Accessibility links

Өтемақы жолында күрес. Мыс өндіру үшін көшірілгендердің мұңы


Ұлытау облысы Жезқазған ауылындағы сүрілген үйлердің жұрты.
Ұлытау облысы Жезқазған ауылындағы сүрілген үйлердің жұрты.

Мұндай үйде тұру қиын әрі қауіпті, ал ұсынған шартына көну – обал. Ұлытау облысы ауылдарында металл кеніші аумағын кеңейтуге деп тұрғындардың үйін алмақшы. Жұрт неше жылдан бері дүние-мүлкіне дұрыс өтемақы алу үшін күресіп жүр. Әзірге жеңілумен келеді.

Байлығы – 7,39 миллиард доллар, тамыз айында америкалық Bloomberg агенттігі жариялаған жер бетіндегі ең бай адамдар рейтингінде 386-орында тұр. 64 жастағы Владимир Ким бұл тізімге компаниясы қазақ жерінің қойнауынан алып жатқан минералды ресурстардың арқасында еніп отыр.

Кимнің "Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. "Қазақмысқа" металлургия кәсіпорындары ғана емес, сонымен бірге көмір кен орны, электр станциялары, тіпті Жезқазғандағы арнаулы орта оқу орны да тиесілі.

10 жыл бұрын компания кен өндіру аумағын кеңейтуге ниет білдіріп, билік оған келісім берген-ді. Мәселе тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да ауылдарға келіп тірелді. Барлығы бес ауыл: Жезқазған, Весовая, Крестовский, Перевалка және Геологоразведочный. Осы ауылдарда тұратын шамамен үш мыңдай отбасын көшіру ұйғарылды. Учаскесін алып, үйлерін сүру керек десті. Үкімет жер "мемлекет қажетіне" алынып жатқанын мәлімдеді.

"Қазақмыс" компаниясының Ұлытау облысындағы шахтасы
"Қазақмыс" компаниясының Ұлытау облысындағы шахтасы

Алғашқы жылдары тұрғын халықпен келіссөзді "Қазақмыс" корпорациясы атынан жүргізді, үйі мен жеріне өтемақы аударылды, бұл көпшіліктің көңілінен шықты. Бірақ 2011 жылы үкімет қаулысы шығып, оған сәйкес енді тұрғындарды көшірумен әкімдік айналысатын болды, осыдан кейін көптің ойындағыдай әділ өтемақы төлеу тоқтады. Соған қарамастан, жұрттың көбі тұрғылықты жерінен көшті. Біреулер Сәтбаев, тағы біреулер Жезқазқан қаласына қоныс аударды, облыс аумағынан тыс жерге көшкендер де бар.

ҮЙІНДІ ОРТАСЫНДА ҚАЛҒАНДАР

Бір кездері жүздеген адамға мекен болған Перевалкада қазір екі-ақ тұрғын үй қалған. Басқасы жермен-жексен болған. Мұнда қазір әкімдік шешіміне келіспейтін ерлі-зайыпты екеу мен тағы бір отбасы тұрады. Барлығы 11 адам.

Мұның ішінде тоғызы – Раптопуло отбасының мүшелері. Бау-бақшасы, қора-қопсысы бар үйде бір әулеттің төрт ұрпағы тұрады. Олар Перевалкада өлместің күнін кешіп жатыр. Ешқандай инфрақұрылым жоқ, көлік қатынамайды. Ауылға автобус талайдан бері келмейтін болған, азық-түлік сататын дүкен де жоқ. Керек-жарақ алу үшін Сәтбаев қаласына баруға тура келеді.

– Қалаға азық-түлік алуға барып-келуге төрт жарым мың теңге кетеді, – деді 60 жастағы Маргарита Раптопуло.

Маргарита Раптопуло (ортада) немерелерімен бірге. Отбасы қазір Ұлытау облысындағы тұрғындары түгелдей дерлік көшіп кеткен Перевалка ауылында тұрып жатыр.
Маргарита Раптопуло (ортада) немерелерімен бірге. Отбасы қазір Ұлытау облысындағы тұрғындары түгелдей дерлік көшіп кеткен Перевалка ауылында тұрып жатыр.

83 жастағы анасы мен немерелерін бағып-қағып отарған Маргарита үшін бұл әжептәуір ақша. Маргаританың қызы қазір алты баласымен Перевалкада тұрады. Жаз бойы балалар ауылда болады, ал күзде сабақ басталғанда мектепке бару үшін Сәтбаевтағы жалға алып тұрып жатқан пәтерге баруға мәжбүр.

20 жыл бұрын Раптопуло отбасы екі пәтерін сатып, жиған-тергенін қосып, Перевалкадағы осы үлкен үйді сатып алған. Ол кезде мұндай қиындыққа кез боламыз деген ой болмаған.

– Шілде айында кешкі мезгілде біреу қоршауымыздың екі жағынан өрт қойып кетті. Күйік иісін сезіп далаға атып шықтым, өз күшімізбен өшіре бастадық, өрт сөндірушілерді шақырдық. Қоршаудың жартысы өртеніп кетті, қора-қопсы бүлінді, жеміс ағаштары да зардап шекті. Полиция шақырып, арыз жаздым. Оның алдында екі рет көршімізге өрт қойған. Енді бізге жетті. Шамасы, әкімдік шартына келіспеген соң, осылай кетіргісі келетін сияқты. Бермесімізге қоймайтын сияқты. Көрмегеніміз жоқ, сонда да әзірге табандап тұрмыз. Көшеде өзіміз қарауыл боламыз, – деді Маргарита Раптопуло. – Трансформаторға бірдеңе қыла ма деп алаңдаймыз, оны құртса, жарықсыз қаламыз. Сол маңды әлдібіреулер торуылдап жүргендерді көргенбіз.

Раптопуло отбасының үйі мен жер аумағы. Ұлытау облысы Перевалка ауылы.
Раптопуло отбасының үйі мен жер аумағы. Ұлытау облысы Перевалка ауылы.

Былтыр өзін сот орындаушысы деп таныстырған адамдар Раптопуло отбасына бірнеше рет келіп, әлдебір қағаздарға қол қоюды және шұғыл түрде көшуді талап еткен. Олар "заңға сәйкес, үйдің ендігі иесі Раптопуло отбасы емес, әкімдік" депті.

– Үйімді тастап ешқайда кетпеймін дедім. Содан кейін белгісіз біреулер есігімізді бұзбақшы болды. Полицияға арыз жазып едім, олар да жоқ болды. Енді беймәлім біреулер өрт қойып жүр, – деп шағынды Маргарита.

Төрт ауылдағы көшпей отырған тұрғындар белгісіз біреулер бірнеше рет дүние-мүлкіне зиян келтіріп, қоршауы мен үйіне өрт қойғанын, суды, жарықты және жылуды өшіріп, жолды қазып кетіп жүргенін айтқан болатын. Кейбір үйлерді қожайындары жоқ кезде бұзып, сүріп тастаған.

– Дүние-мүлкіміз жөніндегі сотқа біз қатысқан жоқпыз, көпшілігінде солай болды. Барлығын менің келісімімсіз жасады. Бізді қорқытты. Кейбіреулер тіпті түн жарымында көшіп кетті. Бізді өз үйімізден тіркеуден шығарып тастапты, оны да кейін білдім. Осы кезге дейін бірде-бір қағазға қол қойған емеспін, үйдің ешбір құжатын берген жоқпын, – деді Маргарита Раптопуло. – Өмірлік бүкіл жоспарым быт-шыт болды. Материалдық және моральдық өтемақы талап ете бастадым. Бірақ әкімдік бірдеңе талап еткенді жақсы көрмейді. Биліктегілер көшіру ың-шыңсыз аяқталды деп есеп беріп қойған. Олар баяғыда-ақ бізбен келісіп, ендігі көшіп те кетер едік. Алайда бізді ойлаған ешкім болған жоқ.

Ұлытау облысы Перевалка ауылындағы көше.
Ұлытау облысы Перевалка ауылындағы көше.

Құжат бойынша тұрғындарды көшіруге 350 миллиард теңге жұмсалған. Ауылда қалғандар мұнша ақшаның қайда кеткенін түсінбейді.

– Екінші Сәтбаев салып тастауға болар еді. Қитұрқысы көп болып тұр. 2023 жылы бізді облыс әкімі шақырып, қоластындағыларға көшіру мәселесін шешуге бір ай уақыт берген болатын. Тым-тырыс, – деді Раптопуло.

КӨШІП КЕТСЕ ДЕ, КҮРЕСТІ ТОҚТАТПАҒАНДАР

Көшіру шартына келіспейтіндердің көпшілігі әкімдік ұсынған шартқа келісуге мәжбүр болып, үйін босатқанға дейін бірнеше сот отырысын бастан өткерген. Кейбірі қосымша ақы төлеуді талап етіп, күресті тоқтатпаған.

– Әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүргелі үш жыл болды. Бірақ кейінгі уақытта жазылсақ та, қабылдауға шақырмай жүр. Сотта халықты тыңдаған жоқ, баспанасынан айырды. Одан кейін әлдебір қайырымдылық қоры пайда болып, өтемақыға келіспейтіндерге қосымша ақша төлейтін болды, оның есесіне нотариус арқылы ақпаратты жария етпеу туралы келісімге қол қойып, тез арада көшіп кетуді талап етті. Алайда, 2021 жылдың аяғына қарай бәрі тоқтады. Көпшілігіміз уәде еткен ақшаны сол күйі алған жоқпыз. Ақыры өзімізді күштеп қуып шығып, үйімізді бұзып тастады. Сол күйі жібі түзу баспана ала алмадық, – деді Азаттыққа өтемақы мөлшеріне келіспейтін Елена Сергиенко.

Көшірілетін халықтың мәселесіне әлдебір қордың араласқаны туралы кейінірек аймақ басшылығы да айтты. Былтыр Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Астанада өткен брифингте Азаттықтың сұрағына жауап бере келе, ауылда қалған отбасылар өтемақы сұрап отырғанын айтқан еді. Аймақ басшысы бұл мәселемен заңгерлер және тергеу органдары жұмыс істеп жатқанын, әр жағдай жеке-жеке және біртіндеп шешілетінін алға тартты. "Ол отбасылар ғана емес, берілген өтемақыға көңілі толмайтын басқа да отбасылар бар", – деді облыс әкімі.

Органдар жұмыс істеп жатыр дегенде әкім "пайда көру мақсатында өкілеттігін асыра пайдалану" дерегі бойынша "Нұрлы Жүрек" қоғамдық қорына қатысты қозғалған қылмыстық істі айтқан болатын. Былтыр бұл іс жөнінде облыс прокуратурасы: "Жезқазған ауылы тұрғындарының сеніміне кіріп, тұрып жатқан үйін босатқаны үшін ақшалай өтемақы төлеуге уәде беріп, алдау арқылы міндеттемеге қол қойдырып алған", – деп мәлімдеген. Алайда, "қылмыс құрамы болмауына байланысты" бұл іс көп ұзамай тоқтап қалды.

"Прокуратура қабылданған шешімге келіседі және оны өзгертуге негіз жоқ", – деді облыс прокуроры тұрғындарға.

Тамыз айында өтемақы мөлшеріне келіспейтін адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді. Олар бес ауылдың тұрғындарын көшіруге деп бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржы қайда жұмсалғанын тексеріп, анықтау үшін аудит жүргізетін мемлекеттік комиссия жіберуді сұраған.

Тұрғындар сондай-ақ келісім процедурасын жасап, мемлекет қажетіне деп алынған үйге сай баспана сатып алуға ақша беруді сұраған. Олар Конституциялық кеңестің біреудің үйін мәжбүрлі түрде алу тек қана оның өтемі лайықты төленген жағдайда ғана болуы керек деген қаулысына сүйеніп, өздеріне мұндай жағдай жасалмағанын айтты.

Бұзып-сүру аймағы екені жазылған тақтай. Ұлытау облысы Жезқазған ауылы.
Бұзып-сүру аймағы екені жазылған тақтай. Ұлытау облысы Жезқазған ауылы.

Ауыл адамдары президентке мемлекеттік органдардың бір-біріне сілтеп, мәселені шешпей отырғанын жазды. Бұған дейін олар парламентке және Бас прокуратураға да жүгінген, ал олар мұны тұрғындар шағымданып отырған облыс прокуратурасы мен Сәтбаев әкімдігіне жіберген. Олардың қайтаратын жауабы дайын. Прокуратура араласуға негіз жоқ деп мәлімдейді.

Үйінен шығуға мәжбүр болған Виктор Джура мен оның қарт анасына жақында прокуратурадан жауап келді. Онда мемлекеттік орган бұған дейін түрлі инстанцияға жүгінген арыз иелеріне бұдан былай жауап беруге ешқандай негіз көріп тұрған жоқпыз деп жазыпты.

"Келесі жолдаған шағымдарыңызда жаңа дәлел немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болмаса, сіздерге жауап беруді тоқтатамыз", – деп жазған Ұлытау облысының прокуроры Жасұлан Еламанов.

Тұрғындар Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне жүгінген, ал тамыз айында оларға Сәтбаев әкімдігінен "әкімшілік процедураны тоқтату" жөнінде шешім қабылданды деген жауап келген. Билік соттардың "мемлекет қажеті үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесі мен өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою аясында" деген соттардың шешіміне сілтейді.

7 тамыз күні тұрғындар Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталыққа шағымданып, хатты президент Тоқаевтың өз қолына тапсыруды өтінген.

– Президент күн сайын жаңа және әділетті Қазақстан туралы айтқанымен, неге іс жүзінде бәрі басқаша? Бізді ит құсатып қуып шықты, бізде ешкімнің шаруасы жоқ, – деді Азаттыққа Виктор Джура. Ол хатта да осыны айтқан.

Ұлытау облысы Жезғазған ауылындағы сүрілген үйлердің жұрты.
Ұлытау облысы Жезғазған ауылындағы сүрілген үйлердің жұрты.

2022 жылдың мамыр айында мәжбүрлеп үйінен шығарғанда берген өтемақыға келіспейтіндердің бір тобы Жезқазған қаласында бейбіт акцияға шыққан. Олар "Қазақмыс" корпорациясы мен билік өкілдерімен кездесуді талап етіп, "Ақшамызды қайтарыңдар!", "Жемқорлық жойылсын!" деген плакаттар ұстап тұрған.

Осы өңірде мыс өндіретін "Қазақмыс" корпорациясы тұрғындарды көшіруге атқарушы билік органы, яғни жергілікті және орталық билік жауапты деді. Корпорация өз міндеттемесін орындағанын алға тартты. Компания тұрғындарды көшіру процесінің ұзап кетуі өндірістік жоспарға да кері әсер ететінін ескертіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG