Токиолық ғалым, Дамушы экономикалар институтының (Institute of Developing Economies) зерттеушісі Нацуко Ока соңғы 20 жылда Қазақстанға жиі келіп жүр. Жақында ол қазақстандық білім беру жүйесінің "көлеңкелі" тұсы жайлы зерттеу жұмысын жариялаған.
Нацуко Ока білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тақырыбына Қазақстанға 2011 жылы басқа ғылыми жобамен жұмыс істеуге келген кезде назары ауғанын айтады. Қазақстандық таныстарынан парақорлықтың кең тарағаны туралы көп естіген жапон ғалымы сыбайлас жемқорлықты зерттеуге кіріскен.
Бірнеше жылға созылған жұмыстың нәтижесінде Grades and Degrees for Sale: Understanding Informal Exchanges in Kazakhstan’s Education Sector ("Баға мен дәрежені саудаға салу: Қазақстанның білім беру саласындағы бейресми қарым-қатынас мәселелері") атты зерттеу жұмысын аяқтаған.
Азаттыққа берген сұхбатында Нацуко Ока білім жүйесінде жемқорлықтың тамыр жаюы және оқу орындарында бағаны сату және сатып алу үйреншікті құбылысқа айналғанын айтады.
Азаттық: Нацуко Ока ханым, зерттеу жұмысыңыз туралы айтсаңыз. Ол не жайында? Қазақстандағы білім саласындағы жемқорлық тақырыбы жапондарға қаншалықты қызықты?
Нацуко Ока: Қазақстандықтардың мәселені бейресми түрде, ақша немесе тамыр-таныстық арқылы шешетіні туралы жаздым. Қазір жапон тілінде монография әзірлеп жатырмын (тақырыбы әзірге белгісіз), ол биыл жарық көреді. Кітапта адамдардың қалай, қашан және неліктен ақша беретінін және тамыр-таныстыққа жүгінетінін баяндаумен шектелмей, Совет одағының ыдырауы және нарыққа тездеп көшу қарапайым қазақстандықтардың өмір салты, қарым-қатынасы мен менталитетін қалай өзгерткенін жапон оқырмандарына түсіндіруге тырысамын. Совет заманында жаппай тапшылық салдарынан ақшадан бұрын тамыр-таныс табу маңыздырақ болды, оның үстіне адамдар ақшаға да басқаша қарады, бәрінің жұмысы, зейнетақысы болды, медицина мен білім алу да тегін еді.
Нарықтық реформа нәтижесінде советтік тамыр-таныстық "ақшаға айналды", бұрын жұрт арасындағы ақшасыз алыс-беріс (үнемі емес, бірақ жиі) болса, қазір көмек жасаған адамға "алғыс" білдіретін болған. Капитализм тұсында өмір ағымы да жылдам. Адамдар түрлі мәселелерді уақытын жоғалтып, жүйкесін жұқартпай "тездетіп" шешуді жөн көреді. Өз кезегінде қызмет көрсеткен адам да қарымтасына дереу "өтемақы" алуға тырысады.
Білім беру саласына да нарық принциптерінің енгені байқалады. Мысалы, емтихан, сессия мен диплом жұмысын тапсырудың белгілі бір құны бар және ол баға деңгейіне байланысты қойылады. Студенттер оның мөлшері барын біледі.
Білім беру жүйесіндегі жемқорлықтың ең үлкен залалы – жастар арасында бұрмаланған құндылық қалыптасады, олар ақшамен бәрін тез әрі оңай шешуге болады деп сенеді. Сессиясын ақшамен "реттейтін" студенттердің бәрі бірдей жалқау немесе дымбілместер емес. Олар дайындалуға уақыты болмағандықтан өздеріне қызықсыз пәннен емтиханды немесе диплом жұмысын сатып ала салуды жеңіл, тіпті ұтымды әрекет санайды. Мұндай жағдай өзгелердің еш қиналмай жақсы баға алып жатқанын көрген ақша бермейтін студенттерге де әсер етеді. Сұхбат барысында мені алты жасар қыз баланың сөзі таң қалдырды. Әжесінің айтуынша, бірінші сынып оқушысы жақсы оқып, музыкадан басқа барлық пәннен бес алған. Оның анасы (респонденттің қызы) баласын аяп, оның бағасын өзгертуді сұрап мектепке қолқа салған. Анасының іс-әрекетінің арқасында ол қыз бес деген баға алған. Сонда әлгі қыз анасынан "Мама, сен ақша төледің бе?" деп сұраған. Бұған қарап балалардың ерте жастан бағаны сатып алуға бой үйрететінін байқаймыз. Бұл қауіпті құбылыс.
Әйткенмен, тек ақша ғана бәрін шешеді, ал адамдардың жеке қатынасы маңызын жоғалтқан дегім келмейді.
Азаттық: Зерттеу аясында түрлі адамдардан сексен сұхбат алыпсыз. Қазақстанның тұтас білім жүйесі туралы қорытынды жасауға ол жеткілікті ме?
Білім беру жүйесіндегі жемқорлықтың ең үлкен залалы – жастар арасында бұрмаланған құндылық қалыптасады, олар ақшамен бәрін тез әрі оңай шешуге болады деп сенеді.
Нацуко Ока: Әлеуметтік ғылымдарда зерттеудің сандық және сапалық болып бөлінетін екі әдісі бар. Сапалық зерттеу тәсілінің мақсаты – зерттеу нысаны туралы терең, кеңірек ақпарат алу. Сандық әдістен ерекшелігі сапалық тәсілде қажетті деректер көлемін анықтаудың белгілі бір өлшемі жоқ. Есесіне деректерді жинақтау процесінде "теориялық толымдылық" маңызды саналады. Ондай жағдайда респондентпен әңгіме мазмұны қайталанады, зерттеуші келесі деректерден жаңа түсінік алмайды. Мұндайда ол аталған құбылысты теориялық тұрғыда түсіндіре алатындай жеткілікті ақпарат жинап алды деген қорытынды жасауға болады.
Зерттеу жұмысымның мақсаты – адамдардың діттегеніне ақша немесе тамыр-таныстық арқылы бейресми жолмен қол жеткізетінін көрсету және неліктен ондай әдісті таңдағандарын, оның қоғамға тигізетін әсерін анықтау. Мәселені осындай жолмен шешетіндерді сөкпеймін және ондай әрекетке адамгершілік тұрғыда баға бермеймін.
"Постсоветтік Қазақстандағы бейресми төлемдер мен қарым-қатынастар" (Informal Payments and Connections in Post-Soviet Kazakhstan) атты бірінші мақалам 2015 жылы Central Asian Survey журналына шықты. "Баға мен дәрежені саудаға салу: Қазақстанның білім беру саласындағы бейресми қарым-қатынас мәселелері" (Grades and Degrees for Sale: Understanding Informal Exchanges in Kazakhstan’s Education Sector) атты екінші мақалам 2018 жылдың мамырында Problems of Post-Communism журналына жарияланды. Медициналық қызмет көрсеткенге бейресми төлем жасау туралы жаңа мақалам шығады жақында ағылшын тілді журналға шығады.
Азаттық: Қазақстандағы жағдай сирек кездесетін құбылыс па? Мұндай жағдайды реформа жасап жақсартқан елдерді мысалға келтіре аласыз ба?
Жапонияда мұндай жағдайлар өте сирек болса, Қазақстанда күнделікті өмірде не жұмыста жемқорлық үнемі алдан шығады.
Нацуко Ока: Әлбетте, сыбайлас жемқорлық барлық елде бар, соның ішінде Жапония да қалыс қалмайды. Жақында Токиодағы медициналық университеттердің бірі бірнеше жылдан бері қайырымдылық көмек ретінде көп ақша төлеуге уәде еткен адамдардың балаларын оқуға түсіріп келгені белгілі болды. Кейбіреулер оқу орнына кезінде сол университетті бітірген депутаттың "ұсынысымен" түскен. Бірақ бізде ондай жағдайлар өте сирек болса, Қазақстанда күнделікті өмірде не жұмыста жемқорлық үнемі алдан шығады. Мұндай жемқорлық мысалдары бұрынғы СССР елдерінің кейбірінде бар шығар. Ресей мен Украинаның білім беру жүйесіндегі жемқорлық туралы зерттеулер жеткілікті. Сарапшылар Грузиядағы білім реформаларын жемқорлықпен күрестің сәтті мысалы деп қарастырады.
Азаттық: Сізге сұхбат берген адамдардың арасында ешқашан пара бермегендерін айтқандар болды ма?
Нацуко Ока: Болды, бірақ ондайлар өте аз.
ПІКІРЛЕР