21 қазанда Ташкентте өткен баспасөз жиынында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов журналистерге бастығының қазандағы сайлауға түсетініне сенімсіз екенін айтқанда, оған ешкім сене қоймады.
Үміткерлікке кімнің бірінші өтініш беретінін "күтуіміз" керек деген Асадов президенттікке ұсыну шілдеден соң басталатынын айтты.
Қазіргі президент Мирзияев сайлауға қатысатынына ғана емес, жеңіске жететініне де сенімді болғандықтан, Шерзод Асадовтың президент сайлауы туралы бұлыңғыр пікір білдіруге тырысуының еш мәні болмады. Жұрт Мирзияев екінші мерзімге оп-оңай сайланады деп жүр.
Өзбекстан сенаты төрағасының орынбасары Садық Сафаев наурыздағы сұхбатында Мирзияевтен басқа "[жеңіске жетер] кандидатты елестете алмайтынын" айтты.
Әрине, сайлауда басқа кандидаттар да болады. Бірақ олар Өзбекстан билігі басқаратын театрда қойылым қояды.
Сафаевтың өзі балама бағдарлама мен кандидаттар болмаса, "сайлау толық, әділ әрі адал өтті деп айтуға болмайды" деді.
"Әділ және адал" деген сөздер биліктің айласы ретінде қызық тіркес. Бұл 24 қазандағы сайлау қарсаңында Мирзияетің қайта сайланбасына жол қалмайтынын көрсететіндей.
БАЛАМА КАНДИДАТТАР
Садық Сафаевтың "балама кандидаттар" дегені де – қызық тіркес.
Өзбекстанда болған президент сайлауларында үнемі балама кандидат болды. 1991 жылғы желтоқсандағы президент сайлауы кезінде кандидат болған "Эрк" (Ерік) демократиялық партиясының лидері Мұхаммед Салих сол кездегі советтік Өзбекстанның басшысы Ислам Каримовтің басты қарсыласы болған. Бұл сайлау әлі күнге дейін Өзбекстандағы ең тартысты президент сайлауы саналады.
Дауыс беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берілді деген мәлімдемелер көп болғанымен, ресми сайлау қорытындысында Мұхаммед Салих 12,7 пайыз дауыс жинады деп көрсетілген. Егер дауыс әділ саналса, оның нәтижесі бұдан да көп болуы мүмкін.
2000 жылғы сайлауға екі кандидат – Ислам Каримов пен халықтық-демократиялық партия басшысы Абдулхафиз Жалолов түсті. Бұл сайлау Жалоловтың Ислам Каримовқа дауыс бергенін айтқанымен есте қалды.
2007 жылғы президент сайлауынан кейін саяси бәсекеге ресми тіркелген партиялардың атынан ұсынылған кандидаттар ғана қатысатын болды. Ал Өзбекстанда ресми тіркелген партиялардың бәрі – билікті жақтайтын ұйымдар.
Президент сайлауына "тәуелсіз", яғни ешқандай партияға байланбаған кандидат ретінде тіркелген соңғы адам Акмал Саидов болды. Ол 2007 жылы Каримовқа қарсы сайлауға түсіп, 3,12 пайыз дауыс жинады.
Саидов президент сайлауына 2015 жылы да түсті. Бірақ ол кездегі алдыңғыдағыдай "тәуелсіз" кандидат ретінде емес, "Милли Тикланиш" (Ұлттық жаңғыру) партияның басшысы ретінде қатысты.
Қазір Акмал Саидов Өзбекстан парламенті төменгі палатасы спикерінің орынбасары, адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың директоры.
Нағыз оппозиция өкілі Санжар Умаров 2007 жылғы сайлауға түскісі келді. Бірақ бұл ниетін 2005 жылдың өзінде-ақ мәлімдеп, артынан қудалауға ұшырады. 2006 жылғы ақпанда ол салық төлеуден жалтарды, ақша жымқырды және экономикалық қылмыстар жасады деген айыппен тұтқындалды.
2007 жылғы сайлаудан кейін Өзбекстанда заңға өзгеріс енгізіліп, сайлауға тәуелсіз кандидаттар түсе алмайтын болды.
Парламент немесе президент сайлауына тек тіркелген саяси партиялар қатыса алады. Өзбекстанда ресми тіркелген бес партия бар: "Милли Тикланиш", Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, "Адолат" (Әділет), Либералды-демократиялық партия және 2019 жылғы парламент сайлауына дейін жай қозғалыс болып, кейін партия ретінде тіркелген "Экологиялық партия".
"Біздің саяси партиялар жеткілікті жұмыс істемейді. Тіпті, мүлдем жұмыс істемейді" деді Сафаев наурыздағы сұхбатында.
ТІРКЕЛЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕН ПАРТИЯЛАР
Биылғы сайлауға қатысу үшін Мұхаммед Салих басқарған "Эрк" партиясы мен Хидирназар Аллакуловтың "Ҳақиқат ва Тараққиёт" ("Ақиқат және даму") партиясы тіркелуге тырысты. Әділет министрлігі олардың өтінішін қабылдамай, қысымын күшейді.
Қазір "Эрк" партиясын әнші болған Жахонгир Атажанов басқарады. Ол Түркиядан Өзбекстанға 12 мамырда көшіп келген.
26 мамырда "Эрк" партиясы Жахонгир Атажановтың Ташкенттегі үйінде құрылтай өткізіп, оны президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Сол жиынға жиырма шақты адам баса-көктеп кіріп, шу шығарған, тіл тигізіп, жұмыртқа лақтырған.
15 маусымда Жахонгир Атажановтың үйінде болғандардың көбін полиция жауап алуға шақырған. Олардың кейбірі полиция жиында жанжал шығарғандар туралы сұрақ қоятын шығар деп топшылаған.
Полиция шақырғандардың бірі, "Эрк" партиясының белсендісі Абдусал Ергашев Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлиқ радиосына инспектордың мамырдағы кездесуге баса-көктеп кіргендер туралы емес, оның Мұхаммед Салих пен "Эрк" мүшелерін қашаннан бері танитынын сұраумен болғанын айтты.
"Ақиқат пен даму" партиясының да жағдайы сондай. Құқық қорғаушылар партия лидері, бұрын Термез университетінің ректоры болған Хидирназар Аллакуловты қамауға алған. Белгісіз біреулер оның да Ташкенттегі үйіне баса-көктеп кіріп, қысым көрсеткен.
Екі партия да тіркеу құжаттарын бірнеше рет тапсырғанына қарамастан, Әділет министрлігі оларды тіркемеді. Ведомство бірде құжат толық емес десе, тағы бірде партияны тіркеу үшін қажет 20 мың адамның қолы өтірік деді.
Бұлардан бөлек "Халық мүддесі" (Халк Манфаатлари) тобы да ресми тіркелуге тырысып жүр. Партия лидерлерінің бірі Махмуд Юлдашев саяси қызметін өз еркімен тастамаса, күштеп тоқтатқызатынын айтып біреулердің қоқан-лоқы көрсеткенін айтты.
ЭЛЕКТОРАТҚА МАНИПУЛЯЦИЯ ЖАСАУ
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары оқу орындарында студенттермен кездесу өткізіп, оларды жаңадан құрылып жатқан партияларға мүше болмауға шақырып жатыр.
Бұхара, Хорезм, Сұрқандария университеттерінің студенттері Озодлиқ радиосына полиция студенттерге "халықты деструктивті идеялармен жалған ақпараттандырып жатқан саяси партиялар туралы" ескертіп, бұл партиялардың жиынына бармауға кеңес бергенін айтқан.
Өзбекстанда наурызда қабылданған жаңа заң бойынша, "телекоммуникация желілерінде немесе интернетте президентке тіл тигізді яки жала жапты" деп танылған адам енді үш жылға дейін түзеу жұмыстарына кесіледі, немесе бес жылға дейін бас бостандығы шектеліп, бес жылға дейін бас бостандығынан да айрылуы ықтимал. Бұл әлеуметтік желі мен Youtube-ті пайдаланушыларды Мирзияев туралы жазбаларына келгенде, әсіресе, президент сайлауы жақындағанда сақтық танытуға итермелейді.
Шавкат Мирзияевтің саясатын біреу-міреудің сынауы екіталай. Дегенмен, Озодликтің хабарлауынша, билік министрлік, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық банк қызметкерлерін Өзбекстан электронды БАҚ ұлттық ассоциациясы құрған қорға қомақты ақша салуға міндеттеген. Бұл қор Мирзияевтің "қазіргі реформалары" туралы жағымды жаңалық таратпақ.
"Қазіргі реформаларға" келсек, Өзбекстан бірінші президент Ислам Каримовтің репрессивті саясатынан кетуге расымен қадам жасады. Дегенмен, 2019 жылғы парламент сайлауында Өзбекстандағы реформалар елдің саяси процесіне қатысу құқығын қамтымайтыны айқын көрінді.
ПІКІРЛЕР