Accessibility links

Жаңаөзен құрбандарын мешітте еске алуға рұқсат етпеді


Жаңаөзен оқиғасының куәгері Александр Боженконың зиратының басында құран оқып отырған адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау обылсы, 9 желтоқсан 2017 жыл.
Жаңаөзен оқиғасының куәгері Александр Боженконың зиратының басында құран оқып отырған адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау обылсы, 9 желтоқсан 2017 жыл.

Маңғыстау облысындағы Теңге ауылында осыдан алты жыл бұрын Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқанда қаза тапқандарды еске алып, құран бағыштады. Жүзден астам адам жиналған еске алу шарасына биыл билік өкілдері қатыспады.

Биылғы еске алу шарасы жылдағыдай Жаңаөзеннен 12 шақырым жердегі Теңге әулиенің басында өтті. Желтоқсанның 9-ы күні аза тұту шарасына жиналғандар арасында 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзендегі қанды оқиға салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары, ереуілге қатысқан мұнайшылар, Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккендер мен қырғын куәгерлері болды. Құрбандарды ел болып еске алған шараға Жаңаөзен қаласы әкімі мен «ӨзенМұнайГаз» компаниясы басшылығынан ешкім қатыспады.

Қаралы асқа жиналған жұрт марқұмдарға құран бағыштап, арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Кейбірі алты жыл бұрын үкімет күштерінің қолынан қапияда қазаға ұшыраған туыстарын еске алып, көздеріне жас алды.

Теңге ауылындағы еске алу шарасынан фотогалерея (9 желтоқсан):

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын аза тұтуды ұйымдастырушылардың бірі Нұрлыбек Нұрғалиевтің Азаттыққа айтуынша, биылғы еске алу шарасы аталған басқармада жұмыс істейтін мұнайшылар қаражатына өткізіліп отыр. Оның сөзінше, ұйымдастырушылар көпшілік жұрттың қатысуына ыңғайлы болуы үшін еске алу шарасын Жаңаөзен қаласының орталығында жаңадан салынған Әбіш қожа мешітінде өткізуге рұқсат сұрап жергілікті әкімдік пен мешіт басшылығына өтініш жасаған. Қала әкімдігі мешітке ықпал ете алмайтынын айтып жауап берген.

- Әбіш қожа мешітінің асханасында Жаңаөзен құрбандарына ас бергіміз келетінін айтқан өтінішімізге бас имам «мешітке өткізуге болмайды» деді. Оның қандай жолы бар деп сұрағанымызда бас мүфтиге [Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ред.] хат жазып, рұқсат алыңдар деді. Хат жазып отыруға уақытымыз болмады, - дейді Нұрлыбек Нұрғалиев.

Байырғы мұнайшы Аманияз Мұрынбаев. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 9 желтоксан 2017 жыл.
Байырғы мұнайшы Аманияз Мұрынбаев. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 9 желтоксан 2017 жыл.

Жаңаөзен құрбандарын еске алуға атсалысып жүрген ардагер мұнайшы, зейнеткер Аманияз Мұрынбаев Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштап, ас беру - дәстүр болып қала беретінін айтады.

- Әрине, біздің басымыз қосылатын бұл қаралы күнде билік алаңдай бастайды. Бірақ қаза болған боздақтарды еске алуды тоқтатпаймыз, - деді ол.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген аста отырған Теңге ауылының имамы Наурызбек Қалдыбаев (сол жақта) пен Жаңаөзендегі Әбіш қожа мешітінің бас имамы Құрманбек Әбдалиев. Маңғыстау облысы, 9 желтоксан 2017 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген аста отырған Теңге ауылының имамы Наурызбек Қалдыбаев (сол жақта) пен Жаңаөзендегі Әбіш қожа мешітінің бас имамы Құрманбек Әбдалиев. Маңғыстау облысы, 9 желтоксан 2017 жыл.

Қаралы асқа Теңге ауылының имамы Наурызбек Қалдыбаев пен Жаңаөзендегі Әбіш қожа мешітінің бас имамы Құрманбек Әбдалиев те қатысты. Азаттық тілшісі Әбіш қожа мешітінің бас имамынан еске алу шарасын мешітте өткізу туралы тұрғындар өтініші жайлы сұраған еді.

- Бұл жерде саясатты араластырудың қажеті жоқ. Шариғатта өлгенде ненің артынан ілесіп баратыны туралы айтылған. Мешіттің асханасы жабық, - деп қысқа жауап берді имам.

Ас беріліп болған соң жұрт Теңге ауылы маңындағы Жаңаөзен оқиғасы құрбандары жерленген зиратқа барып, құран оқыды. Жаңаөзен оқиғасы куәгерлерінің бірі болған Александр Боженко да осы зиратта жерленген. 20 жастағы Александр Боженко 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы бойынша айып тағылған мұнайшылардың ісі қаралған сот процесі кезінде тергеушілердің көрсеткен қысымына шыдамай, мұнайшыларға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын мәлімдеп, сот залында олардан кешірім сұраған еді. Осыдан кейін көп ұзамай жас жігіт жұмбақ жағдайда қаза болған.

Оқи отырыңыз: Александр Боженконың жұмбақ қазасы

2011 жылы желтоқсанның 16-ы күні Жаңаөзен қаласында еңбекақы мен әлеуметтік жеңілдіктер туралы талап қойған мұнайшылардың наразылық шеруіне полиция қару қолданған.

Жаңаөзенде болған оқиғаны түсірген әуесқой видеосы:

Ресми дерек бойынша, Жаңаөзендегі қырғында кемінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Ертесінде жаңаөзендіктерді қолдаған тұрғындар темір жолдағы пойыздарды бөгемек болған Шетпе ауылындағы толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.

Жаңаөзен оқиғасының құрбандары туралы фотогалерея:

Халықаралық демократиялық қауымдастық Қазақстан үкіметінің қарусыз халыққа оқ атқан іс-әрекетін айыптап, қантөгістің мән-жайын анықтау үшін толық және әділетті тергеу жүргізуге шақырған.

2012 жылы "Жаңаөзен ісі" бойынша "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен жергілікті абақты басшысы мен бірнеше полиция қызметкері, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері сотталды. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлау" және "тонау" баптары бойынша айыпталған 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілді.

Үштен жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген 13 адам өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Сонымен бірге Жаңаөзен оқиғасына байланысты оппозициялық саясаткер "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталды.

Жаңаөзен ісі бойынша өткен сот процесінде бірнеше адам "тергеу абақтысындағы азаптау" туралы мәлімдегенімен прокурорлар "дәлел таба алмай", қылмыстық іс қозғалмаған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты.

Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.

2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы туралы Азаттық материалдарын арнайы парағымыздан оқи аласыз.

XS
SM
MD
LG