"Жеңіліс ауыр тиді". Қазақстан Еуро-2024 додасына тікелей жолдама ала алмады. Бірақ әлі бір мүмкіндігі бар

Словения-Қазақстан матчы. Любляна, 20 қараша, 2023 жыл

Футболдан Қазақстан құрамасы Люблянада Словения құрамасынан 1:2 есебімен жеңіліп, 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала алмады. Бірақ Қазақстан келесі жылы наурызда Еуро-2024 додасына лицензия алуға тағы бір рет талпынып көрмек. Словениядағы ойын қалай өтті? Қазақстан құрамасының бас бапкері жеңіліс жайлы не деді? Люблянадағы матчқа барған Азаттық тілшісінің репортажы.

МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Ойын бастала сала Словения құрамасы шабуылға көшіп, матчтағы басымдықты өз қолына алуға тырысты. Матчтың 26-минутына дейін Словения ойыншылары Қазақстан қақпасына төрт рет қауіпті соққы жасап үлгерді. Ойынның 40-минутында қазақстандық қорғаушы Ян Вороговский Петар Стояновичті қақпа маңында шалып шығып, польшалық төреші Шимон Марчиняк Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Бұл 11-метрлік пенальтиден Беньямин Шешко мүлт кеткен жоқ. Ал екінші тайм бастала сала Қазақстан құрамасының жылдам шабуылы нәтиже беріп, Рамазан Оразов (словениялық "Копер" командасында ойнайды) есепті теңестіріп кетті.

Қазақстан ойыншысы Абзал Бейсебеков (21) допқа таласып жатқан сәт.

Екінші таймда Қазақстан футболшылары бірінші таймға қарағанда жинақы ойнап, қарымта шабуылдар ұйымдастыра бастаған. Бірақ 86-минутта Беньямин Вервичтің оң қапталдан тепкен добы Қазақстан қақпасына дөп түсті. Ойын соңына дейін 1:2 есебі өзгерген жоқ.

Төреші матч аяқталғанын жариялаған соң Словения құрамасы мен стадионға жиналған 15 мыңнан аса жергілікті жанкүйер жеңісті тойлап жатты. Ал Қазақстан ойыншыларының біразы өкінішін жасыра алмай, алаңға жата кетті. Кейін олар стадиондағы қазақстандық жанкүйерлер отырған секторға келіп, фанаттарға алғыс білдірді. Люблянадағы ойынға мыңға жуық қазақстандық жанкүйер келгені айтылды.

Қазақстан ойыншылары жанкүйерлерге алғыс айтып тұр.

Матчтан соң Қазақстан құрамасының бас бапкері, ресейлік маман Магомед Адиев іріктеуде "лайықты ойын көрсеткен футболшыларға" алғыс білдірді.

– Киім шешетін бөлмеде мүлгіген тыныштық. Жігіттерге жеңіліс ауыр тиді, себебі біз жеңісті қатты армандадық, бізді осы жолда қолдаған Қазақстанды қуантқымыз келді. Өкінішке қарай, болмады. Жігіттер нағыз батырлар деп ойлаймын. Себебі олар іріктеу турнирінде барын салды, жаттығуда айтқанымды жүзеге асырып келді. Бәлкім, бапкер ретінде мен бір нәрселерді дұрыс істемеген болармын. Оның не екенін уақыт көрсетеді, - деді ол.

Бас бапкер бұл іріктеу турнирі Қазақстан тарихында ең үздік цикл болғанын айтқанымен, Словениямен ойындағы жеңілістің жауапкершілігін өз мойнына алды.

– Ойыннан кейін жігіттерге алғыс айттым. Меніңше, олар өте үлкен қадам жасады. Біз алған ұпайлардың бәрі құрдан құр келген жоқ. Ойыншыларда өсу бар екенін көріп отырсыздар, – деді жаттықтырушы.

Бас бапкер Магомед Адиев матчта тұр.

Ал ұлттық құрама ойыншысы Рамазан Оразов матчтан соң "Жеңілісті қабылдау ауыр, бірақ іріктеуде жақсы ойын көрсеткен командаға ризамын. Қазір не айтарымды білмеймін, эмоциям да жоқ. Болашақта іріктеуден шығып қана қоймай, үлкен нәтижелерге ұмтылармыз. Бұл нәтиже ел футболына үлкен серпіліс береді деп үміттенемін" деп қысқа қайырды.

ҚАЗАҚСТАН ЖОЛДАМА АЛУДАН ҮМІТ ҮЗБЕЙДІ

Қазақстан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының екі жолдамасына Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Мариномен таласты. Бұл топтан Дания 25 ұпаймен, Словения 22 ұпаймен жолдамаға ие болды.

Ал Қазақстанның енді алдағы жылы наурызда Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы бір жолдамаға таласуға мүмкіндігі бар. Қазақстан 2022 жылы Ұлттар лигасы турнирінде (UEFA ұйымдастыратын ұлттық құрамалар арасындағы жарыс) С дивизионында өз тобында Әзербайжан, Словакия, Беларусьтан озып, бірінші орын алған еді. Ереже бойынша, Ұлттар лигасында өз тобында бірінші болған құрама Еуропа чемпионатына іріктеу арқылы жолдама ала алмаса, Ұлттар лигасының плей-оффы арқылы лицензияға таласа алады.

Рамазан Оразов Словениямен матчтан кейін.

Қазақстан наурыздың аяғында Грекиямен ойнайды, егер Грекияны жеңсе, Грузия-Люксембург арасындағы матчтың жеңімпазымен жолдамаға таласады.

2024 жылғы Еуропа чемпионаты 14 маусым – 14 шілде аралығында Германияда өтеді. Қазір іріктеу турнирі арқылы жолдама иеленген 20 ел белгілі, ал қалған төрт жолдама Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы сарапқа салынады.

Ұлттық құраманың бапкері Магомед Адиевпен келісім-шарттың мерзімі биылғы жылдың аяғында бітеді. Жаттықтырушы Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) келісім-шартты созып, мүмкіндік берсе, Ұлттар лигасы арқылы жолдамаға таласып көруге дайын екенін меңзеді.

– Егер ҚФФ президенті сенім артып, бастаған істі аяғына дейін жеткіз десе, шынымен, бастаған істі соңына дейін апарып, екінші мүмкіндігімді пайдаланғым келеді, – деді Адиев.

ЛЮБЛЯНАДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ

Словениядағы ойынға келген қазақстандықтардың көбі – Еуропада оқитын студенттар я жұмыс істеп жүргендер. Бұдан бөлек, елден де оннан аса жанкүйер келген. Люблянада Астанадан, Алматыдан, Павлодардан матчқа арнайы келген қазақстандықтарды, Швейцариядан, Лихтенштейннен, Австриядан, Хорватиядан, Венгриядан, Даниядан, Кипрдан, Польшадан, Чехияда жеткен қазақстандықтарды жолықтырдым.

Словениямен ойынға келген қазақстандық жанкүйерлер.

19-20 қарашада Люблянаның орталығында Қазақстан туы мен футбол құрамасының жейдесін киген жанкүйерлер жиі кездесті. Италияда докторантурада оқитын Нұржігіт Екібаев нәтижеге қарамастан ұлттық құрамаға ризашылығын білдірді.

– Қандай нәтиже көрсетсек те, құрамаға разымыз. Осы жетістік үшін футболшыларға рақмет айтамыз, – деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлттар лигасы қандай турнир?