Өткен аптада Қарақалпақстанда автономиялы республиканы егемен статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу хақынан айыруды көздейтін өзгерістер енгізуге қарсы жаппай наразылық қантөгіспен аяқталған еді. Өңірдегі жағдай тұрақталып келе жатқанымен, Қарақалпақстан "ақпараттық вакуумда" қалды дейді тұрғындар.
"Ақпаратқа қол жеткізе алмай қалдық" деді Азаттық телефон шалып сөйлескен, Қарақалпақстан астанасы Нөкісте тұратын 33 жастағы ер адам.
"Адамдар үрейде отыр. Аудан комитеттері басшылары үй-үйді аралап, жұртқа "Көшеге шықпаңдар, сендерді ұстаса, жауапкершілік алмаймыз" деп ескертіп жүр" деді аты-жөнін атамауды өтінген ол.
6 шілдеде билік Қарақалпақстанда интернет уақытша сөндірілгенін мәлімдеп, мұны "сепаратизмді өршітетін" және "елге дүрбелең салатын" жалған ақпараттың жолын кесу үшін істегенін айтты.
Билік наразылар мен қауіпсіздік күштері арасында болған қақтығыстан 18 адам мерт болып, 200-ден астамы жараланғанын хабарлады. Бірақ денсаулық сақтау саласында істейтін жергілікті шенеунік пен бірнеше тұрғын Азаттыққа бұдан да көп адам қаза болған деп ойлайтынын айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған дейін көп адам қырылған қанды оқиға 2005 жылы Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында болған. Ол жолы билік наразылықты күшпен басып-жаншығанда жүздеген адам қаза тапқан еді.
Билік Қарақалпақстанда "азық-түлік дүкендері, базар, наубайхана, банк, аурухана, басқа да әлеуметтік нысандар" ашылып, жағдай тұрақталды деп мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігі ұялы телефон байланысы толықтай жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бірақ интернеттің қашан іске қосылатыны белгісіз.
Апта басында өзбек басылымдары Қарақалпақстанда банкоматтардың жұмыс істемейтінін, мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкін болмай жатқанын хабарлады.
Қарақалпақстандағы жоғары лауазымды шенеунік 2 шілдеде енгізілген төтенше жағдай тәртібі жоспарланған мерзімінен ерте аяқталуы мүмкін екенін айтады.
"Қазір Нөкістегі жағдай бірқалыпты. [Билікпен] кездесуде жағдай осылай қалатын болса, билік комендант сағаты тәртібін мерзімінен бұрын алып тастайтынын айтты" деді аты-жөнін атамауды өтінген шенеунік Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі шеру мен қантөгісті көрген адамның әңгімесіАзаттық сөйлескен бірнеше тұрғын өңірде жағдай тұрақталғанын растады. Бірақ олар Нөкіс пен басқа да қалаларда, соның ішінде наразылық басталған Шымбай ауданында бақылау бекеттері әлі де тұрғанын айтады.
Көшеде сарбаздар мен полиция, беренді көліктер әлі жүр дейді олар.
Аты-жөнін атамауды сұраған Нөкіс тұрғыны Қарақалпақстан мен көрші облыстар арасында бақылау бекеттері қойылған дейді. Ол Қарақалпақстан мен көрші Хорезм облысы арасында сауда-саттық тоқтап, жұрт қажет затқа қол жеткізе алмай отырғанын айтты.
"Әмудария мен Елікқала секілді алыс аудандарда тұратын адамдар Хорезм ауылынан келетін азық-түлік пен тауарға тәуелді, бірақ қазір жол жабық тұр" деді ол.
"ЖАРАЛАНҒАНДАР АРАСЫНДА ӘЙЕЛ КӨП"
Конституциялық реформа жариялаған Өзбекстан билігі негізгі заңнан Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесін алып тастауды ұсынған еді. Бұл бастамаға қарсы болған жұрт жаппай наразылық шеруіне шығып, оның аяғы қантөгіске ұласты.
Көп адам мерт болған қантөгістен кейін Ташкент автономиялы өлкедегі наразылықты тоқтату үшін екі миллионнан астам адам тұратын Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі де, "референдум жолымен" бөлініп шығу құқығы да еш өзгеріссіз, сол бұрынғы қалпында қалатынын мәлімледі.
Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бұл оқиғаға "ұлтаралық қақтығыс туғызуды мақсат еткен сыртқы күштерді" кінәлады.
4 шілдеде билік наразылықтардан соң 516 адамның ұсталып, кейін көбі босатылғанын, кейбірі 15 күнге қамалғанын хабарлады.
Бірақ жұрт арасында наразылықты ұйымдастырды деген күдікке ілінгендер Хорезм мен Бұхара облыстарындағы изоляторларға қамалған деген ақпарат тарады.
Прокурорлар Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша тергеу басталғанын айтты. Оның ішінде "билікті басып алуға тырысу" бабы да бар.
Кей белсенділер өзбек полициясы Қазақстандағы қарақалпақтардан да жауап алғанын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Видеоны өшіруге мәжбүрледі". Eurasianet тілшісі Джоанна Лиллис Нөкісте қалай ұсталғанын айтты6 шілдеде Өзбекстан ұлттық гвардиясы қолбасшысының орынбасары Хамиджон Дадабаев журналистерге қамауға алынғандар арасында шетел азаматтары да барын айтты. Бірақ "кейін хабарланады" деген желеумен толық ақпарат бермеді.
Тұрғындар қаза тапқан туыстарын жер қойнына тапсырып жатыр. Жараланған ондаған адам ауруханада жатыр. Олардың кейбірінің жағдайы ауыр.
Нөкістегі медицина қызметкерлерінің бірі Азаттыққа жараланғандар арасында әйел көп екенін хабарлады. Аты-жөнін атамауды өтінген шенеунік қаза тапқандардың нақты санын әлі анықтау керек деді. "[Қаза тапқандар] он сегізден де көп" дейді ол.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы, Еуроодақ, АҚШ пен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі ресми Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны ашық және тәуелсіз тергеуге үндеген.
Материалды дайындауға Азаттықтың Қазақ қызметі мен "Настоящее время" телеарнасы атсалысты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуді кім ұсынған? Нөкістегі қантөгіске кім кінәлі?"Күш қолдану Өзбекстан құрамынан шығуға итермелейді". Нөкістегі наразылық Мирзияевке қалай әсер етеді?Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі өзгермейтін болды. Бірақ бұл мәселе неге қозғалды?Қарақалпақстандағы наразылық: Мирзияев Нөкісте адам шығыны болғанын мойындады, бірақ санын айтпадыОрталық Азия елдерінің Конституциясы неге тұрақсыз?