Accessibility links

Eurasianet Тоқаев жайлы мақаласын Қазақстан билігінің талабымен сайтынан алып, кейін қайта шығарды


Eurasianet сайтында Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқаны туралы мақала 3 қарашада жарияланған.
Eurasianet сайтында Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқаны туралы мақала 3 қарашада жарияланған.

Eurasianet басылымы бейсенбі, 10 қарашада сайтына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқаны туралы мақаланы қайтадан шығарды. Басылым бұл материалын сайттан алып тастауға себеп болған "заңға қатысты мәселе шешілгенін" хабарлады.

Бұған дейін осы аптада Eurasianet.org ақпарат-талдау басылымы Қазақстан билігінің қысымынан соң қарашаның басында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқаны туралы жариялаған мақаланы сайтынан алып тастағанын айтқан.

Редакция хабарламасына қарағанда, Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілі шетелдік басылымдар өкілдіктерінің журналистеріне аккредитациясыз жұмыс істеуіне болмайтынына сілтеп, егер аталған мақаланы [сайттан] алып тастаудан бас тартқан жағдайда Eurasianet басылымына да, оның журналистеріне де әлдебір "шаралар" қолданылуы мүмкін деп мәлімдеген.

Eurasianet "Қазақстанда және көрші елдерде аккредитациясы бар журналистерге қоса штаттан тыс тәуелсіз авторлармен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын" айтады. Бұған дейін Қазақстан СІМ шенеуніктерінің басылымға қандай да бір талап айтқаны туралы хабар болмаған.

"Қазақстан: Тоқаевтың сайлауалды компаниясы оның легитимдігін нығайтуды көздейді" деген мақала қазір Eurasianet.org сайтына қайтадан шығып тұр. Бұл материалдың мәтінін bne Interlines сайтынан да оқуға болады.

Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақалада мемлекеттік БАҚ пен блогерлердің көрер көзге жұрт арасында Тоқаевты қолдайтындар көп дегенді қалыптастыруға тырысатыны, ал саяси шолушылардың өз талдауында, көбіне интернетте қоғам бастамасы етіп көрсету арқылы қоғам қолдауына ие деген жасандылықты білдіретін "астротурфинг" ұғымына жүгінетіні жайлы айтылады. Автор сарапшылардың Тоқаев өзіне дейінгі басшының жолына түсті деген пікірін келтірген. Кейбір талдаушылар, деп жазады автор, Тоқаев іс жүзінде сайлауалды науқанын дауыс беретін күнді ресми белгілеуден бірнеше апта бұрын бастап кетті деп есептейді. Мысалы, мақалада президенттің қыркүйектің басында ауқымды көлемде өрт шыққан Қостанай облысына барғаны айтылады. Орманды жердегі ауқымды өрт салдарынан жақын маңдағы ондаған тұрғын үй жанып кеткен я ішінара бүлінген. Кейін ол елдің басқа да өңірлеріне мемлекет басшысы ретінде сапармен барған.

Мемлекеттік БАҚ пен билікшіл блогерлердің хабарларында ол қиын жағдайда қалған отандастарымен кездесіп жүрген, іс-әрекеті жағынан өзіне дейін ел басқарған, "билікте болған 30 жылға жуық уақытта, әсіресе соңғы кезеңінде ондай сапарға сирек шығатын" Нұрсұлтан Назарбаевтан "едәуір өзгеше" іскер һәм белсенді басшы бейнесінде сипатталды дейді автор.

Бұған қоса мақалада биліктегі президентті қазанның басында сайлауға үміткер етіп ұсынған "халық коалициясы" жайлы да айтылған. Билік парламенттегі үш партия мен онша танымал емес ондаған қоғамдық ұйымды біріктіретін мұндай бірлестік құрылғанын Тоқаев 5 қазанда "қоғамдық-саяси күштер коалициясынан" сайлауға түспек ниеті барын мәлімдегеннен кейін келесі күні жария еткен.

Тәуелсіз сарапшылар қызмет атқарып отырған президентті билікшіл күштер коалициясынан сайлауға ұсыну жаңа әдіс емес екенін, ол бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев жүрген сүрлеуге түскенін айтқан. Мысалы, Eurasianet мақаласында осы жөнінде әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірін берген.

"Бұл бірінші президент кезінде қолданылатын үйреншікті саяси технология еді. Мақсаты – кандидаттың барлық саяси күштерден жоғары тұратын, әрі қоғамды біріктіруші тұлға ретіндегі бейнесін қалыптастыру. Яғни Тоқаев жаңа нәрсе тауып, басын қатырған жоқ, оның сайлау кампаниясы сол бұрынғы калькамен жүзеге асып жатыр" деп жазды Бейсембаев бейсенбіде Facebook-те.

2005 жылы президент сайлау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға басқаратын "Асар" партиясы саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды әкесінің кандидатурасын қолдауға үндеп, "халық коалициясы" құрылғанын жариялаған. "Асар" партиясының дәурені көпке барған жоқ: 2006 жылы шілдеде Назарбаев басқаратын "Отан" партиясы кезектен тыс съезінде "Асар" партиясын өзіне қосып алған еді.

Елді отыз жылға жуық үздіксіз басқарып, 2019 жылы наурызда президент қызметінен кеткен, бірақ елдегі саясатқа ықпалын сақтап қалған Назарбаев Қаңтар оқиғасына дейін елді басқарып келді деп санайды көпшілік. Құқық қорғаушылар Назарбаевты елдегі өзгеше ойлайтындарды қуғын-сүргінге салып, билікте ұзақ қалу мақсатында қызмет лауазымын теріс пайдаланып, демократияға жат әдіс-айлаға жүгінеді, билік тетіктерін саяси бәсекелестерінен арылуға қолданады деп бірнеше рет айыптаған.

Eurasianet мақаласында билік партиясының (наурызда "Нұр Отан" деген атауын "Аманат" етіп өзгерткен) "Жастар рухы" жастар қанатының өкілінің елде коалицияның 226 өкілдігі мен мыңдаған қатысушысы бары, олардың 99 пайызы "ақылы ерікті" екені жайлы сөзіне сілтеме жасалған. Қазан айының ортасында әлеуметтік желілерде билік партиясы жастар қанатының Алматыдағы өкілдігінде түсірілген видео тарады. Онда өкілдік ғимаратына көп студент жиналғаны көрінеді. Видео авторы адамдарға 70 мың теңге (сол кездегі валюта бағамымен 150 доллар) қосымша табыс табуға болатын жұмыс ұсынылғанын айтады, оның не жұмыс екенін нақтыламайды. Оның сөзінше, келесі күні ұйым кеңсесіне келген адамдардан сайлау науқанында кандидат Тоқаевқа дауыс беруге үгіттейтіні туралы қолхат беруін талап еткен. Басылым студенттерді науқанға қатысуға мәжбүрлеу жайлы хабарды "Жастар рухы" жоққа шығарды деп жазған.

Мақала авторы бұған қоса, Ақорда швейцариялық Public Eye ұйымы журналистерінің Тоқаев мұнай және сирек металдар өндірумен байланысты активтерге иелік еткен деген зерттеуіне тікелей реакция білдірмегенге ұқсайды деп жазады. Бірақ автор Тоқаев 30 қыркүйекте Семейде айтқан "елімізге іріткі салуды көздейтін сыртқы күштер" жайлы сөзінде осы зерттеуді меңзеген болуы мүмкін деп топшылайды.

"Өкінішке қарай, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмаушылар аз емес. Олар тіпті елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады" деп мәлімдеген Тоқаев Абай облысының орталығы Семейде "қоғам өкілдерімен" кездескенде.

Тоқаевтың "астыртын бизнесі". Ол мұнайдан табыс тапты ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG