Жетісу облысының Алакөл, Ақсу, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласын түтін басқан. Бұл ақпаратты Азаттыққа Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі айтты.
Баспасөз қызметінің мәліметіне қаранда, бұл Абай облысындағы өрттен жеткен түтін болуы мүмкін.
25 мамырда орман өртіне байланысты Абай облысының Бородулиха ауданында да төтенше жағдай жарияланған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 24 мамырда кешкі сағат 9-ға қарай өрт ауданы 3,5 мың гектар болған.
Өрт Ресей аумағынан 22 мамырда шыққан. Қазақстан шекарасына жақын Ресейдің Новенькое ауылында шөп өртенген. Кейін өрт Қазақстанның Абай облысындағы "Семей орманы" резерватына жайылған.
24 мамырда таңертең құтқарушылар Абай облысындағы елді мекендерге төнген қауіп сейілгенін хабарлаған еді.
Жергілікті Orda.kz ақпарат құралының телеграм-арнасы Талдықорған қаласын түтін басқаны жайлы қала тұрғынының видеосын жариялаған:
9 маусымда жергілікті әкімдік Абай облысы Бородулиха ауданында өрт күшейіп, үш орманшы қаза болғанын хабарлаған. "Семей орманы" мемлекеттік табиғи орман резерваты аумағындағы өртке байланысты Семей қаласында төтенше жағдай енгізілген.
9 маусым түсте өрт ауданы бастапқыда 30 мың гектарға жеткені, кейін 60 мың гектарға жеткені туралы ақпарат тараған.
Облыс әкімдігі эвакуацияланған елді мекен тұрғындарына Семейден 800 орын дайындаған. Эвакуация пункттері колледж, жоғары оқу орындары мен қонақүйлерге шоғырланған.
Абай облысына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маусымда төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен алғаны, орнына Сырым Шәріпхановты тағайындағаны хабарланды.
Бұған дейін өртті сөндіруге Алматы, Жетісу және Қарағанды, Қызылорда облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберіліп жатқаны хабарланған. Өртті сөндіруге қорғаныс министрлігінің бөлімшілері де кіріскен.
11 маусымда өз аумағындағы өртті сөндіруге шығып, қаза болған 14 орманшының аты-жөні жарияланған. Экология министрлігінің хабарына қарағанда, олармен 9 маусымда байланыс үзілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандарды "Құрмет" орденімен марапаттау туралы жарлық шығарған.
11 маусымда кешке қарай Абай облысында төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өткен. Отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа "өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" сөгіс жариялаған.
Тоқаевтың жарлығымен 12 маусым Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орманшыларды жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланған.
Семей орманындағы өртке байланысты әлеуметтік желіде көптеген пікір жарияланған, оның ішінде Қазақстан билігі өртті дер кезінде өшіре алмай, күшейтіп алғанын сынаушылар жиі кездеседі.
Бүгін, 13 маусымда Абай облыстық полиция департаменті 10 маусымда өртсөндірушілерге көмекке тракторымен шыққан Бесқарағай ауданы тұрғынынан хабар болмай, іздестіріліп жатқанын мәлімдеді.
Былтыр, 2022 жылғы қыркүйекте Қостанай облысында да орман өртеніп, Әулиекөл ауданындағы бірнеше елді мекенге жайылған еді. Өрт аумағы ондаған мың гектарға жеткен. Шамамен 2 мың адам баспанасынан айырылған. Бір адам қаза болып, тағы бір адам із-түзсіз жоғалған.