Accessibility links

Саяси тұтқындарды қолдау акциясы көбейген шақта журналист пен белсенді босап шықты


"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.
"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.

Тамыздың 10-ы күні шымкенттік кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай және павлодарлық "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкиннің түрмеден босап шыққаны белгілі болды. "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" бабы бойынша айыпталған Балтабай шілде айының ортасында жеті жылға сотталған еді. Ал журналист Голышкин түрмеде 2015 жылдан бері отырып келген. Биліктің бұл қадамын қолданушылар әртүрлі бағалайды.

Тамыздың 10-ы күні блогер Денис Кривошеев Facebook-тағы парақшасында "Құрбан айт қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі сотталушы Ярослав Голышкин мен Ерлан Балтабайға рақымшылық жасағанын" хабарлады. Блогердің жазуынша, журналист пен белсенді президентке "өкініш білдіріп", хат жазған. Олардың жазасы айыппұлмен алмастырылған.

Кривошеев жазбасында екі сотталушының "өздеріне тағылған айыпты толық мойындап, президенттен өздерін босату туралы өтінгені" жазылған. Кейінірек президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де бұл ақпаратты растады.

ЕРЛАН БАЛТАБАЙ ЖАУАБЫ

"Сеніп тапсырылған мүлікті иемденді" деп айыпталып, шілде айының ортасында жеті жылға сотталған "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабай Азаттық тілшісіне бұл ақпаратты растады. Ол тамыздың 9-ы күні түнде Шымкенттегі "Сәуле" шағын ауданындағы түрмеден босап шыққан. Тамыздың 10-ы күні туған-туыстарының арасында отырғанын айтқан кәсіподақ белсендісі президентке "өкініш білдіріп", хат жазғанын да айтты.

Балтабайдың айтуынша, сот оның жаза мерзімін айыппұлға ауыстырған, бірақ соттың қашан өткенін, айыппұл көлемі жайлы ашып айтпады. Ол өзінің бостандыққа шығуына соңғы уақытта елде жиі өтіп жатқан белсенділер акциясы да ықпал еткенін жеткізді.

Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының жетекшісі Ерлан Балтабай сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.
Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының жетекшісі Ерлан Балтабай сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.

Өткен жылдың қыркүйек айында "кәсіподақ қаржысын жымқырды" деп күдікке ілінген Балтабай сот отырыстарында өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары барын айтқан еді. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы, "Халықаралық құқықтық бастама" және "Либерти" қоры шілденің 31-і күні таратқан мәлімдемесінде Балтабайға шығарылған үкім "еңбек саласындағы бірлесу еркіндігі туралы халықаралық стандарттар мен қазақстандық заң нормасы өрескел бұзылғанын көрсетті" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

ПАВЛОДАРЛЫҚ ЖУРНАЛИСТ ГОЛЫШКИН ІСІ

Павлодарлық журналист Ярослав Голышкиннің әкесі Василий Голышкин Азаттық тілшісіне кеше, тамыздың 9-ы күні кешкісін ұлының үйге оралғанын растады. Бірақ "сот шешімі әлі шыққан жоқ" деп басқа сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Василий Голышкин қай сот туралы айтып отырғанын нақты айтқан жоқ.

Павлодар облыстық «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкин.
Павлодар облыстық «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкин.

"Аса ара ірі көлемде ақша бопсалады" деп айыпталған павлодарлық журналист Ярослав Голышкин 2015 жылы мамыр айында қамауға алынған.

Голышкин "Павлодар облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы қыз зорлады" деген сыбысқа қатысты журналистік зерттеу жүргізген. Ол"зорланды" делінген қызбен сұхбаттасып, оны видеоға түсірген. Журналиске мәлімет жинауға көмектескендердің бірі кейін Голышкиннің Бозымбаевтан "ақша талап еткенін" хабарлаған. Бопсалауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әуелі журналист бұл істе алдымен куәгер , кейін күдікті ретінде танылған.

Оның жақтастары журналистің ұсталуын кәсіби қызметімен байланыстырған еді. Оның ісінің жай-жапсарымен танысқан қазақстандық құқық қорғаушылар оны елдегі саяси тұтқындар қатарына қосқан.

Бұл екі белсендінің босап шыққаны белгілі болған соң кейбір әлеуметтік желі қолданушылары "билік жекелеген белсенділерді босатып, халық сеніміне кіргісі келеді, бұлай болуы мүмкін емес. Арон Атабек, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев босатылған соң ғана диалог жайлы сөз қозғауға болады" деп жазып жатты. Кейбірі биліктің бұл әрекетін құптап, діни мереке қарсаңында жақсылыққа жорыды.

Қазақстанда соңғы уақытта саяси тұтқындарды қолдау акциясы жиі өтіп келеді. Өткен аптада Ақмола облысында өткен сондай шаралардың бірінде "елде саяси көзқарасы үшін қуғындалған" 28 саяси тұтқынның аты аталды.

Мұндай акциялардың соңғы кезде жиілеуіне жақында соттың Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатпау туралы шешімі түрткі болған.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан. Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен бұрын босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді.

Саяси тұтқындар жөніндегі сарапшылар кеңесінің үйлестірушісі Бақытжан Төреғожина 2018 жылы тізімді негізінен ҚДТ идеясы мен Мұхтар Әблязовты (Қазақстан соты 2017 жылы "қаржы жымқырды" деген айыппен 20 жылға сырттай соттаған, бір ай бұрын 2004 жылы адам өліміне тапсырыс берген деген айыппен сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырған) қолдаушылар толықтырғанын айтады. Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатып, азаптауды тоқтатуға шақырады.

Билік саяси тұтқындар бар екенін мойындамайды. Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінде "азаматтардың құқығы мен еркіндігі қорғалатын Қазақстанда саяси қудалау мен тұтқындардың жоқ" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG