Accessibility links

Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.

Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ

АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды.

28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде келесі жылы шығарыла бастайтыны жазылған. Астана мен Анкара 2022 жылдың мамырында дрон шығару туралы келісімге келген. Сол уақытта «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы мен Түркияның Turkish Aerospace кәсіпорны әскери-техникалық ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойған. Құжатқа сәйкес, «Қазақстан инжиниринг» еншілес ұйымы Anka дрондарын құрастыруды және оларға техникалық қызмет көрсетуді жолға қояды.

Түркияның Anka дроны.
Түркияның Anka дроны.

Түркия мен Қазақстан әскери және қауіпсіздік салада отыз жылдан бері серіктес. Екі елдің үкіметтері алғаш рет әскери серіктестік туралы келісімге 1993 жылы қол қойды. 2011 жылы екі ел әскери өнеркәсіп өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Бұл қорғаныс саласындағы серіктестікке жаңа серпін берді. 2013 жылы Түркияның мемлекеттік Aselsan және «Қазақстан инжиниринг» бірлесіп Aselsan Engineering зауытын ашты. Зауыт байланыс пен бақылау құралдарын, автоматтандырылған бақылау жүйесін, электронды соғыс техникасын, авионика жүйесін шығарады.

Мақала авторы тәуелсіз зерттеуші Нұрбек Бекмырзаев түрік дрондарын елде өндіру аймақта Ресей ықпалы әлсіреп жатқан уақытта Астана мен Анкараның әскери және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын көрсетеді деп жазады. Ресей Украинаға басып кірген соң Кремльдің аймақтағы одақтастары Мәскеумен әскери қарым-қатынасты қайта сүзгіден өткізе бастады, бұл Түркияға аймақтағы белсенділігін күшейтуге жол ашты.

Қазақстан мен Түркияның әскери саладағы серіктестігі тек дрон шығару жоспарымен шектелмейді. Биыл шілдеде мемлекеттік «Орал «Зенит» зауыты» Түркия қорғаныс министрлігінің еншілес ұйымдары – Asfat және YDA Group компанияларымен Қазақстанның әскери теңіз күштеріне арналған әскери кемелер жасау туралы келісімге қол қойды.

Автор Қазақстан әскери өнеркәсіпті күшейту үшін импортқа тәуелділікті азайтып, елде өндіріс ашуға кіріскенін келтіреді. Қазақстан әскери саладағы технология үшін Түркияға ғана емес, басқа елдерге де қайырылды. Тамыз айында Петропавлдағы машина жасау зауыты азаматтық және әскери салада қолданатын алты түрлі дрон өндіре бастады. Зауыт Қытаймен серіктес, маңызды бөлшектерді Қытайдан алады.

Автордың пайымдауынша, Астананың Түркияның Anka дрондарын елде шығару туралы шешімі Анкарамен қорғаныс және әскери саладағы ынтымақтастық күшейіп жатқанын көрсетеді. Ресейдің әлсіреуі Қазақстанға қорғаныс саласында жаңа серіктестерді тартуға жол ашты.

ПРИГОЖИННІҢ БҮЛІГІ КЕЗІНДЕ РЕСЕЙ ТОҚАЕВТАН КӨМЕК СҰРАДЫ МА?

АҚШ-та шығатын Wall Street Journal басылымы маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды.

2022 жылы Ресей әскері Украинаның солтүстік және оңтүстік майданында тойтарысқа ұшыраған соң, Кремль Пригожин мен ол жетекшілік ететін «ЧВК Вагнер» әскери тобынан көмек сұраған. Пригожин бастаған топ Украинада негізгі шайқастарда жеңіске жетіп, Ресейдің әскери қолбасшылығын, қорғаныс министрі Шойгу мен бас штаб жетекшісі генерал Герасимовты сынай бастайды. Пригожиннің тез күшеюі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Патрушевті алаңдатады. Басылымның жазуынша, Патрушев 2022 жылдың жазынан бері Ресей президенті Путинге Пригожиннің бағынбай кеткенін, билікке қауіпті бола бастағанын ескерткен. Бірақ «ЧВК Вагнер» майданда нәтиже көрсеткендіктен, Патрушевтің ескертуі еленбеген күйі қалған.

Ресей президенті Владимир Путин және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушев (сол жақта).
Ресей президенті Владимир Путин және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушев (сол жақта).

Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицерінің басылымға айтуынша, 2022 жылдың қазанында Пригожин Путинге хабарласып, оқ-дәрі жетіспейтінін дөрекі түрде жеткізген соң ахуал өзгерген.

Бұрынғы агенттің сөзіне қарағанда, Пригожиннің президентке ұрысқан телефон әңгімесіне кеңседегі басқа адамдар, оның ішінде Патрушев куә болған. Патрушев мұны Путинді Пригожиннен алыстату үшін пайдаланды.

Кейін Путин Пригожиннің телефон қоңырауларына жауап бермей, оның Ресей әскерін сынағанын елемей қояды. Ал маусым айында Кремль Украинадағы «ЧВК Вагнер» тобын таратып, оның жауынгерлеріне қорғаныс министрлігінде тіркелуге бұйрық береді.

Сөйтіп, 23 маусым күні Пригожин бүлік шығарып, 25 мың адамы мен танкілерін Украинадағы майданнан Дондағы Ростов қаласына Ресей қарулы күштерінің оңтүстік әскери округін басып алу үшін бастап барады.

Батыс барлау қызметіндегі дереккөз бен Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицерінің мәліметінше, Путин бұл уақытта қаланың сыртындағы вилласында болған. Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі Патрушев «жағдайды қолына алып, Пригожинді отставкаға кетуге мәжбүрлеу үшін жан-жаққа қоңырау соға бастайды».

Патрушев Пригожинді жақтайтын офицерлерге хабарласып, оларды Пригожинді бүлікті тоқтатуға көндіруді сұраған. Басылымның жазуынша, Патрушев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Қазақстан мен Беларусь үкіметтерінен де көмек сұраған.

«Қазақстанға қоңырау шалу арқылы жағымсыз сценарийден сақтануды көздеді. Бір жыл бұрын жаппай тәртіпсіздікті басу үшін Ресей Қазақстанға әскер (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік күштері – ред.) жіберген еді. Енді Ресей әскері бүлікшілерді тежей алмаса, Қазақстан ұсынысты жерде қалдырмайды деген дәме пайда болды дейді Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері және Батыс барлау қызметінің өкілі. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартты» деп жазады басылым.

Алайда Қазақстан WSJ басылымының бұл мәліметін жоққа шығарды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews агенттігіне «бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

Ақыр аяғында Беларусь басшысы Александр Лукашенко Ресейге көмек беруге келісіп, Пригожинге алты сағаттың ішінде бірнеше мәрте хабарласып, араағайындық жасағанын мәлімдеген. Лукашенко Путин және Пригожинмен келіссөз жүргізді. Оның баспасөз қызметі «келіссөздің сәтті аяқталғанын» хабарлады.

Путин бастапқыда "Вагнер" мемлекетке сатқындық жасады деп айыптаған, Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғатқан. Кейін Лукашенконың араласуымен "Вагнер" Беларусь жеріне кеткен. Путин бүлікшілерді қудаламауға уәде берген.

WSJ басылымының жазуынша, "Пригожин бүлігінен" кейін Патрушев қол астындағыларға Пригожиннің көзін құрту жоспарын әзірлеуді тапсырған. Басылымның құпия дереккөздерінің айтуынша, Путиннің одан хабары болған. Нәтижесінде 23 тамыз күні Мәскеудегі Шереметьево әуежайында Пригожин мінгелі тұрған Embraer-135 ұшағының қанатына бомба қойылған деп жазды дереккөздерге сүйенген басылым. Ұшақ әуеге көтерілген соң жарты сағаттан кейін жарылды. Кремль Пригожиннің қазасына қатысы барын жоққа шығарған.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАТЫС ҮШІН МАҢЫЗДЫ АЙМАҚҚА АЙНАЛДЫ"

«Ресей мен Батыс елдері Еуразияның саяси ландшафтын өзгертіп қана қоймай, Орталық Азияның маңызын арттыра түсті» деп жазады АҚШ-тағы Ратгерс университетінің оқытушысы Майкл Росси Австралиядағы Lowy институтының сайтында.

Автордың жазуынша, биыл Батыс елдері Орталық Азияға көп көңіл бөлді. Франция және Германия президенттері, Ұлыбритания сыртқы істер министрі мен АҚШ мемлекеттік хатшысы аймаққа келіп кетті. Бұл аймақтың қауіпсіздік, экономика тәрізді түрлі салада стратегиялық маңызы артқанын көрсетеді.

Қазақстан – аймақтағы ең маңызды және ірі ойыншы. Еуропа мен Қытайды жалғайтын Транскаспий дәлізі Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы Қара теңіз бен Түркияға шығатын дәліздің маңызы Ресей Украинаға басып кірген соң артты. Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға экспортталатын тауардың 80 пайызынан астамы Қазақстан арқылы өтеді.

Орталық Азия Батыс өнеркәсібіне қажет маңызды металл мен сирек минералдарды тасымалдай алады. Қазақстан компаниялары титан, бериллий, тантал және ниобий сияқты Еуроодақ экономикасы үшін маңызды 30 сирек жер элементтерінің 18-ін өндіреді. Жақында елге келіп кеткен Франция президенті Эммануэл Макрон сирек минералдар мен металдарды сатып алу бойынша келісімге қол жеткізді.

Табиғи ресурстарға бай Орталық Азия − тасымал тізбегін әртараптандыруға тырысып жатқан Батыс үшін тиімді серіктес. Зерттеушінің пайымдауынша, Батыс геосаяси ландшафтың өзгеріп жатқанын ескеріп, Орталық Азиямен қарым-қатынасты тереңдете түсуі керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG