Accessibility links

"Өлтіріп тастап, өмірде ондай адам болмағандай кейіп танытып отыр". Қаңтардағы жұмбақ қаза


Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңында тұрған қарулы сарбаздар мен беренді техника. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл. Дәл сол күні Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында Нәзір Ізмұхамедов оққа ұшты.
Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңында тұрған қарулы сарбаздар мен беренді техника. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл. Дәл сол күні Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында Нәзір Ізмұхамедов оққа ұшты.

Қанды қаңтар кезінде Алматыда оққа ұшқан 32 жастағы Нәзір Ізмұхамедовтің қазасы жұмбақ күйінде қалды. Марқұмның туыстары бір жылдан бері қылмыскерді таба алмай келеді. Анасы ұлы жұмыс істеген ведомство марқұмды қызметкерлер қатарынан шығарып тастағанына қапалы.

2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыда Нәзір Ізмұхамедов Калашников автоматынан атылған екі оқ тиіп қаза болды. Республика алаңы маңындағы Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында марқұмның көлігіне әскери қызметкерлер оқ жаудырған. Бір оқ сол иығына, екіншісі басына тиген.

Сол күні кешкісін Алматыдағы алаңда болған оқиға –Қазақстанның жаңа тарихындағы бұлыңғыр жайттардың бірі. Қалада жаппай тәртіпсіздік басталған күннің ертеңіне – 6 қаңтарда бір күн бұрын наразылар өртеген әкімдік маңына жүздеген бейбіт адам жиналды. Олар кешке қарай "Террорист емеспіз, қарапайым халықпыз" деген жазуы бар ақ мата ұстап, алаңда тізіліп тұрды.

Қараңғы түскеннен кейін қарусыз наразылық білдіріп тұрған бейбіт адамдарға тұтқиылдан оқ жауды. Куәгерлердің айтуынша, алаңға беренді техника келіп, әскери киім киген адамдар халықты жаппай ата бастаған. Сол күні алаңда нақты қанша адам жараланып, қаншасы қайтыс болғаны белгісіз. Тірі қалған куәгерлердің сөзі, сарбаздардың халыққа оқ жаудырғанын растайтын фото-видеоайғақтарға қарамастан, Ақорда "6 қаңтарда Алматыда әскери қызметкерлер бейбіт халыққа оқ атқан жоқ" деді.

Куәгерлер алаңнан не жақын маңнан өтіп бара жатқан көліктер қарша бораған оқ астында қалғанын айтады. Осындай көліктердің бірінде Нәзір Ізмұхамедов те болған.

"ҚЫЛМЫСТЫҢ АРТЫН ЖУЫП-ШАЙҒАН". ЖАНАЗАДАН КЕЙІНГІ ЖАҒДАЙ

Нәзір Ізмұхамедовтің туыстары қаралы хабарды 7 қаңтарда естіген.

Ертеңіне мәйітханадан сүйегін алған. Нәзірді ата-бабасының туған жері – Ақтауға жерледі.

Нәзірдің анасы Алма Мұратова ұлының жаназасынан кейін түсініксіз жайттар болғанын айтады. Ізмұхамедов бұрын Алматы прокуратурасында жұмыс істеген. Марқұмның қазасынан кейін ведомство оны танымайтындай кейіп танытқан.

– Ұлымнан неге сырт айналғанын түсінбеймін. Қанша рет форма (киіп) келді, погондарын тігіп, жейдесін үтіктегем. Еңбегі сіңгені анық. Енді келіп Нәзір прокуратурада мүлде жұмыс істемегендей кейіп танытып отыр. Жоғарыдағылар ұлымнан бас тартса да, өзі қатарлы жігіттер біледі. Прокуратура қызметкерлері қырқына берген садақамызға (Құран оқыту – ред.) келді, – дейді Алма Мұратова.

Алма Мұратова Қаңтар оқиғасында ұлы Нәзір Ізмұхамедов оққа ұшқан Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында тұр. Алматы, 5 қаңтар, 2023 жыл
Алма Мұратова Қаңтар оқиғасында ұлы Нәзір Ізмұхамедов оққа ұшқан Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында тұр. Алматы, 5 қаңтар, 2023 жыл

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан күш құрылымдары қызметкерлерінің тізімінде Нәзір Ізмұхамедов жоқ. Марқұмның аты-жөні Қаңтар оқиғасы құрбандарының жалпы тізімінде ғана бар.

Алма Мұратованың айтуынша, Нәзірдің қазасынан кейін жақындарының қолында марқұмның төлқұжаты, жүргізуші куәлігі, дипломы сияқты бірде-бір құжаты қалмаған.

– Нәзірдің қалтасынан құжаттарын да, прокуратурада істегенін растайтын куәлігін де таппаған. Қолымызға бірде-бір құжатын берген жоқ. Құжаттары жоқ деді. Өлтіріп, өмірде ондай адам болмағандай кейіп танытып отыр, – дейді марқұмның анасы.

Нәзірдің отбасымен жақын араласатын Қайрат Батырбаевтың айтуынша, Ізмұхамедов мініп жүрген қызмет көлігі жоғалып кеткен.

– Қылмыстың ізін жуып-шайған, сарбаздар атқылаған көлік жоғалып кетті. Істі жауып, ондай қызметкер де, көлік те болмағандай етіп шығарып отыр. Солай ойлаймыз, – дейді Батырбаев.

Алма Мұратова көліктің зым-зия болуы бекер емес дейді. Ол көліктің ізім-қайым болуы мен прокуратураның өз қызметкерінен сырт айналуын Қанды қаңтармен байланыстырады. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар бейбіт наразылықтан басталып, кейін жаппай тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның орнын басқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы билік үшін тартыс деп топшылайды. Астана былтыр қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болды, оны ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығы – Назарбаевтың байырғы серігі Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұйымдастырды деп мәлімдеді.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ҮЙІНЕ АПАРДЫ". НӘЗІРДІҢ СОҢҒЫ ЖАҢА ЖЫЛЫ ЖӘНЕ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР

Нәзірдің анасының айтуынша, ұлы соңғы Жаңа жылын жұмыста қарсы алған. Мерекені отбасымен бірге қарсы алғысы келген жігіт ол жоспарын өзгертуге мәжбүр болған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оқ тиіп қаза тапқан Нәзір Ізмұхамедов. Отбасы архивіндегі сурет
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оқ тиіп қаза тапқан Нәзір Ізмұхамедов. Отбасы архивіндегі сурет

– Жаңа жылға бір-екі сағат қалғанда жұмыстан хабарласып, Астанадан келген бас прокурорды күтіп алу керек деді. Соған кетті, кейін одан "Үйге келе жатырсың ба?" деп сұрадым. "Жоқ, қаланың сыртындамын, прокурорды Назарбаевтың үйіне, резиденцияға апардым. Сыртта күтіп отырмын" деді. Жаңа жылды прокурорды күтіп отырып, көлік тұрағында қарсы алды. Екі күн қатарынан сол кісіні тасыды. Үшінші күні әуежайға апарып келді. 4 қаңтарда бәрі басталды ғой…

4 қаңтарда Алматыда наразылық басталды. Кешкісін мыңдаған адам Алматының батыс бөлігінен орталықтағы әкімдік ғимаратына дейін жаяу жүріп өтті. Әкімдік алдында полициямен қақтығыс басталды. Күш құрылымдары наразыларды тарату үшін шулы граната қолданды. Ертеңіне коммуналдық шаруашылық қызметкерлері бүлік болған жерлерді тазалап шықты. Дүрбелең басылғандай болған еді…

Бірақ 5 қаңтарда наразылық қайта өршіді. Қаланың әр шетінде тұратын адамдар орталыққа ағыла бастады. Түстен кейін наразылар әкімдік ғимараты мен президент резиденциясын басып алды. Полиция, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен басқа да күш құрылымдарының өкілдері көзге түспеді. Кейін Астана "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы полиция департаменті қызметкерлеріне жұмыс орнын тастап кетуге бұйрық беріп, президентті орнынан тайдыру үшін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылардың жұмысын үйлестірумен айналысқан" деп мәлімдеді (билік Мәсімовтің кінәсін дәлелдейтін бірде-бір айғақ ұсынбай, сотты жабық режимде өткізді).

Қалада берекетсіздік басталды. Адамдар сауда орталықтарын тонап, азық-түлік, киім-кешек, аяқкиім мен тұрмыс техникасын ұрлап, банкоматтарды қиратты...

Алматыдан мың шақырымнан астам жерде отырған Тоқаев Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін өз қолына алып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрады. Кей сарапшылар Кремль Қазақстанға әскер жіберіп, элитааралық қақтығыста Тоқаевты қолдап, оған билігін сақтап қалуға көмектесті деп есептейді.

– Қазір біртіндеп не болғанын түсіне бастадық. Бас прокурор ешкімге айтпай, қалаға келген. Назарбаевтың резиденциясында болған. 6 қаңтарда не болғанын көрдіңіз, – дейді Қайрат Батырбаев.

6 қаңтар кешке Алматының орталық алаңында адамдар атылғаннан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі (ІІМ) "территория қылмыстық топтардан тазартылды" деп мәлімдеді. "Тазалау" кезінде қанша адам қырылғаны белгісіз.

Қаңтар оқиғасынан бұрын бас прокурордың Алматыға келген-келмегені құпия қалып отыр. Сол кезде бас прокурор болған Ғизат Нұрдәулетов ақпанда қызметінен кетіп, президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Әлі күнге сол қызметінде отыр.

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Нәзір Ізмұхамедовтің анасы Алма Мұратова (сол жақта) мен отбасының досы Қайрат Батырбаев. Алматы, 5 қаңтар, 2023 жыл
Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Нәзір Ізмұхамедовтің анасы Алма Мұратова (сол жақта) мен отбасының досы Қайрат Батырбаев. Алматы, 5 қаңтар, 2023 жыл

Азаттық Нұрдәулетов туралы сұрақтар қойған хатын президент әкімшілігіне жіберді. Редакция "Нұрдәулетов Қаңтар оқиғасы кезінде бас прокурор қызметімен Алматыға келді ме?", "Назарбаевпен, оның туыстары не серіктерімен кездесті ме?", "Бұл сапарында шенеуніктің жанында кім болды?" деген сұрақтар қойған.

Ақорда екі сөзбен жауап берді. Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Ерлан Байтұқбаев қол қойған хатта "Хатты қарау тоқтатылсын" деп қана жазылған.

Редакция Бас прокуратураға да хат жолдап, "Нәзір Ізмұхамедов қай бөлімде жұмыс істеді?", "Отбасына марқұмның құжаттары берілмегені рас па?", "Ізмұхамедовтің қазасына байланысты қозғалған іс қалай жүріп жатыр?", "Күдіктілер бар ма?" деп сұрады.

Прокуратура Нәзір Ізмұхамедовтің қызметіне қатысты сұрақтарды жауапсыз қалдырды. Марқұмның құжаттары туралы сұраққа да жауап бермеді. Жарты бет жазбаша жауапта 8 қаңтарда полиция департаменті Ізмұхамедовтің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 451-бабы ("ауыр зардаптарға әкеп соққан, қару немесе арнайы құралдар қолданып, билігін асыра пайдалану") бойынша іс қозғалғанын жазған.

Прокуратура Азаттықтың сауалына "Қылмыстық қудалау органы сотқа дейінгі тергеу кезінде Қылмыстық-процестік кодекстің 47-бабы бойынша істі құпия қарау туралы шешім қабылдады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат бере алмаймыз" деп жауап берді.

Қайрат Батырбаев былтыр қаңтарда полиция департаментінде екі хаттамамен танысқанын айтады. Оның бірінде баллистикалық сараптама қорытындысы болған. Сараптамада Нәзір Ізмұхамедовке тиген оқ АК-74 маркалы иір ойықты қарудан атылғаны айтылған. Екінші хаттамада марқұмның денесіне жасалған сараптама қорытындысы жазылған.

– Әскери қызметкерлер атқан. Тергеуші "Ол жақта әскер жүрген, қоршау, БТР-лар тұрды. АК-74 қаруы кез келген адамның қолында болмайды" деді, – дейді Батырбаев.

Қазақстанда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың ісі құпия қаралып жатыр. Көп іс бойынша тергеу тоқтап қалған. Атқан адамдар жауапқа тартылған жоқ.

Қайғылы оқиғадан кейін бір жыл өткенде Алма Мұратова ұлының қазасы бойынша қозғалған іс тоқтатылып, архивке жіберілгенін білген. 2022 жылғы 27 желтоқсанда шыққан тергеу қаулысында "26 тамызда жедел тергеу тобының жетекшісі – Алматы полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы М.Сейсенұлының қаулысымен қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды" деп жазылған.

Алматы қаласының прокуратурасы қаулыны қолдап, істі Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті басқармасының архивіне жіберген.

Қаңтар оқиғасы бойынша қозғалған көп іс "қылмыс құрамы табылмады" деген себеппен жабылған. Жақынынан айырылған ондаған алматылық тұрғынға оқ жаудырған әскери қызметкерлер мен оқ атуға бұйрық бергендер жазаланған жоқ деп біледі.

– Бір жыл бойы күресіп, еш нәтиже шығара алмадық. Істің тоқтатылуына келіспей, қарсы шағым бергіміз келеді, бірақ жақсы заңгер керек. Ешкім тегін жұмыс істемейді ғой. Көмектесуге ниетті жандар болса, іс материалдарын жіберіп, бәрін айтып береміз. Өткенді қазбалағым келмейді, бірақ заңды жақсы білетін адам болса, келісер едім, – дейді Алма Мұратова.

Нәзір Ізмұхамедовтің жақындары марқұмды бір сәтке де ұмытқан емес. Анасы ұлы ерте есейгенін айтады. Нәзір Астанадағы заң колледжін бітіргеннен кейін бір жыл Жаңа Зеландияда оқыған. Бірақ отбасының қаржы жағдайына байланысты елге оралуға тура келген. Анасына көмектесіп, інісіне болысқан. "Бәріне өз күшімен жетті" дейді Алма Мұратова.

– Нағашы әжесінің қолында өсті. Сондай қамқор еді. Анам әлі күнге жылайды. Денсаулығымыздан айырылдық, – дейді марқұмның шешесі.

Алма "ұлымды қайтара алмаймын ғой" деп жылайды. Бірақ әділдік орнап, жан-жақты тергеу жүргізілгенін қалайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар биліктен бірнеше рет шетелдік сарапшылардың қатысуымен Қаңтар қырғынын жан-жақты зерттеуді сұраған. Ақорда бұл ұсынысты қабылдамады. Қайғылы оқиғадан бір жыл өткеннен кейін Human Rights Watch "билік Қаңтар оқиғасы кезінде атылған азаматтардың қазасы мен адам құқықтарының бұзылуы фактілеріне қатысты дұрыс тергеу жүргізуге құлықсыз болды не қабілеті жетпеді" деп жазды.

HRW есебінде "Үкімет қылмысқа қатысы бар күш құрылымдары қызметкерлерін анықтап, оларды жауапқа тарту үшін ештеңе істеген жоқ" деп жазылған.

P. S. Осы мақала жарияланғаннан кейін Алматы қалалық прокуратурасы "Нәзір Ізмұхамедов есімді қызметкердің прокуратура органдарында қызмет атқармағанын" ресми түрде хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG