Accessibility links

"Порновидеоға бола итті азаптаған". Қазақстанда жануарды қинаған қаныпезердің жазасыз қалатыны қалай?


Мемлекет жануарларды "аулап, көзін жою" үшін ақша төлейтін "Астана Ветсервис" кәсіпорнындағы қаңғыбас күшік.
Мемлекет жануарларды "аулап, көзін жою" үшін ақша төлейтін "Астана Ветсервис" кәсіпорнындағы қаңғыбас күшік.

Жануарлар құқығын қорғаушылар Нұр-Сұлтан қаласындағы қараусыз қалған жануарларға тұратын изолятордан жыныс мүшесі зақымданған иттерді тапқан. Еріктілер жануарларға белгісіз біреулер зорлық көрсеткен деп санайды, мұны ветеринар дәрігердің қорытындысы да растайды. Иттерді асқан қатыгездікпен қинағанына дәлел бұл оқиға қоғамда жануарларды қорғау заң жүзінде ақсап тұрғанын тағы да еске салды.

6 қыркүйекте еріктілер "Астана Ветсервис" мемлекеттік кәсіпорны аумағындағы төрт иттің жыныс мүшесі жараланып, қансырағанын байқаған. "СтопОтлов" жануарларды қорғау қорының басшысы Юлия Педченко бірден ветеринар мен полицияға хабарласқан.

8 қыркүйекте Юлия "Византия" ветеринарлық емханасынан алдын-ала медициналық қорытынды алған. Онда "иттердің жыныс мүшесінің тіні жыртылғаны" жазылған.

Юлия Педченко.
Юлия Педченко.

– Емхана дәрігерлері бұл жарақаттың табиғи жолмен емес, цилиндр пішініндегі құралдың көмегімен салынғанын растады. Жарақаттың сипатына қарап, көпшілікке көрсету мақсатымен жыныстық қатынас имитациясы жасалған болуы мүмкін деп ойлаймын. Яғни, жыныстық қатынас болып жатқанын көрсететін видеоға түсірген кезде зақым келтірген. Иттің өз-өзіне мұндай жарақат салуы мүмкін емес, – дейді Юлия Педченко.

"ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ЕМХАНАҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР"

"СтопОтлов" қорының басшысы "Астана Ветсервис" мемлекеттік кәсіпорнына хат жазып, иттердің суреті мен медициналық қорытындыны қоса жолдаған. Бірақ кәсіпорын тарапынан ешқандай реакция болмаған соң, еріктілер кінәлілер жазасыз қалуы мүмкін деп қауіптеніп, иттерге әлдекімдер зорлық жасаған болуы ықтимал екені туралы ақпаратты әлеуметтік желіге жариялаған.

Бұл оқиғаға қоғам назарын аударудың арқасында полиция қылмыстық іс қозғап, сараптама жүргізу туралы шешім қабылдады.

– Сараптама жүргізуге бекітілген адамдар күмән туғызады, өйткені олардың әкімдікпен байланысы бар. Біз бұған келіспей, бейтараптылық сақталуы үшін Ресейден тәуелсіз сарапшы шақыруды сұрап, өтініш бердік, – дейді Юлия Педченко.

Қаңғыбас ит. Көрнекі сурет.
Қаңғыбас ит. Көрнекі сурет.

Жануарлар құқығын қорғаушы еріктілерге Instagram желісіндегі фейк парақшалардан шабуыл жасалып, ветеринарлық емханаға қысым көрсетуге талпыныстар болғанын айтады.

– Медициналық қорытынды берген бас дәрігерге қысым көрсетілді. Бірақ бас дәрігер қорытындысын өзгерткен жоқ, біз соған алаңдаған едік, – дейді Юлия Педченко.

"СтопОтлов" ұйымының басшысы тергеудің объективті жүретініне күмән келтіреді.

– Бәрінің аузын жабуға, бізді қаралап көрсетуге тырысатынына сенімдімін. Бізді бәрін әдейі жасады деп айтатын шығар. Ондай сценарийге де дайынмын. Кеше "Астана Ветсервис" қызметкерлері құжатқа қол қоюды, бірақ күнін жазбауды сұрады. Олар кейін біздің өзге бір қажет датаны, мысалы тамыз айын жазып, иттер изолятор аумағында жараланбаған деп көрсетуі мүмкін деп күдіктенемін, – дейді Юлия.

ӘКІМДІК: ИТТЕР ИНФЕКЦИЯ ЖҰҚТЫРҒАН БОЛУЫ МҮМКІН

"Астана Ветсервис" мемлекеттік кәсіпорны басшысы Данияр Абдулов журналистермен ашық әңгімеден тартынады: телефон қоңырауы мен WhatsApp желісіндегі хатқа жауап бермейді, ал қабылдау бөлмесіндегі қызметкер бастығының орнында жоқ екенін айтады. "Астана Ветсервис" кәсіпорнының үстінен қарайтын қала аумағын бақылау және сапа басқармасындағылар Абдуловтың тергеу кезінде уақытша қызметінен шеттетілгенін хабарлады.

Айдын Молдағалиев.
Айдын Молдағалиев.

– Біз де ақиқатты анықтағымыз келеді. Бірақ қылмыстық іс қозғалғандықтан, ешкім араласа алмайды. Нәтижесін күтуден басқа амал жоқ, – дейді басқарма басшысының орынбасары Айдын Молдағалиев.

Ол сондай-ақ "алдын-ала медициналық қорытындыға байланысты сұрақтары барын" айтты.

– Атыраулық ветеринар суретке қарап, жарақаттың инфекциялық ауру белгісіне ұқсайтынын айтты. Қаңғыбас иттерде әртүрлі ауру болатынын білесіз ғой? Бірінші жасалған медициналық қорытынды ақиқат немесе жалған деп айта алмаймын. Бірақ қорытындыға байланысты сұрақтар бар, – деді Молдағалиев.

– Ветеринарлық емханаға ешқандай қысым жасалған жоқ. Ветеринария жайлы сұрақтар қойылды. "Медициналық қорытынды жасарда белгілі бір ауруларды алып тастадыңыздар ма?" деп сұрадық. Оларға осы сұрақтар ұнамаған. Олар (еріктілер) (иттерге зорлық жасалған) деп топшылайды, бірақ мұны ешкім көрмеген, – деді журналист сұрағына жауап берген шенеунік.

Ол заңнамалық кемшіліктерге байланысты ақша жетпейтінін, сондықтан изоляторда бейнебақылау камерасы жоғын да атап өтті.

– Бірақ біз ауыл шаруашылығы және экология министрліктерінің алдында жануарларды асырауға арналған бюджет бағдарламасын ашу туралы мәселе көтердік. Бағдарлама қабылданса, қаржы бөлуді қарастырамыз. Сонда жануарлардың тамағына ғана емес, сапалы медициналық көмекке және бейнебақылау камераларын орнатуға ақша болады. Әзірге бюджеттен бөлінген азын-аулақ қаржы мен демеушілердің (еріктілер, кәсіпкерлер, өзіміз де көмектесеміз) арқасында асырап отырмыз, – дейді Молдағалиев.

"ЖАНУАРЛАРДЫ АУЛАП, КӨЗІН ЖОЮ" ҚАНША ТҰРАДЫ?

Әкімдіктің дерегінше, "Астана Ветсервис" кәсіпорнының жылдық бюджеті шамамен 90 млн теңге. Одан бөлек, кәсіпорын мемлекеттік сатып алу байқауына да қатысады. "Астана Ветсервис" – "Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және көзін жою" бабы бойынша негізгі қызмет көрсетуші кәсіпорын саналады. Биыл қаңтарда "Астана Ветсервис" тендерде бір көзден алу әдісімен 94,8 млн теңгенің келісімшартына қол жеткізген. Ал бір ай бұрын дәл осындай қызмет бойынша әкімдікпен 107 млн теңгенің келісімшартын бекіткен.

Аdata.kz дерегінше, 2016 жылдан бері кәсіпорын жалпы құны 506 780 176 теңге болатын 354 келісім жасасқан.

Нұр-Сұлтандағы "Астана Ветсервис" кәсіпорнындағы күшіктер.
Нұр-Сұлтандағы "Астана Ветсервис" кәсіпорнындағы күшіктер.

Statsnet ұсынған ақпаратқа сәйкес, компанияның болжамды жылдық табысы – шамамен 140 млн теңге. Бірақ компания сенімсіз саналады: ол салық төлемдері мен заңды күшіне енген құжатты мәжбүрлеп орындатуға жататын борышкер тізімінде тұр. Кәсіпорынға қарсы 10 азаматтық сот ісі қозғалған. Олардың ішінде жұмыстан босатылғандарды қайта қызметке алу туралы еңбек дауы да бар.

Мемлекеттік тапсырыс талаптарын да гуманистік деп айту қиын. Байқаудың техникалық сипаттамасында жануарларды аулау ісімен айналысатын компанияда өлген жануарларды өртейтін пеш, жануарды жансыздандыратын (кемі 6 дана) дәрісі бар пневматикалық қару, дәрі атқыш, тор, қақпан, бұғалық болуы керегі жазылған.

Еріктілердің сөзінше, жануарларды аулаған кезде қатыгездік жиі жасалады, кейде ит-мысықты ұстамақ болғандар оларды өлтіріп тынады.

– Жануар ауырсынбай ұйықтап қалып, торда оянуы үшін оқ-дәрі седативті болуы керек. Бірақ іс жүзінде оқ-дәріні бұлшық етті жансыздандыратын уға батырады, салдарынан жануар біртіндеп тұншыға бастайды. Көбіне жартылай тірі итті пешке салып, өртейді. (...) Итті атып өлтірген жағдайлар да болған. Атылған иттің иесінің қолында бейнебақылау камерасынан алынған видео болғанына қарамастан, ештеңе істей алмады. Біздің заңдарда жазадан жалтарудың жолы көп. Ешқандай жаза берілмейді, – дейді Юлия Педченко.

Ол қаңғыбас жануарларды аулау ережесінен мысықты алып тастау керегін, өйткені олардың адамдарға шабуылдамайтынын және жұқпалы ауру таратпайтынын айтады.

Темір торға қамалған ит. Көрнекі сурет.
Темір торға қамалған ит. Көрнекі сурет.

Айдын Молдағалиев қаңғыбас жануарларды аулау кезінде қатыгездік таныту фактілері барын мойындайды, бірақ "ондай жағдай өте сирек" деген уәж айтады.

– Астанада иттің адамға шабуылдағаны жайлы 3400-ге жуық факт тіркеледі. Қабаған иттер бар. Оларды ұстау үшін әуелі тор, қақпан сияқты құрал-сайман қолданады. Олар көмектеспесе, жануарды жансыздандыратын дәрісі бар пневматикалық қару пайдаланылады. Иә, кейде жануарлар өліп қалады. Бірақ таразыға адам өмірі мен иттің өмірін қатар салсақ, адам өмірі жоғары тұрады. Жапа шеккен 3400 адамның арасында сөмкесінде тамағы бар мектеп оқушылары да болған. Заң қабылданған кезде жануарды қараусыз қалдырып, тастап кететін адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру керек. Мысыққа келсек, азаматтық позициям былай: мысық қауіпті емес, бірақ біз олардан қорқатын не жиіркенетін тұрғындардың шағымын елеусіз қалдыра алмаймыз. Бірақ мысықтарға пана тауып береміз, – дейді Айдын Молдағалиев.

"АДАМДЫ ЖАНУАРДАН ЖОҒАРЫ САНАУҒА БОЛМАЙДЫ"

Қазақстанда жануарларды аулау мен өлтіруді (көбіне мұндай іс-әрекет балалардың көзінше болады) адамдарды қорғау шарасымен ақтап алу әдетке айналған. Еріктілер мен жануарлар құқығын қорғаушылар мұнда үлкен коммерциялық мүдде жатыр деп есептейді.

– Өкінішке қарай, бізде бәрі жемқорлыққа тіреледі. Жануарларды аулауға бөлінетін бюджеттен ақша жымқырылмаса, бәрі әлдеқашан жақсы болар еді. Ит аулауға ақша бөлінбесе, көшедегі ит саны да азаяр еді. Өйткені ит аулаушыға қаңғыбас жануардың көп болғаны тиімді. Ит-мысық көп болған сайын бюджеттен де көп қаржы бөлінеді. Мысықты неге аулайтынын мүлде түсінбеймін. Олар кеміргіштерге қарсы күресетін жануар ғой. Бірақ бұл да пайда, өйткені мысықтарға да ақша бөлінеді, – дейді жануарлар құқығын қорғаушы Ангелина Котова.

Жануарлар құқығын қорғауға үндеп, пикетте өткізген журналист Әйгерім Тілеубаева. Алматы, 5 маусым 2020 жыл.
Жануарлар құқығын қорғауға үндеп, пикетте өткізген журналист Әйгерім Тілеубаева. Алматы, 5 маусым 2020 жыл.

Жануарлар құқығын қорғаушы басқа адамдар сияқты Ангелина да адамдар кез келген тірі ағзаға құрметпен қарауы керек деген көзқарас ұстанады.

– Әлемдегі дамыған 30, 20 елдің қатарына кіргіміз келсе, барлық өркениетті елде жануарларды қорғау туралы заң бар. Адам да өзіне өмір сүруге мүмкіндік берген табиғатта тіршілік етеді. Адам бүкіл ағашты кесіп, жануарларды түгелдей қырып тастаса, өзі де көп ұзамай өледі. Сондықтан жануарларға жасалған қатыгездікті ақтауға болмайды. Біз қылмысты қолдап отырмыз. Адам қатыгезденіп, ләззат ала бастайды. Бала итті өртесе, оның патологиясы бар деген сөз. Ата-анасы дұрыс тәрбиелемей, осыған жол берген. Ондай балаларды есепке алу керек. Қазір сегіз жасында күшікті өртесе, ертең 14-ке толғанда баланы өртейді, одан кейін маньяк болады. Психиатрияда кез келген қатыгездік бірінші жануарға жасалып, сыналатыны әлдеқашан дәлелденген, – дейді Ангелина Котова.

Еріктілер жануарларды қорлайтын балалармен де жұмыс істеуге тырысады. Ерікті Санетта Космынина балалар көзін, мұрны мен аузын желіммен жапсырып тастаған марғауды қалай құтқарып қалғанын әңгімелеп берді.

Санетта Космынина.
Санетта Космынина.

– Біз әженің жылаған дауысын естідік. Ол қолына үсті-басына түгелдей желім жағылған марғауды ұстап тұрды. Біз оны бірден емханаға апардық. Жағдайы ауыр болды. Бірақ емханадағылар марғауды құтқарып, үсті-басын желімнен тазартты. Қазір бір көзі жарыққа қимылдайды. Екінші көзі де қалпына келер деп үміттенеміз. Феликстің сауығып кетуге мүмкіндігі бар, – дейді Санетта Космынина.

Енді алматылық ерікті мысықтың киімін киіп, қолына желім деген жазуы бар ыдыс алып, Феликс жараланған аулаға барып, тәрбие жұмысын жүргізуге бел буған.

– Балалар мен олардың ата-анасымен сөйлесіп көрмекпіз. Жануарларды жақсы көруге мәжбүрлемейміз, бірақ оларды ренжітуге болмайтынын түсіндіру керек, – дейді ерікті.

"БАҚ ЕҢ ҚАТЫГЕЗ ОҚИҒАЛАРДЫ ҒАНА БЕРЕДІ, БІРАҚ ҚАНЫПЕЗЕРЛІК ФАКТІЛЕРІ ЖИІ БОЛАТЫНЫ ЕЛЕНБЕЙДІ"

Соңғы айларда қазақстандықтар жануарларға қатыгездік жасалған оқиғалар туралы көбірек айта бастады. Итбалықты таяқпен ұру, итті тоңазытқыштың есігімен қылқындыру сияқты көп талқыланған фактілерден бөлек, басқа да оқиғалар болған. Мысалы, биыл қыркүйекте қаныпезерлер иттің басына шеге қаққан.

Жануарлар құқығын қорғаушы Сергей Снегирев ақпарат құралдарына ең қатыгез оқиғалар ғана шығатынын, бірақ бұл "қаныпезерлік фактілерінің жиілігінен" хабар бермейтінін айтады. Оның пікірінше, қазір Қазақстанда жануарларға жасалатын қатыгездіктің алдын-алу немесе тоқтату шаралары жетіспейді.

Сергей Снегирев.
Сергей Снегирев.

– Мектептерде табиғаттану сияқты жануарларға жауапкершілікпен қарауға баулитын жеке пән болуы керек. Жұмыс істейтін қылмыстық бап керек – айыппұл қылмысты тоқтатуға көп әсер ете қоймайды. Қазір жануарларға қатыгездік таныту туралы 316-бап бар, бірақ оның өзі жұмыс істемейді. Тіпті кінәсі дәлелденсе де, қаныпезерге айыппұл салынып, қоғамдық жұмысқа ғана тартылады. Әйтпесе 30-50 тәулікке қамалады, бірақ өз басым ондайды кезіктірмеппін. Сөзсіз мұндай адамдар оқшаулануы керек, өйткені олардың әрекеті қоғамға қауіпті, – дейді Сергей Снегирев.

Ол жануарларға жасалатын қатыгездік үшін жауапкершілік алмайтын мемлекеттік ветеринарлық қызметтердің жұмыс әдісін өзгерту керек деп есептейді.

Тіпті кінәсі дәлелденсе де, қаныпезерге айыппұл салынып, қоғамдық жұмысқа ғана тартылады. Әйтпесе 30-50 тәулікке қамалады, бірақ өз басым ондайды кезіктірмеппін.

Жақында қаңғыбас ит-мысықты аулаушылар күндіз балалардың көзінше ит атқан. Осыдан кейін ата-анасына балаларын психологқа апаруға тура келген. Бұл туралы Азаттыққа "Аяныш" жануарларды қорғау қорының өкілі Айгүл Имбергенова айтып берді. Ол "адамдардың қауіпсіздігі жануарларға жасалатын қатыгездікті ақтамайды" деген оймен келіседі.

– Итті қалай аулайтынын көрген адамның көбі үлкен зардап шегеді. Көп адам мұндай әдіске қарсы. Таразда ит аулаушының үйде жүрген итті оның иесінің –кішкентай қыздың көз алдында өлтіргені туралы оқиғаны еске алып көріңізші. Біз ит аулайтын кәсіпорынды бір күнде жауып тастау мүмкін емесін, көшеде қаңғыбас жануарлар көп екенін түсінеміз. Бірақ осы тұста "Жануарлар көшеге қалай тап болған?" деген бірінші негізгі сұрақ туады. Бұл адамдардың жауапсыздығынан болады. Күшік сатып алып, ойнап, тастап кетеді. Ит жалықтырса немесе қартайса да, оның тағдыры солай аяқталады. Адамға шапқан иттен гөрі адамның қолынан зардап шегетін жануар саны әлдеқайда көп. Қаныпезерлік фактілерін күнделікті бәрі көріп отыр. Біз асыра сілтеп отырған жоқпыз, - дейді Айгүл Имбергенова.

ЖАНУАРЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫЛАР ҚАНДАЙ ШЕШІМ ҰСЫНАДЫ?

Азаттық сөйлескен жануарлар құқығын қорғаушылардың бәрі "қараусыз қалған жануарлар мәселесін шешудің жалғыз жолы – шығу тегі белгісіз жануарды стерилизациялау" деген пікірге қосылады.

Нұр-Сұлтандағы "Астана Ветсервис" компаниясында қамауда тұрған ит.
Нұр-Сұлтандағы "Астана Ветсервис" компаниясында қамауда тұрған ит.

– Клубтан тыс көбеюге тыйым салу керек. Қазір көп адам сату мақсатында ит пен мысықты көбейтумен айналысады. Елде әртүрлі тұқымға жататын жануар тым көп. Көбіне оларды көбейту сапасыз жүргізіледі. Ауру жануар кейін тағы да далада қалады. Жануарларды көбейтумен арнаулы куәлігі, рұқсаты мен сертификаты бар клубтар ғана айналысуы керек, – дейді Айгүл Имбергенова.

Актриса Бриджит Бордо итпен бірге. Сурет Бриджит Бордо қорынан алынды.
Актриса Бриджит Бордо итпен бірге. Сурет Бриджит Бордо қорынан алынды.

Жануарларға қатыгездік мәселесін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген. Ол жануарларды қорғау керегі жөнінде алғаш рет Атырау мен Оралдағы өлі иттердің суретін көріп, жағасын ұстаған Италия киноактрисасы Брижит Бардоның хатын алғаннан кейін айтқан.

Соңғы оқиғадан кейін қазақстандықтар жануарларға жасалған қатыгездік үшін жазаны күшейтетін заң қабылдауды талап етіп, онлайн-петиция жариялаған. Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қазіргі заңдар жануарларға қарым-қатынасты жеткілікті деңгейде реттемейтінін айтып, жануарларды қорғауға арналған жаңа заң жобасы дайындалатынын мәлімдеген.

Жануарларды қорғау туралы заң қабылдау қажеттігі жөнінде парламентте де айтылып келеді, бірақ қазірге дейін нақты шара қабылданған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG