Қаңтар оқиғасынан бері екі жыл өтсе де, Айгүл Ахметжанованың жан жарасы әлі жазылған жоқ. Күнделікті тіршілікпен алданған болады. Бірақ еш жазықсыз оққа ұшқан жұбайы есіне түссе, марқұмның артында төрт баламен жесір қалған келіншектің көмейіне өксік тығылып, көзінен бырт-бырт жас төгіледі.
"ӨЗ БЕТІМЕН КЕТІП БАРА ЖАТҚАНДА АТҚАН"
Алматыдан 36 шақырым жердегі Ақтас ауылы. Канал бойымен біраз жүрсең, үлкен дөңнің жанында сұр шарбаққа тірелесің. Ішінде екі шағын үй тұр. Бірі – Руслан мен Айгүлдің, екіншісі – Русланның қарт ата-анасының шаңырағы. Руслан мен Айгүлдің отасқанына 17 жыл болған еді.
– Үйленген соң бар мақсатымыз үй салу еді. 2010 жылы осы жерді сатып алып, үй салуды бастап, 2017 жылы кірдік. Жеті жыл бойы бірде қабырғасын тұрғызып, бірде шатырын жауып, тапқан-таянғанымызды құрылысқа салдық. 2021 жылы желтоқсанда үйге газ кіргіздік. Руслан "жақсы болды ғой, енді пеш жақпаймын" деп көңілі жай тауып жүрді, бірақ оның да қызығын көрмей кетті ғой, – деді Айгүл Ахметжанова жанары жасқа толып.
Руслан Қуат 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшты. Қапияда қаза табарынан бір-ақ күн бұрын ғана әйелінің төртінші балаға аяғы ауыр екенін білген. "Қатты қуанған еді" деп еске алады Айгүл. Руслан Алматы әуежайының жүк бөлімінде жұмыс істеген.
– Енді көп жұмыс істеу керек, несиелерімізді жауып, ақша жинау керек деді. Қаңтарда кезекті еңбек демалысы еді. Бірақ "қаңтар бойы көлікпен адам тасып, ақша жинап, балаларды қыдыртам, бассейнге жазам" деп жоспарлап жүрді, – дейді Айгүл.
Оның айтуынша, Руслан 6 қаңтарға дейін үйінде отбасымен бірге болған. Ал сол күні "әуежайға шабуыл жасалыпты" дегенді естіген.
– Түстен кейін, сағат төрттен асқанда жұмыстағы жігіттердің хал-жағдайын біліп келем деп үйден шығып кетті. Кешкі алтыда маған телефон шалып, "бәрі дұрыс, көп ұзамай үйге қайтам" деді. Кейін сегізде "мында адам көп, таксиге сұраныс күшті болып жатыр, кішкене жүріп қайтайын" деді. Саған 10-да оның өлгені жайлы суық хабар алдым, – дейді марқұмның жесірі.
Айгүл қоңырау шалғанда күйеуінің телефонынан жауап берген адам Алматыдағы Назарбаев даңғылы бойында оқ тиген жеңіл көлік көшедегі ағашқа соғылып тоқтап тұрғанын, ішінде екі адам – жүргізуші мен жолаушы өліп жатқанын айтқан. Қалада сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін комендант сағаты режимі жарияланғандықтан Русланның туыс-жақыны оқиға орнына бара алмаған.
– Таң атқанға шейін бұл хабар өтірік болса екен деп тіледім. Таңертең Русланның ағасы барып, "айырылып қалдық, Руслан екен" деп хабар естіртті. Сене алмадым, айналдырған төрт-бес сағатта айырылып қалғанымызға сене алмадым. Дөңгелекті неге атпаған? Ескертусіз атуға бұйрық болған күннің өзінде неге басынан атқан? Неге бірден өлтірген? Сол сұрақ маза бермейді. Ол ешкімді я ештеңені бүлдірген жоқ, тонаған жоқ, жай ғана өз бетімен көлікте кетіп бара жатқанда оқ тиіп мерт болды. Екі жыл өтсе де ойымнан кетпейді, оның да өмір сүруге хақы бар еді, – дейді Айгүл.
Үй-іші Русланды 9 қаңтарда жерледі. Айгүл төрт баламен жесір қалды. Төртінші қыз әкесі өмірден өткен соң дүниеге келген.
Руслан қазаға ұшыраған соң бір айдан кейін оның өліміне қатысты іс қозғалғанымен, көп ұзамай жабылып қалған. Іс құпия болғандықтан мән-жайы белгісіз. Тергеу 39 жастағы Руслан Қуаттың қандай да бір қылмысқа қатысы бары анықталмады, істе қылмыс құрамы жоқ деп ұйғарған.
КЕЛТІРІЛГЕН ЗИЯН МЕН ОНЫ ӨНДІРУ ТУРАЛЫ АРЫЗ
Кейін Қаңтар оқиғасында жазатайым қаза тапқандарға қаржылай көмек көрсететін "Қазақстан халқына" қоры марқұм Руслан Қуаттың шаңырағына бір реттік жәрдем – 15 миллион теңге берген: Айгүл Ахметжанова күйеуі Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болғаны үшін 7 миллион және кәмелет жасына толмаған төрт баласы үшін 8 миллион теңге алған.
Айгүл бұл ақшаға бар қарызы мен несиесін жапқанын, Русланның асын өткізіп, зиратын көтергенін айтты. Асыраушысынан айырылған әйел марқұм күйеуінің соңғы екі жылдағы айлығы мен жерлеуіне кеткен шығынды өтеп беруді мемлекеттен талап етіп, биыл жыл басында сотқа арыз берген. Жалақыны – 9 миллион, жерлеу шығынын 5 миллион теңгеге бағалаған.
Апталдай азаматынан айрылып, кейінгі екі жыл декреттік демалыста баламен үйде отырған Айгүл қазір балаларына төленетін жәрдемақыдан басқа табыс көзі жоғын айтады.
– Төрт балам бар. Олардың болашағын ойлаймын, қандай да бір дүние алып қойғым келеді соларға. Балаларға бірдеңе қалса деймін. Күйеуімді тірілте алмаймын, бірақ сол ақша балаларымды аяққа тұрғызуға септігін тигізер еді, – деді Айгүл.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев сотта Ахметжанованың өкілі болып, мүддесін қорғады.
– Руслан Қуаттың 2019 -2022 жыл аралығындағы айлығы жайлы ақпаратты жұмыс берушіден сұратып, соның орташа айлығын алып, өзі қайтыс болғаннан бергі екі жылға көбейттік. 9 миллионнан сәл көп сома шыққасын басында 10 миллион деп сұраған едік, кейін 9 миллионға да келістік. Ал жерлеуге кеткен шығынды жетісі, қырқы мен жылдық асын қосып санадық. Біз сотта бұл соманы соттың өз еркіне қалдырдық, қанша берсе де риза болар едік. Алайда сот өтінішімізді қанағаттандырмады, – деді құқық қорғаушы.
Қалиев Ахметжанованың мемлекеттен марқұм күйеуінің айлығы мен жерлеуге кеткен шығынын өндіріп алуға заңды құқығы барын айтады.
– Алдымен, "Терроризмге қарсы іс-қимыл" туралы заңның 16-бабында "терроризм актісінің жолын кесу кезінде келтірілген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны" жазылған. Конституцияда мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары дегені тағы бар. Сондай-ақ, Азаматтық кодекстің 940-шы және 941-баптарына сай, асыраушысынан айырылғандарға билік шығынын өтеуге тиіс, тіпті жерлеуге кеткен шығынды өтеуге міндетті, – деді құқық қорғаушы.
Азаматтық істі қараған Бостандық аудандық сотының 18 шілдедегі қаулысы бұл заң нормаларын жоққа шығармайды. Бірақ "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңдағы терроризм актісі кезіндегі келген залал есебін бюджеттен өтеу үкіметтің 914-қаулысына сай орындалатыны, оған сәйкес, адамның денсаулығы мен өміріне тиген залал Азаматтық кодекстің 937-946 баптары (азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi, жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу) аясында жүзеге асатыны жазылған.
Сонымен бірге судья Азаматтық кодекстің 917-бабына, яғни "азаматқа келтірілген зиянды оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс" дейді де, Руслан Қуатқа қатысты істің тергеу барысында "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтағанын, яғни оны өлтірген адамдар табылмағанын айтады. Оның үстіне Руслан Қуат терроризмнің алдын алу барысында өлгені я оның өліміне мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің қатысы бары да дәлелденбеген, сондай-ақ, жерлеуге бес миллион теңге жұмсалғанына да дәлел жоқ делінген қаулыда.
Ерлан Қалиев соттың уәждері орынсыз, өйткені Русланның қазасы жөніндегі іс құпия болғандықтан оның мән-жайы отбасына белгісіз, ал жерлеу мен асына кеткен шығынды дәлелдеу мүмкін емес деп есептейді.
– Біріншіден, Руслан Қуаттың ісі 9 ай бойы жабық тергелді. Егер ол іске құқық қорғау органдарының қатысы болмаса, оны құпия етуші ме еді? "Террористік актінің алдын алу" кезінде өлтірмеді деуге де негіз жоқ, себебі ол 6 қаңтарда оқ тиіп мерт болған. Ол кезде елде төтенше жағдай режимі жарияланып, комендант сағаты тәртібі енгізілген еді. Кешкі сағат 11-ден кейін қалада тек әскери қызметшілер ғана жүрді. Ал жерлеуге кеткен шығынды дәлелдеу деген мүлде ақылға сыймайды, сонда не, туыстары чек жинауы керек пе еді? – дейді Қалиев.
Сот қаулысы әлі күшіне енген жоқ. Айгүл Ахметжанова мен Ерлан Қалиев апелляциялық шағым түсіретінін айтады. Әйткенмен үміт тым аз екенін де жасырмайды.
– Олар мұндай істерге қатысты біздің өтінішімізді қанағаттандырудан қорқады. Өйткені, қанағаттандырған жағдайда, әлгі атышулы контртеррористік операциялар кезінде өте көп адам жазықсыз жапа шеккенін мойындағанмен тең, – дейді құқық қорғаушы.
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ ТӨЛЕМ
Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры оқиғадан зардап шеккендерге келесідей бір реттік көмек берді:
- қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасына – 7 миллион теңгеден;
- ауыр жараланған әскери қызметшілерге, ішкі істер мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне – 3 миллион теңгеден;
- Қаңтар оқиғасы кезінде кездейсоқ қаза тапқан азаматтық тұлғалардың отбасына – 7 миллион теңгеден;
- Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған балалардың отбасына – 3 миллион теңгеден;
- Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға – 3 миллион теңгеден төлеген.
Олардың есебіне сәйкес, қор осы күнге дейін 713 адамға көмек көрсеткен. Оның ішінде:
- қаза тапқан 19 әскери қызметшінің отбасына – 7 млн теңгеден;
- ауыр жараланған 111 әскери қызметшіге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне – 3 млн теңгеден;
- қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларындағы 23 кәмелетке толмаған балаға – әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден;
- Қаңтар оқиғасында кездейсоқ қазаға ұшыраған 151 Қазақстан азаматының отбасыларына – 7 млн теңгеден;
- кездейсоқ қаза тапқан Қазақстан азаматтарының отбасыларындағы 148 кәмелетке толмаған балаға – әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден;
- атыс қаруынан зардап шеккен және ауыр жараланып, жәбірленуші деп танылған кәмелетке толған 248 азаматтың әрқайсысына – 3 млн теңгеден;
- Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған 13 баланың отбасыларына – 3 млн теңгеден төленген.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев "Қазақстан халқына" қорының көмегі билікті жауапкершіліктен еш босатпайды дейді.
– Жеке қордың аты – жеке қор. Әрине, қорға көп рақмет. Дегенмен мұнда мәселе сәл өзге. Бұл жол-көлік апаты я баспанасынан айырылып қалған жағдайы жоқ отбасының мәселесі емес, құқық қорғау органдары адамға оқ атты, өлтірді, яғни бұл жерде мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі сөз болып отыр, – дейді Қалиев.
Русланның әкесі Қуат Жәутікбаев өтемақы ұлының орнын толтыра алмайтынын айтты. Ол баласының өліміне кінәлілер туралы шындық ерте ме, кеш пе, түбі бір ашылады деп үміттенеді.
– "Табамыз" деп қояды, табылмайды ол. Табылса, ең қатаң жазасын алуы керек халық алдында... 10 жылдан кейін бе, 15 жылдан кейін бе, бәрібір шындық ашылады ғой. Онда да, мына жақта отырғандар, ұйымдастырғандар, соның бәрін алдырғандар жоқ болғанда айтылады. Шындық сонда ғана шығады ғой деймін. Былай шықпайды шындық. Басып тастайды. Шындық шықса, онда шерің де тарқар еді іштегі, – деді Қуат Жәутікбаев Азаттыққа.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.
ПІКІРЛЕР