Accessibility links

"Жаңаөзен психологиялық реабилитацияға зәру"


Роза Төлетаева, мұнай өндірісі жұмысшысы, белсенді. Жаңаөзен, 9 желтоқсан 2017 жыл
Роза Төлетаева, мұнай өндірісі жұмысшысы, белсенді. Жаңаөзен, 9 желтоқсан 2017 жыл

2011 жылғы Жаңаөзендегі жеті айға созылған мұнайшылар ереуілін полиция оқ атып таратқалы алты жыл өтті. Сотталған белсенді Роза Төлетаева ереуілге қатысқандар мен қала тұрғындарының психологиялық реабилитацияға мұқтаж екенін айтады.

Кейде шошып оянады, атылған оқ пен жаралы адамның дауысы құлағына талып жеткендей болады. Қорқынышты түстеріне абақтыдағы азаптау сәттері кіреді. Ара-тұра ұйқысы қашып, түн ортасында сұр түсті, көпқабатты панель үйдегі пәтерінің терезесінен сыртқа қарап тұратын орта бойлы, қараторы, мығым денелі, отты жанарлы әйел алты жыл бұрын жүдеу өңді жүздеген мұнайшының жігерін жаныған белсендінің бірі еді. Желтоқсанның 10-ында 53 жасқа толған Роза Төлетаева денсаулығына үш жылға жуық түрмеде отырған уақыттың улы табы түскенін айтады.

Төлетаеваның сотталу тарихы

Түркіменстандағы Балқан ауданы Бекдаш поселкесінде дүниеге келген мұнайшы Қазақстанға 1994 жылы отбасымен қоныс аударған. 2001 жылдан бері Жаңаөзен қаласында тұрып жатыр. «Өзенмұнайгаз» компаниясында оператор болып жұмыс істейді.

Роза Төлетаеваның есімі 2011 жылғы жеті айға созылған мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап еткен ереуілі кезінде белгілі болған еді. 2011 жылғы желтоқсанның 16-сында мұнайшылардың бейбіт шеруін полиция оқ атып тоқтатқан соң Роза Төлетаева 37 адаммен бірге желтоқсанның 27-сінде тұтқындалған.

2012 жылғы маусымда сот Роза Төлетаеваны «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деп танып, жеті жылға абақтыға қамау туралы үкім шығарған еді. 2013 жылға тамызда апелляциялық сот оның жазасын екі жылға қысқартып, 2014 жылы қараша айында уақытша мерзімініне бұрын босатылды. Роза Төлетаеваның сотталу мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталған.

Сот процесі кезінде Роза Төлетаева өзінің және қамауға түскен өзге де мұнайшылардың азапталғандарын ашық баяндағандардың бірі болды.

"Азаптау туралы тергеу жүргізуді сұраймын, мені тергеу кезінде қинады. Оның көбін ашып айта алмаймын. Бұл жерде туыстарым, жақындарым отыр, маған жасалған қорлауды айтуға ұяламын. Айтуға аузың бармайтын жағдайлар болды" деп мәлімдеген болатын ол сот үстінде. Алайда судья оның өтінішін ескермеді.

Туған күнінің қарсаңында Жаңаөзенде өткен қанды оқиға құрбандарына ас беру жиынында Азаттық тілшісімен жеке әңгімелескенде соңғы уақытта журналистерден қашқақтайтын мұнайшы әйел шешіліп сөйледі. Роза Төлетаева сот процесінде өзінің азапталғанын жайып салғанымен көп мәселеге қатысты үндемей қалуға мәжбүр болғанын айтады.

- Оның бәрін енді қайталай беріп қазір не істеймін. Әрине, сот үстінде көп нәрсе айтылды. Прокурор сөйлеп жатқанда оның айтқандарына қарсы дәлел айтуға болар еді. Бірақ үндемедім. Соның нәтижесінде 25 адам түрмеден шықты. Кейде ауыз жапқанның да пайдасы бар. Керісінше, өзімді құрбандыққа бердім, турасын айтқанда, - деді ол.

Сот кезінде түрмедегі азаптау туралы арызын тексеруді талап еткен белсенді Жаңаөзен оқиғасынан соң "күдіктілерді ұрып-соққан" полиция қызметкерлері мен ҰҚК тергеушілерінің аты-жөндері анықталып, жазаға тартылулары тиіс деп ойлайды.

Олар өз ар-ождандарына бағынып, келіп халықтан кешірім сұрауы тиіс.

- Олар өз ар-ождандарына бағынып, келіп халықтан кешірім сұрауы тиіс. Олар бәрі бір күндердің күнінде жауап береді, соған сенемін, - деді ол.

Кезінде халықаралық ұйымдар жаппай араша түссе де, жеті жылға сотталған үш балалы, жалғызбасты Төлетаеваның сөзінше, өз жағдайынан гөрі зардап шеккен әріптестерінің ахуалына көбірек алаңдайды.

- Мені Мақсат Досмағамбетовтың (түрмеде жараланып, науқастанып қалған ереуілші – ред.) жағдайы қиналтады. Соларды ойлағанда өзім жайлы ұмытып кетемін. Әрине, менің де отбасым сол кезде қатты зардап шекті. Күл-талқаны шықты. Кіші баламды балалар үйіне алып кеткісі келді. Мен түрмеде болғанда үлкен қызым жұмыссыз еді. Сондықтан оны қамқоршы бола алмайды деп есептеген. Кейін оны балабақшаға 12500 теңгелік жалақымен жұмысқа орналастырған. Қазір енді ол қиындық та артта қалды ғой. Екінші қызым – студент, кіші ұлым мектепте оқиды, - деді Төлетаева.

Фотогалерея: Теңгеде Жаңаөзен құрбандарын еске алды

2011 жылы көктемде жариялана бастаған Жаңаөзен ереуілшілері туралы видеоларда Роза Төлетаева жүздеген ер мұнайшылардың арасында бірден көзге түсті. Жаздың аптап ыстығында басына ақ орамал тартып алып, мұнайшылардың талап-тілектерін айтып отырған бір бейнесін әйгілі қытайлық суретші Ай Вэйвэй портретке айналдырды. Төлетаева тергеушінің "ереуіл кезінде өте көп сөйлегенсіз" деп айып таққанын еске алды.

- Үнсіз өткен ереуілді көргенім жоқ. Әрине, біз сөйледік. Себебі ақпарат құралдары арқылы бізді жұмыс беруші естімесе де, президент Нұрсұлтан Назарбаев естиді деп ойладық. Соған сендік. Қарапайым адамбыз ғой біз, - деді ол.

Көре отырыңыз: Роза Төлетаеваның түрмеден босаған кезі

Роза Төлетаевамен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:25 0:00
Жүктеп алу

​Роза Төлетаева жуырда жаза мерзімі аяқталса да, әлі бақылауда жүргенін айтады. Оның сөзінше, ереуілден соң мұнай саласындағы жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда қол жеткен табыстары да аз емес.

- Бастықтардың жұмысшыға көзқарасы өзгерді. Бұрын мұнайшылар бастықтардың құлына айналған еді, үйіндегі жұмыстарына дейін істейтін. Қазір ондай бастық жоқ. Медициналық қызмет жақсарды. Әрине, кей проблемалар әлі де бар "блат-сват" сияқты, - деді ол.

"Өзенмұнайгаз" компаниясына оператор болып қайта жұмысқа алынған Төлетаева әлдеқайда күрделі мәселенің басқа екеніне нұсқайды. 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғадан соң тек ереуілшілерге емес, жалпы қала тұрғындарына психологиялық реабилитацияның қажеті болғанын, бірақ оның осы күнге дейін жүргізілмегенін айтады. Оның ойынша, психологиялық стресс пен депрессияның кесірінен мұнайшылар арасында өлім-жітім көп.

- Бұрғылау жұмыстары басқармасында тек ереуілші жігіттер еңбек етеді. Олардың арасында қайтыс болып жатқандар көп. Оның салдарын осы 2011 жылдан іздеймін. Депрессия мен стресс – бар аурудың басы. Мұнайшылар – қарапайым адамдар, олар психологиялық қолдау, ем керектігін түсінбейді. Шын мәнінде,2011 жылы елдің басынан кешкені бәрінің әлі көз алдында. Атады, азаптайды, соттайды деп ешкім де ойламаған, - деді Роза Төлетаева.

Роза Төлетаева (ортада) мұнайшылардың ереуілі кезінде сөйлеп отыр. Жаңаөзен, маусым, 2011 жыл
Роза Төлетаева (ортада) мұнайшылардың ереуілі кезінде сөйлеп отыр. Жаңаөзен, маусым, 2011 жыл

Жаңаөзен мен Шетпе станциясында 17 адам оққа ұшқан қанды ереуілден бері алты жыл өтті. Орталық һәм жергілікті билік кезінде халықаралық деңгейге дейін көтерілген бұл келеңсіз оқиғаны көмескілендіріп, көптің жадынан көшіруге бейіл. Биылғы еске алу асында адамдар саны да аздау көрінді. Төлетаева оны байқағанын айтты.

- Бұл туралы кешегі алты жылдық еске алу ас алдында ойладым. Алаңда болмағандар, ол оқиғаны басынан кешпегендер үшін заңсыздық сияқты. Көргендер оны ешқашан ұмытпайды. Мен үшін еске алу мәңгілік болып қала береді. Жаңаөзендегі құрбандарды ұмытпау, еске алып отыру парызымыз деп санаймын, - дейді Төлетаева.

Роза Төлетаева – Жаңаөзен оқиғасынан соң абақтыға жабылған 13 адамның арасындағы жалғыз әйел. 2012 мауысымда онымен бірге Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов, Нарын Жарылғасынов, Максат Досмағамбетов пен Қанат Жүсіпбаев үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Қазір олардың Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылқасынов және Қанат Жүсіпбаевтардан басқасының бәрінің жаза өтеу мерзімі толық аяқталды.

Оқи отырыңыз: "Жаңаөзен ісі" бойынша барлық мақалалар

2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, күшпен таратқан. Кейін ресми есеп бойынша, 17 адамның қаза болып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды. "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айып бойынша 37 адам сотқа тартылып, оның үшеуі толық ақталып шықты. 21 адам шартты түрде, ал 13 адам үш жылдан алты жылға дейін сотталған болатын. "Өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен бірнеше полицей де жауапқа тартылған еді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар Батыс елдері Жаңаөзендегі полиция мен арнайы күштердің қатыгез әрекеттерін сынап, Қазақстан билігінен қанды оқиғаға жол бергендерді әділ түрде анықтап, жазаға тартуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG