ЖАБЫҚ ЖИЫНДАҒЫ БӘСЕКЕСІЗ САЙЛАУ
"Ұлттық олимпиада комитеті басшылығына кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин келеді" деген ақпарат ақпан айының басында-ақ шыққан. Ал ресми түрде 26 ақпанда комитеттің бас ассамблеясында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев ҰОК тізгінін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған Головкинге табыстады.
Головкинді тағайындаған жиын жабық өтті, журналистердің көбін шақырмаған. Желіде тараған фотолардан жиынға Головкин мен Құлыбаевтан бөлек спорт және туризм министрі Ермек Мыржықпаев қатысқаны байқалады. Бас ассамблеяда ҰОК басшылығына тек Головкин ғана үміткер болған. Дауыс беруге қатысқан 36 делегаттың 34-і оның кандидатурасын қолдаса, екеуі қалыс қалған.
Президенттікке тағайындалған соң 42 жастағы Головкин ҰОК ресми сайтына берген пікірінде Қазақстан спортын дамыту үшін "өз көзқарасы, халықаралық тәжірибесі және командасы" барын айтқан.
ҰОК ассамблеясында Головкинмен жұмыс істейтін команда да жасақталды. Комитеттің бас хатшысы болып Жанар Өтешова тағайындалды. Бұл – комитеттегі президенттен кейінгі екінші дәрежедегі қызмет. Өтешова Головкин кәсіпқой бокс рингіне шығып жүргенде командасының баспасөз хатшысы болған. 2022 жылдың ортасына дейін ҰОК баспасөз және PR департаментін басқарған еді.
Бұдан бөлек ҰОК вице-президенттерінің қатарына бизнесмен Данияр Әбілғазин (жазғы спорт бойынша), бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин (қысқы спорт), бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев (паралимпиада), спорт және туризм министрлігі спорт комитетінің басшысы Ербол Мырзабосынов (жалпы мәселелер бойынша) енген. Әбілғазин мен Мамин Құлыбаев ҰОК басшысы болған кезде де вице-президент еді.
"НЕГЕ ГОЛОВКИН ҒАНА КАНДИДАТ БОЛДЫ?"
Париж олимпиадасы қарсаңында Головкиннің елдің олимпиада комитеті басшылығына келуі жанкүйерлер мен спорт сарапшылары арасындағы қызу пікірталасқа түрткі болды.
Мәселен, бокс пен жекпе-жек туралы "Бей в кость" телеграм-каналының авторы, спорт журналисі Леонид Юрьев Головкиннің ҰОК президенттігіне сайланғанымен, көп сұрақ жауапсыз қалғанын жазды.
"Кімдер дауыс берді? Тимур Құлыбаев отставкасына не себеп болды? Кандидаттың бағдарламасы болды ма? Неге ол өзі ғана кандидат болды? Дауыс беру алдындағы Головкиннің не дегенін қайдан табуға болады? Бұл сұрақтың бәріне жауап жоқ. Жиында журналистер болмады. Бұл көп нәрседен хабар береді" деп жазды ол телеграм-каналында.
Ал 1992 жылы елде ҰОК құрылғанда атқару комитетінің мүшесі болған ардагер спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы да Головкиннен басқа адамдарға кандидат болуға мүмкіндік бермегеніне қапалы.
– ҰОК ел спортшыларын олимпиадаға, Азия ойындарына апаратын үлкен ұйым. Мұндай ұйымда сайлауды осылай өткізу – үлкен сын. Серік Қонақбаев (бокстан Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері), Дәулет Тұрлыханов (күрестен Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері, қазір мәжіліс депутаты), Ислам Байрамуков (күрестен Сидендей олимпиадасының күміс жүлдегері) сынды азаматтар бар. Бірақ ешкім бұл сайлауда кандидат болмады. Кез келген сайлауда бағдарлама жарияланып, талқыланып, содан соң дауысқа салынуы керек, – дейді ол Азаттыққа.
ЖҰРТ НАЗАРЫ НЕГЕ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНЕ АУДЫ?
Тимур Құлыбаев бұл комитетке президент болып 2015 жылы келген. Ол басшылыққа келгенге дейін ҰОК қоғамдық ұйым еді. Олимпиадаға спортшылардың құжатын дайындау, апару, алып келумен айналысатын. Ал Құлыбаев комитет тізгінін ұстаған бетте жанкүйер назары осы ұйымға ауды. Себебі Құлыбаев келе сала бюджеттен спортқа бөлінетін қаржыны игеру, спортшыларды әлем чемпионаттары мен олимпиадаға дайындауды бақылау толығымен ҰОК-қа өткен. Құлыбаев басқарған ҰОК Қазақстан спортшыларын Рио-2016, Пхенчхан-2018, Токио-2020, Пекин-2022 олимпиадасына, Джакарта-2018 Азия ойындарына апарды.
Токиодағы жазғы олимпиадада Қазақстан тек сегіз қола алып, алтынсыз қалды. Ал Пекиндегі қысқы олимпиадада мүлде жүлде болмады. Джакартадағы Азия ойындарында Қазақстан алғаш рет ТОП-5 елдің қатарына ене алмады. Осыдан соң елде ҰОК жұмысына сын айтылып, 2022 жылы Пекин олимпиадасынан соң ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен спорт толығымен ҰОК-тан спорт және мәдениет министрлігіне қайтарылды (қазір спорт пен мәдениет екі министрлікке бөлінген).
"ГОЛОВКИНДІ ТАҒАЙЫНДАУ – НАР ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БУУ"
Бірнеше Азия ойындары мен олимпиададан хабар таратқан спорт журналисі Ардақ Тоғымов "осымен Тимур Құлыбаевтың спорттағы кезеңіне нүкте қойылған сынды" деп есептейді.
– Қазір ҰОК-та жұмыс көп. Оған және оның ұжымына көп тер төгуге тура келеді. Ал олардың жұмысының нәтижесін төрт жылдан кейін көреміз, – дейді ол Азаттыққа.
BEK sport телеграм-каналының авторы, спорт шолушысы Бек Төлеуов Құлыбаев кезінде ҰОК-та ашықтық болмағанын, Головкиннің командасынан ашықтық күтетінін айтады.
– Құлыбаевтың ҰОК-тан кететіні уақыттың еншісіндегі шаруа еді. Бірақ ол басқарған кезде ҰОК көбіне үнсіз болып келді. Құлыбаев келгелі сын да көбейді. Оған лайықты жауап берген жоқ, үнсіз қалады не қарсы жауап береді. Бұған қоса, Құлыбаевпен жұмыс істеген Әбілғазин мен Маминнің комитетте қалғанына таңмын. Себебі олар жұмыс істегенде ҰОК-қа сын көп болды. Олардың Құлыбаевтың командасынан Головкиннің командасына енгені ақылға сыймайды. Дегенмен Головкин ҰОК-қа имидж басшы болып қалмаса деймін. Өзі іске араласып, ел спортына тың серпіліс беруге күш салса деген тілек, – дейді ол.
Халықаралық теннис жарыстарынан хабар таратып жүрген спорт шолушысы Ерік Ілиясов "спорт маркетингін жақсы білетін Головкин – ҰОК басшылығына лайықты кандидат" деп есептейді.
– [Головкиннен басшы ретінде] айтарлықтай нәтижені 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасынан күтуге болады. Көп іс жасақтаған командасына, федерацияларға байланысты. Қысқа уақытта жаңа басшы боксқа жаңа серпін береді деп күтемін. Халықаралық ұйымдар мен демеушілер тарапынан біздің спортқа қызығушылық пен сенім артады, Головкин өзі АҚШ-та бокстасқандықтан, алда АҚШ-пен қарым-қатынасымыз артады деп үміттенемін, – дейді ол.
Ал спорт журналисі Леонид Юрьев өзінің "Бей в кость" телеграм-каналында "Мен үшін Головкинді тағайындау – нар тәуекелге бел буу. Алдымен бұл Головкиннің де тәуекелге барып отырғанын білдіреді. Қазақстандықтар оны қарсыластарынан жасымайтын, бас сұқпаламайтын рыцарь деп қабылдайды. Ал енді қазір ол – қолбасшы. Оның алдағы әрекеттері қалай болары қызық. Себебі Головкин демеушілер ақшасымен жұмыс істейтін құрылымды басқармақ. Әлде ол өз беделімен мемлекет қаржысын қайтаруға күш сала ма?" деп жазды.
Бокстан 2004 жылғы Афина олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокста да бірнеше белбеу иеленген Геннадий Головкин енді Қазақстан спортшыларын биыл шілдеде Париж олимпиадасына бастап апарады. Одан кейін 2026 жылы Италияның Милан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарына кезек келеді.