Accessibility links

"Билікте болмаса да, ықпалын жүргізген". Болат Назарбаев Алматы ауруханасында қайтыс болды


Болат Назарбаев (сол жақта) сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен (оң жақта) бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан қойылған ескерткішті ашу шарасында тұр. Талдықорған, 30 қараша, 2016 жыл
Болат Назарбаев (сол жақта) сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен (оң жақта) бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан қойылған ескерткішті ашу шарасында тұр. Талдықорған, 30 қараша, 2016 жыл

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев 13 қарашада Алматының орталық ауруханасында қайтыс болды. Он күндей бұрын ол ауыр халде ауруханаға түскені жөнінде ақпарат тараған.

Алматының орталық клиникалық ауруханасының баспасөз хатшысы Полина Шиманская 70 жастағы Болат Назарбаев "ұзаққа жалғасқан дерттен соң бүгін таңертең сағат 9:51-де қайтыс болды" деп хабарлады Азаттық тілшісіне дүйсенбіде.

Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы пост жазды.

Былтыр жазда билікке жақын ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың "көп жылдан бері науқас екенін" айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған еді.

Ағасы отыз жылға жуық Қазақстанды басқарған кезде өзге де туыстары секілді Болат Назарбаев та Қазақстандағы бай адамдардың қатарына қосылған. Оның мұндай байлыққа қалай жеткені туралы қоғамда түрлі пікір айтылады.

Кейбір басылымдар Болат Назарбав "өзгенің мүлкін өте арзанға сатып алып" рейдерлікпен айналысады деп те жазған. Ондай мазмұндағы ақпарат домен атауы "kz" кеңістігінен тыс аймақта тіркелген өзге де онлайн басылымдарда шықты. Сол кезде де, одан кейін де мұндай хабарды теріске шығарған немесе сотқа шағымданған ешкім болмады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең көп адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жоғарғы билікке ықпалынан айырылған соң Болат Назарбаев пен оның активтеріне байланысты дау шығып, кейбір істер сотқа да жеткен.

"ҮШ БАЛАСЫ БАР ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫ"

Туған ағасы Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы маусымда Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшылығына тағайындалған кезде Болат Назарбаев Қаскелең нан зауыты директорының орынбасары болып істейтін. Нұрсұлтан Назарбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Мәскеуде шығатын "Дружба народов" журналына берген сұхбатында, Қазақстан компартиясын Дінмұхамед Қонаев басқарып тұрған кезде оны ашық сынаған соң үстінен тексеріс жүргенін айтқан еді.

– Үш баласы бар інім совхозда слесарь-сантехник, әйелі асханада жұмыс істеді. Соның үйін де арнайы барып тексерді, әр сантиметріне дейін шұқшиып, інім менің лауазымымды пайдаланып, үйді заңсыз салып алған дегенге ілік іздеді... Бір метр де артық шыққан жоқ, барлығы заңды болатын, – деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) інісі Болатпен (оң жақта, көкшіл түсті шляпада) Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде, 2011 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) інісі Болатпен (оң жақта, көкшіл түсті шляпада) Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде, 2011 жыл

Ағасы Нұрсұлтан әуелі Қазақ ССР-нің, кейін тәуелсізҚазақстан мемлекетінің президенті лауазымына сайланған соң інісі Болаттың шаруасы дөңгеленіп, тасы өрге домалай бастады. Ол бірден үлкен кәсіп бастап, "BN Invest" холдингін құрды. Қоғамда оның есімі елдегі аса бай адамдардың қатарында жиі аталып келсе де, байлығының көлемі жайлы ресми дерек аз.

1970 жылы Шамалғандағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, 2000 жылы 47 жасында Қарағанды қаласындағы "Фемида" заң институтының дипломын алған Болат Назарбаев шетел бизнесмендерімен өтетін түрлі бизнес форумдарда, республикалық деңгейдегі бизнес жиындарда да көзге түсе қойған жоқ. Оның есесіне сән-салтанатты тойларда қызыл көйлек, қызыл туфли, қызыл шалбармен немесе аппақ киіммен жиі жүретінін, қалтасынан ақша алып, көпшілік алдында таратынын Youtube желісіндегі видеолардан көруге болады.

Болат Назарбаев Қазақстандағы, әсіресе туған жері Алматы облысындағы ең ықпалды адамдардың бірі саналды. Әкімдердің оған айрықша ізет көрсеткенін, тойға барғанда да полиция күзетімен жүргенін әлеуметтік желіде тараған түрлі видеолардан байқалады.

2019 жылы күзде Қазақстанның оңтүстігінде ұлының сүндет тойын өткізіп, оған тікұшақпен келгені, полиция жасағы күтіп алып, жан-жақтан қаумалап, тікұшақ қонған алаңнан той өтетін жерге дейін бірге еріп жүргені әлеуметтік желіде жиі талқыланды.

Болат Назарбаев неге ақша таратып жүр? (18 қазан, 2019 жыл)

Болат Назарбаев неге ақша таратып жүр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:27 0:00

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, кейін қуғынға ұшырап, Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда өлген Рахат Әлиев бір сұхбатында Болат Назарбаевты "Алматы облысының Қарасай, Жамбыл аудандарының көп жерін, тау-тасына дейін иеленіп алған. 80 мың гектар жерім бар деп мақтанған. Шамалған ауылының жоғарғы жағында, тау етегінде сарайы бар" деген еді.

Жұрт арасында Алматы қаласы мен облысындағы бірнеше ірі сауда нысаны – "Алтын орда" мен "Барлық" базары және "Барыс" көлік базары, "Үшқоңыр" сауда орталығы Болат Назарбаевқа тиесілі деген ақпараттар жиі айтылатын.

Алматының ішіндегі "Никольский" базарына байланысты дау кезінде де иегер ретінде Болат Назарбаев аталған. Әдетте Қазақстанда есеп-қисабы ашық айтылмайтын базар бизнесінің айналымы мен кірісін, ірі сауда нысандары қожайындарының нақты табысын шамалап болсын айтудың өзі қиын.

Қаңтар оқиғасынан кейін аталған активтердің көбі сот ісіне ілік болды.

Алматыдағы ірі көтерме және бөлшек сауда орталығы – "Алтын орда" базары. 28 қыркүйек, 2023 жыл
Алматыдағы ірі көтерме және бөлшек сауда орталығы – "Алтын орда" базары. 28 қыркүйек, 2023 жыл

2000 жылдары Болат Назарбаев президент ағасына қатысы бар саналатын аса ірі "Қазақмыс" компаниясының директорлар кеңесінің мүшесіне айналды. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші компанияның қожайыны Владимир Кимнің байлығын Forbes басылымы 4,6 миллиард доллар деп бағалаған, алайда қазақстандық оппозиция бұл компанияны елдегі ең күшті ықпалға ие болған Назарбаевтың отбасымен байланыстырады.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жариялаған зерттеуде "Қазақстанның жемқорлықпен атышулы болған табиғи ресурстар саласында" аста-төк байлыққа кенелгендер туралы айтылады.

Бірақ кейін Болат Назарбаевтың аты-жөні "Қазақмыс" компаниясының түпкілікті шешім қабылдайтын басшылығы тізімінен шығып қалды. Қаржы және саясат жөніндегі сарапшылар дүние-мүлікті өзге адамға тіркетіп қойып, шынайы қожайынның билікте отыруы Қазақстан үшін қалыпты нәрсе екенін айтады. Лондондағы Chatham House саяси зерттеу орталығының сарапшысы Маллинсон Forbes басылымына берген пікірінде, акцияларды бір қолдан екіншіге еш себебін түсіндірместен беру – қазақстандық корпорацияларға "тән" қарекет екенін айтқан.

KASE дерегінде Болат Назарбаев 2014 жылғы 1 қыркүйектегі есеп бойынша, Bank RBK банкінде 7,83 пайыз үлесі бар жаңа акционер деп көрсетілген. Бірақ содан кейінгі айлардағы банк есептерінде Болат Назарбаевтың аты-жөні кездеспейді.

2016 жылы көктемде Украина өз аумағындағы "Евробанктің" 50 пайыз үлесін Болат Назарбаевтың сатып алуына рұқсат берді деген хабар тарап, кейін тоқтап қалды.

"ПАРАСАТ" ОРДЕНІ ИЕГЕРІ

Қаңтар оқиғасына дейін көп жыл бойы билікшіл басылымдар Болат Назарбаевты "халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігін қолдауды" мақсат тұтатын "Салиқалы ұрпақ" қайырымдылық қорын құрған меценат ретінде дәріптейтін. Осы қорды құрғаны үшін 2016 жылы, ағасы мемлекет басқарып отырған кезде Болат Назарбаев "Парасат" орденімен марапатталды.

"Салиқалы ұрпақ" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Назарбаев. Жеке сайтындағы фото
"Салиқалы ұрпақ" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Назарбаев. Жеке сайтындағы фото

Ол өзінің билік пен бизнеске ықпалын президенттің туысы болғандығымен байланыстыратын сыншылардың сөзімен келіспейтін.

"Жұрт ағасы көмектеседі деп ойлайды. Мен ол кісіден осы уақытқа дейін мына жерде жұмыс істегім келеді деп қызмет сұраған емеспін. Адамның басы жұмыс істесе фамилия да жетеді, әрі қарай өзім алып кеттім" деген Болат Назарбаев баспасөзге берген бір сұхбатында.

Ол 2020 жылы наурызда коронавирусқа байланысты Қазақстанда карантин басталған кезде жұртқа үндеу тастаған экс-президент ағасының бастамасымен ашылған қорға 150 миллион теңге аударып қолдағандардың бірі болды. Билікке тәуелді ақпарат құралдары Болат Назарбаевты үш мешіт салған, төрт рет Меккеге қажыға барған адам ретінде сипаттады.

Болат Назарбаев бірнеше күн ауыр халде жатып қайтыс болған Алматыдағы орталық клиникалық аурухана аумағына кіріп бара жатқан автокөліктер. 13 қараша, 2023 жыл
Болат Назарбаев бірнеше күн ауыр халде жатып қайтыс болған Алматыдағы орталық клиникалық аурухана аумағына кіріп бара жатқан автокөліктер. 13 қараша, 2023 жыл

2017 жылы Алматы облысының "Туған жер" бағдарламасы аясында Болат Назарбаев өзі туып-өскен Шамалғанға 17 үй салып, оны таратқаны баспасөз бетінде ірі қайырымдылық шарасы ретінде көрсетілді.

2010 жылы Алматы облысы Қызылағаш ауылын су шайып кеткенде ресми баспасөз Болат Назарбаевтың осы ауылға 20 үй салып бергенін хабарлаған.

Болат Назарбаевпен бірге бірнеше видеода көрінетін "жас әйелдерінің" бірі де мыңдаған доллар тұратын қымбат киімін мен аста төк өмірін әлеуметтік желіге жариялап тұрды.

Болат Назарбаевтың "әйелі" қанша ақшаға киінеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Болат Назарбаев – Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік қызметке бармаған сирек туысының бірі. Алайда балалары Алматы қаласы мен Алматы облысында мемлекеттік лауазымды қызметтерде істеді.

1983 жылы туған ұлы Нұрбол Назарбаев Алматы облысының прокуратурасы мен ішкі істер басқармасында қызмет атқарды. Кейін бизнеске ауысып, "Prime Capital Holding" инвестиция қорының төрағасына айналған.

1975 жылы туған қызы Гүлмира Әбішева да Алматы қалалық әділет басқармасы бастығының орынбасары, Алматы қалалық сотының судьясы болып істеді, Алматы облыстық сотының судьясы, Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрайымы қызметін атқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауданаралық әкімшілік сот төрайымы қызметінен кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG