Accessibility links

Экс-президенттің "дақ түскен беделін" қорғау ма, әлде журналистерді қорқыту ма? "Назарбаев қоры" АҚШ-тағы сотқа неге шағым түсірді?


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) жаңадан ашылған мешітте. Нұр-Сұлтан, 12 тамыз 2022 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) жаңадан ашылған мешітте. Нұр-Сұлтан, 12 тамыз 2022 жыл.

"Назарбаев қоры" зерттеуші журналистердің "экс-президент миллиардтаған активтерді басқарады" деген тұжырымымен келіспей, оны АҚШ-тағы сотта даулауға тырысып жатыр. Назарбаевтың "миллиардтары" туралы зерттеу авторлары бұл шағым жайлы не дейді? Сарапшылар бұл шағымды неліктен Қаңтар оқиғасынан кейін "дақ түскен" экс-президенттің имиджін ақтап алу әрекеті деп бағалайды?

ЖАРТЫ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ШАҒЫМ

"Бұрынғы диктатор 6 миллиард фунт стерлинг тұратын империяны басқарады". Жарты жыл бұрын әлемдегі бірқатар басылым Нұрсұлтан Назарбаевтың дәулеті туралы осындай түрлі теңеулерді тақырыпқа шығарып жарыса жазып жатты. Қаңтар оқиғасынан кейінгі сол кезеңде экс-президенттің мәртебесі мен қайда жүргені жайлы түрлі алыпқашпа әңгіме тараған. Бірақ оның ел басқару тетіктерін қолында ұстаған Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметінен айырылғаны түсінікті еді. Бір кезде пайда болған Назарбаев әбден монтаждалған видео арқылы мәлімдеме жасап, 2019 жылдың наурызында өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғалы бері қарапайым зейнеткер екенін айтты. Бірақ әлемдегі басылымдар көшіріп басқан Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) зерттеуіне қарағанда, ол қарапайым зейнеткер емес. OCCRP-дің жазуынша, Назарбаевпен байланысты төрт қайырымдылық қоры активтерінің ауқымы таңқалдырады: бірнеше банк, қонақ үйлер, онлайн сауда жасайтын платформа, құны 100 миллион доллардан асатын ұшақ, қоймалар, сауда орталықтары мен макарон өнімдерін шығаратын фабрика.

Зерттеу жарияланғаннан жарты жыл өткен соң мақалада аталған қорлардың бірі OCCRP-ді басқаратын ұйымның үстінен АҚШ-тағы сотқа шағым түсіргені белгілі болды. "Назарбаев қоры" мақаладағы уәждермен келіспей, оны жалған және қордың беделіне нұқсан келтіреді деп есептейді. Бас-аяғы 31 беттен тұратын шағымда "Назарбаев қорының" "Назарбаев университет" пен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржылай қолдау үшін құрылған эндаумент қор екені, заң және қордың жарғысына сәйкес "Назарбаев қоры" басқа мақсатқа қаржы жұмсай алмайтыны және экс-президенттің қор активтерін басқармайтыны айтылған. "Назарбаев қоры" OCCRP зерттеуінде баяндалған жайттар, атап айтқанда, "қор экс-президент Назарбаевқа өз активтерін қорғау мен жасыру үшін жемқорлық пен заңсыз жолмен табылған ақшаны заңдастыруға көмектеседі" деген тұжырым мен мақаланың тақырыбы, тақырыпшасы мен зерттеудің нәтижелері шындыққа сәйкес келмейді және қордың беделіне нұқсан келтірді деп отыр.

Осы себепті қор өз шағымында соттан OCCRP сайтын басқарушы АҚШ-тағы ұйым – Journalism Development-тан 75 мың доллар көлеміндегі өтемақы мен өзге де айыппұл санкцияларын, адвокат қызметі мен сотқа жұмсалатын бүкіл шығынды өндіріп беруді сұрады.

"Назарбаев қоры"

"Назарбаев қоры" жекеменшік қоры 2009 жылы құрылған. Қордың қызметін реттеу үшін арнайы "Назарбаев университет", "Назарбаев зияткерлік мектептері" мен "Назарбаев қоры" туралы" заң қабылданған. "Назарбаев қорының" сайтында оның "Назарбаев университет" пен "Назарбаев зияткерлік мектептерін" қаржыландыру үшін құрылғаны жазылған. "Назарбаев қоры" өзін Гарвард, Стэнфорд, Дьюк университеттерінің эндаумент қорларына ұқсас ұйым деп көрсетеді. "Назарбаев қорының" төрағасы − 2013-2016 жылдары білім және ғылым министрі қызметін атқарған Аслан Сәрінжіпов.

Азаттық "Назарбаев қорына" ресми сауал жолдап, қор не себепті тек жарты жылдан кейін сотқа шағымданды дегендей бірқатар сұрақ қойды. "Назарбаев қорымен" бірден байланысу қиынға соқты. Ұйымның сайтындағы "қормен байланыс" бөлімінде ешқандай телефон нөмірі көрсетілмеген, ал электронды поштаға жіберген хатымыз "мұндай домен табылмағандықтан, жолданбады" деп кері орала берді. Сөйтіп, сұрақтарымызды қордың коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Жанет Тұрарбекованың жеке поштасына жолдадық. Тұрарбекова сұрақтарымыздың заңгерлерге жолданғанын, жауап дайындалып жатқанын хабарлаған. Алайда арада үш күн өткенде ол сұрақтарымызды "Назарбаев қорының" атынан АҚШ-тағы сотқа шағым түсірген Boies Schiller Flexner заңгерлік компаниясының заңгерлері Мэтью Шварцқа тікелей жолдауға кеңес берді. Азаттық Boies Schiller Flexner заңгерлері Мэтью Шварц пен Майкл Митчеллге сұрақтар жолдағанымен, мақала жарияланған уақытқа дейін жауап алмады. Ал қордың коммуникация жөніндегі кеңесшісі сұрақ жолданғаннан төрт күн өткенде "Назарбаев қорының" қаңтар айында зерттеуден кейін жариялаған баспасөз хабарламасы мен қор төрағасы Аслан Сәрінжіповтің сол кездегі сұхбатын жолдады. Мұны бұл материалдардың ішінде "сіздің сұрақтарыңызға жауап беретін ақпарат бар" деп түсіндірді. Алайда бұл материалдар Азаттық жолдаған сұрақтарға жауап бермейді.

Азаттық тілшісімен телефонмен әңгімеде Тұрарбекова "Назарбаев қоры" OCCRP-ді сотқа тартып жатыр деген сөз қате, қор OCCRP-ден жарты жыл бұрын шыққан мақаланы түзетуді талап етіп отыр деді.

"Мақаладағы деректерді түзетіп, біздің қорды басқа қорлардан бөлуді сұрадық. Өйткені бізде ұшақ та, үлкен активтер де жоқ. Біз тек университет пен мектептермен айналысатын білім беру қорымыз" деді Жанет Тұрарбекова.

OCCRP ӨКІЛІ: СОТҚА БАРСАҚ, ҚОРДЫҢ ҚҰЖАТТАРЫН СҰРАТАМЫЗ

OCCRP негізін қалаушылардың бірі және осы сайтты басқарушы ұйым – Journalism Development Network-тің директоры Дрю Салливан "Назарбаев қоры" АҚШ-тағы сотқа шағым түсіргенімен, әзірге журналистік ұйымға тиісті құжаттарды жібермегенін айтты. АҚШ-тағы процедураларға сәйкес, белгілі бір ұйымның үстінен сотқа шағым түсіру үшін соттан бөлек, ұйымның өзіне құжаттар жіберу керек.

"Техникалық тұрғыдан OCCRP үстінен әзірге шағым түскен жоқ" дейді Дрю Салливан Азаттыққа берген жауабында.

Бірақ іс сотқа жетсе, журналистік ұйым сотқа баруға дайын. Себебі бұл "Назарбаев қорынан" құжаттар сұратуға мүмкіндік береді. Заң бойынша, Назарбаевпен байланысты қорлар жыл сайынғы қаржы және аудит есептерін жария етуден босатылған. Ал бұл қордың қаржысы мен қызметі жайлы сұрақтар тудыра бермек.

Зерттеу жарияламас бұрын OCCRP "Назарбаев қорынан" жыл сайынғы есептерін сұратқанымен, оған сол бойы қол жеткізе алмаған. Шағымға қарағанда, "Назарбаев қорының" төрағасы Аслан Сәрінжіпов бұл сұраққа жауап бергенде қорды қамқоршылар кеңесі басқаратынын, қордың қызметін халықаралық аудиторлық компаниялар тексеретінін айтып қайырған.

"Мақаладағы деректер бүге-шігесіне дейін тексерілген. Онда жалған мәлімет жоқ және олар ["Назарбаев қоры"] мұны жақсы біледі. Шағым түсіруге негіз көріп тұрғанымыз жоқ. Бірақ соттың алдына қуана барамыз. Бұл ("Назарбаев қоры") ашық емес құрылым, сондықтан ашықтықты талап ете алар едік" дейді Салливан.

OCCRP негізін қалаушылардың бірі "Назарбаев қорының" сотқа жүгінуіне негіз жоқ деп есептейді.

"Мақаланың қандай да бір жаңсақ тұстары болса, оны түзетер едік. Бірақ олар көтеріп отырған мәселе орынсыз. Назарбаев тұсында Қазақстан жемқорлыққа батты, оған еш уақытта ережелер жүрмейтін. Ол мемлекетті өзінің жеке бизнесі тәрізді басқарды" дейді Дрю Салливан.

Назарбаев кеңсесіне 4 жылда 9 миллиард теңге бөлінген. Ал жеке байлығы қанша?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

НАЗАРБАЕВТЫҢ "КІНӘЛІНІ КӨРСЕТУІ"

Экс-президенттің өзі зерттеуде айтылған кей жайттарға тек мамыр айының аяғында саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген жазбаша сұхбатында реакция білдірді. Бүгінде Назарбаев университеті мен оны басқаратын қордың қызметі сыналып жатқанын айта келе Әшімбаев Назарбаевтан оның бұл мекемелердегі рөлін сұраған. Экс-президент Назарбаев университетін құруға өзі бастамашы болғанын, 2011 жылы осы университет, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев қоры туралы заңға қол қойғанын, оған сәйкес қор тек университет пен мектептерді қаржыландыратынын айтты. Назарбаевтың сөзінше, университеттің қаржысын басқару мен жекелеген қаржы институттарымен байланысты инвестициялық қызмет оқу орнының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің құзыретінде болған.

"Кәрім Мәсімовтің үстінен тергеу жүріп жатыр, құқық қорғау органдары оның осы бағыттағы жұмысына да назар аударады деп ойлаймын" деді экс-президент.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен билікті күшпен басып алуға әрекеттену және пара алу баптары бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған еді. Бұлардың арасында Назарбаев университеті мен қордың қаржысын басқару бойынша істің қозғалғаны хабарланған жоқ.

Назарбаевпен байланысты қорларды зерттеуге қатысқан "Власть" басылымының бас директоры Вячеслав Абрамовтың ойынша, алда-жалда кім айыпты деген мәселе көтерілетін болса деп, экс-президент кінәліні осылай нұсқады.

− Қазір Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеті жайлы қабылданған шешімдер, ақша жұмсау немесе осылардың дамуына жауапты "Назарбаев қоры" туралы тергеу жүріп жатқанынан хабарымыз жоқ. Демек Мәсімов пен қордағы онымен байланысты адамдарға сұрақтар бар-жоғын білмейміз. Егер қандай да бір сұрақтар туындаса, ол сұрақтар қойылуға тиіс адамдар онсыз да түсінікті, экс-президент тек қана алдымен кімнен жауап алынуы керектігін көрсетті, − дейді Абрамов.

Абрамов "Назарбаев қоры" өзін эндаумент қор ретінде көрсетуге тырысқанымен, бюджеттен қыруар қаржы алатынына назар аударады.

− Яғни дәстүрлі эндаумент қоры ретінде демеушілер, түлектер мен басқалардан ақша жинап, сол қаржыға университетті дамытсаңыз, онда оған қоса ел бюджетінен ақша алуыңыз екіталай. Ал біз Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептеріне қыруар қаржы жұмсалатынын айттық, − дейді Вячеслав Абрамов.

Оның айтуынша, қордың жабықтығы мен заң бойынша есептерді жариялаудан босатылғаны бұл қордың шын мәнінде қызметі қандай, қаржысы қалай жұмсалады деген сұрақтар тудыра бермек, ал сотқа шағым түсіру арқылы бұл сұрақтарды тойтарып тастау мүмкін емес.

СОТҚА ЖҮГІНУГЕ СЕБЕП НЕ?

Бүгінде Google жүйесінде орыс немесе ағылшын тілінде "Назарбаев қоры" деп терсеңіз, алғашқы іздеу нәтижесі қолданушыны OCRRP мақаласына бұрады. OCCRP-дің Назарбаевтың "миллиардтары" туралы зерттеуін Батыстағы Guardian, Telegraph, Independent тәрізді танымал басылымдар мазмұндап беріп, мақала жан-жаққа тарап кетті. "Назарбаев қоры" шағымда осы жайттарды тізіп, "жалған нарративтердің" таралғанына OCCRP-ді айыптаған. Сарапшылар "Назарбаев қорының" тек жарты жылдан кейін ғана АҚШ-тағы сотқа шағымдануының астарында экс-президент пен қордың беделін қалпына келтіру амалы жатқан болуы мүмкін деп топшылайды.

− Бұл жерде экс-президенттің ғана емес, қордың жеке беделін түзеу әрекеті жатыр, − дейді Вячеслав Абрамов.

Дрю Салливан қор үлкен активтерді бақылайтындықтан, мұның астарында біз білмейтін мәселе жатқан болуы ықтимал деп есептейді. "Қорға өз қызметін атқару үшін легитимділік керек болуы мүмкін. Сотқа берсе, оның себебін анықтауға күш саламыз, себебі өзімізді қорғау үшін соны анықтау керек".

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі халық алдына сирек шығады. Бірақ жақында ол өзінің төңірегіндегі бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктермен бірге астанада өзі құрылысын бастап берген мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Өз сөзінде "Жаңа тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы еңбегін Құдай қолдағанын" айтты. Сарапшылар Назарбаевтың көпшілік алдына шығуын саяси сахнадан кетпегенін көрсету талпынысы деп бағалады.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бірнеше туысының үстінен іс қозғалса да, оның өзіне билік ешқандай кінә артып, талап қоймайтыны түсінікті болды. Президент Тоқаев экс-президенттің тарихи рөлі жайлы айтып, оған құрмет танытуға үндеп жүр.

Ұлыбританиядағы Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша профессоры Лука Анчески "Назарбаев қорының" шағымына түрткі болған екі себепті атады. Оның ойынша, бірінші себеп Назарбаев тұсында жүргізілген имиджді қалыптастыру саясатына тән.

"Президентпен байланысты қорлардың Қазақстанда кең таралып тамыр жайған жемқорлыққа қатысы жоқ дегенді көрсетуге тырысып, экс-президент пен оның атындағы қор имиджі жайлы сырттағылардың көзқарасын өзгерту әрекеті жасалып жатыр" дейді Анчески.

Сарапшының ойынша, шағым түсірудің екінші себебі – "Назарбаев пен оның жақтастарының жемқорлықпен байланысты мұрасын ары қарай зерттеуге жол бермес үшін қорқытып-үркіту мақсатын көздейді".

Анчески Назарбаев билік басында болғанда, әсіресе 2010 жылдары өзінің саяси және экономикалық мұрасына ерекше мән бергенін еске салады. "Бірақ оның билігінің соңғы жылдары, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде елді сахна сыртынан басқарған 2019-2022 жылдары және Қаңтар оқиғасы экс-президенттің бейнесіне дақ түсірді. Бұл шағым – сол құлдырауды тоқтатудың амалсыз әрекеті" дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG