Accessibility links

"Плюрализмнің саяси дәстүрі қалыптаспаған" Орталық Азиядағы саяси элитаның құбылуы


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсіміне келе жатыр. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсіміне келе жатыр. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Билік және оның шешімі ауысқан сайын Орталық Азияның ымырашыл саяси элитасы да талғамсыз өзгеруге бейім. Олар тіпті өздерінің бұрынғы әрекетіне қарсы дауыс беріп, іс басындағылардың дегенін қолдайды. Сарапшылар оның себебін тарқатып көрді.

Қазақстан парламенті өзінің жаңа жұмыс маусымында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты бұрынғы шешімдерді өзгертуді, нақтылай айтқанда өзгертілгендерді қалпына келтіруді одан әрмен жалғастырды.

ҚАРСЫЛЫҚСЫЗ "ҚАЙТАРУ" ПРОЦЕСІ

2 қыркүйекте мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы Қазақстан астанасына бұрынғы атауын қайтаруды ұсынды. "Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын ұр-Сұлтан – Азаттық) халық та қабылдамады. Сондықтан тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді" делінген депутаттар мәлімдемесінде.

"Қоғам талабын ескеру керек". Депутаттардың Астана атауын қайтару ұсынысына министрлер не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:04 0:00

7 қыркүйек күні Қазақстан мәжілісі күнтізбеде бұрын "қызыл күн" болған 1 желтоқсан, Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастауға дауыс берді. Назарбаев алғаш 1991 жылы президент болып сайланған "Тұңғыш президент күні" күнтізбеде қала бергенімен, бұрынғыдай демалыс емес.

Бұған қоса мәжіліс 25 қазан, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін берді. 1990 жылы осы күні "Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясы қабылданған болатын. 2001-2009 жылдары 25 қазан – Республика күні ретінде Қазақстанда мемлекеттік мерекелер санатында атап өтілетін.

Бұдан алдын, биылғы мамыр айында мәжіліс республикалық референдум туралы заңнан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "елбасы" мәртебесі туралы бөлімді алып тастайтын сенат ұсынысымен келіскен болатын. 5 маусым күні өткен Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі референдумда негізгі заңнан "елбасы" мәртебесі алынып тасталды.

Осы референдумға себеп болған Қазақстанда сығымдалған газ бағасының өсуіне қарсылықтан басталған Қаңтар оқиғасы кезінде де астананың "Нұр-Сұлтан" атауынан бас тартқан ақпарат құралдары болды. Мемлекеттің арналардың өзі әрқандай бір ономастикалық шешімнің болмағанына қарамастан, титрға "Астана" атауын жазып шығарған.

Қазақстанда соңғы рет мәжіліс сайлауы 2021 жылы өткенімен, кейінгі 10-15 жылда парламент мүшелерінің құрамы қатты өзгерген жоқ. 2007 жылы партиялық тізіммен сайлау өткізгеннен бері бұрынғы "Нұр-Отан", кейін атын ауыстырған "Аманат", билік партиясы басым дауыс иеленген күйі қала берді. Сондықтан 2011 жылы "Тұңғыш президент күні" бекігенде де, 2019 жылы ел астанасының атауы ауысқанда да парламент құрамы билік партиясының басымдығымен ерекшеленетін.

Астана атауын қайтаруды ұсынған "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобының өкілдері Айдос Сарым (сол жақта), Еділ Жаңбыршин және Наталья Дементьева.
Астана атауын қайтаруды ұсынған "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобының өкілдері Айдос Сарым (сол жақта), Еділ Жаңбыршин және Наталья Дементьева.

Назарбаев дәуірінде өзгертілген, немесе оған қатысты өзгертілген шешімдерді қайтару тұтастай алғанда қоғамның немесе әлдеқандай қоғамдық ұйымдардың қарсылығына ұшырай қойған жоқ. Тек бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан ғана видео-мәлімдеме жариялап, ел астанасының "Нұр-Сұлтан" күйінде қалуын жақтайтынын білдіріп, оны алмастыруды қолдайтындарды айыптай сөйледі.

Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Талдықорған қаласы.
Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Талдықорған қаласы.

"Көшелердің атауы, желтоқсанның 1-і, Тұңғыш президент күні, тағы бірдеңе-бірдеңе ескерткіштер, бара берсін. Мүмкін [Назарбаев] оған лайық, мүмкін оған лайықсыз. Бірақ тап Нұр-сұлтан қаласының аты, ол – Назарбаевтың еңбегіне берілген тарихи әділ баға..." деген ол видео-мәлімдемесінде.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ОРТАҚ СИПАТ

Бұрынғы Совет елдері, оның ішінде Орталық Азия елдерінде бұрынғы басшы қабылдаған шешімді келесі басшы өзгерткенде оны қоғамдық және саяси институттардың бірауыздан қолдауы үйреншікті құбылысқа айналып кеткен. 2006 жылы Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғанда және 2016 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті дүниеден өткеннен кейінгі оқиғалар – соның дәлелі.

Ниязовқа "түркіменбашы" лақабын (титулын) бергендер кейін, екінші президент Гурбангулы Бердімұхамедовке "арқадағ" (қолдаушы) деген лақап берілгенде қарсылық білдірген жоқ. Нәтижесінде тұңғыш президент бейнесі біртіндеп көмескіленіп, ізбасарының тұлғасы алдыңғы қатарға шықты.

Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов пен елдің қазіргі де-факто басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов пен елдің қазіргі де-факто басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов.

Өзбекстанда да Ислам Каримовты ұлықтағандар кейіннен екінші президент Шавкат Мирзияевті қолпаштап шыға келді. Мирзияевтің "юртбашы" лақабы ресми бекімесе де, қазір саяси ортада жиі айтылатын "сыйлы" сөзге айналған. Өзбекстанда да алда конституциялық реформа өткізілмекші.

Кейде Орталық Азия елдері конституциялық реформа жасаудан бәсекелеске айналғандай әсерде қалдырады. Ал бұрынғы өзгеріске дауыс берген, соны қолдаған саяси орта биліктен шыққан бұрынғы шешімге қарсы бастамалар болса, оны да талассыз қолдап дауыс береді.

Тәуелсіздік алған соң, азаматтық соғысты өткергеннен кейін де бір ғана президентпен келе жатқан Тәжікстанда да биліктің қайшылыққа ұшырап, бұрынғы бағытқа қарсы әрекет етуінен де осыны байқауға болады. Мәселен, Тәжікстанда азаматтық соғыстан кейін Ислам жаңғыру партиясына биліктен орын берілсе, 2015 жылдан бастап, бұл партия тыйым салынған "террористік ұйымдар" тізіміне енгізілді.

Орталық Азия аймағында осындай қайшылық, үлкенді-кішілі өзгерістерге айтарлықтай қарсылық, немесе бұрынғы позициясын табандап қорғайтын саяси күштер байқалған емес. Жел қайдан соқса, саяси орта да соған бейімделуге үйреніп алған.

Мұндай құбылудың сыры неде, әлде оны ақтап аларлықтай объективті себебі бар ма?

АВТОКРАТИЯ КЕЗІНДЕГІ "ОРТАЛЫҚ ТҰЛҒА" ЖӘНЕ "САЯСИ ЖЕЗӨКШЕЛЕР"

ТМД елдері бойынша қазақстандық сарапшы Думан Қабдығалиевтің айтуынша, бұл – автократиялық жүйенің көрінісі. Өкінішке орай, қауіпті құбылыс болса да, қоғам оған қалыпты жағдай ретінде қарап отыр.

– Менің ойымша, автократиялық жүйенің шырқау шегіне жеткенде, саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер және депутаттар белгілі бір саяси принцип пен көзқарасты ұстанбайды. Олар тек "орталық тұлғаның" көңілінен шығуға бет бұрады. Ауыр да болса, "саяси жезөкшелер" деген ұғым да содан пайда болғандай, – дейді ол.

Оның айтуынша, парламент құзыретін күшейтіп, партиялық билікті дамыту мәселені салауатты шешуге себеп болуы мүмкін.

– Ұлыбританиядағыдай саясаткерлер пазл сияқты бір партияға еніп, элиталық топтың мүддесін қорғап, сол арада мансап құру – біздегідей ситуацияның антиподы. Оған жету үшін партиялық билікті, бағдарламаны кеңейтіп, парламент құзыретін күшейту қажет болады, – дейді саяси сарапшы Думан Қабдығалиев Азаттыққа.

"САЯСИ ЭЛИТА ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ"

Шетелде тұратын түрікменстандық құқық қорғаушы Фарид Тухбатулиннің айтуынша, Түркіменстанда Конституцияға енгізілетін өзгертулердің өзі референдумсыз жүзеге аса береді.

– "Түркіменбашы" үшін ол өлгеннен кейінгі заңдар мен Конституцияның өзгертілуі ешқандай маңызға ие емес екені айқын. Ол өлген соң портреттерін алып тастады, іс барысында бүкіл ескерткіштерін алып тастады. "Рухнаманы" да ұмытты. Бізде Конституцияға өзгертулер референдумсыз енгізіле береді. Тек Халық мәслихаты отырысын шақырады да, онда жоғарыдан тапсырылған өзгертулерге біріккен түрде дауыс береді, – дейді ол.

Айтуынша, биыл жыл басында бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедов Конституцияға тікелей қайшы келгеніне қарамастан, атқарушы билік пен заң шығарушы билікті қатар басқарған. Қазір ол заң шығарушы биліктің басшысы болып алғанымен, заң шығарумен де айналыспайды. Жаңа құрылысты бақылайды, шетелдік делегациялармен және жоғары дәрежелі қонақтармен кездесіп, келісім-шарттар жайын талқылайды. Іс барысында міндетіне кірмегенімен, ол премьер-министрдің атқаратын қызметімен айналысып кеткен.

Айта кету керек, Гурбангулы Бердімұхамедов 2020 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде биыл парламенттің жоғары палатасы Халық мәслихатының басшысы болып алған. Президенттікке ұлы Сердар Бердімұхамедов отырған.

Фарид Тухбатуллиннің айтуынша, Түркіменстанда толық өз мәніндегі саяси элита жоқтың қасы.

– Вице-министрлер, министрлер, мәжіліс төрағасы, жоғарғы сот төрағасы саяси салмаққа ие емес. Олар тек орындаушылар және кез-келген уақытта қызметінен босатылуы мүмкін. Барлық өзгертулерді, соның ішінде заңдарға енгізілетін өзгертулерді президенттің (бұл әзірге әке Бердімұхамедовтің шешімі болса керек) қалауымен президент аппараты көбіне практикаға айналған заңдық формаға орап, ұсынады, – дейді түркіменстандық құқық қорғаушы Азаттыққа.

"БИЛІКТЕ АЙЫПТАЛМАҒАНДАР БИЛІКТЕН КЕТКЕНДЕ АЙЫПТАЛАДЫ"

Өзбекстандық саясаттанушы Камолиддин Раббимовтің айтуынша, қайшылықты шешімдерді қолдау – Орталық Азиядағы саяси элитаның үйреншікті әрекеті және заңды ойлау жүйесіне айналып кеткен. Элита үнемі іс барысындағы билікке қарап ой түзейді. Іс барысындағы билік олар үшін шынайы және үздіксіз құндылық болып табылады.

– Мәселен, Өзбекстан саясаткерлері үнемі Ислам Каримовтің тұлғасын дәріптеп отыратын. Алайда кейінгі әкімшілік тұңғыш президенттің саясатымен келіспейтіндігін білдіргенде, әлгі дәріптеуші саясаткерлер сол сәтте құбылып сала берді, – дейді сарапшы.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов билеп тұр, елдің сол кездегі премьер-министрі Шавкат Мирзияев қол соғып тұр. 2007 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов билеп тұр, елдің сол кездегі премьер-министрі Шавкат Мирзияев қол соғып тұр. 2007 жыл.

Камолиддин Раббимовтің айтуынша, Орталық Азия аймағының саяси дәстүрінде жоғарғы билік саяси консенсустің жоғары формасы болып табылады. Қоғам, әсіресе, саяси элита әртүрлі мәселе бойынша бөлек-бөлек жүруі мүмкін. Алайда жоғарғы билік әрқандай бір даулы мәселеде өз ұстанымын білдірсе болғаны – барлық тараптар сонымен ымыраға келеді де, арадағы келіспеушіліктер зым-зия жоғалады.

Өзбекстандық саясаттанушы мұның себебін плюрализмнің жоқтығымен түсіндіреді.

– Аймақта әзірге плюрализмнің саяси дәстүрі қалыптаспаған. Өйткені мұнда плюрализм әлі күнге "қылмыс және саяси күна" болып есептеледі. Өйткені плюрализмнің өзі билікпен келіспеудің сенімді және тұрақты формасы емес пе?! Қазіргі элитаның саяси санасы әлдебір адамдар мен олардың бірлестіктерінің билікпен келіспейтіндігін, оның сыртында билікпен тайталасуын қорыта алмай келеді, – дейді Камолиддин Раббимов.

Оның пайымдауынша, бұлай ойлау биліктің өзіне де проблема болып отыр.

– Билігінің мәңгі емес екенін олардың өздері де түсінеді. Олар биліктен қалай кетеді – солай оларды дискредитациялау жөніндегі мемлекеттік ақпараттық науқанның нысанына айналады. Билікте айыпталмағандар биліктен кеткенде соған ұшырап, күстаналанады. Әдетте бұл мейлінше қатаң және барынша объективтілігі аз түрде жүзеге асады, - дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

"САНАДА КУЛЬТ БОЛМАУ КЕРЕК"

Қазақстандық сөз бостандығын қорғаушы Ғалия Әженова саяи элитаның талғамсыз әрекетін ортақ демократиялық құндылық және ортақ ережеге бағынудан артта қалушылық ретінде бағалайды.

– Қазір жағымпаздану қасиетке айналып кетті. Билікке жеткен адамдар да ортақ қоғам, ортақ құндылық дегенді ескермейді. Олар қарамағындағыларға сенімсіздікпен қарағандықтан, жеке-дара билеп төстеуге ұмтылады. Ал қарамағындағылар болса, олардың көңілінен шығу үшін жоғарыдан шыққан кез-келген бастама, ұсыныстарды қолдап жөнеледі, – деген Ғалия Әженова мәселенің екінші қыры бар екенін де жоққа шығармайды.

Айтуынша, Қазақстанда 30 жыл бойы бір адам билеген қоғамда адамдар елеулі өзгерісті қалап отыр. Сондықтан да олардың қазіргі кейбір өзгертулерді қолдауы – табиғи жағдай.

– Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде адамдардың іштегі жарасы жарылды. Қазанның қақпағы ашылып кетті. Халыққа өзгеріс қажет болды. Сотты, билікті өзгерту керек болды. Сондықтан да 30 жыл бойғы культты алып тастайық дегенді мен жақсы түсінем. Халық жаңаша имиджге үйренуі керек. Кезінде Сталин культі әшкере болғанымен, оны адамдар санасынан бірден өшіру қиынға соқты. Сондықтан да қазір санада культ болмау керек деген көзқарас қалыптасу керек, – дейді Ғалия Әженова Азаттыққа.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG