Accessibility links

Ақтөбеде өртенген автобус бойынша сот басталды


Сотқа қатысып отырған Өзбекстан азаматтары. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл
Сотқа қатысып отырған Өзбекстан азаматтары. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл

Ақтөбе соты 52 өзбек азаматы қаза тапқан автобус өрті бойынша қылмыстық істі қарай бастады. Сотқа қатысу үшін Өзбекстаннан 11 адам келген.

Алғашқы сот отырысы Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ақтөбе уақытымен таңертеңгі сағат 10-да басталды. Сотқа айыпталушылардың туыстарымен қатар Өзбекстаннан қаза тапқан азаматтардың жақындары да келген.

Сот басталар бұрын бұл іс бойынша қамалған үш азаматты алып келді. Бұлар автобус жүргізушілері - Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және Барат Таңатов. Бұл азаматтар 2018 жылдың 26 қаңтарынан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр.

Ал қалған екі айыпталушы - "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы Нұрлыбек Телепбаев және механик Бахадир Бердібаев кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Олар да сотқа қатыстырылды.

Өртенген автобус ісі бойынша күдікті деп танылған жүргізушілер (әйнек камера ішінде солдан оңға қарай) Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және адвокат Хайрулла Әлимағамбетов. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл
Өртенген автобус ісі бойынша күдікті деп танылған жүргізушілер (әйнек камера ішінде солдан оңға қарай) Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және адвокат Хайрулла Әлимағамбетов. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл

​Тергеу дерегінше, жүргізушілерге "өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамады", "көлікті қолдану ережесін бұзды" деген айыптар тағылған. Ал фирма құрылтайшысы "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыпталған. Механик "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деп айыпталып отыр.

Істі судья Серік Махамбетов қарап жатыр.

"БАЛАЛАРЫМ ӨЛДІ ДЕГЕНГЕ СЕНЕ АЛАР ЕМЕСПІН"

Өзбекстаннан келген азаматтың бірі – Юлдузхан Ганиева сотта Ресейге бет алған жыл басында өртенген автобуста ұлы Адхам Магруфжонов пен немересі Авазбек Магруфжоновтың болғанын айтты. Екеуі де өрттен қаза тапқан.

- Балаларым өлді дегенге сене алар емеспін. Оның үстіне ұлымның қалта телефоны әлі қосулы. Қоңырау барып тұр. Бірақ ешкім тұтқаны көтермейді. Мұны қалай түсінерімді білмеймін, - деді Юлдузхан Ганиева судья Серік Махамбетовке.

Юлдузхан Ганиева сотта сөйлеп тұр. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл
Юлдузхан Ганиева сотта сөйлеп тұр. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл

Судья істі қарау барысында қажеттілік туындаса, қалта телефонына қатысты мәліметтің тексерілетінін айтты.

"АУДАРМА ҚЫЗМЕТІ КЕРЕК"

Серік Махамбетов соталды тергеу мемлекеттік тілде өткендіктен сот процесінің де қазақ тілінде жүргізілетіндігін хабарлаған. Жәбірленуші тарап өздерінің қазақ, орыс тілдерін түсінбейтіндерін айтып, өзбек тілін білетін аудармашыны талап етті. Осыған орай сотта түске дейін үзіліс жарияланды.

Ақтөбедегі сотқа Қазақстанның оңтүстігінен айыпталушылардың туыстары да келген. Өртенген автобус жүргізушісі Мақсат Пернебековтің әпкесі Нұршат Пернебекова өрттен аман қалған екі өзбек азаматының сотқа келмей қалғанына наразы.

- Оқиға орнында не болғанын сол екеуі көздерімен көрді. Өзбекстаннан 11 адам келгенде, олар неге келмей қалған? Сот біраз уақытқа созылатын болар. Мен куәлардың сотқа келуін талап етемін. Олар соттың алдында автобус жүргізушілерінің еш кінәсі жоқ екенін айтсын. Өйткені өрт шыққан кезде автобус жол жиегінде тоқтап тұрған. Ол кезде ұйықтап жатқан бауырымның еш жазығы жоқ,- дейді Нұршат Пернебекова.

Айыпталушылардың бірінің әпкесі Нұршат Пернебекова. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл
Айыпталушылардың бірінің әпкесі Нұршат Пернебекова. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент - Самара тас жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстанның Наманган облысының тұрғындары. Өлген азаматтардың жасы 19-41 аралығында болған. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

​Ресми тұжырым бойынша, өрт автобусты ашық жанатын бензин құралымен қыздыра бастағанда шыққан. Жүргізушілер "көлік құралын пайдалану ережесін бұзды" деп айыпталып, қаңтар айында ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG