Accessibility links

Мугабенің "биліктен біржола кеткені" хабарланды


Роберт Мугабе, 93 жасында әскер биліктен тайдырған Зимбабве президенті.
Роберт Мугабе, 93 жасында әскер биліктен тайдырған Зимбабве президенті.

Қарашаның 21-інде Зимбабве президенті Роберт Мугабенің "отставкаға кеткенін" парламент спикері Джейкоб Муденда ресми түрде жария етті.

Reuters-тің хабарлауынша, Зимбабве парламентінің спикері Джейкоб Муденда сейсенбіде президент Роберт Мугабенің хатын оқып берді. 93 жастағы автократ билеуші "ерікті түрде билікті тапсырып бергенін", "биліктің бейбіт түрде ауысуын қалағанын" мәлімдеген.

Бұл кенеттен жария болған хабарлама парламентте жүріп жатқан Мугабеге импичмент жариялау туралы тыңдауды тоқтатып тастады.

Зимбабве депутаттары мәлімдемені естігенде шаттанып, қуаныштан у-шу болып кетті. Хараре көшелерінде тұрғындар Мугабенің биліктен ресми түрде біржола кетуін тойлай бастады.

Қарашаның 15-інде Зимбабведе әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алғанын хабарлаған. Әскери жетекшілік президент Мугабені "қауіпсіз жерге көшіріп", оның төңірегін "қылмыскерлерден тазартып жатқанын" айтқан. Ал қарашаның 19-ында "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" атты билеуші партиясы Мугабені партия басшылығынан алып, биліктен кетпесе импичмент жариялайтынын мәлімдеген. Сол күні мемлекеттік телеарнадан үндеу оқыған Мугабе ту сыртынан әскерилер бақылап тұрса да, отставкаға кету туралы кесімді сөз айтпай қойған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зимбабведе әскери төңкеріс қалай басталды?

Мугабе елді 1980 жылдан бері басқарып отыр. Ол вице-президент Эммерсон Мнангагваны қызметтен қуған соң елдің саяи ахуалы шиеленісе бастаған. Әскери жетекшілік билікке Мугабенің соңғы уақытта саяси белсенді болып жүрген әйелі Грейс келеді деп қауіптенген. Әскер президентті үйқамаққа алған еді. Ал Грейс Мугабенің қайда екені белгісіз. Жергілікті БАҚ-та оның "шетке қашқаны", я "қамалғаны" туралы расталмаған мәліметтер шығып жатыр.

Мугабе әлем бойынша "ең жасы үлкен" президент болатын. Ол ең ұзақ билік құрып отырған саяси жетекшілер тізімінде үшінші орында тұрған. Бұл тізімді Камерун президенті Пол Бийя (де-факто билік мерзімі - 41 жыл) бастап тұр. Екінші орындағы Экваторлық Гвинея президенті Теодоро Обианг Нгема Мбасого да 37 жылдан астам уақыт билікте отыр. Одан кейінгі ең ұзақ билеушілер - Иранның жетекшісі аятолла Әли Хаменеи мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Марксшіл Мугабенің тұсында Зимбабвенің экономикасы құлдырап, ұлттық валютасы қатты құнсызданып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты нашарлай түскен. Азаматтық белсенділер мен оппозиция жетекшілері қысымға ұшырап келген.

XS
SM
MD
LG