Accessibility links

"90-ға жуық" іс. Билік қанша адам ұсталғанын әлі айтпай отыр


Ұлтаралық жанжал болған күннің ертеңіне өртенген көлік қаңқасының қасынан ит жетектеп өтіп бара жатқан полиция. Бұлар батыр ауылы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.
Ұлтаралық жанжал болған күннің ертеңіне өртенген көлік қаңқасының қасынан ит жетектеп өтіп бара жатқан полиция. Бұлар батыр ауылы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан билігі Жамбыл облысындағы ұлтаралық жанжалдан соң 90-ға жуық сотқа дейінгі тергеу ісі басталғанын хабарлады. Ақпанның 7-і кешке болған қақтығыстар салдарынан кемінде 11 кісі қаза тауып, жүзден астам адам жараланды, ондаған үй өртенді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында ақпанның 8-іне қараған түні, негізінен этникалық дүнгендер тұратын бірнеше ауылда кемінде 11 адамның ажалына себеп болған қантөгіске байланысты тергеу орындары "90-ға жуық" іс қозғап, жүздеген адамнан жауап алған. Бұл туралы ақпанның 19-і күні Нұр-Сұлтанда журналистерге Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.

Биліктің ақпараты бойынша, дүнгендердің иелігіндегі үйлерді өртеп, қиратқан ұлтаралық жанжалдың алдында Қордай ауданында екі оқиға болған. Оның бірінде, ішкі істер министрлігі бұған дейін хабарлағандай, жолға таласып, шекісіп қалған екі көлік жүргізушісі арасындағы кикілжің төбелеске ұласып, жүргізушілердің бірінің қарт әкесі зардап шеккен. ІІМ-нің мәліметінше, екінші оқиғада жол үстінде тоқтатып, бөлімшеге баруды талап еткен полицейлерге бағынудан бас тартқан көлік жүргізушісі туған-туыстарымен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен.

"Полиция қызметкерлеріне бағынбай, жанжал шығаруға қатысы бар үш адам ұсталып, іс сотқа жолданды. Осы оқиғаларға себеп болған тағы бір жайт – қарт адамды ұрып-соғуға қатысы барлар да анықталып, қамауға алынды" деді Марат Қожаев. Ақпанның 18-і күні бас прокуратура Қордай ауданында тұратын Воингуй отбасынан шыққан ағайынды үш азаматтың "полицияға шабуылдады" деген күдікпен қамалғанын, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеген еді.

Қазақстан билігі Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты "жаппай тәртіпсіздік", "адам өлтіру", "тонау" қылмыстарына күдікті ретінде ұсталған және тұтқындалған адам саны қанша екенін айтпай отыр.

"Қазір тергеу жүріп жатқандықтан, өзге арандатушылар мен жанжалды қоздырушылар жайлы ақпаратты кейін аласыздар. Айғақ-дәлел жинау жалғасып жатыр. Жақын күндері қалай болғаны, кімдер екені туралы ақпарат береміз. Біз ештеңені жасырмаймыз, қажет болған кезде барлық мәліметті сіздерге береміз. Қылмыстық іс өте көп, күн сайын қосылып жатыр" деді ішкі істер вице-министрі.

Марат Қожаев адам өлтіру фактілеріне байланысты 11 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оның сөзінше, ұсталғандар арасында күш құрылымдары қызметкерлері жоқ.

Бұған дейін Қазақстан билігі қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығысқа жолдағы кикілжің себеп болған деп мәлімдеген еді. Ақпанның 8-іне қараған түні Қордай ауданындағы Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Бұлар батыр ауылдары ойраннан зардап шеккен.

Азаттық репортажы: Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

Ақпанның 7-і күні Қордай ауданындағы туыстарына бармақшы болған 20 жастағы Мұрат Масановтың хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпанның 18-і күні Азаттыққа оның әпкесі Ақмарал Әбдірахман хабарлады. Оның сөзінше, бауырының өртенген көлігі ақпанның 8-і күні Ауқатты ауылының маңынан табылған.

Ақпанның 8-іне қараған түні ойран кезінде 30-дан астам үй, 17 коммерциялық нысан мен 47 автокөлік өртенген немесе бүлінген. Ойран болған ауылдарда тұратын 23 мыңнан астам адам (негізінен дүнгендер) бассауғалап кетуге мәжбүр болды. Олардың көбі көрші Қырғызстанға қашып барды.

Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты. 9 ақпан 2020 жыл

Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Қазақстанның ресми өкілдері ауылдарда тыныштық орнаған соң Қырғызстанға кеткен дүнгендердің көбі үйіне қайтып оралды деп хабарлады.

Қақтығыстардан кейін аймақтың бірнеше лауазымды шенеунігі (арасында облыстық полиция департаментінің басшысы да бар) қызметінен алынды. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз өтініші бойынша қызметтен кетіп, орнына соңғы кезге дейін премьер-министрдің орынбасары болып істеген Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Қордайдағы оқиғалардан кейін құрылған үкімет комиссиясының басқаратын Сапарбаев өткен аптада "жағдай тұрақты, ешқандай мәселе жоқ" деп мәлімдеді. Ол Қордайдағы жанжал биліктің ұлтаралық қарым-қатынастағы күрделі мәселелерді шешіп, реттеуге қауқарсыз екенін көрсетті деп санайтын кей сарапшылардың тұжырымын жоққа шығарды.

Қордайдағы жанжалдан соң қанша адам ұсталғаны айтылмады. 11 ақпан 2020 жыл.

Қордайдағы жанжалдан соң қанша адам ұсталғаны айтылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

"Мемлекеттің әлеуметтік саясаты ешқандай сәтсіз болған жоқ, бұл Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де болатын жағдай" деді ол. Сапарбаев Қордайда болған оқиғаны "ұлтаралық қақтығыс" деп сипаттаумен келіспейтінін де айтты. "Бұл жерде ұлтаралық мәселе жоқ, ол тұрмыстық дау-дамайдан туындады" деді облыс әкімі ақпанның 11-і күні.

Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы Қордай оқиғаларынан кейін таратқан мәлімдемесінде аса ауыр салдарға әкелген жанжалдың "жай ғана тұрмыстық кикілжің емес, тамыры тереңге кететін" себебі барын айтты. Құқық қорғаушы ұйым бұл жанжал қауіпсіздік органдарының шиеленісті дер кезінде анықтауға жеткілікті дәрежеде дайын емесін көрсетті деп санайды.

Қазақстанда ұлтаралық сипаты бар оқиғалар бұған дейін де болған. Алайда билік ондай жанжал, толқулардың этникалық астары барын жоққа шығарып келді.

Этникалық дүнгендер (оларды хуэй деп те атайды) ислам дінін ұстанады. Ұқсас болғанымен қытай тіліне жатпайтын дүнген тілінде араб, парсы және түркі тілдерінен енген сөздер де бар. 1862-1877 жылдары Қытай билігі Цин үкіметіне қарсы көтерілісті қанға бөктіріп басқаннан кейін дүнгендер патшалық Ресейге қарайтын Орталық Азияға қашып келген.

Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы постсоветтік елдерде 120 мыңға жуық дүнген бар. Олардың көбі Қырғызстанның солтүстігіндегі Шу облысы мен Қазақстанның Жамбыл облысында тұрады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG