Accessibility links

Дубайдағы Қазақстан: әкімдер


Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ең ықпалды адамдардың бір шоғыры – облыс не республикалық маңызы бар қала әкімдері. Бюджеттен бөлінген жүздеген миллиард теңгені игереді, облыстағы қызметтік ауыс-түйістерге ықпал етеді, түрлі деңгейде рұқсатнама берумен айналысады.

Дубайдан үй алғандар тізімінде облыс не Алматы секілді республикалық маңызы бар қаланы басқарған, әлі де басқаратын азаматтар мен олардың жақындары да бар. Олар бұл мүлікті заңсыз ақшаға алды деген дәлеліміз жоқ. Кейбірі мемлекеттік қызметке дейін не кейін кәсіппен айналысқанын айтады. Тағы бірі несиеге жүгіндік дейді. Дегенмен бұл әкімдер мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ықпалды адамдардың қатарына кіреді, сол себепті олардың шетелдегі жылжымайтын мүлкі туралы ақпарат жарияға жатады деп таптық.

C4ADS ұйымының реестрі

Америкалық C4ADS ұйымы Азаттыққа Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрін ұсынды. 2020 және 2022 жылдарды қамтитын бұл реестрге қарағанда, Қазақстанның 1550 азаматы жалпы құны 1 млрд доллардан асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Бұл тізімнен Қазақстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктері мен олардың туыстары көп кездеседі. Азаттық тілшісі осы үйлерді көрсетіп, олардың иелеріне қоңырау шалды, мүліктің қандай ақшаға алынғанын, Қазақстан үкіметіне өткізілетін декларацияда қалай көрсетілгенін сұрады. Дерек ауқымды болған соң, зерттеу бірнеше бөлімнен тұрады.

Қазақстан мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңінде бар болғаны 40 адам ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүлкі (барлығы 60 үй) барын көрсеткен. Комитет Азаттықтың C4ADS тізіміндегі азаматтардың мүлкі жайлы сұрағына жауап бермеді. Ол ақпарат шектеулі мәліметке жатады деді.

Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан C4ADS ұйымы халықаралық қылмыс пен кикілжіңдерді зерттейді.

Ескерту: зерттеуде жылжымайтын мүліктердің Қазақстан валютасына шаққандағы құны орташа бағаммен "1 АҚШ доллары – 450 теңге" есебімен (2023 жыл мен 2024 жылдың І жарты жылдығындағы көрсеткіштерге сәйкес) көрсетілді.

Басы дауға көп түскен Досаев

2006 жылы Шымкент ауруханаларында медициналық талаптың сақталмауынан 150-ге жуық бала ВИЧ ауруын жұқтырғаны мәлім болған. Сол кезде денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев еді. Ол осы оқиғадан соң отставкаға кетіп, мемлекеттік қызметті қойғандай болған. Бірақ 2012 жылы үкіметке экономикалық даму және сауда министрі болып оралды. 2016 жылы Жер кодексіне өзгеріс енгізіп, шетелдіктерге жерді жалға беру ұсынылған кезде арты жаппай наразылыққа ұласқан.

Кейін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған жобаға мораторий жариялауға мәжбүр болды. Заңға өзгеріс енгізуді сол кезде экономика министрі болған Ерболат Досаев ұсынған. Ол бұл жолы да отставкаға кетті. Шенеуніктің ісі мен сөзі дауға айналғаны осымен тоқтаған жоқ. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласы әкімі болып тағайындалған Досаев өзіне қарсы петиция туралы пікір білдіремін деп те резонанс тудырған. Оның отставкаға кетуін талап еткен петицияға әкім "мені тағайындаған мемлекет басшысы" деп жауап берген. Досаев сондай-ақ Forbes басылымы жүргізетін бақуатты адамдар тізіміне кірген санаулы мемлекеттік қызметкердің қатарында.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атына жазылған пәтер Джумейра жағалауына жақын SHAMS 4 кешенінде орналасқан.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атына жазылған пәтер Джумейра жағалауына жақын SHAMS 4 кешенінде орналасқан.

Міне, C4ADS құжаттарына қарағанда Досаевтың Дубайда пәтері бар. Оны Дубай Марина ықшамауданындағы SHAMS тұрғын үй кешенінен алған. Үйдің аумағы шамамен 170 шаршы метр. Ал нарықтағы құны 300 млн теңгеден асады.

Тіркеу құжатына қарағанда, ол үйді 2005-2015 жылдар аралығында сатып алған. Досаев биліктен отставкаға кеткен 2006-2012 жылдары мұнай, қаржы саласында бизнеспен айналысқанын жоғарыда атап өттік. Forbes Kazakhstan журналы оның сол кездегі байлығын 110 млн доллар деп бағалаған. Досаев мұны жасырмайды, екі жыл бұрынғы брифингте бақуатты екенін растаған.

– Мен кедей емеспін. …Кіріс бар, декларацияланған, салығы төленген, – деген еді ол журналистерге.

Азаттық Алматы әкіміне хат жолдап, Дубайдағы мүлкі туралы сұрады. Жауап хатта Досаевтың өзі де, әйелі де заң талаптарына сәйкес табыс декларациясын тапсыратыны жазылған.

Еңбек жолында министр лауазымынан екі рет отставкаға кеткен Досаевтың отбасылық бизнесін әйелі Гүлнәр Досаева жүргізеді. Ол жыл сайын жүздеген млн теңге салық төлейтін компаниялардың құрылтайшылары қатарында.

Даниал Ахметовтің туыстары

2009 жылы Қазақстан қорғаныс саласында үлкен дау шықты. Қазақстанның Израильден 200 миллион долларға жуық қаржыға әскери техника алуға тапсырыс бергені назарға түсіп, үкімет бұл қаражаттың 82 миллион доллары тиімсіз қолданылды деп қорғаныс вице-министрі Қажымұрат Маермановқа айып тақты. Кейін ол 11 жылға сотталды. Осы оқиғадан кейін Маермановтың бастығы – қорғаныс министрі отставкаға кетті. Ол министр Даниал Ахметов еді. Бес жылдан соң Ахметов Шығыс Қазақстан облысы әкімі атанып, мемлекеттік қызметке оралды. 2000 жылдары Қазақстан премьер-министрі болған Ахметов аймақты тоғыз жыл басқарып, облыс әкімі қызметінде ең ұзақ отырған адамдардың біріне айналды. Ол әкім болып тұрғанда журналистер оның ұлы Талғат Ахметовтің кәсібі туралы көп сұрақ қойды. Нақтырақ, тілшілерді кіші Ахметовтің бизнестері әкесі басқарған облыстарда өркендегені қызықтырды.

Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовтің атына Palm Jumeirah аралында вилла және Дубай орталығында салынып жатқан ғимараттан бірнеше апартамент тіркелген.
Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовтің атына Palm Jumeirah аралында вилла және Дубай орталығында салынып жатқан ғимараттан бірнеше апартамент тіркелген.

Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов Дубайдан вилла сатып алған. PALM JUMEIRAH жасанды аралындағы бұл вилланың аумағы – 1245 шаршы метр. Мұндай үйлер 7-15 млрд теңгенің (16-32 млн доллар) аралығында саудада тұр.

Талғат Ахметовтің атына жазылған бұдан басқа да жылжымайтын мүлік табылды. Ол Дубай орталығында салынып жатқан 122 қабаттық PENTOMINIUM деген ғимаратқа да инвестиция құйған. Аумағы 650 шаршы метрлік 5 пәтер. Балконының өзі 60 шаршы метр. Әр пәтердің құны – 1,1 млрд теңге (2,5 млн доллар).

2011 жылдан бері бұл жобаның құрылысы тоқтап тұр. Дегенмен биыл құрылысы жалғасатыны, атауының ауысқаны және құрылымы 125 қабатқа ауысқаны хабарланды. Егер аяқталса, Дубайдағы ең зәулім тұрғын үй кешені болмақ. Ахметовтер қаржыны қайтарып алды ма, белгісіз.

Шығыстағы миллиардтар. Даниал Ахметовке жақын кәсіпкерлердің бизнесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:32 0:00

Ал Даниал Ахметовтің өзі былтыр маусымда Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметінен босатылған.

Азаттық Даниал Ахметовке қоңырау шалып, ұлының Дубайдағы мүліктері туралы сұрамақ болды. Экс-әкім телефонды көтерді, бірақ сұрақты естіген бойда байланысты үзе қойды.

Forbes Kazakhstan журналы 2017 жылы Талғат Ахметовті елдегі ең ауқатты 50 адамның қатарына қосқан. Талғат әртүрлі салада жұмыс істейтін ондаған компанияға жеке және серіктестерімен бірге иелік етеді.

Даниал Ахметовтің ұлынан бөлек әпке-жездесі Гүлнас Ахметова мен Ғаббас Бектұров Джумейра аралындағы (Palm Jumeirah) BALQIS RESIDENCE кешенінде шамамен 450 млн теңге (1 млн доллар) тұратын апартаментке бірге иелік етеді. Үйдің аумағы 190 шаршы метрге жуықтайды.

Гүлнас Ахметова ұзақ уақыт "Өрлеу" біліктілікті дамыту ұлттық орталығын басқарды. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Гүлнас Ахметова Азаттық сауалына жауап беріп, Дубайда пәтері барын растады.

– Дубайда мүлкіміз бар – 2 бөлмелі пәтер. 2007 жылғы келісім-шарт арқылы төлемі үлестік қатынас бойынша 2018 жылға дейін төленіп, 2019 жылы пәтер бізге тапсырылды. Бұл пәтер туралы мәлімет 2007 жылы шартқа отырғаннан кейін Алматы қалалық салық комитетіне тапсырылған, – деді ол.

Ахметованың күйеуі Ғаббас Бектұров біршама жыл америкалық Access Industries компаниясының Қазақстандағы өкілдігін басқарған. Бұл компания Даниал Ахметов әкім болған Павлодар облысында көмір өндірісімен айналысқан. Дубайдағы реестрде ерлі-зайыптының ұлы Азат Бектұровтың да телефоны көрсетілген. Ол бұрын көлік және коммуникация вице-министрі болған. 2022 жылға дейін "Қазаэронавигация" мекемесін басқарды.

Бектұров-Ахметовтер осы Азат арқылы елге мәлім фамилия Нығматулиндермен құда. Нығматулиндер әулетінің Дубайдағы ондаған үй-жайы туралы осы зерттеудің алдыңғы бөлімінде жазылған. Әулеттегі ең басты адам – мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Шалқар Байбеков

Шығыс Қазақстан облысында бір кезеңде Даниал Ахметовтің орынбасары болған Шалқар Байбековтің отбасы да Дубайдан үй алғандар қатарында. Қазір Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып отырған Байбековтің әйелі Гүлнара Байбекованың иелігінде үш пәтер бар. Олар әртүрлі мекенжайда орналасқан.

Алғашқысы Пальма аралындағы TIARA RESIDENCE деген аумақта. Екіншісі Дубай Марина ауданындағы BAHAR 1 кешенінде. Үшіншісі бұлардан кішірек, құжатта көрсетілген PRODIGY 4 деген ғимараттың қазір құрылысы жүріп жатыр немесе жоба тоқтап тұр. C4ADS ұйымының есептеуінше, үш мүліктің жалпы құны 500 млн теңгеден (1,1 млн доллар) асады.

Азаттық Шалқар Байбековке қоңырау шалғанда ол Дубай деген сөзді ести сала әңгімені үзе салды. Бірақ әкімдікке хатпен жолдаған сауалға жауап берді.

Өскемен мен Семейдің тас қараңғы көшесі. Жарыққа бөлінген ақша қалай жұмсалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:31 0:00

Жазбаша жауапта: "Мүлік ресми алынып, Қазақстан республикасында заңдастырылған. Тиісті мәліметтер салық органдарына өткізілетін табыс декларациясында көрсетілгенін мәлімдеймін. Г. Байбекова отыз жылдан астам уақыт жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Мүлік жеке қаржы есебінен алынған" делінген.

Бизнесті тіркеу реестріне сәйкес, хатқа жауап келген сәттегі ахуал бойынша Гүлнара Байбекованың атына тіркелген компания жоқ. Бірақ ашық дереккөздерде Г.Н.Байбекова ЖК (жеке кәсіпкер) ретінде жұмыс істейтіні көрсетілген. Мәселен, Fa-fa.kz сайтының дерегінше, ол 2014-2017 жылдар аралығында 3 млн тг салық төлеген. Ал Statsnet дерек базасы 2023 жылға дейін төленген салық төлемдерін көрсеткен. Шалқар Байбеков облыс басшылығындағы қызметіне дейін бұрын көп жыл салық органдарында жұмыс істеген.

Амандық Баталовтың жұбайы

Амандық Баталов 20 жылдан астам уақыт Алматы облысы басшылығында, оның 8 жылында облыс әкімі болған. Баталовтың әйелі Бағда Баталова Джумейра аралында THE RESIDENCES NORTH деген ғимараттан 160 шаршы метрлік пәтер алған. Мүліктің нарықтағы орташа бағасы 700 млн теңгенің (1,5 млн доллар) айналасында.

Амандық Баталов бұл мүлікті "қызы Саера мен күйеу баласы Қанат сатып алып, анасының атына жазғанын, олар бұрыннан кәсіппен айналысатынын" айтты.

Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың әйелі Бағда Баталованың атына Palm Jumeirah аралында THE RESIDENCES NORTH ғимаратында бір пәтер тіркелген.
Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың әйелі Бағда Баталованың атына Palm Jumeirah аралында THE RESIDENCES NORTH ғимаратында бір пәтер тіркелген.

– Біз алған жоқпыз. Ол кезде сөйтіп анасының атына жазған. Содан кейін ол жерде біз бір күн де тұрған жоқпыз.

– Өзіңіз ол жерге барған жоқсыз ба?

– Барған жоқпын. Көрген де жоқпын. Ал қызым мен күйеу балам тұрды. Кішкентай балалары сол жерде өсті. Мектепке барардың алдында бәрі Алматыға көшіп келді. Ана пәтерді сатып жіберді. Болды. Менің тығылатын, қорқатын ештеңем жоқ.

Мемлекеттік кіріс комитеті сайтындағы дерекке сәйкес, кейінгі бес жылда Бағда Баталоваға қатысы бар үш компания салық төлемеген. Яғни, белсенді жұмыс істемейді. Ал қызы Саера Баталова жетекшілік ететін екі компанияның 5 жыл ішіндегі салығы 900 мың теңгенің айналасында. Экс-әкім күйеу баласының толық аты-жөні кім, қандай кәсібі барын айтудан бас тартты.

Өмірзақ Шөкеевтің қайын жұрты

2015 жылы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басшысы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағынып, "ешкімді тыңдата алмайтынын" айтқан, қолдау сұраған.

"Саған өкілет пен лауазым берілді. Ал сен мені тыңдамайды деп шағынасың. Естуге ыңғайсыз. Кім тыңдамайды, айтшы, қане?" деген еді сол кезде бұрынғы президент. Бұл сөз мемлекеттік қызметтегі ықпалды адамдардың бірі Өмірзақ Шөкеевке айтылған еді.

Соған дейін бірнеше облысты басқарып, министр, вице-министр қызметтерін атқарып үлгерген Шөкеев әл-ауқат қорынан кейін қайтадан үкімет басшысының орынбасары болды, кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы болып, кейін Түркістан болып өзгерген өңірге қайтадан әкім болып барды. Ол жерде үш жылдан астам жұмыс істеп, 2022 жылы тамызда қызметінен босатылды.

Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрінде Шөкеевтің өзін таппадық, бірақ оның қайын жұртын байқадық. Экс-әкімнің әйелі Зәуре Мұхаметжанованың туған інісі Серікқали Мұхаметжанов SKY CENTRAL деп аталатын қонақ үйдің 10 бөлмесін меншіктеп отыр.

Дубайдағы жылжымайтын мүлік нарығындағы жарнамаларға қарағанда, бұл қонақ үй әр бөлмені жеке апартамент ретінде саудаға шығарған. 10 бөлме-апартаменттің барлығының құнын қосқанда шамамен 500 млн теңгеге (1,1 млн доллар) жуықтайды.

Orda.kz сайты Шөкеевтердің активтері туралы мақаласында Серікқали Мұхаметжановтың Зәуре Мұхаметжанова иелік ететін компанияның басшысы екенін жазған. Бұл олардың туыстық қатынастан бөлек, бірге кәсіп жасайтынының бір белгісі болса керек. Шөкеевтің қайын жұрты Қазақстанда да қонақ үй бизнесімен айналысады.

"Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің мұнайшылар туралы бөлімінде Шөкеевтің туған інісі Серік Естайдың 8 пәтері туралы да айтылған.

Ахметжан Есімовтің күйеу баласы

2013 жылы журналистер Алматы әкімінен жалақысы мен жылжымайтын мүліктері туралы сұраған. "Әйелімнің үйі Алматыда. Әйелімнің үйінде тұрамын" деп жауап берді сол сұраққа әкім. Ол әкім биыл 74 жасқа толатын Ахметжан Есімов еді. Назарбаев тұсында ірі қызметтер атқарып, оның сенімді адамдарының бірі саналған Есімовтің Өркен Есей дейтін күйеу баласы бар.

Түркістан облысы мәслихатының экс-депутаты, әрі кәсіпкер Өркен Есей – Джумейра жасанды аралындағы FAIRMONT PALM RESIDENCE кешенінің Солтүстік ғимаратындағы аумағы 500 шаршы метрден асатын апартаменттің иесі. C4ADS бұл үйдің нарықтағы орташа бағасы 900 млн теңгенің (2 млн доллар) шамасында деп есептеген. Пәтер үш бөлмелі, одан бөлек үш көлікке арналған автотұрағы бар.

Экс-әкім, экс-министр Ахметжан Есімовтің күйеу баласы Өркен Есей Дубайдан аумағы 514 м2 пәтер алған.
Экс-әкім, экс-министр Ахметжан Есімовтің күйеу баласы Өркен Есей Дубайдан аумағы 514 м2 пәтер алған.

C4ADS жинақтаған мүлік реестрінде Өркен Есейдің қазақстандық және дубайлық нөмірі көрсетілген. Екі нөмірге де хат жөнелттік, жауап келмеді.

Айта кетейік, қайын атасы Есімов Алматы әкімі қызметінен бөлек президент әкімшілігін, ауыл шаруашылығы министрлігін, "Самұрық-Қазына" қорын басқарған. Премьер-министрдің орынбасары да болған.

Оның тағы бір күйеу баласы Ғалымжан Есеновтің де есімі көпшіліккке таныс. Econotimes басылымы қатардағы менеджер Есеновтің Есімовке күйеу бала болған кезден бастап, банк акцияларын иеленіп, байығанын жазады. Бірақ Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрінен оның есімі кезікпеді.

Иманғали Тасмағамбетовтің туыстары

Кезінде Алматы мен Астананы басқарған, премьер-министр қызметін атқарған, қазір Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы болып жүрген Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы Рашид Құсайынов та Дубайдан жылжымайтын мүлік алған. Оның пәтері SADAF кешенінде орналасқан. Аумағы 120 шаршы метр, бағасы шамамен 200 млн теңгеден (475 мың доллар) асады.

Рашид Құсайынов – Иманғали Тасмағамбетовтің қарындасы, қазір "Ембімұнайгаз" компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетованың күйеуі.

2006 жылы денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың тұсында Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте "ВИЧ дауы" өршіген кезде сол кездегі облыстың денсаулық сақтау басқармасына Тасмағамбетовтің әпкесі Нұрсұлу жетекшілік еткен. Осы оқиғадан кейін күйеуі екеуі қызметінен кетіп, шартты жаза алған. Тасмағамбетованың күйеуі Рысқұлбек Байқарашев облыста медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің басқармасына жетекші болған.

C4ADS реестірен сәйкес, Дубайда Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы Рашид Хусаинов пен жиені Елнар Байхарашевтің атына тіркелген жылжымайтын мүліктер бар.
C4ADS реестірен сәйкес, Дубайда Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы Рашид Хусаинов пен жиені Елнар Байхарашевтің атына тіркелген жылжымайтын мүліктер бар.

Ерлі-зайыптының ұлы Елнар Байқарашевтің атына Дубайда 5 вилла тіркелген. Қазір ол үйлер WADI AL SAFA ауданында DUBAI LIFE STYLE деген атаумен салынып жатыр немесе құрылысы тоқтап тұр.

Елнар Байқарашев – Алматы облысындағы "Өтес" деген агрофирманың үш құрылтайшысының бірі. Ал Рашид Құсайынов Атырауда жылжымайтын мүлікпен айналысатын үш компанияның құрылтайшысы қатарында.

Тасмағамбетовтің күйеу баласы дегенде жұрт бірден кәсіпкер Кеңес Рақышевті есіне түсіруі мүмкін. Forbes Kazakhstan журналының Қазақстандағы ең ауқатты адамдар тізімінде биыл 19-орынға тұрақтаған Рақышевтің өз атына C4ADS базасына сәйкес, Дубайда жылжымайтын мүлік тіркелмеген.

АЛМАТЫ ӘКІМДІГІНІҢ ЭКС-ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Арман Мелдаханов

Тасмағамбетовтің көмекшілері де Дубай нарығынан үй алған. Тасмағамбетов Алматыны басқарғанда әкімнің көмекшісі деген ресми қызмет атқарған Арман Мелдаханов деген азаматтың иелігіне екі үй тіркелгені туралы ақпарат бар. Біріншісі жасанды аралдағы FAIRMONT PALM RESIDENCE-тің Оңтүстік бөлігінде орналасқан, аумағы 485 шаршы метр, бағасы 900 млн теңгеге (1,9 млн доллар) жуықтайды. Екіншісі BALQIS RESIDENCE кешенінде, оның аумағы 800 шаршы метрге жуық. C4ADS ұйымы нарық бағасымен салыстырып, үйдің болжалды құнын 900 млн теңге деп (2 млн доллар) көрсеткен.

C4ADS дерекқорында Арман Әлиасқарұлы Мелдахановтың телефон нөмірі де көрсетілген. Getcontact қосымшасы арқылы оның нөмірін басқа адамдар негізінен Тасмағамбетовтің көмекшісі деп сақтағанын білдік.

Арман Мелдаханов "Дубайда тіркелген ешқандай мүлкім жоқ, бұл қандай да бір қателік" деп жауап берді. Ол әңгіме барысында бұрын Алматы әкімдігінде қызмет атқарғанын растап, бірақ ұзақ уақыттан бері кәсіппен айналысатынын айтты.

Төребек Қосынов, Қуандық Бисқұлтанов, Ғабиден Қайымсұлтанов

Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрінен Алматы әкімдігінде әр жылдары түрлі қызмет атқарған тағы бірнеше адамның есімін көрдік.

Мысалы, 2010 жылдары әкімдік аппаратының іс басқарушысы қызметін атқарған Төребек Қосынов деген адам Дубай Марина ауданында MAG218 деп аталатын тұрғын үй кешенінен 80 шаршы метрлік пәтер алған. Нарықтағы бағасы 150 млн теңгенің (325 мың доллар) шамасында. Қосынов бұрын үкіметте, президент іс басқармасында да жұмыс істеген.

Алматының тағы бір экс-әкімі Виктор Храпуновтың кезінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментін басқарған Қуандық Бисқұлтановтың SADAF кешенінде 160 шаршы метрлік пәтер бар. Болжалды бағасы 300 млн теңгедей (660 мың доллар). Қуандық Бисқұлтанов қазір "Ақ жол" партиясының Алматы филилалына жетекшілік етеді және бизнес реестрінде бірнеше компанияның құрылтайшысы қатарында тұр. Қуандық Бисқұлтанов Азаттық журналисінің Дубайдағы мүлкі туралы сұрағын естіді, бірақ "ештеңе айта алмаймын" деп әңгімені үзді.

Храпуновтың тұсында Алматы әкімдігі аппаратын басқарған Ғабиден Қайымсұлтанов PALM JUMEIRAH аралындағы KEMPINSKI RESIDENCES-те орналасқан аумағы 400 шаршы метрдей апартаменттің иесі. Мүліктің бағасы 350 млн теңгенің (800 мың доллар) маңайында.

Бисқұлтанов пен Қайымсұлтанов 2018 жылы Виктор Храпуновтың үстінен қозғалған қылмыстық іске тартылып, сот залынан босап шыққан.

Гүлнара Қоңырова

Алматы әкімдігінің қоғамдық даму орталығының директоры Гүлнара Қоңырова SKY CENTRAL қонақ үйінің 23-қабатындағы бір бөлмені меншіктеген. Мүлік шамамен 50 млн теңге (90 мың доллар) тұрады. Дубайдағы мүліктер туралы айтқанда құны ең арзан активке ие адам осы Гүлнара Қоңырова сияқты.

Ашық дерекке сәйкес, Қоңырова – "ҚазМұнайГаз", "ҚазТрансГаз" құрылымдарында басшылық қызметте істеген Ақылбай Сапаровтың әйелі.

АЙМАҚТА БАСШЫ БОЛҒАНДАР

Амангелді Махамбетовтің қызы

Астана, Ақмола, Түркістан облыстарында әкім орынбасары қызметін атқарған, коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болған, марқұм Қосман Айтмұхамбетовтің қайын атасы Амангелді Махамбетовтің MARINA DIAMOND ғимаратында бір пәтері бар. Мүлік аумағы 66 шаршы метр, құны 120 млн теңге (260 мың доллар) шамасында.

Дубайдағы жылжымайтын мүлік құны қымбат Dubai Marina ықшамауданы
Дубайдағы жылжымайтын мүлік құны қымбат Dubai Marina ықшамауданы

Реестрде көрсетілген телефон нөмірі 82 жастағы қария Амангелді Махамбетов емес, оның немересі, яғни, марқұм әкімнің қызы Айжан Айтмұхамбетоваға тиесілі.

Қамбар Шалғымбаевтың қызы

Банкир әрі бір кездері Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған Қамбар Шалғымбаевтың қызы Дина Шалғымбаеваның Дубайда екі үйі бар. Біріншісі GRANDEUR RESIDENCES кешенінде, екіншісі ARMADA деген ғимаратта орналасқан. Қос мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеге жуықтайды. Желідегі парағында Дина мекенжайын Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері деп көрсеткен.

Ақмарал Түсіпқалиева

Өзге өңірдегі әкімдікте істегендердің туыстары да табылды. Мысалы, Орал қаласы әкімінің орынбасары, Бөрілі ауданының әкімі болған, Атырау облыстық "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған Марат Түсіпқалиевтің әйелі Ақмарал Түсіпқалиева BOTANICA TOWER ғимаратында орналасқан, құны 400 млн теңгеге (860 мың доллар) жуықтайтын апартамент иесі.

Азаттық Марат Түсіпқалиевке қоңырау шалды.

– Бұл мүлік туралы не айта аласыз? Ақпаратты растайсыз ба? Сол туралы сұрағымыз келіп тұр.

– Өзінен сұраңыз.

– Ол кісі сіздің жұбайыңыз деп көрсетіліп тұр ғой…

Осыдан кейін телефон байланысы үзілді.

Қазір Марат пен Ақмарал Түсіпқалиевтердің атына тіркелген ресми компания жоқ. Ал Түсіпқалиевтің есімі Ақорда сайтында мемлекеттік қызметтің "А" корпусының кадр резервіне өтуге ниетті кандидаттар тізімінде жүр.

"ОЛАРҒА ЕШҚАНДАЙ СҰРАҚ ЖОҚ"

Азаттық радиосы есімі аталған экс-әкімдер мен олардың туыстарын Дубайдағы үйлерін заңсыз қаражатқа алды деп мәлімдеуден аулақ. Бірақ ол азаматтар мемлекеттік қызметте жүріп, жария тұлғаға айналғандықтан, Қазақстан азаматтарының бұл ақпаратты білуге қақысы бар деп таптық. Екіншіден, құзырлы органдардан бұл мүлік қаншалық декларацияланғанын анықтауға тырыстық. Аталған сұрақтарды тізімдегі адамдардың өзіне және бас прокуратураға қойып көрдік. Жауап бергендердің пікірін ұсынып отырмыз, қалғаны материал шыққан соң пікір білдірсе, онымен танысуға және жариялауға дайынбыз. Ал бас прокуратура нақты ешбір адамның есімін атаған жоқ. Мемлекеттік кіріс комитеті табыс декларациясының бірінші кезеңінде Біріккен Араб Әмірліктерінен мүлік алып, оны ресми көрсеткендердің саны – 40, екінші кезеңінде 29 адам болғанын ғана айтты.

Dubai Unlocked зерттеуі авторларының бірі, Vlast сайтының бас редакторы Вячеслав Абрамов Қазақстанда жылжымайтын мүліктің шығу төркінін түсіндіру мәдениеті жоғын айтады.

Vlast басылымының бас редакторы Вячеслав Абрамов.
Vlast басылымының бас редакторы Вячеслав Абрамов.

30 жыл ішінде қалыптаспаған осы мәдениеттен бөлек олар құқық қорғау органдарынан ешқандай сұрақ тумайды деп есептейді. Мұның бәрі бір бөлігі екінші бөлігін қорғайтын бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істеп тұр. "Біз әлдебір шенеуніктің баласына сұрақ қойсақ, ертең бізге сұрақ туады, сондықтан ешкімнен ештеңе сұрамаймыз" дегендей. Біздің басқа әріптестер қаржы мониторингі агенттігі мен өзге де құрылымдарға Дубай зерттеуі бойынша сұрақ қойғанда "оларға ешқандай сұрақ жоқ" деді. Бұл өте біртүрлі жауап. Осы жаңа зерттеуде олар неге иелік етіп отырғанын көрсетеміз, ал құқық қорғау органдарында әлдебір себеппен оларға сұрақ тумайды. Бұл, шынымен, біртүрлі. Оларға бір күні сұрақ қояды, соны бастайды деп үміттенемін. Мұны қайдан алдыңдар деп бізден емес, біз атап көрсеткен адамдардан сұрауы керек, – дейді ол.

"Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің кезекті бөлімдері үкіметтегі министр, вице-министрлер мен олардың туыстары және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің Дубайдағы дүние-мүліктері жайлы болмақ.

Зерттеудің бұған дейінгі үш бөлімі Дубайдан үй алған қазақ мұнайшыларына, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және депутаттарға арналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG