30 тамыз – Қазақстан Конституциясы күні. Негізгі заңға былтыр ғана өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, кейбір қоғамдық ұйым өкілдері оны толықтай өзгерту керектігін айтады.
Қазақстан Республикасы Конституциясын оның 3-ші бабынан бастап өзгерту керек деген ойда Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы, адвокат Өтеген Ихсанов. Конституцияның бұл бабында «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық» деп көрсетілгенімен, оны шын мәнісінде жүзеге асыратын механизмдердің бұл құжатта нақтыланбағанын алға тартады заңгер:
- Конституция бойынша халық пен биліктің арасы алшақ тұр. Мысалы, онда халық Президентті және Мәжіліс депутаттарын сайлайтындығы жазылған. Ал әрі қарайғы олардың халық алдындағы жауапкершілігі мен міндеттері туралы сөз жоқ.
Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан оппозициясының өкілдері қазіргі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы, заңгер Жармахан Тұяқбайдың жетекшілігімен Конституцияның жаңа жобасын әзірледі. Жармахан Тұяқбай Қазақстан Конституциясын толықтай өзгертуді әлі де қоштайды. Оппозициялық саясаткердің пікірінше, Конституцияда адам құқықтарына қатысты баптар екіұшты жазылғандықтан оны түзету мақсатында тиісті заңдар қабылданып, олардың мәртебесі Ата Заңнан жоғары болып кеткен.
- Содан Конституцияда жазылған баптар жайына қалып, заң бойынша адам құқықтары бұзылып жатады. Сондықтан, осындай баптар толыққанды өзгертіліп, Конституцияның діңгекті баптарының орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазақстан Конституциясының заңдармен қарама-қайшы шығып жататындығын бұған дейін адам құқығын қорғайтын ұйымдар да бірнеше мәрте ескерткен еді. Мысалы, «Адам құқығы үшін хартия» қоғамдық ұйымының өкілі Амангелді Шорманбаев қазіргі Конституциядадағы кемшіліктер мен қателерден көз сүрінетіндігін тілге тиек етті. Оның пікірінше, Конституция толығымен бүгінгі күннің талабына сәйкес келмейді.
- Егер әр сала бойынша еліміздің негізгі құжатын мұқият зерделесеңіз, Конституцияның сау жерін таппайсыз.
Бұл орайда Амангелді Шорманбаев адам құқықтары саласын мысалға келтіреді. Оның сөзіне қарағанда, барлық дамыған мемлекеттерде Ата Заңға сай Конституциялық сот жұмыс істейді. Оған конституциялық құқығы бұзылған кез-келген адам шағымдана алады:
- Бізде ондай сот жоқ. Неге? Сот жүйесіне тоқталсақ, оның атқарушы биліктен тәуелді екендігі бесенеден белгілі. Демократиялық елдерде сот төрешілерін сайлайды немесе тәуелсіздігін қаматамасыз ететін жолдармен оларды тағайындайды.
Адам құқығын қорғаушы мұндай мәселелердің қордалануы қоғамның дамуын тежейді деп есептейді. Сонымен бірге ол Конституцияның орыс және қазақ тілдеріндегі нұсқаларын салыстырып қараса, онда да қателерді оңай табуға болатындығын айтады.
Конституцияны өзгерту бойынша бастама көтерілгенімен, қазіргі жағдайда оның жүзеге асатындығына бұрынғы Парламент депутаты, ақын Мұхтар Шаханов күмәнмен қарайды. Себебі, ол депутат кезінде бұл мәселені көтергенімен, оған билік тарапынан мүмкіндік берілмепті:
- Конституцияны қайта қарау керек! Онда өзгертілуі тиіс мәселелер көп. Ең бастысы: еліміздің бас құжатында «орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады» деп жазылған. Соның әсерінен күні бүгінге дейін мемлекеттік тілді дамыта алмай отырмыз.
Дегенмен, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов бұған дейін Азаттық радиосына берген сұхбатында қазіргі Конституцияның мүмкіндіктері мол екендігін айтқан. Ал бейсенбі күні ол мемлекеттік мекемелерді заңды пайдалануда ең алдымен Конституцияға жүгінуге шақырды.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған. Алайда, 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституция әзірленіп, жалпыхалықтық референдумда мақұлданды. Содан бері оған екі рет – 1998 және 2007 жылдары Парламенттің бастамасымен өзгертулер енгізілді.
Сыншылар Конституцияға енгізілген ол өзгерістер мемлекетті басқару жүйесіндегі бір тармақтың – Президент билігінің құзыретін күшейту мақсатында жасалғанын айтады.