Accessibility links

Сот "шекара бұзған" Қытай қазақтары Мұсаханұлы мен Әлімұлын елде қалдырды


Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) мен Қастер Мұсаханұлы сотта отыр. Зайсан, 21 қаңтар 2020 жыл. Сурет авторы - Ырысбек Тоқтасын.
Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) мен Қастер Мұсаханұлы сотта отыр. Зайсан, 21 қаңтар 2020 жыл. Сурет авторы - Ырысбек Тоқтасын.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласындағы сот "қазақ-қытай шекарасын заңсыз бұзып өткен" Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын бір жылға бас бостандығынан айырып, елде қалдырды.

21 қаңтардағы Зайсан аудандық сотының судьясы Шынар Оспанова "Қазақстан мен Қытай шекарасын заңсыз бұзған" Қытай азаматтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қылмыстық кодекстің 392-бабымен ("Шекараны қасақана заңсыз кесіп өту") айыпты деп тауып, бір жылға соттады. Олар бір жылдық жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде (бұрын қоныс колониясы деп аталған) өтейді.

Шыңжаң қазақтарының жазасы қамауға алынған уақыттан, яғни 2019 жылдың 18 қазанынан бастап есептеледі және қамауда отырған әр күні екі күн болып (Қылмыстық кодекстің 62-бабына сай, қауіпсіздігі барынша төмен түрмедегі жазаның бір күні екі күн болып саналады) есептеледі.

– Мұсаханұлы мен Әлімұлының қамауда қалу мерзімі – 5 ай 24 күн, – деді судья.

Сот Қылмыстық кодекстің "Шекараны қасақана заңсыз кесіп өту" бабында заң бұзғандарды Қазақстаннан шығару жазасы қарастырылса да, "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келдік" деген екі қазақты Қытайға қайтармай, Қазақстанда қалдырды. Судья бұл шешімді шығарарда Мұсаханұлы мен Әлімұлының қылмысты мойындағандарын, тергеуге көмектескендерін, кішкентай балалары, кәрі әке-шешесі барын ескергенін айтты.

Видео: Cот үкімі қалай шықты?

"Шыңжаңнан қашқан" Әлімұлы мен Мұсаханұлы Қытайға қайтарылмайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

Мұcаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Ләззат Ахатова сот үкімін "жеңіс" деп атады. "Бастысы екеуі елде қалды" деді ол соттан соң.

Жарыссөз кезінде прокурор Ержан Әзімбаев Мұсаханұлы мен Әлімұлының әрқайсысын бір жылға соттауды, "жеңілдетілген мән-жайларды ескеріп" соттан оларды Қытайға қайтармауды сұраған еді.

Ал қорғаушы Ләззат Ахатова оларды кінәсіз деп танып, қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Сотта өздеріне тағылған айыптарды толық мойындаған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы өздерін Қытайға қайтармауды өтінді.

Зайсандағы сотқа Қазақстанның бірнеше аймағынан көптеген белсенділер жиналды. Олардың көбі сот залына сыймай қалды. Судья үкім оқып жатқанда сыртта жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлап, Қытай қазақтарын босатуды талап етіп тұрды.

МҰСАХАНҰЛЫ МЕН ӘЛІМҰЛЫ ШЕКАРАНЫ ҚАЛАЙ КЕСІП ӨТКЕН?

31 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 26 жастағы Мұрагер Әлімұлы 2019 жылы 14-і қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғандарын" мәлімдеген.

Сөздерінше, Мұсаханұлы мен Әлімұлы Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, қазанның 1-і күні Қытай шекарасынан өткен. Қазақстан шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта бес күндей жүріп, қазанның 6-сы күні Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен. Кейін жолай такси жалдап, қазанның 10-ы күні Алматыға "келген".

Баспасөз жиынында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді.

Алматыдағы баспасөз мәслихатынан соң Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп ұстап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің басшысы Дархан Ділмәнов Мұсаханұлы мен Қастерұлының оқиғасынан кейін "Зайсан" әскери бөлімінің командирі қызметтен қуылғанын, басқа да жауапты адамдар жазаға тартылатынын айтқан.

Қазақстан органдары Қытай қазақтарының ісін тергеп жатқанда Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Мұсаханұлы мен Әлімұлын Қытайға қайтармауға шақырған.

9 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның "Босқындар туралы" конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны "халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға" шақырды.

Тәуелсіздік күні билікке талап айтылған наразылық шарасында жұрт Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлын Қытайға қайтармауды талап еткен. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік күні билікке талап айтылған наразылық шарасында жұрт Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлын Қытайға қайтармауды талап еткен. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Қазақстанның өз ішінде де белсенділер Мұсаханұлы мен Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.​

"ҚЫТАЙДАН ҚАШҚАНДАР" ІСІ

Бұған дейін, Мұсаханұлы мен Әлімұлынан бөлек, Шыңжаңның төрт қазағы "Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзғанын" айтқан.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл "Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын" айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

Былтыр 23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот "шекара бұзды" деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген" Ақанның қолында қазір "пана іздеуші куәлігі" бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Биыл 16 қаңтарда Жаркенттегі сот тағы бір "шекара бұзған" Қытай қазағы Тілек Тәбәрікұлын алты айға соттап, Қазақстанда қалдырған.

Желтоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім" деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.

Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған.

АҚШ және Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын сынап келеді. Қытай билігі барлық айыптауды терістейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG