Accessibility links

"Мойындауды мойындамау" саясатына 10 жыл толды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Грузия Ресейден Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартып, аймақтан әскерін шығаруды талап етеді. Тамыз оқиғасына 10 жыл толғандағы жағдай қандай?

Он жыл бұрын да, қазір де, болашақта да Тбилиси Мәскеудің Сухуми мен Цхинвалидің тәуелсіздігін мойындауымен келісе алмайды. «Ерте ме, кеш пе Ресей Грузиядан бөліп қарауға келмейтін аймақтардың тәуелсіздігін мойындау туралы 2008 жылғы шешімінен бас тартуына тура келеді, солайша оккупация режимі күшін жояды», - делінген Грузия сыртқы істер министрлігінің кешегі мәлімдемесінде. Мәлімдемеде Мәскеудің 2008 жылы тамыздың 12-сі күні «Атысты тоқтату туралы» шарт аясында өзіне алған міндеттерін орындамай отырғаны айтылады.

Тбилиси өзін-өзі жариялаған Абхазия мен Оңтүстік Осетияның басшылары тамыздың 24-і күні Ресейдің тәуелсіздікті мойындау құрметіне Мәскеуге барғанын айтады. Анатолий Бибилов пен Рауль Хаджимба Владимир Путинмен кездескен. Бітім жасау және азаматтық теңдік мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр Кетеван Цихелашвили бұл сапар Ресейдің тағы да халықаралық құқықты бұзғанын көрсетті дейді:

«Бұл сапар он жыл өтсе де (Абхазия мен Оңтүстік Осетияның) әлі күнге дейін Ресейге толық тәуелді екенін көрсетті. Олар талқылаған мәселенің бәрі барлық салада Ресейге тәуелді екенін көрсетеді, әсіресе, әскери бағыт қауіп төндіреді. Осы жылдар бойы Абхазия мен Цхинвали өлкесінде ресейлік әскери күштер көбейіп келеді. Мыңдаған ресейлік әскер мен қуатты әскери база бар, оның бір бөлігін Германия канцлері де көрді», - деп мәлімдеді министр Цихелашвили тамыздың 24-і күні.

ВИДЕО: Германия канцлері даулы аймаққа барды

Меркель даулы аймаққа барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

Путин Бибилов және Хаджимбамен кездескен күні Грузияда сапарлап жүрген Германия канцлері Ангела Меркель Оңтүстік Осетиямен шектесетін Одзиси ауылына барып, арғы беттегі ресейлік базаны дүрбімен қараған. Бұл әскери база Оңтүстік Осетия де-факто республикасының аумағында орналасқан.

2008 жылы Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындады. Сол жылы қыркүйекте Тбилиси Мәскеумен дипломатиялық қарым-қатынасын тоқтатты.

Содан бері Ресей мен Грузия арасында Сухуми мен Цхинвали тәуелсіздігін мойындау-мойындамауға қатысты дипломатиялық соғыс өріс алды. Мәскеу де-факто мемлекеттердің тәуелсіздігін Никарагуа, Венесуэла, Науру және Сирияның (2018 жылдың мамырдың 29-ы күні) мойындағанын жеңіске жатқызады.

Тбилиси болса, бұндай мемлекеттерді саусақпен санарлық екенін айтады және жыл сайын «Орын ауыстыруға мәжбүр болғандар мәртебесі туралы» БҰҰ қарарын қолдайтын мемлекеттер саны артып келе жатқанын алға тартады, онда босқындардың Абхазия мен Оңтүстік Осетияға оралу құқығы туралы айтылған. 2018 жылы БҰҰ-ның осы қарарына дауыс берген мемлекеттер саны 81-ге жетті. Бұл - рекордтық көрсеткіш.

«Атлантикалық кеңес» үкіметтік емес ұйымының Грузиядағы филиалының жетекшісі Давид Сихарулидзе мойындамау саясаты өте маңызды деп санайды.

- Бұл аймақтардың тәуелсіздігін екі-үш мемлекет ғана мойындады, оның өзі жұмсақтап айтқанда «біртүрлі елдер» - Венесуэладағы Уго Чавестің режимі, Никарагуаның коммунистік режимі мен Сирияның қантөгісшіл режимі мойындап отыр. Өркениетті мемлекеттер шын мәнінде басқыншылық жасалған аймақтардың тәуелсіздігін мойындаған жоқ, - дейді ол.

Давид Сихарулидзенің айтуынша, мойындаудың салдары абхаздар мен осетиндердің өздеріне де жеңіл тимеген.

Бұл мойындау Ресейдің өзі тілеп алған бейнет болды. Грузия ғана емес, өзге де еркін мемлекеттер сол үшін Ресейді сынап жатыр.
Звиад Адзинбая

- Кедейлік, кланмен басқару және қылмыстан басқа еш пайда таппады. Оккупациядан олардың өздері де қиналып отыр. Өз басым бұл екі аймақтың әл-ауқаты, ұлттық және этникалық дамуы Грузияның құрамына кіргенде ғана жақсаратынына кәміл сенемін, - дейді ол.

Тафта (АҚШ) университетінің Флетчер мектебінің құқық және дипломатия магистрі Звиад Адзинбая да осындай пікірді ұстанады.

- Он жылдан бері көргеніміз осы. Сухуми мен Цхинвалиге мойындаудың зияны тимесе, пайдасы тимеді, күйреп бітті. Олар қазір Мәскеу тарапынан берілген номиналды тәуелсіздіктің өзінен айрылып қалды. Абхазия иерархтарының бірі айтқандай: «Бізде тәуелсіздік бар еді, оның орнына мойындауды алдық». Яғни, олар тәуелсіздікті техникалық мойындауға ие болғанымен, есесіне символикалық тәуелсіздіктің өзінен айырылып қалды. Сондықтан өткен он жыл олар үшін де трагедияға толы болды деп ойлаймын, - дейді ол.

Звиад Адзинбая Мәскеу өзін-өзі жариялаған елдердің тәуелсіздігін мойындаймын деп өз проблемасын одан әрі көбейтіп алды деп санайды.

- Бұл мойындау Ресейдің өзі тілеп алған бейнет болды. Грузия ғана емес, өзге де еркін мемлекеттер сол үшін Ресейді сынап жатыр. Ресей Грузия аймағынан оккупациялық күштерін шығармайынша, сын да күшейе береді, - дейді Звиад Адзинбая.

Бірақ бәрінен қатты қиналып жатқан – үйлерінен айрылып, Абхазия мен Цхинвали аймағының әкімшілік бөлініс сызығы бойында өмір сүретін Грузия азаматтары. Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің биылғы 11 сәуірдегі мәліметі бойынша 2008-2018 жылдар аралығында Абхазия бағытында шекараны заңсыз кесіп өткені үшін 1856 адам, Цхинвалиге өткені үшін 1132 адам ұсталған.

(Азаттықтың Грузин қызметінің тілшісі Мзия Паресишвилидің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG