны айыптайды. Ол жерде жұмыс істеп жатқан сириялық дәрігерлердің хабарлауынша, уландырғыш заттарды пайдалану салдарынан өткен сенбіде, түрлі деректерге сәйкес, шамамен 42-ден 70-ке дейін адам қаза тауып, жүздеген бейбіт тұрғын зардап шеккен.

Трамптың Мәскеуге қарата айтқан жазбасына орай Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова: "Ақылды зымырандар бірнеше жылдан бері территориясындағы халықаралық терроризммен күресіп жатқан заңды үкіметке қарай емес, терроршыларды нысанаға алып ұшуы тиіс. Айтпақшы, әлгі ақылды зымырандар [Сирия] жерінде химиялық қару қолданғанын дәлелдейтін бүкіл айғақты жойып жіберетінін Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы инспекторларына ескертілді ме екен? Әлде мұның бәрі арандату іздерін ақылды зымырандармен атқылау арқылы тезірек өшірудің амалы ма?" деп мәлімдеген.

АҚШ Сирия режимінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жетіп артылады деп санайды. Conflict Intelligence Team тобы сарапшылары дерегінше, Сирияда азамат соғысы басталғалы бері химиялық қару бірнеше рет қолданылған, бірақ кей шабуылдар кезінде құрбандар саны көп болмаған. БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Никки Хейли Қауіпсіздік кеңесінде "Ар-ұятқа қарауға шақырып отыратын кез өтті. Біз әділдік салтанат құруы тиіс шаққа жеттік" деп мәлімдеді:

Сәуірдің 10-ы күні кешкісін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ пен Ресей Сириядағы химиялық шабуылды тексеру механизміне қатысты қарардың екі түрлі жобасын ұсынып, бір-біріне вето қойды. (Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде екі елдің де вето қою құқығы бар). Вашингтон Сирияның Дума қаласында химиялық қару қолдануға қатысты жайттарды тексеретін халықаралық тәуелсіз комиссия құруды ұсынды. Ал Мәскеу түпкілікті шешімді зерттеу деректеріне сүйене отырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шығаруы тиіс деп санайды.

АҚШ жобасын Қауіпсіздік кеңесінің 12 мүшесі қолдап, екі ел – Ресей мен Боливия қарсы дауыс берді, Қытай қалыс қалды. Ресей жобасын кеңестің бес мүшесі қолдап, төрт ел (АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Польша) қарсы дауыс берді, алты ел қалыс қалды. Бірақ қалай болғанда да, Думада улы заттар қолданылды ма, жоқ па және қандай мөлшерде қолданылғанын анықтау үшін Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының арнайы миссиясы Сирияға баратын болды.

АҚШ-тың Асад режиміне қарсы операциясына Франция мен Ұлыбритания да қосылуы мүмкін. Франция президентінің өкілі Бенжамин Гриво Europe 1 радиосына берген сұхбатында химиялық қаруды қолдану Франция үшін "қызыл сызықтан" аттау, яғни шектен шығу әрі жазалануы тиіс әрекет деп мәлімдеген. Асад режиміне қарсы операцияға Ұлыбритания да қатысуы ықтимал. Бірақ, Times газетінің хабарлауынша, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Думада химиялық қару қолдану оқиғасы бойынша көбірек айғақ-дәлел керек екенін айтқан.

Кеше күн барысында Дональд Трамптың мәлімдемелерінің әуені сәл өзгерді. Сес көрсеткен твитінен кейін ол татуласуға ыңғай танытып, "Ресеймен арамыз бұрын-соңды болмаған деңгейде, тіпті "қырғи-қабақ соғыс" кезеңінен де нашарлап кетті. Бұған себеп жоқ. Дәл қазір Ресей өз экономикалық проблемаларын шешу үшін біздің көмегімізге зәру. Барлық елдер ынтымақтаса қимылдауымыз керек. Бәлкім, жанталаса қарулануды тоқтатармыз?" деп алдыңғы сесін жуып-шайған сарында твит жариялады.

Ал Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-қа химиялық қаруын жоюды ұсынып, сөзбен салғыласуын жалғастырды.

БҰҰ-ның Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура жанжал "бақылаудан шығып, шиеленісіп кетуі" мүмкін екенін ескертті. Бірақатар ақпарат құралдарының расталмаған хабарламаларына қарағанда, Сирия режимінің тағы бір одақтасы Иранның көмегімен Башар Асад пен оның отбасы мүшелерін Дамаскіден қауіпсіз жерге апарған, бірақ қайда екені белгісіз. Eurocontrol әуе қатынасын бақылау агенттігі әуе компанияларына АҚШ пен оның одақтастары Сириядағы әскери нысандарды атқылауы мүмкін деп болжанған алдағы үш тәулік ішінде Жерорта теңізінің шығыс аймағындағы әуеде айрықша сақтықпен ұшу қажеттігін ескерткен.

Башар Асад пен Владимир Путиннің суреттері. Алеппо, Сирия, 18 қаңтар 2018 жыл
Башар Асад пен Владимир Путиннің суреттері. Алеппо, Сирия, 18 қаңтар 2018 жыл

АҚШ пен Ресей бұған дейін Сирия бойынша ашық қақтығысқа барудан тартынып келген еді. Сириядағы Асад режимін жақтайтын Ресей әскері мен авиациясы елдің батыс бөлігінде орналасқан. Ал сириялық күрдтерді қолдайтын америкалық әскери бөлімшелер, кей деректерге қарағанда, көбінесе солтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан. Ақпанның басында Дейр-эз-Зор қаласы тұсында екі тараптың арасында бұған дейінгі ең үлкен ашық қақтығыс болған еді. Ол кезде ресейлік "Вагнер жеке меншік әскери компаниясы" жалдамалылары "Сирия демократиялық күштері" деп аталатын араб-күрд жасақтары позицияларына шабуылдағаны үшін АҚШ авиациясының соққысына ұшырап, біраз адамынан айырылған.

Соңғы оқиғалардың жанама зардаптары қазірдің өзінде байқалып жатыр. АҚШ-тың ресейлік олигархтарға қарсы жаңа санкцияларының кесірінен кейінгі екі күнде күрт төмендеген рубль бағамы Трамптың "ақылды зымырандармен" сес көрсетуінен кейін шамамен тағы бір рубльге құлдырап, бір доллардың құны 65 рубльден асты.

Санкт-Петербургтегі "Ирбис" қоғамы казактары қарымта ретінде Дональд Трампты "құрметті казак" атағынан айырды. Оған бұл атақты АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін іле-шала берген болатын. Қоғам жетекшісі Андрей Поляков Росбалт агенттігіне "Жаңылысқанымызды түсініп, Трампты бұл атақтан айырып әрі ұйымнан масқаралап қууды ұйғардық. Солай істедік те" деп мәлімдеген.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Ярослав Шимовтың мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG