Accessibility links

Тоқаев Астана атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгертті


Астана/Нұр-Сұлтан қаласы.
Астана/Нұр-Сұлтан қаласы.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық мәтіні 23 наурызда Ақорда сайтында жарияланды.

Тоқаев қол қойған жарлықта "Қазақстанның əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңының 9-бабына сəйкес қаулы етемін: Қазақстан астанасы - Астана қаласы Қазақстан астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталсын" деп жазылған.

Конституциялық кеңес Тоқаевтың шешімі заңға сай келеді деп тапты. Енді Конституциядағы "Астана" деген атау "Нұр-Сұлтан" деп өзгереді.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан.

20 наурызда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Осы күні парламент жедел түрде Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған. Депутаттардың барлығы бұл ұсынысты қолдап, дауыс берген. Тоқаев ұсынысын Астана қалалық мәслихаты да қолдаған.

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова астана атауын өзгертуді "тарихи оқиға" деп атаса, тағы бір депутат Бекболат Тілеухан бұл ұсынысты "тарихи, әділ шешім" қабылдауға себеп болады деп санайды.​

Заң бойынша, Қазақстан Конституциясына өзгеріс енгізу туралы президент, үкімет немесе парламент ұсыныс жасай алады. Ал ұсынысқа орай бүкілхалықтық референдум өтуі тиіс. Бірақ Қазақстан парламенті қала атауын өзгерту үшін референдум өткізу қажет емес деп шешкен. Бұл шешімді Конституциялық кеңес оң бағалаған.

ТОҚАЕВ ҰСЫНЫСЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАР ҰСТАЛДЫ

21 наурызда ондаған адам Астана әкімдігінің алдына жиналып, қала атауын өзгертуге наразы болған. “Нұр-Сұлтан” атауына қарсы шыққандарды полиция ұстап әкеткен.

22 наурызда Астана мен Алматыда да ондаған адамды полиция ұстап, бөлімшеге әкеткен. Ұсталғандардың арасында Астананың атын “Нұр-Сұлтан” деп өзгертуге қарсы шыққандар да бар. Астанадағы “Шапағат” сауда орталығының алдында “Мен Нұр-Сұлтанға қарсымын. Астана Астана болып қалсын” деген қағаз ұстаған тұрғынды да полиция алып кетті.

"Нұрсұлтан" атауына қарсы тұрғынды полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі 21 наурызда “Хабар” арнасының эфирінде қала атауы өзгерсе де, “Астана опера”, “Астана арена” деген нысандардың атаулар сақталатынын айтқан.

Қазақстанда Астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілген.

2016 жылы қарашада мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов конституцияда Назарбаевтың "мемлекет құрудағы ерекше үлесін" көрсетуді және Астананы Назарбаевтың атымен атауды ұсынған. Назарбаевтың өзі ол кезде депутаттардың ұсынысына алғыс білдіріп, Астананың атын өзгертуді қабылдамаған.

"Астана – бренд. Сондықтан оның атауын өзгертудің қажеті емес” деген еді Назарбаев сол кезде ресейлік телеарнаға берген сұхбатында.

2017 жылы наурызда депутаттар Астананың атауын Қазақстанның тұңғыш президентінің атымен атауды тағы көтерген. Сол кезде сенат депутаты болған Дархан Қалетаев (қазір – премьер- министр кеңсесінің жетекшісі) астана мен елдегі нысандарды тұңғыш президенттің атымен атау ұсынысы "заманауи әрі өзекті" екенін айтқан. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұрынғы Целиноградтың (Астананың СССР кезіндегі атауы) байырғы тұрғыны ретінде астананың атауын өзгертуді қолдайтынын мәлімдеді.

"Мұның астананы ғана емес, тәуелсіз Қазақстанды да қалыптастырған адамға қатысты символ ғана емес, әділетті де болады деп ойлаймын" деген еді Казанцев. Бірақ бұл ұсыныс қабылданбаған.

Билік басына совет заманында көтерілген Назарбаев әуелі экономиканы дамыту саясатын ұстанатынын жиі мәлімдеген, бірақ халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны қоғамды демократияландыруды тежеді, отбасы мүшелерін мемлекет қызметі мен ірі бизнес саласына орнықтырды деп сынап келген.

Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мерекесінде. 21 наурыз 2019 жыл.
Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мерекесінде. 21 наурыз 2019 жыл.

Қазақстандағы облыс орталықтары мен Алматы, Шымкент қаласында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер бар. Астана әуежайына Назарбаевтың есімі берілген.

Қазақстанда Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, тұңғыш президент кітапханасы бар. Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Елбасы жолы" киноэпопеясы түсірілген, ондаған кітап жазылған, бірқатар қалаларда президентке ескерткіш орнатылған. Назарбаевтың Қазақстан ғана емес, шетелдерде де бірнеше ескерткіші бар. Әлеуметтік желілерде жұрт Астана мен Алматыдағы кейбір сәулет омпозицияларында Назарбаевтың келбетіне ұқсайтын мүсін-ескерткіштер бар деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG