Accessibility links

"Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі наразылық шеруі мен қантөгісті көрген адамның әңгімесі


Билік күштері Қарақалпақстан астанасындағы наразылықты басып-жаншығаннан кейін түсірілген суретте өзбекстандық қарулы сарбаздар Нөкіс көшесінде тұр. 3 шілде 2022 жыл.
Билік күштері Қарақалпақстан астанасындағы наразылықты басып-жаншығаннан кейін түсірілген суретте өзбекстандық қарулы сарбаздар Нөкіс көшесінде тұр. 3 шілде 2022 жыл.

Қарақалпақстан астанасы Нөкісте болған жаппай наразылық пен биліктің оның басып-жаншығанына куә болған азамат Азаттыққа сұхбат берді. Наразылық кезінде қаза тапқандар мен жараланғандарды көргенін, ол туралы ресми ақпаратқа сенбейтінін айтады.

ҚАНҒА БӨККЕН НАРАЗЫЛЫҚ

Қарақалпақстанда Өзбекстан Конституциясына автономиялы республиканы егемен статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу хақынан айыруды көздейтін өзгерістер енгізуге қарсы жаппай наразылық қантөгіспен аяқталды. Билік наразыларды күшпен-басып жаншыды.

Ташкент Қарақалпақстандағы 1-2 шілдеде болған наразылық барысында 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланғанын, 500-ден астам адам ұсталғанын хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, наразылықтар кезінде зардап шеккен 94 адам ауруханада жатыр, арасында ауыр жараланғандар бар.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) Қарақалпақстан астанасында жергілікті тұрғындармен кездесіп тұр. Нөкіс, 3 шілде 2022 жыл. Өзбек президенті баспасөз қызметі таратқан фото.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) Қарақалпақстан астанасында жергілікті тұрғындармен кездесіп тұр. Нөкіс, 3 шілде 2022 жыл. Өзбек президенті баспасөз қызметі таратқан фото.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2 шілдеде Нөкіске барып, Конституциядағы Қарақалпақстанға қатысты баптар өзгермейтінін мәлімдеді. Қарақалпақстанда 2 тамызға дейін төтенше жағдай тәртібі енгізілді.

Еуропа одағы, Amnesty International құқық қорғау ұйымы Өзбекстан билігін Қарақалпақстандағы қантөгісті "ашық және тәуелсіз зерттеуге" үндеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен телефонмен сөйлесіп, "Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шешімі уақытылы қабылданғанын атап өтті" деп хабарлады 4 шілдеде Ақорданың баспасөз қызметі.

Қарақалпақстандағы наразылықты күшпен басқан Ташкенттің іс-әрекетіне Мәскеу де қолдау білдірді.

Қарақалпақстандық 33 жастағы Бақыт Домбаев (жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөні өзгертілді) 2005 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп жүр. Өз айтуынша, Өзбекстан билігінің Конституцияға Қарақалпақстанды егемен статусынан айыруды және Өзбекстан құрамынан шығуына тыйым салуды көздейтін өзгертулер енгізуіне қарсылығын білдіру үшін шілденің басында отанына оралған. Азаттық тілшісімен әңгімеде ол Нөкістегі жаппай наразылық пен биліктің оны қалай басып-жаншығанын көргенін айтты.

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫДАЙ ҚАНТӨГІСКЕ ЖОЛ БЕРМЕЙІК"

Азаттық: Қарақалпақстанда халық толқуы басталған соң қазақ-өзбек шекарасынан көп адамды өткізбей қойғаны жайлы ақпарат тараған еді. Нөкіске қалай жеттіңіз?

Бақыт Домбаев: Ол кезде, 1 шілдеде интернет жұмыс істеп тұрды ғой. Күніне сандаған видео алып, елдегі адамдармен сөйлесіп отырдық. Алматыдан Атырауға жетіп, ары қарай шекарадан өтпекші болған едім. Бірақ Құлсарыда бәрімізді ұстап әкетті. Сол жерде Қазақстан әскерилері тергеп, "шекара жабық" деп, тарауымызды талап етті. Мен Ақтауға барып, одан ары Нөкіске ұшақпен жеттім. Алты адам болып кеттік. Билет қымбат – 200 мың теңгенің (шамамен 430 доллар) маңайында, кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Бірақ біз баруымыз керек, сын сағаты туды деп шештік.

Ташкент Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы

Өзбекстан Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Азаттық: Нөкіске қашан жеттіңіз?

Бақыт Домбаев: Нөкіске 2 шілдеде жергілікті уақытпен 17:30-да жеттік. Әуежайдың іші толған ОМОН екен. Сөмкемізді түгел ақтарып-төңкеріп тексеріп, қайдан келдің, неге келдің, қайда бара жатырсың деп сұрақтың астына алды. Бізді тексергендер өзбекше сөйлеп жатты. "Сөмкеңнің астында не бар?" деді маған. "Түсінбеймін" деп жауап бердім. Сол жердегі бір қарақалпақ қыз келіп, тексерушінің сөзін аударып маған көмектесті. Тексеруден өтіп, сыртқа шықтық. Әуежай маңында Шымбай – Арқа бағытына автобус жүретін ескі автовокзал бар еді. Сол жерде адамдар топталып тұрғанын көрдім. Мен де солардың қатарына қосылдым.

Азаттық: Ол жерге не үшін жиналып тұрдыңыздар?

Бақыт Домбаев: Автовокзал маңына жиналғандардың арасында Қараөзек, Тахтакөпірден келгендер де бар екен. Мен ол жерге келгенімде жасы үлкендер сөйлеп жатты. "Ештеңені бүлдірмеңдер, біз адамдардың Қазақстандағыдай қантөгіс болмауын қамтамасыз етуіміз керек. Дүкендерге тимеңдер, бағдаршамды бүлдірмеңдер. Ақсарайға (Нөкістегі Қарақалпақстан республикасы басшылығы отыратын ғимарат – автор) барып топтасамыз, басқа жақтан да келеді, ақылдасамыз" деді. Соған тоқталдық.

Жұрт ештеңені бүлдірген жоқ. Тіпті көше бойында қауын-қарбыз сататындар тауарын сол жерге тастап, бетіне киіз жауып кетіп қапты. Ешкім ол киіздің шетін де көтермеді, тиіспеді. Сол маңда көлік жуатын орындар бар болатын. Ондағы көліктерге де ешкім тиген жоқ. "Бейбіт түрде барамыз" дедік. Бәріміз топталып, 300 метр қашықта жолды бөгеп тұрған, мұздай қаруланған ОМОН жасағына қарай жүрдік. Бізде не қалқан, не арнайы бас киім, не қару болған жоқ. Кейін қақтығыс басталып, билік жөн-жосықсыз күш қолданғаннан кейін наразылар қолға ағаш, тас алды.

"ІШЕК-ҚАРНЫ АҚТАРЫЛҒАН, ҚОЛЫ КЕСІЛГЕНІ ҮШІН КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?!"

Азаттық: Сіздер діттеген жерге жете алдыңыздар ма? Полиция наразыларды тарату үшін не қолданды?

Бақыт Домбаев: Біз Ақсарайға өту үшін ОМОН шебін жарып өтпекші болдық. Бірақ олай жасай алмадық. Бізге қарай көзден жас ағызатын газ шашып, жарылғыш зат лақтырды. Сонда да тарамадық. Қараңғы батқанда төңіректі жарық қылу үшін баллон жақтық. ОМОН жасағына қарай жүгіріп бара жатқанымда қасымдағы жас жігітке жарылғыш зат па, бірдеңе келіп тиді. Көз алдымда оның денесі кеуде тұсынан қақ бөлініп қалды. Әлгіндей жарылғыш зат түскен ағаш ортасынан жарылды. Жұрт 03 қызметіне (медициналық жедел жәрдем – автор) хабарласып, дәрігер шақырып жатты. Жедел жәрдем көлігі келгенімен, ішінде ОМОН жасағы отыр екен. Ашуға булыққан жұрт соларға ішек-қарны ақтарылған адамды, тағы біреулер денеден бөлініп қалған қолды апарып: "Мынаған қалай жауап бересіңдер?! Мына адамның жарты денесі жоқ, кім екенін қалай анықтайсыңдар?" деп сұрады. Қасымдағылар 20 адам өлген деп айтып жатты.

Алты адамның өлгенін көзім көрді. Кейін, шілденің төрті күні екеуінің жаназасын шығарды. Мен бара алмадым. Үш баланың мәйітін бермей жатқанын туыстары хабарлап айтты.

Қарақалпақстандағы дүрбелеңде ондаған адам мерт болды. Қазірге дейін не белгілі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:31 0:00

Азаттық: Наразылар қашан тарады? Қаза тапқандар, жараланғандар қанша?

Д.Б. Түн ортасы ауғанша жүрдік, бізді ата бастаған соң қаштық. 3 шілдеде таңертең 10-дар шамасында [Нөкістен алпыс шақырым жердегі] Шымбай кентіне жеттім. Адамдар бір-біріне көмектесіп, тегін жеткізіп тастады.

Шымбайға келген соң ауруханада жараланғандар жатыр дегенді естіп, соған бардым. Мен сөйлескен дәрігер "12 адам мәйітханада, 6 адам комада жатқанын, олардың Нөкістен жеткізілгенін" айтты. Комада жатқан бір адамның туысымен сөйлестім. 1998 жылы туған Руслан есімді жігіттің басына жарықшақ тиіпті. Мир деген жігіттің иығына оқ тиген. Оның әке-шешесі жоқ екен. МРТ-ға түсіру керек деп 250 мың сум ($1=11000 сум) сұрап жатыр екен, дәрігерге барып сөйлесіп, 150 мың сумға келістік. Фотоға түсіріп алдым. Туыстары жылап отырды.

"БАЙ-КЕДЕЙ ДЕМЕЙ КӨШЕГЕ БӘРІ ШЫҚТЫ"

Азаттық: Қазір жағдай қалай?

Бақыт Домбаев: Халықта қорқыныш басым. Шымбайдан шыға беріс жолдың бәріне блокпост қойылған. Әр постта екі БТР мен 8 солдаттан тұр. Велосипедпен барып, фотоға түсіріп алдым. Домкомдар (үй комитеті жетекшілері) әр үйге кіріп, "сыртқа шықпаңдар, қамаласыңдар, сендерді алып кетсе жауап бермейміз" деп ескертіп жүр. Төбеде тікұшақ үйдің шатырына дейін төмендеп ұшып, елдің зәресін алды. 5 шілдеде Шымбайдағы жанар-жағармай бекеттерін жауып тастады. Ел арасында "5 шілдеге бейбіт шеруге жиналамыз" деген уағдаластық болған еді. Бірақ оған мүмкіндік бермей отыр. Ақпаратсыз қалдық. Біздің басымыздағы жағдайды жұртқа жеткізіп, жариялап жатқан басылым жоқ деп уайымдап жатырмыз. Журналистерден көмек сұраймыз.

Қарақалпақстан астанасында көшеде тұрған өзбекстандық қарулы сарбаздар. Нүкіс, 3 шілде 2022 жыл.
Қарақалпақстан астанасында көшеде тұрған өзбекстандық қарулы сарбаздар. Нүкіс, 3 шілде 2022 жыл.

Азаттық: 2 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан автономиялы республикасының мәртебесі өзгермейтіні туралы мәлімдеді. Бұл сөзі наразы жұртты тыныштандыра алды ма?

Бақыт Домбаев: Мирзияев Конституциядағы 73-бапты айтпай кетті деп санаймыз. Ол бапта Қарақалпақстан республикасының территориясы мен шекарасын автономияның келісімінсіз өзгертуге болмайтыны, Қарақалпақстан әкімшілік-территориялық құрылымы мәселесін өзі шешетіні жазылған. Конституциядағы өзгерісті желеу етіп республиканы жерінен айырып қоя ма деп уайымдайды жұрт.

Азаттық: Сіз Нөкістегі наразылықты көріп, ортасында болдым дейсіз, сол үшін қудаланам деп қорықпайсыз ба?

Бақыт Домбаев: Саяси істерге 2018 жылдан бері араласып жүрмін. Сол кезде Қарақалпақстан жерін арабтарға жалға беру туралы әңгіме шыққанын журналист Лолагүл жазған. 2019 жылғы 1 тамызда екі жігіт Нөкіске барып, наразылық білдірдік. Сол үшін екі тәулікке қамалдық, билік 10 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салды. Өзім Қарақалпақстанның азаматымын. Оқи алмадым, тоғызыншы сыныптан соң Қазақстанға қара жұмысқа кеттім. Содан бергі өмірім осылай өтіп жатыр.

Қазір Нөкістегі наразылық кезінде видео түсіргендер мен видеоға түсіп қалғандарды үй-үйді аралап, алып кетіп жатыр дейді. Мен де көп түсірдім көргенімді және өзім де көп түсіп қалдым. Қазақстандағы туыстарым "басқа жаққа кетіп қал, сені де Қазақстандағыдай алып кетіп, азаптайды" деп жатыр. Мен дауыс зорайтқышпен де сөйледім. [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] "Тоқаев, неге шекараны ашпайсың? Шекараны алғаш болып қазақ жағы жапты, аш!" деген сөздерім бар. Өзбекстан тарапы "18 адам қаза тапты, 500-ден астам адам қамалды" деп ресми жариялап жатыр. Мен ол ақпаратпен келіспеймін, қаза болғандар мен қамауға алынғандар бұдан бірнеше есе көп деп есептеймін.

Мен мұнша көп адам наразылық білдіріп шығады деп ойлаған жоқпын. 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда бай да, кедей де, жұмысы бар да, жұмыссызы да көшеге шықты. Олардың бәрін бір-ақ мәселе – Қарақалпақстан тағдыры біріктірді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG