АЗАЛЫ КҮН
Алты жыл бұрын мұнайшылар ереуіліне полиция жаппай оқ атқан қайғылы оқиғадан кейін Жаңаөзенде жылда желтоқсанның 16-ы күні орталық алаңда ешқандай көпшілік шара өтпейтін болған. Бір кездегідей бұл жерге жаңа жылдық шырша да тігілмейді, сауық кештері де ұйымдастырылмайды. Бұрын бос болған алаңға екі субұрқақ орнатылып, әр тұсына орындықтар қойылған.
Жергілікті билік Жаңаөзен оқиғасында қаза болғандарды бұл алаңда еске алуға рұқсат бермейді. Жаңаөзендіктер жылда боздақтарды еске алып, ас беруді желтоқсанның 16-сынан бір аптадай бұрын қаладан 12 шақырым қашықтағы Теңге әулиенің басында ұйымдастырып өткізеді. 2011 жылғы оқиғада қаза болғандар сол жердегі зиратқа жерленген.
Осыдан бірнеше күн бұрын Теңге ауылында өткен еске алу шарасына жергілікті билік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясынан ешкім қатыспады.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзен құрбандарын мешітте еске алуға рұқсат етпеді
Жылдағыдай биыл да желтоқсанның 16-ы күні туған-туыс, дос-жарандары Жаңаөзен оқиғасында мерт болғандардың үйлеріне жиналып, марқұмдарды еске алып, құран бағыштады. Бұл күні таңертеңнен қала көшесінде полиция қызметкерлерінің әдеттегіден көп екені байқалды.
Туыстарын аза тұтқан Жаңаөзен құрбандарының отбасыларын аралауға шыққан Азаттық тілшісі отырған көлікті көшеде полиция тоқтатты. Көлік жүргізушісі Дүйсен Нұров - 2011 жылғы оқиға кезінде полиция атқан оқ тиіп жараланған адам. Құқық қызметкерлері оны "ішімдік ішіп алғансың" деген күдікпен полиция көлігіне салып, өздерімен бірге алып кетті.
Полицейлер көлік салонында жеке құжаттары мен кәсіби құралдары қалғанын айтып, оларды қайтаруды талап еткен журналистің сөзін елемей, Нұровтың автомашинасын да қоса айдап әкетті. Кейін журналистің заттарын полиция мініп кеткен көлікте болған Нұровтың әйелі өзімен бірге алып шығып, иесіне қайтарды.
ҚҰРБАНДАРДЫҢ ОТБАСЫ
27 жасында полицияның оғына ұшқан Аманбек Тұрғанбаевты ата-анасы осыдан алты жыл бұрын, желтоқсанның 17-іне қараған түні Жаңаөзен қалалық ауруханасынан тапқан.
Баласына құран бағыштау үшін жайған дастархан басында марқұмның әкесі Төрехан Тұрғанбаев пен анасы Раушан Тұрғанбаева көздеріне жас алды.
- Өзегімізді өкініш өртейді, амал қанша. Жыламай тұра алмаймын. Жаңаөзеннің шындығы әлі ашылған жоқ. Баламды кім өлтіргенін әлі білгеміз жоқ. Билік те істегендерін әлі мойнына алған жоқ, - дейді Раушан Тұрғанбаева.
Азалы отбасына қолдау білдіріп, көңіл айту үшін келген "Бұрғылау жұмыстары басқармасының" мұнайшылары өздері жинаған қаражатты берді.
- Желтоқсанның 9-ы күні құрбандарды еске алып, Теңге ауылында ас бердік. Мұнайшылар өздері жинаған қаражаттың қалған бөлігін әр отбасына 64 мың теңгеден беруді ұйғарды, - деді көмекті ұйымдастырушылардың бірі Нұрлыбек Нұрғалиев.
Нұрғалиевтің сөзінше, құрбан болған кей адамдардың артында қалған отбасыларының азалы күні дастархан жаюға шамасы жетпей отыр.
- Марқұм Бекесжан Дүйсенбаевтың отбасының әкелеріне құран бағыштап, дастархан жаюға жағдайы жоқ. Біз оларға барымызбен қолдау көрсеттік, - деді ол.
Қараңыз: Жаңаөзенде қаза тапқандар тізімі
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясы мұнайшыларының еңбек жағдайын жақсарту, аймақтық, салалық коэффициенттерді төлеу, жалақыны көтеру туралы талаппен бірнеше айға жалғасқан ереуілін полиция бей-берекет жаппай оқ атып таратты. Кейін ресми есеп бойынша, 17 адамның қаза тауып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды.
Азаттықтың видеошолуы. Жаңаөзен оқиғасына 6 жыл:
Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар Батыс елдері Жаңаөзендегі полиция мен арнайы күштердің қатыгез әрекеттерін сынап, Қазақстан билігінен қанды оқиғаға жол бергендерді әділ түрде анықтап, жазаға тартуды талап еткен.
Ақтау соты Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болғандардың өліміне айыпты деп танып, 2012 жылы мамырдың 28-і күні бес полиция офицерін бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Сот үкімі бойынша полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиев жеті жылға, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаев, полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлы мен полиция аға лейтенанты Ринат Жолдыбаевтың әрқайсысы алты жылға, ал полиция капитаны Нұрлан Есбергенов - бес жылға сотталған. Кейін мерзімінен бұрын түрмеден босатылған бесеуі де қазір бостандықта.
Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.