Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында 10 айдан бері Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген бірнеше адамды полиция тағы ұстап әкетті.
Белсенді Байболат Күнболатұлының айтуынша, 4 желтоқсанда – акцияның өтіп жатқанына тура 300 күн толған кезде полиция Қытай консулдығы маңынан Халида Ақытхан, Тұрсынгүл Нұрақай, Ақиқат Қалиолла, Гүлбаран Өмірәлі және Жәмила Мәкенді ұстап әкеткен.
– Оларды Медеу аудандық полиция басқармасына әкеткен сияқты. Мұнда бірнеше адам қалдық. Тағы полиция бар, – деді белсенді сенбі күні Азаттық тілшісіне.
Ұстау кезінде наразылардың бірі Гүлфия Қазыбектің жағдайы нашарлап, тұра алмай қалған. Оны қалалық ауруханаға алып кеткені хабарланды.
"Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаева Facebook парақшасынан тікелей эфирге шықты.
Полиция әзірге түсініктеме берген жоқ.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 4 желтоқсанда олардың акция өткізгеніне 300 күн болды. Туыстарына араша сұраған жандар биыл қазанда астанаға барып, онда да наразылық білдіріп, полиция қудалауына ұшыраған.
Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған.
Соңғы рет оларды полиция 2 желтоқсанда ұстап, кейін босатып жіберген. Бұған дейін наразылар өздеріне айыппұл салса, аштық жариялайтындықтарын, ешқайсысының тұрақты жұмысы жоғын айтқан. Олар бұған дейін айыппұлды халықтың көмегімен төлегенін жеткізген.
Шамамен 10 айға созылған акция кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
- Наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
- Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қазақстан да қауіпті ел". Шыңжаңнан қашқандарды Нұр-Сұлтан неге қорғай алмайды?Интерпол басына Қытай мен БАЭ өкілдері келді. Енді Шыңжаң мұсылмандарын қудалау күшейе ме?Ердоғанға Ресейдің кей аймақтары мен Қытайдың Шыңжаңы қосылған "түркі әлемі" картасын сыйлады Жас қыздың мәйіті, қара қап, "жолбарыс" орындық. Шыңжаң лагерін көргендердің айтқаныАҚШ-та жүрген қазақ Шыңжаңдағы мұсылмандарға араша сұрап, Ақ үй алдында пикет өткізді